Табысы аз, қарызы көп ұлттық компаниялар және «бонус эстафетасы»
Өткен аптада қос палатаның депутаттары үкіметтің есебін тыңдады. Еліміздің қаржылық ахуалынан ақпар берген қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев жыл басынан бері бюджеттің қалай игерілгенін тәптіштеді.
Министрдің мәлімдеуінше, бюджеттік түсімдер 102,1 пайызға атқарылып, 16,1 триллион теңге болған.
Осылайша сөзінің басын позитивті дәйектермен бастаған Жамаубаевқа бірқатар партия өкілдері, Жоғары аудиторлық палата басшысы ескерту жасады. Аудиторлық палата төрағасы Наталья Годунова ұлттық компаниялардың қарызы көп, табысы аз екенін айтты. «Бұл компанияларға мемлекет тарапынан ондаған жылдар бойы қолдау көрсеткеніміздің нәтижесі қайда?» деген Годунова олардың дивидендтік және қарыздық саясаты мемлекеттің қатаң бақылауында болуы керектігін мысал етті. Ал депутат Азат Перуашев министр Ерұлан Жамаубаевқа «мемлекет холдингтер мен ұлттық компанияларға триллиондап қаражат бөледі, олар оны бюджетке 6 есе аз қайтарып жатыр. Қалған триллиондарды үкімет пен ұлттық компаниялар өз қалауы бойынша, парламентке көрсетпей жұмсауда. Сонда «ықпалды парламент» пен «есеп беретін үкімет қайда?» – деген сауал тастады.
Жамаубаев әдеттегідей, бұл сын ескертпелерге назар аударылатынын, ұсыныстар ескерілетінін айтып, көпшілік дауыс беру арқылы есебін бекітіп, ұпайын түгендеп кете барды. Бізде – осы. Министрлер есеп береді. Оны мәжіліс депутаттары сынаған кейіп танытып, өткір сауалдар жолдаған болады. Бірақ артынан әлгі министрдің қайығы судан өтіп, мәжіліске әкелген есебі қабылданып, кете барады. Мінбеден түскеннен кейін министрлер депутаттар тарапынан айтылған ұсыныстарды есінен шығарып алатын тәрізді.
Нақ осы мемлекеттік қарыз оның ішінде квазимемлекеттік секторлардың борышы туралы мәжілісте де, үкіметте де мәселе жиі қозғалады. Сырттан көп мөлшерде қарыз алуға шектеу қою, ол қарызды ұқсата алмағандарды жауапкершілікке тарту жайы да үнемі талқыланып жатады. Бірақ біздегі ұлттық компаниялар сыртқы қарызды алудан тартынар емес. Жоғары есеп палатасының төрағасы Наталья Годунова болашақта сырттан қарыздарды тиімсіз тартқаны және оларды уақытылы игермегені үшін лауазымды тұлғаларға жауапкершілікті күшейту керектігін айтты. Оның ойынша қарызды берекетсіз алып, оны игермегендерге 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі айыппұл сомаса аз. Айыппұлды одан да әрі көтеру қажет.
Депутаттар мен Есеп палатасынан бөлек сала мамандарының пікірінше де, квазимемлекеттік сектор бүгінде мемлекетті әжептәуір борышқа батырып отыр. Қазір жалғыз «Самұрық-Қазына» қорының жалпы қарызы 10 триллион теңгеден асқан. Оның ішінде «Қазмұнайгаз», «ҚТЖ» компаниясының қарыздары үлкен үлесті құрайды. Қордың, ұлттық компаниялардың, министрліктер, әкімдіктер жанындағы мемлекеттік ұйымдардың борышы бұдан кейін де арта беруі бек мүмкін. Себебі былтырдан бері ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров үкіметке квазимемлекеттік сектордың сырттан қарыз алу рәсімдерін жеңілдетуді ұсынып жүр. Бұл ұсыныс Ұлттық экономика министрлігі әзірлеген «Кейбір заңнамалық актілерге бюджеттік заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының тұжырымдамасына да енгізілген. Құжат «сыртқы қарыз тарту рәсімдерін оңайлатуды» көздейді.
Деректерге жүгінсек, Қазақстанның қарызы жылдан-жылға артып барады. 2010 жылы Қазақстанның мемлекеттік және мемлекет кепілдендірген борышы 2 трлн 792 млрд теңге немесе 19 млрд долларды құраған. 2022 жылғы қаңтарда үкіметтің кепілдік беруімен тек қана квазимемлекеттік сектор алған борыш рекордтық 37 млрд долларға жетті. Ал мемлекеттің өзінің сыртқы борышы 22 трлн теңге. Квазимемлекеттік қарыз негізінен ұлттық компаниялардың қарызы. Оларға сыртқы қаржы институттары қорықпай қарыз береді. Себебі бұл компаниялардың артында үкімет тұр. «Ертең ол компаниялар банкротқа ұшырап жатса, қарызды қайтаруға үкімет міндеттеледі. Сондықтан бұл қарызды үкімет қарызымен қосып есептеген дұрыс», – дейді сарапшылар.
Жалпы, Қазақстанның сыртқы қарызының артуының негізгі факторлары: біріншіден, халықаралық ұйымдар қаржыландырған жобаларды жүзеге асыру мерзімдері ұзартыла береді. Екіншіден, жекелеген шетелдік кредиттер тиімсіз жұмсалады. Тіпті олардың қаражатының бір бөлігі қажетке жаратылмай, босқа жатыр. Үшіншіден, квазимемлекеттік сектор субъектілері сыртқы қарызды өндірістік емес мақсаттарға да тартады. Мысалы, «ҚазМұнайГаз» АҚ қаражатының бар болғанына қарамастан, сырттан 3 жылға 300 млн доллар қарыз тартып, оны ары қарай акционерлері арасында дивиденд ретінде үлестірген. Кейбір компаниялар шетелден кеңесшілер жалдау үшін несие алатын көрінеді. Бұдан бөлек, квазимемлекеттік сектордың өз табысынан ел қазынасына аударатын дивиденттері 7 пайыз ғана. Сондай-ақ квазимемлекеттік сектордағы операторлар мемлекеттің бюджетінен бөлінген несиені кәсіпкерлерге 9 есе қымбатқа ұсынып отырған.
Есеп комитетінің дерегіне сүйенсек, ұлттық компаниялар әкімшілік шығындардың 58 пайызын еңбекақы қоры деп алып отыр. Бұл топ-менеджерлер мен басшылық лауазымдағы тұлғалар әлі де болса үлкен айлық пен бонустардан бас тартпаған деген сөз. Есеп палатасының дерегінше, жекелеген холдингтерде директорлар кеңесін ұстауға кететін шығын 6 жыл ішінде 55 есе өскен. Олардың едәуір үлесі шетелдік азаматтарға тиесілі. Бағамдасақ, біздегі ұлттық компаниялардың басшыларына, директорлар кеңесі мүшелеріне жұмыс барысында қате қабылданған шешімдер үшін жауапкершілік те қарастырылмаған. Мұның арты түрлі экономикалық шығындарға, рентабельді емес шығыстар мен залалдарға апарып соғады. Ең қызығы, осы уақытқа дейін елдегі бірде-бір ұлттық компанияның басшысы халық алдына шығып, немесе парламентке барып ашық есеп беріп көрмепті. Міндеттелмеген.
Сыртқы қарыздан бөлек, ұлттық компанияларға Ұлттық қордан, зейнетақы қорынан да кепілдендірілген трансферттер беріліп жатады. Бірақ мемлекет қанша қолдағанымен, ұлттық компанияларды елдің игілігі үшін тер төгіп жұмыс істейді деп айта алмаймыз. Бейнебір мемлекеттің мойнындағы масылдар тәрізді. Ел білетін ҚТЖ-ның түрі анау. Саладағы былықтың шегіне жеткені соншалық, халық қазір ҚТЖ-ны жемқорлардың ұясы дейді. Халыққа қалтқысыз қызмет етуі тиіс «Қазпоштаның» сиқы анау. Халық тарапынан «Қазпошта» жұмысына әлдеқашан әбден құрдымға кеткен сала деген баға берілген. Қаңтар оқиғасынан кейін «ҚазТрансГаз» АҚ атауын өзгертіп, жаңа алып құрылым болып қайта құрылып, үкіметтің шешімімен QazaqGaz ұлттық газ компаниясы пайда болды. Бірақ бұдан да газ саласындағы мәселелер сап тыйылды деп айта алмаймыз.
Әйтеуір тізе берсек, біздің елде ұлттық компаниялар көп, оларға қатысты қынжылтарлық мысалдар да жеткілікті. Өзгелер ұлттық компанияларын экономикасының локомативі санаса, біздің алпауыттар билеген компаниялар не өндірісті өркендетіп, не бюджетке кіріс енгізіп жарытпады. Аттары дардай болғанмен, тау қопарғаны шамалы.
