Тағдыры талайлы Сарайшықтың сыры

Осыдан бірер күн бұрын әлеуметтік желіде Сарайшық қаласының суреті тарап, көптің қызығушылығын тудырған еді.
Суретте көне шаһардың 1930 жылғы кескіні бейнеленген. Сарайшық турасында айтылар аңыз-әпсана бүгінге дейін ел арасында толастаған емес. Жүзге жуық ханның құтты тұрағына айналып, жеті хан, жиырма шақты әулиенің сүйегі қалған бұл шаһардың талайлы тағдыры жайлы зерттеулер жазылғанымен, сакралды Сарайшықтың құпиясы мен қазынасы әлі күнге толық ашылмай, анықталмай келе жатыр. Көне қаланың әбден мүжіліп, тозып жоғалуға айналған орны бүгінде археологиялық зерттеу нысаны мен туристік орынға айналған.
Тоғыз жолдың торабында орналасқан Сарайшықтың салтанаты өз кезінде асқақтап, даңқы шартарапқа тараған-ды. Қазірде қаласы түгіл, қалқайып тұрған көне қорғанның жарым-жарты қабырғасы жоқ көне шаһар – қашаннан бері хандар мекеніне айналған құтты орын, мәңгілік мекен.
Еуразияны қақ жарып ағатын Жайық өзенінің оң жағалауында орналасқан Сарайшық қаласының алғашқы іргесі Алтын Орда тұсында, нақтырақ айтсақ, ХІІ ғасырда қаланды дейді ғалымдар. Қазақ хандығының тарихы, Дешті-Қыпшақ даласындағы алғашқы мәдени қатынастар – барлығы да дәл осы қаланың мазмұнымен астасып жатыр. Сондықтан болар, оның тарихи көзқарастан бөлек, біздің қоғам үшін маңызы да, мәні де зор. Қаланы Шыңғыс ханның немересі, Жошының баласы Бату хан салдырғаны туралы Әбілғазы хан шежіресінде де көп дерек келтіріледі. Сарайшық қаласының сын-сипатының көркейіп, іргесінің кеңіп шаһарға айналуы Алтын Орда дәуіріне сәйкес келеді. Шаһардың мән-маңызының артуына шешуші ықпал еткен сол дәуірдегі тарихи құбылыс – Алтын Орданың Моңғол империясынан біржола саяси дербестігін алуы. Қалаға ең бірінші шетелден арабтың атақты саяхатшысы Ибн-Батута 1334 жылы келіп, шаһарды аралап, өзінің «Өмірлік саяхат» аталатын кітабына мынандай естелік жазып қалдырыпты: «Мен дүниежүзінің бәрін араладым. Сол аралаған жерлерімнің ішінде Сарайшық қаласы Бағдаттан кейінгі дүниежүзіндегі ірі қалалардың бірі екен. Бағдаттағыдай мұнда да қайықтардан жасалған көпір көрдім, қалада ханның салтанатты сарайы, төрт мешіт бар. Қонақүйлердің есебіне сан жетпейді екен. Бірақ мен оларды көріп таңғалған жоқпын. Менің таңғалғаным – Жер шарын шарлап жүргенімде көрмеген бір қызықты Сарайшықтан көруім болды. Мұнда су әрбір үйге өзі барады екен» деп тебірене суреттейді. Бұл жерде жиһанкездің «су әрбір үйге өзі барады» деп тұрғаны – ХIV ғасырдың ортасында Сарайшықта кәріздер салынып, әрбір үйге су қыштан жасалған құбырлар арқылы жүріп тұрған. Сарайшық қаласында сәулетті сарайлар, керуен-сарайлар, моншалар, мешіт-медреселер және басқа да ғаламат ғимараттар болған деседі. Оларды сол дәуірдің атақты, дарынды шеберлері салған. Керуен саудасынан келетін түсім, әскери олжа, жергілікті халық төлейтін салық және аса мол арзан еңбек күшінің есебінен Сарайшық қаласы тез өсті. Қала көшелері мен құбырлары бірізді жинақы салынған. Бұлардың барлығы археологиялық қазба ескерткіштерде анықталып, дәлелденді. Мәселен, интернетте тараған суретте көне мазарлар мен күмбезді ғимарат анық байқалады. Бұл күмбезді ғимаратты «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының бас инспекторы, археолог Айбек Тұрарұлы шіркеу деп болжайды.

