Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:00, 10 Маусым 2025

“Тағайындау ма, таныстық па?”: 26 жастағы кеңесшінің күмәнді өмірбаяны

Кеңесші
Фото: ашық дереккөз

Көкшетау әкімінің 26 жастағы жаңа кеңесшісі қоғамда дау тудырды.

Көкшетау қаласы әкімінің коммуникациялар жөніндегі кеңесшісі лауазымына 26 жастағы Айым Тұрапекова тағайындалды. Бұл жаңалық қоғам назарын өзіне аударып, әлеуметтік желілерде қызу пікірталас тудырды.

Ашық дереккөздерде жарияланған өмірбаянына сүйенсек, Айым Тұрапекова 1999 жылдың 1 қаңтарында дүниеге келген. 2019 жылы Халықаралық бизнес университетін “экономика және құқық” мамандығы бойынша тәмамдаған. Алайда оның еңбек жолы туралы көрсетілген дерек көпшіліктің күмәнін тудырды.

Атап айтқанда, өмірбаянында Айымның кәсіби қызметін 2015 жылы — яғни 16 жасында — Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің кеңсесінде тағылымдамадан өтуші ретінде бастағаны жазылған. Бұл ақпарат желі қолданушыларының үлкен сұрақтарын туғызды: “16 жастағы оқушы Премьер-министр кеңсесіне қалай қабылданған?”, “Бұл – әдеттегі жас маманның жолы ма, әлде тамыр-таныстықтың көрінісі ме?”

Тұрапекова
Фото: pro kadry kz

Кейін бұл өмірбаянға өзгеріс енгізіліп, тағылымдама мерзімі 2019 жылға ауыстырылды. Алайда мұнымен дау-дамай тоқтаған жоқ. Себебі Премьер-министрдің баспасөз қызметі Тұрапекованың бұл құрылымда мүлде жұмыс істемегенін және тағылымдамадан өтпегенін ресми түрде мәлімдеді.

Қазір қоғам тарапынан бұл тағайындауға байланысты әділдік, ашықтық және кадр саясатына қатысты сұрақтар көбеюде. Ал әкімдік болса, бұл мәселеге қатысты әзірге ресми түсініктеме бермеді.

Тегтер: