Тағдырға төгілген бояулар

Тоқболат Тоғысбаев шығармашылығы туралы
Қазақ фовизмі өкілі және хроматикалық метафора шебері Тоқболат Тоғысбаев – ХХ ғасыр қазақстандық өнер пантеонындағы ерекше тұлғалардың бірі. Оның көркем тілі синестетикалық симфония іспетті, онда түс акустикалық құбылыс ретінде әрекет етеді. Бүгінде оның есімі мәдени ортада лайықты бағасын толық ала алмай жүр, дегенмен алдағы уақытта оның өнері дәуірдің ерекше үнін жеткізген шеберлер қатарына қосылары анық.
1940 жылғы 5 қазанда Шымкент облысы Леңгір ауданы Қасқасу ауылында дүниеге келген суретші Т.Тоғысбаев өзінің туған жерінің көркемдік дәстүрімен терең тамырлас еді. Кейіннен бұл мекеннің «суретшілер ауылы» атануы да заңдылық болатын. Себебі дәл осы құнарлы топырақтан қазақ бейнелеу өнерінің саңлақтары – Бексейіт Түлкиев, Темірхан Ордабеков, Ерболат Төлепбаев сынды қылқалам шеберлері түлеп ұшты. Сөйтіп табиғаты сұлу, рухани қуаты ерек бұл мекен өнердің тылсым сырын ұғынған жандардың бесігіне айналды.
Тоқболат бала кезінен қазақтың дәстүрлі қолөнерінің эстетикасын танып өсті. Оның әжесі кілем, сырмақ тоқитын шебер болған. Суретші бала үшін тұрмыстық заттардағы ою-өрнек пен түстер сәйкестігі тұтас бір космогониялық код, қазақ халқының дүниетанымын бейнелейтін рәміздік жүйе іспетті еді. Себебі оның санасында ең алғаш орныққан пішін мен кеңістіктің үйлесімді ырғағы, сызық пен оюдың тұтас композиция түзуі міндетті құбылыс еді. Осы архетиптік бейнелер мен композициялық заңдылықтар болашақ суретшінің жадына бейсаналы түрде терең орнығып, кейін қылқалам шеберінің кескіндемелік әлемінің іргетасын қалады.
Өнерді ғаламды танудың жоғарғы формасы деп қабылдаған Тоқболат Тоғысбаевтың суреттен өзге жолды таңдауы мүмкін емес еді. Оның туған жерімен экзистенциалдық байланысы жай ғана сағыныш не эмоциялық жақындық емес, керісінше, пластикалық әлемін, көркемдік тілі мен шығармашылық болмысын қалыптастырған іргетас болды.

Сурет өнеріне деген шынайы сүйіспеншілігі Тоғысбаевты Алматыға жетеледі. Бұл қала оның шығармашылық тағдырындағы бетбұрыс кезеңінің бастауы болды. Ол Н.В.Гоголь атындағы көркемсурет училищесіне оқуға түсіп, қазақ бейнелеу өнерінің көрнекті өкілі, атақты Молдахмет Кенбаевтан тәлім алды. 1965 жылы оқуын үздік аяқтап, шығармашылық әлемге құлаш сермеді.
Т.Тоғысбаев студенттік шағында-ақ өзгелерден ерекшеленіп, ой-өрісінің тереңдігімен, интеллектуалдық білімімен көзге түсті. Тумысынан берілген парасатты болмысы мен сөз саптау шеберлігі оны құрдастарынан ерекшелеп тұрды.
Оқуды енді бітірген жас суретшінің шығармашылық жолы қарқынды дамыды. 1967 жылдан бастап ол бейнелеу өнерінің бел ортасында жүрген ең белсенді тұлғалардың біріне айналды. Дәл осы жылы оның туындылары Екінші республикалық жастар көрмесіне таңдалып, көрерменнің зор ықыласына бөленді. Сол жылы-ақ, өзінің қажырлы еңбегі мен дарынды қолтаңбасының арқасында Қазақстан Суретшілер одағының мүшелігіне қабылданды. Бұл оқиға Тоғысбаевтың кәсіби қауымдастықтағы орнын бекемдеп, оның өнер кеңістігіндегі биік мәртебесін көтере түсті.