«Әлеуметтік желіде тараған сурет біздің қолымызда бұрыннан бар дерек болатын. Алғаш оны археолог Марат Қасенов «Большая Эмба» деген кітаптан тапқан екен. «Сарайшық тұсындағы Орал (Жайық) өзенінің оң жағалауы, 1930 ж.» деген орыс тіліндегі жазбасы да бар суреттің. Суреттен көне мазарларды байқауға болады. Күмбезді ғимарат көрінеді. Оны сараптай отыра, бұл христиан шіркеуі болар деп ойлаймын. Патшалық Ресей заманында Сарайшықта христиан шіркеуі мен мұсылман мешіті болған екен. 1937 жылдар шамасында коммунистер оларды қиратып, кірпіштерінен басқа ғимараттар салған дейді көнекөз қариялар. Сонымен бірге бұл суреттегі Жайық өзені Сарайшықтың қазіргідей солтүстік жағынан емес, 30-жылдары елді мекеннің шығыс жағымен аққан. Өйткені қариялар шіркеу орнын ауылдың шығыс жағында деп белгілеуші еді. 1942 жылғы көктемгі күшті тасқында Жайық өзені арнасын өзгертіп, ауылдың солтүстік жағымен аға бастады. Сол кезден бастап 2018 жылы жағаны бетондаған кезге дейін көне қаланың мәдени қабатын өзен ағысы жойып келді», – дейді.
Бұдан сонау ХIV ғасырдың өзінде-ақ Сарайшықта өркениеттің жоғары деңгейде өркендеп тұрғанын көруге болады. Ал Сарайшықтың кезінде Еуропа, Азия, Түркия, Моңғолия, Қытай сынды алып мемлекеттерді байланыстырып тұрған Ұлы Жібек жолының бойындағы ең ірі қала болуы – атағының дүниежүзіне кең таралуына сеп болса керек.
Сарайшықты нақты ғылыми тұрғыда жүйелі түрде алғаш рет 1937 жылы Н.Арзютов деген орыс ғалымы зерттеген. Бұл іргелі істі 1950 жылы Әлкей Марғұлан экспедициясы жалғастырған. Кейінірек тарихшы Зейнолла Самашевтің де жүргізген қазба жұмыстары – Сарайшық тарихы үшін үлкен олжа болды. Десек те, бір өкініштісі, кеңес кезінде қала тарихын негізінен орыс ғалымдары зерттегендіктен, олар тапқан заттардың көбісін өздерімен бірге әкеткен. Ол жәдігерлер қазір Саратовтың, Астраханьның мұражайларында сақталып, Мәскеуде Галкин есімді адамның үйінде тұр. Тәуелсіздік алған жылдардан бастап өз зерттеушілеріміз көне шаһардың орнын зерттеуге ден қойып, археологиялық экспедициялар басталған еді.
«Сарайшық ортағасырларда Ұлы Жібек жолы бойында орналасқаны талассыз. Оны қазбадан табылатын импорттық бұйымдардан білуге болады. Ұлы Жібек жолы бойындағы Хорезм аймағы мен Еділ бойы арасын жалғап жатқан ірі сауда және мәдени орталық боп қалыптасады. Алтын Ордада қалалар әсіресе Өзбек ханның кезінде қатты дамыған. Сарайшықта қазбадан табылған тиындардың басым көпшілігі Өзбек хан мен оның баласы Жәнібек ханның соққан тиындары, бұл сол уақытта сауда, экономикалық қатынастар жақсы дамығанына дәлел бола алады. Сарайшықтың өзінде де хандардың атынан тиындар соғылып тұрған. Сарайшықтың қазбаларында Алтын Орда кезеңінен бұрын қалыптасқан мәдени қабат әзірге кездесе қоймады. Қазақ хандығы құрылған заманда Қасым хан Сыр бойынан келіп Сарайшықты ноғай бектерінен тартып алып, ордасын осында тігеді. Бұл Сарайшықтың Алтын Орда заманынан бері Шыңғыс тұқымдарының мұрасы ретінде саналғанынан болса керек. Яғни Қасым хан өмірінің соңына дейін өз ордасын Сарайшыққа тіккені оның Қазақ хандығының алғашқы астаналары қатарынан орын алатынын көрсетеді. Хан ордасы қай жерде болса, астана сол жер саналған.