Экономист-сарапшы Қуанышбек Дүйсеновке тақырыпқа қатысты бірнеше сауал қойдық:
Ұлттық компаниялар халыққа есеп беруі керек
– Қуаныш мырза, елдегі ұлттық компанияларға зейнетақы қорынан да, Ұлттық қордан да, үкіметтен де түрлі кепілдендірілген трансферттер бөлінеді? Сонда неге олардың сыртқы қарызы көп, кірісі аз?
–2023 жыл бойынша квазимемлекеттік секторда жалпы 27 000-дай кәсіпорын бар деп саналады. Дегенмен олардың кірістілігі жағынан келгенде барлығы бірдей кірізі аз, қарызы көп деп атауға болмайды. Себебі ішінде қарызы аз, кірісі көп кәсіпорындар да бар. Одан тыс олардың қаржыландырылуы бірінші ретте өз қызметінен тапқан табыс есебінен, яғни өз қаржысынан жүреді. Тек екінші ретте жаңағы ішіндегі шынымен де кірісі аз, қарызы көп кәсіпорындарға трансферттер бөлінеді.
– «Ұлттық компаниялар триллиондарды қалағанынша жұмсап отыр» деген пікірлермен келісесіз бе?
– Келісуге болады. Есеп палатасының мәлімдемесіне салсақ, жұмсалатын қаражат аз емес екенін байқаймыз.
– Біздегі ұлттық компаниялар парламентке келіп есеп бермейді, жұмыстарының орындалу барысын айтпайды. Қалай ойлайсыз,олар мәжіліске есеп беруі керек пе?!
– Әлбетте, квазимемлекеттік кәсіпорын болған соң халық алдында, ал ыңғайлысы – халықтың биліктегі өкілдері мәжіліс депутаттары алдында есеп беруге міндетті. Ұлттық компаниялар халыққа есеп беруі керек. Тіпті шешім қабылдау үдерісі де ашық болуы керек. Мысалы, жоғары деңгейдегі басшыларға табысына қосылатын «бонус» берілуі қалай жүруде, қаншалықты дұрыс шешімдер қабылдап жатқаны мәлім болуы қажет. Басқаша айтқанда, ұлттық компаниялар ұлттық байлықтың қаншалықты тиімді басқарып жатқаны бойынша ашықтығы барынша жоғары болуы керек. Ол есеп берудің өзі квазимемлекеттік сектордағы аутсайдер (кірісі аз, қарызы көп) кәсіпорындар бойынша шығындарды оптимизациялау және олардың уақытылы мәселелерін шешуіне апарады. Ол өз кезегінде жоғарыдағы трансферттерге тәуелді компаниялардан құтылуға септігін тигізеді.
– Біз «ұлттық холдингтер жаңа форматта жұмыс істейді. «Самұрық-қазына»қоры трансформацияланады»дедік. Бұл міндеттер орындалды ма?!
– Ақиқатында, бұл міндеттердің орындалғаны бойынша нақты есеп жоқ. Мысалы, «Самұрық-қазына» қорының трансформациялануына қойылған міндеттердің орындалмай жатқандығын бұл әл-ауқат қорының басты мақсаты халықтың әл-ауқатын арттырудың орындалмай жатқандығынан-ақ көруге болады.
– Жалпы, Ұлттық компаниялардың атаулары өзгеріп, басқарма төрағалары ауысып, құрамы үнемі жаңарып жатады. Мысалы, «ҚазТрансГаздың», QazaqGaz болып өзгергенінен не ұттық?
– Мүмкін атау өзгеруден компания имиджі өзгерген шығар, алайда ол табыстылыққа қанша әсер еткені біз үшін үлкен құпия. Ал төрағалар мен құрамның өзгеруіне келсек, тағы да сол, өзгеріс пен даму әкелетін менеджерлерден болып жатыр ма, әлде оның орнына алпауыт бонустар алып, ары қарай келесі адамға бонустар эстафетасын беретін тиімсіз менеджерлер ме, бізге тағы да беймәлім. Ескерген жөн, менеджменттің ережелері бойынша кадрлардың тұрақсыздығы компанияның тиімсіз жұмысының айқын белгілерінің бірі.
Жалпы, елімізде ұлттық компаниялардың трансформациялануы, олардың қызметтерін цифрландыру, жеңілдету секілді жұмыстардың істелініп жатқандығын жоққа шығара алмаймыз. Дегенмен оның тиімділігі үлкен мәселе.