Т.Тоғысбаев шығармашылық жолының бастапқы кезінде ұлттық тұрмыстың көркемдік іздерін қарапайым заттардан табуға тырысты. Оның алғашқы еңбектері негізінен натюрморт жанрында жазылды, онда суретші дәстүрлі образдық ойлау жүйесін еуропалық кескіндеме қағидаларымен ұштастыруға тырысты. Алғашқы туындыларынан-ақ суретшінің көрерменге таныс авторлық бояу концепциясы картиналарында айқын көрініс таба бастады. Бұл ерекшелік қанық түстерге құштарлықтан, қызыл түстің басымдығынан, затты кеңістікте орналастыру әдістерінен көрініс тапты. Бұл тәсілдер оның өзіндік пластикалық мәнерін қалыптастыруда шешуші рөл атқарды.
Тоғысбаевтың «Қызыл фондағы натюрморт» (1967) атты алғашқы жұмыстарының бірі оның ізденісінің жарқын мысалы бола алады. Бұл туындыда суретші әлі де пішіндерді әдейі бұрмалауға бармай, нақты әрі шынайы бейнелер сипатын жасайды. Ол қазақи нақыштағы ыдыс-аяқтарды егжей-тегжейлі бейнелеп, олардың текстурасын дәл жеткізуге тырысады. Дегенмен заттар кеңістік заңдылықтарына сай емес, белгілі бір жалпақ кеңістікке біріктіріліп, қызыл фон аясында тұтас бір жүйеге айналады. Бұл композициялық тәсіл Тоғысбаевтың өзіндік көркемдік тілін іздеуінің алғашқы көріністерінің бірі еді. Суретші интуитивті түрде өзінің дара стильдік ерекшеліктерінің біріне айналған шаршы түріндегі композицияны да дәл осы суретте қолдана бастайды.
Тоғысбаев өз шығармашылығының бастапқы кезеңдерінен-ақ қарапайым күнделікті өмір көріністерін жай ғана бейнелеумен шектелмей, оларды символдық деңгейге көтеруге тырысты. Осылайша, ол қазақ бейнелеу өнерінің жаңа кезеңіне жол ашқан алпысыншы жылдардағы «бейресми академиктер» атанған шығармашылық ортаға табиғи түрде сіңісіп, осы дәуірдің көркемдік және идеялық ұстанымдарын бойына сіңірді. Тоғысбаевтың замандастары қазақ бейнелеу өнерін жаңа деңгейге шығару үшін техникалық шеберлікті ғана емес, ұлттық дүниетанымды қайта зерделеуді ұйғарды.
Бұл шығармашылық ізденістерінде Т.Тоғысбаев үшін басты мақсат – түстің қуатын жоғалтпай, оның философиялық тереңдігін аша білу болды. Замандасы Ш. Сариев секілді, ол да бояудың эмоционалдық әлеуетіне ерекше мән берді. Егер Сариев өз палитрасында алтын сарғыш реңктерді басым қолданса, Тоғысбаев қызыл түсті өз көркемдік тілінің негізіне айналдырды. Қызыл – оның кенебінде жай ғана бояу емес, энергияның, ішкі динамиканың символына айналды.
Өнертанушы К.В.Ли Тоғысбаев шығармашылығы туралы: «Ш.Сариев пен Т.Тоғысбаев өз шығармашылығында жаңа формаларды игереміз немесе ұлттық мектептің пластикалық тілін қалыптастырамыз деп алдарына нақты мақсат қойған жоқ. Олардың көркемдік дарыны халық өнерінің табиғи болмысымен астасып, ішкі импровизацияға, түйсік арқылы үйлесім табуға негізделді. Олардың шығармашылық мәнері бейнелеу өнерінің академиялық қағидаларынан гөрі, халық өнеріне тән стихиялық, еркін пластика мен табиғи көркемдік сезімге жақын болды» дейді.
Уақыт өте келе Тоғысбаев суреттегі бөлшектерді егжей-тегжейлі жазудан арылып, таза форма, сызық пен түстің энергетикалық байланысына сүйенетін стильге көшті. Оның кескіндемесі статикалық бейнеден динамикалық, метагностикалық кеңістікке айналып, қазақ мәдениетінің семиотикалық зерттеулерін толықтырды.