Кәсіби археологтардың Сарайшықты зерттеуі Кеңес Одағы кезінен басталғанымен, мардымсыз болды. Н.Арзютов та, Ә.Марғұлан да Сарайшықта бір ғана маусымнан зерттеулер жүргізеді. Бұған 1937 жылғы репрессия, 40-50 жылдардағы Алтын Орда тарихын, хандық заманды зерттеген тарихшыларды қуғындау өз әсерін тигізді. Еліміз Тәуелсіздік алған жылдардан бастап Сарайшықты зерттеу қайта қолға алынды. 1992 жылы Батыс Қазақстан археологиялық экспедициясының жетекшісі Зайнолла Самашев Сарайшыққа қазба салады. 1996-2008 жылдары кешенді зерттеулер жүрді. Зерттеулер нәтижесінде 3 ғылыми еңбек дүниеге келді. З.Самашев Сарайшықты Жайық өзені тасқынынан қорғауды үкіметтік деңгейде көтерді. Ақыры, 2016-2018 жылдары көне қала тұсындағы өзен жағалауы бетондалып, мәдени қабатты су шайып кетуі тоқтатылды. Бірақ қала орнының жарты бөлігі сол кезге дейін жойылып кеткен болатын. Қазір қаланың жарты бөлігі қалған. Оның да едәуір бөлігі Ескі Сарайшық ауылы астында жатса, қазіргі заманғы зират цитадельдің үстіне орналасқан. Ауылдан басқа бөлігі қоршалып, қазіргі зерттеу жұмыстары сол жерде жүруде. Ескі Сарайшық ауылының үйлерін көшіру жоспарда болғанмен, әлі күнге дейін қолға алынбай келеді», – дейді А.Тұрарұлы.
Сакралды Сарайшықтың қирау тарихы да құпияға толы. Сәні мен салтанаты келіскен сәулетті қаланы 1580 жылы орыстың патшасы Иван Грозный казактарды жіберіп қираттырған деген дерек бар. Казактар қаланы алған, бірақ ештеңесін де бүлдірмеген деседі. Аңыз бойынша қаһарлы Иван Сарайшыққа өзі арнайы келіп, қалада 12 күн болып, кетерінде казактың атаманына: «Қала өте көрікті, өте сәнді, бірақ біз жаулаған жерде мұндай әсем қала, оның ішінде Мәскеуге ұқсайтын қала тұруға тиісті емес, сондықтан тас-талқан қылып қиратып, молаға айналдырыңдар» деп бұйырған-мыс. Оған негізгі себеп – өзіне дейін билік құрған Юрий Долгорукий Мәскеудегі Қызыл алаң мен Кремльді салдырғанда орыс сәулетшілері оны сән-салтанаты асқан Алтын Орда және Сарайшықтан көшіріп берген екен. Ал әлі күнге дейін «казанские, успенские соборы» деп аталып жүрген Кремльдің жан-жағындағы сәулетті соборлар – Қазан қаласының көшірмесі. Бүгінде орыстардың «Москва построена в восточном стиле» деп сөйлейтіні осыдан болса керек. Кезінде Әмір Темір Алтын Орданы алғаннан кейін, Грозныйдың әуелі Қазанды, одан кейін Сарайшықты құлатып тынғандағы негізгі «кегі» де – өздерінің осы олқылықтарын жасырып қалу болатын дейді. Қияметті аз көргендей, өз заманының салтанаты болған қала жермен-жексен құлатылғаннан соң да бір жарым ғасыр тонауға түседі. Қалай десек те, бұл шаһардың күйреуіне негіз болған орыс және казак атамандарының тонаушылық әрекеттері мен Ресей патшалығының шығысқа қарсы отаршылдық өктемдігінің үздіксіз жүруі екенін ғылым әлдеқашан дәлелдеп берді.
Кезінде салтанаты асқан, мейманы тасқан шырайлы шаһардың қақ ортасындағы биік дуалмен қоршалған хан сарайы Қызыл алаңдағы Кремльді елестететіні рас. Сарайшықтың қайта қалпына келтірілген сәулет-құрылыс жоспарымен танысқан адам Мәскеудегі Қызыл алаң мен Кремльдің идеясы одан жарты ғасыр бұрын Ұлы Жібек жолы бойында салынған осынау қаладан көшіріліп алынғанын қапысыз таныр еді. Шынында, Ресей астанасының жоспары археологтар ашқан көне қаланың жоспарынан айна қатесіз аумайды. Тіпті Кремльдің кірпішін Сарайшықтан алдырған деген әпсана ел арасында кең тарап кеткен. Бірақ археолог дәл Кремльдің кірпіші Сарайшықтан алып келгеніне күмәні басым екенін алға тартады.
«Әдетте музейлерде экспозицияны таныстыру кезінде аңыз-әңгімелерді, әпсаналарды келушілерге ұсыну жиі орын алады. Бұлар халыққа да ұнайтынын байқаймыз. Жалпылай ғылыми дәлелдермен әңгімелеу онша қызықты болмаса керек. Олардың «музейлік мифтер» деген атауы да бар. Кремльдің кірпіші Сарайшықтан тасылған екен деген де сондай «мифтердің» жемісі болса керек, дәлел болар архивтік дереккөз қолымда жоқ. Ал Мәскеу әуелде шығыс қалалары үлгісінде салынғаны рас. Кремль дегеніміз – шығыстық қалалардың орталық бөлігі, цитадель болады. Тас, қыш кірпіш төселген алаңдар, көшелер де шығыстық қалаларда бар нәрсе. Мәскеу де, Сарайшық та Алтын Орданың барлық қалалары сияқты шығыстық үлгіде салынған шаһарлар. Кезінде Гурьев қаласын салғанда Сарайшықтың құландыларынан кірпіштер тасыған екен. Еділ бойындағы астана Сарайларының кірпіштерінен Астрахань Кремлі салынған дейді. Еділ бойында болған көптеген алтынордалық қалалардан су жолымен жақын қала Мәскеуге қыш кірпіштер тасылуы мүмкін. Тек Жайық бойындағы Сарайшықтан тасылғанына күмәнім бар.
Сарайшықты қарақшы казактардың қиратқаны архив құжаттарында бар. Казактардың тонауынан бөлек, қалмақтар бұл аймаққа келіп, ноғайларды ығыстырады. Қорғансыз қалған ноғай руларының бір бөлігі Қазақ хандығына қосылса, бір бөлігі Еділден асып көшіп кеткен. «Қазақ пен ноғай айырылды, Қазақ сыртқа қайырылды» деген жыр туатын осы кез болса керек. Казактар «Мәскеу үшін» емес, таза тонау мақсатында қиратқан. Ол қарақшылардың Мәскеуді көргеніне күмәнім бар, негізінен Орыс патшалығының сырт аймақтарында жаулау, тонаумен айналысқан адамдар ғой. Сарайшықты су басқаны туралы менде ешқандай ақпарат жоқ. Қала биік жерге, Жайық өзені мен оның Сарайшық өзегі арасына орналасқан», – дейді Айбек Тұрарұлы.