1976 жылы Тоғысбаев «Қазақстан өнер адамдары» атты триптихін жасауға кірісіп, Айша Ғалымбаева, Нұрғиса Тілендиев, Мұхтар Шахановтың портреттерін жазды. Бұл еңбегінде ол өз стиліне адал болып, мәдениет қайраткерлерін тек портреттік тұрғыда ғана емес, өз қылқаламымен құрған бояулар кеңістігіндегі әлемге жайғастырды.
Кейіннен оның бейнелеу мәнері әдеби баяндаудан алшақтап, таза түстің әуені мен ою-өрнек симфониясына айнала бастады. Мұнда сюжеттен гөрі эмоция басымдыққа ие болды.
1990 жылы Т.Тоғысбаевтың өнері лайықты бағасын алып, оған «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген өнер қайраткері» атағы берілді.
1997 жылы суретші өмірден озған соң бір жылдан кейін есімі туған өлкесіндегі орта мектепке берілді.
Белгілі өнертанушы В.С. Бучинская суретшінің болмыс, мінезі, арманы туралы: «Ол өмірге ғашық еді, өмірдің әр сәтінен шабыт алды. Нағыз суретші ретінде тек суретшілікпен шектелмей, жинақтаған білімін болашақ ұрпаққа жеткізуді қалады. Оның ең асыл арманы – өзінің көркемөнер мектебін ашып, шәкірт тәрбиелеу еді, бірақ бұл ойын суретші жүзеге асыра алмай кетті» деп жазады.
Т.Тоғысбаев кескіндемелерінде біртұтас белгілер жүйесін қалыптастырды. Оның туындыларында дала, адамдар мен тұрмыстық заттар қазақ дүниетанымының көпқабатты символдарына айналады. Оның кескіндемелік стратегиясын түске деген құштарлық айқындады. Ол тек образ салумен шектелмей, балалық шағынан бері жанына жақын, өмірінің ажырамас бөлігіне айналған көріністерді бейнеледі.
Өнертанушы Ольга Батурина оның шығармашылығын сипаттай отырып: «Тоғысбаев үнемі белгілі бір мотивтерге қайта оралып отырды. Оның туындыларында ұлттық болмысты бейнелейтін қарапайым, бірақ мағыналық салмағы терең образдар бар. Мысалы, аласа дөңгелек үстел – отбасы ошағының символы, ал қарттар мен сәбилер – ұрпақ сабақтастығы мен дәстүрдің мәңгілігін бейнелейді» дейді.
Тоғысбаев қазақтың даласын сүйді және кескіндемесі арқылы музыкалық композициялар жасағысы келеді, сондықтан болар, оның картиналары «Дала әндерінің өрнектері» (1968), «Ән салған таулар» (1973), «Даланың тууы» (1982-1985) деп аталса керек. Бұл туындыларда ұрпақтар сабақтастығы, адам мен табиғат арасындағы ажырамас байланыс көрініс тапты. Мұнда дала мен адам біртұтас, бірінен-бірі бөлінбейтін, табиғатпен біте қайнасқан тіршілік иелері. Суретші дала адамын еркіндіктің, бостандықтың бейнесі ретінде түсінген. Бұл туралы В.С. Бучинская былай дейді: «Даладағы адамдар бөлек... – деп айтатын Тоғысбаев. – Олар әлдеқайда терең сезінеді, шынайы сүйе алады. Олар шексіз кеңістікте еркін өмір сүреді. Ал қала... қалада бәріне шектеу бар: қатты сөйлеуге болмайды, аяқ дыбысын шығаруға болмайды. Бостандық жоқ. Қала адамды қыспаққа алады. Ықылас та, шынайылық та азайып кеткен. Қала ластанған, адамдар да ойымен, жанымен тазаруы керек...»
Оның бейнелеу өнерінде бояу қарапайым материал ғана емес, өмірдің үні, даланың сыбыры, көкжиектің сазы болатын. Оның туындылары бояу мен форманың бөлінбес үйлесімінен тұратын шексіз әуенге ұқсайды.

Тоқболат Тоғысбаев пен Анри Матисс
Т.Тоғысбаевтың шығармашылығынан фовизм мен еуропалық модернизмге тән белгілер байқағандар оны «қазақ Матиссі» деп атады. Осы орайда «Тоғысбаев тек Батыс өнерін қайталаушы ма, әлде ол қазақ мәдениетінің өзіндік дербес құбылысы ма» деген сұрақ туындайды.