Осы орайда Сарайшық десе еске түсетін ел арасында бір аңыз бар. Сарайшықтың сәніне сән қосқан Секеркөл мен алтын қайық жайындағы аңыз халық арасында жиі айтылады. Тарихта терең із қалдырып, заманында қазақ мемлекетін басқарған ұлы хандардың бірі – Әз-Жәнібек (кей деректерде Қасым хан) Сарайшықта азды-кемді хандық құрған кезінде ханның ең сүйікті қызы Сүйімбике үнемі осы жерде болып, қаланы ерекше жақсы көрген екен. Күндердің күнінде Әз-Жәнібек хан сол қызына арнап Сарайшықтың күнбатыс жағынан жасанды көл жасатқан. Суын араға 15-20 күн салып жаңартып, әр ауыстырған сайын көлдің бетіне қайықпен жүріп, секер септіртетін көрінеді. Секер себетіні – су неғұрлым тәтті болса, аққу соғұрлым көп келіп, ұзақ тұрақтайтын болған. Сондықтан да бұл көл тарихта «Аққу көлі», кейде «Секеркөл» деген атпен қалған. «Көлдің сәнін арттырайын, халықтың келуін көбейтейін, бұл жерді тірі жұмаққа айналдырайын» деп Әз-Жәнібек хан қызына алтындалған қайық та жасап беріпті. Хан қызы өзінің құрбыларымен бірге әкесі жасатып берген аққу мүсінді алтын қайығымен (мұражайда сақталған суреті бар) құстарға жем беріп, кісіден үрікпеуге үйретеді. Құс атаулы жаз бойы «Секеркөлде» еркін жүзіп жүреді екен. Алайда Сүйімбике ұзатылғалы жатқанда, 15 жасқа қараған шағында ауырып, кенеттен қайтыс болады. Хан қызын алтын табытпен, барлық жасауымен, алтын қайығымен қоса жерлеуге әмір етіпті. «Қызыңыздың осынша байлықпен қоса жерленгенін білген қатыгез, ашкөз біреулер моланы ашып, байлықты тонап кетсе, жалғызыңыздың мүрдесі айдалада қалар. Сондықтан қызыңыздың денесін жасырын жерлеңіз» деп ақылшылары кеңес айтады. Осы кеңеске құлақ асқан Жәнібек хан жеті кісіні шақырып, құпия тапсырма беріпті. Қабір қазылып, түнде қызы жерленген соң, әлгі жеті кісі сол бойда өлтіріледі. Ал қызының моласын ешкім білмесін, ашпасын деген оймен жас қабірдің үстінен түнімен бірнеше үйір жылқыны айдап өткізіпті. Ат тұяғынан тып-типыл болып тегістелген жерден, ертеңіне ханның өзі де қызының моласын таба алмапты деседі аңызда. Содан бастап қызығушылар Сарайшықтың жерінде алтын қайық, алтын табыт, алтын жасау жатыр деп, 1580 жылы казактар қаланы қиратқаннан кейін 11 жыл қазып-қопарып қараған. Бірақ көпті дүрліктірген алтын қайықты тапты ма, таппады ма, ол жайында осы күнге дейін дерек жоқ. Өкініштісі – бүгінде «Секеркөлдің» тарихи орны сақталмаған, Жайықтың толқынына жұтылып кетіпті. 1929 жылы Лондоннан саяхатшылар келіп, Сарайшықтан әлдебір қайық тауып алыпты. Бірақ ол шегелері ғана алтын, Жәнібектің өзіне жасалған қайық екен.
Жоғарыда айтқанымыздай, бұл шаһарда жүзден астам хан билік құрған. Тарихта таңба басқандай ғып айтылатын әйгілі Сартақ, Берке, Тоқтаға, орыстар ойрандағанша билік құрған Ысмайыл мен Ораз да Сарайшыққа жерленді. Мүмкін осыдан да тарихшылар аталған қаланы Жошы әулетінің, болмаса, қазақ хандарының «алғашқы пантеоны» деп атайды. Мұндай тарихи деректердің біразын батырлар жырлары да дәлелдейді. Мысалы, «Ер Едіге» жыры бойынша Едіге Тоқтамыс ханның басын кесіп, осы Сарайшықта жерлейді (денесі Түмен жерінде қалады). Өзі де осында он бес жыл билік құрады. Кейбір аңызға құлақ түрсек, кейде Едігенің өзін осы Сарайшықта дүние салыпты деседі. Бұл шындыққа жақын болжам. Қара қасқа атты Қамбар мен Ер Тарғынның сүйегі де Сарайшықта. Әлкей Марғұлан атындағы республикалық археология институты Батыс Қазақстан экспедициясының соңғы жылдардағы Сарайшық қаласы орнынан тапқан темір ақшалары олардың Тоқтаға, Өзбек, Жәнібек, Күлпә, ызыр Әзиз шеих, Мұрад, Абдолла, Мұхамед Бұлақ, Тоқтамыс, Қайырболат, Келдібек хандар тұсында Сарайшық қаласында соғылғандығын дәлелдесе, бұл да аталған хандар есімдерінің Сарайшыққа әйтеуір бір қатысты екендігін байқатады. Яғни мұның өзі Шынияз ақын жырындағы «Сарайшықта бар дейді, жеті ханның моласы» деген өлең жолдары немесе жазушы Әбіш Кекілбаев айтатын «қасқа жолды Қасымды қосқанда жеті бірдей хан жерленген Сарайшық» деген аса құнды деректеріне де қырағылықпен қарауды, керек десе түзету енгізетін де сәттер болатын сияқты. Бұған қоса, қазақ мемлекетінің алғашқы ханы Қасым да Сарайшықты ел астанасы деп жариялап, 1523 жылдың қысында осында көз жұмады. Мұнда қазақтың соңғы хандарының бірі 1801-1802 жылдары Бөкей де Еділ бойына өкше көтерген, яғни қыстап кетіпті.
Осыдан он шақты жыл бұрын Сарайшықтың зерттеу аймағын қоршау, ескі зираттағы мүдделерді жаңа қорымға жерлеу турасында дау туған еді. Жергілікті халық зерттеуші археологтардың ескі мүдделері жаңа қорымға көшіруіне келіспей, газет-журнал беттерінде мәселе көтерілді. Кейін жағдай оң шешімін тауып, археологтар зерттеуін ары қарай жалғастырған.
«2020 жылы біздер, «Сарайшық» музей-қорығының археологиялық экспедициясы қазіргі заманғы зират ортасындағы «Хан моласы» деген нысанды зерттеуге кірістік. Қолда бар мәліметтеріміз бойынша «Хан моласы» Қасым ханның жерленген жері болуы мүмкін деген жорамал болды. Ол үшін зерттеу алаңында орналасқан 20 шақты көне бейіт басқа зиратқа көшірілуі тиіс еді. Оның 7-нің ағайын-туыстары табылып, олардан рұқсатын алдық. Басқаларының ұрпақтары табылған жоқ. Бейіттер көшіріліп, зерттеу жұмыстары басталған кезде бір топ адам журналистерді шақырып, зираттағы барлық бейіттерді рұқсатсыз көшіруде деп байбалам салды. Ол адамдардың ағайын-туыстарының бейіттері зерттеу алаңында болмаса да дау тудырған еді. Ауылдық округ, аудан басшыларының араласуымен дау басылды, зерттеу жұмысымыз жалғасты. Ол жерден 2 элиталық сағана ашылды. Сағанада жерленген адам сүйектерінен ғылыми үлгілер алынып, шетел зертханаларында зерттелуде. Одан біраз маңызды ақпараттар алынып жатыр. Зерттеулермен генетик ғалым Мақсат Жабағинның командасы айналысуда. Сағананың бірінен бедерлі мақпал матасының қалдығы табылды. Т. Крупаның зерттеуі бойынша, бұл таза жібектен, алтын жалатылған күміс түсті жіптер пайдаланылған мата. Мата XV-XVI ғасырларға жататын Осман империясы өндірісінің өнім болуы мүмкін. Бұл сағананың элиталық екеніне жанама дәлел бола алады. Радиокарбон әдісімен сүйектің жерленген мерзімін анықтау жұмысы жүргізілді. Ол 1413-1474 жылдарды көрсетті. Яғни сағана ХV ғасырда салынған», – дейді археолог.
Кейіннен көне қаланың және қазбалардың орнында реставрация жұмыстары басталған. Сарайшықтағы көне қаланың орнына қазір туристер бір жерден кіретін қақпа салынған. Айбек Тұрарұлының айтуынша, бұдан бөлек, ескерткішке дейін асфальт жол, көлік тұрағы, тікұшақ қонатын алаң бар. Биыл да қайта қалпына келтіру жұмыстары жалғасын таппақ. Байқасақ, қала орны әсіресе жаз мезгілінде туристерден арылмайды екен. Мәселен, 2024 жылы Сарайшық қаласы Қазақстанның топ-20 басым туристік аймағы қатарына енген. Уақыт өткен сайын Сарайшықтың жер бетінен жоғалып бара жатқаны өкінішті. Әр жылдары қаланы қалпына келтіру, қазба жұмыстары жіті жүргізілгенімен, Жайық арнасының жыл сайын көне жәдігерді шайып, су астында қалып бара жатқандығы зерттеу жұмыстарына кедергі келтірген. Судың асау толқындарынан қаланың шеткі аймақтары суға шайылып, олардан жерленген адамның қаңқалары, бас сүйектері, қолданыстағы ескі заттар табылып жатты. Бұл Сарайшық қаласының әлі де күрделі зерттеуді қажет ететінін айғақтаса керек.
Ақгүлім ЕРБОЛҚЫЗЫ