Шын мәнінде, ол Матисс пен фовистердің жаңашыл әдістерін зерттеп, оларды қазақтың көркемдік ойлау жүйесімен синтездеді. Ол Матисстің түстік ізденістері мен формалық қарапайымдылығын қабылдады, бірақ оны ұлттық нақыштармен толықтырды.
Мысалы, Матисстің 1918 жылғы «Қызыл бөлме» картинасын және Тоғысбаевтың «Ас үй» жұмысын салыстырайық. Екі суретте де кеңістік түстер арқылы құрылған, форма ықшамдалған, композиция ырғаққа бағынады. Алайда Матисстің картинасы тұрмыстық композицияның декоративтік сипатына негізделсе, Тоғысбаевтың жұмысы тек тұрмыстық көрініс емес, балалық шақтың, отбасының, дәстүрдің көркем метафорасы.
Матисс бастаған фовистер түсті форманың қызметшісі емес, жеке-дара энергия ретінде көрді. Фовизм француз тілінде «les fauves» – «жабайылар» деген мағына береді. Бұл бағытта бояу қанықтығы, эмоциялық ашықтық пен экспрессивтілік басым. Ал Тоғысбаевтың кескіндемесі экспрессиядан гөрі терең ойға құрылған.
Тоғысбаевтың өзі де бұл жайлы: «Пикассо болсын, Микеланджело болсын, суретші бәрінен әсер алады. Тау мен өзеннен де шабыт туады. Бірақ біз бәрібір қайталанбаймыз. Әркім өз өрнегін салады» дейді.
«Ас үй» картинасында Тоғысбаев ішкі кеңістік пен сыртқы әлемді фовистер секілді түспен біріктіреді. Бұл тәсіл оның көркемдік көзқарасын Кандинскиймен үндестіреді. Кандинский түстің адам жанына әсер ету қабілетін зерттеп: «Түс – жанға тікелей әсер етудің құралы. Түс – перне, көз – балға (молоточек), ал жан – мыңдаған ішекті рояль» деп жазған еді.
Алайда фовистер үшін түс – эмоциялық құрал, ал Тоғысбаев үшін бұл дүниені тану кілті. Оның өнерінде қазақтың ұлттық бояулары, ою-өрнектері мен мифтік кеңістігі бар. Осы тұрғыдан алғанда, Тоғысбаев – тек фовизмнің өкілі емес, ол еуропалық дәстүрлерді қазақ руханиятымен біріктіре отырып, жаңа көркемдік бағыттың негізін қалаушы, қазақ модернизмінің ерекше мектебін қалыптастырған тұлғалардың бірі.

«Киіз үй ішінде»
Т.Тоғысбаевтың «Киіз үй ішінде» туындысы тек тұрмыстық интерьер бейнеленген картина емес, ойшылдардың тілімен айтқанда, бұл жұмыс – мәңгілік уақыт пен ұлттық жады тоғысқан метафизикалық кеңістік. Себебі киіз үй – көшпелі мәдениеттегі кеңістік пен уақыттың түйсінуінің көрінісі.
Картинадағы қызыл текемет – ошақтың жылуы, тіршіліктің қуаты. Кереге – әлем құрылымының торлы жүйесі, бір мезетте берік әрі бос, ыдыратушы әрі біріктіруші элемент. Алаша, текемет, кестелі сырмақ, сандықтар – мәдени жадтың көркемдік кодтары, ата-бабадан қалған мұраның икемделген формасы. Картинада қызыл түс бір жағынан, жылулық пен жайлылықты, отбасы құндылықтарын білдірсе, екінші жағынан, уақыттың өтуі, дәстүрдің жоғалуы, мәңгілікке деген сағынышты меңзейді.
Суретші түс арқылы кеңістікке ырғақ, қозғалыс және тереңдік береді. Қызыл, охра, қою көк, алтын сары сияқты қанық реңктер туындының эмоциялық динамикасын арттырып, жылулық пен тіршілік энергиясын бойына сіңірген. Композиция, формалардың қозғалысы, барлығы дерлік мұнда түстердің тоғысында құрылған.
Тоғысбаев бұл туындысында түс арқылы ұлттың жадын сөйлеткісі келгендей. Мұнда киіз үй – ғалам, адам – уақыт жолаушысы, ал түс – нағыз өмірдің өзі...
Санжар Сырғабаев
суретші