Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:18, 17 Мамыр 2023

Тағдырлы төрт жыл: Төбеге шықтық па, төменге түстік пе?

None
None

 Талай жыл тер төгіп, төбеде жүрген Тоқаевтың төрге шығып, таққа отырғанына төрт жыл, екі ай толды.

Аз уақыт деп айтуға аузың бармайды: 152О күн. Бұл төрт таңбалы санның символикалық мәні болмағанымен, алда өрбитін әңгіменің алтын арқауы, дәмі тіл үйіретін тұздығы болуға сұранып тұр.

 Айталық, Жер шарын алапат өртке ораған екінші дүниежүзілік соғыста кеңес әскерлері теңдессіз ерлік көрсетіп, 1418 күн дегенде фашистік Германияны тізе бүктіріп, тас-талқан етіп жеңген еді. Соғыстан қайтқан солдаттар арамызда әлі бар. Сол қан майданда маңдайын оққа тосып, жұдырықтай жұмылып, жауды жеңген алдыңғы толқын ағалардың ұрпақтары бүгінгі бейбіт күнде өткен отыз жылдың жыртық жерін жамап, тесік тұсын бітеп, ит әуреге түсіп, «артылам деп өзгеден» өзімшіл күйбең тірлікпен ала-құла күн кешіп жатыр. Көл де көңіл де толмайтын көбік сөзге көміліп, төбеге де шықпай, төменге де түспей, сол баяғы ескі сүрлеу, көне соқпақпен салып ұрып келеміз. Ет пен майы әлдеқашан ашкөздер мен өлермендердің өңешінен өтіп кеткен сүйек-саяққа малданып отырмыз. Бүкіл бір елдің асыл арманын арқалап, ақ боз атқа мініп, бандиттің маскасын киіп, тәуелсіздік кіріп келгенде, өзімшіл биліктің «балалық аурулары» асқынып, қызуы көтеріліп, ноқтаға басы сыймай кеткен. Сол батпандап кірген бәлекет Тоқаев билігінің төрт жылында мысқалдап болса да шығатын түрі жоқ. Тез арада толық айығып кетуге киіз қазықты жерге кіргізетін Тоқаев тоқпағының күші жетпей жатқан тәрізді.

 «Бабаларым шоқ басқан табанымен, Бірдей екен жақсысы жаманымен» деп Қадыр Мырза Әли айтпақшы, Тоқаев «хандығының» бір жақсысы: отыз жыл қурайдан май тамызып, қиял-ғажайып ертегімен әлдилеп, қалың бұқараның басын қатырып, санасын улаған биліктің мақтаншақтық идеологиясынан аздап болса да арылып келеміз; бір жаманы: креслосын сақтап қалу үшін ештеңеден тайынбайтын шенеуніктердің жасырып жапқанын қоса алғанда, республиканың 1 млн тұрғыны ауыз судың азабын тартып отыр. Президенттің жайма шуақ көңілмен шашыраңқы берген тапсырмаларынан шалқар шындық шықпай жатыр; бір жақсысы: әділетті қоғам құрамыз деген әрекетіміз әжептәуір резонанс тудырып жатыр. «Мәңгілік ел» сияқты сағымға сіңіп кетпесе деп тілеңіз; бір жаманы; кадрларды таңдау, іріктеу және орналастырудың бармақ басты, көз қысты қойыртпақ тұстары көп, тазалық жоқ. Анығын айтқанда, кадрлық саясаттың сыртқы формасы келісіп тұрғанымен, ішкі мазмұны іріп тұр. Шен-шекпенге әуес, ұлтжанды емес, креслоға құмар, қара басының қамын ойлайтын қадірсіз кадрлар қайдан шығады деген сұрапыл сұраққа жауап іздеп бас қатырып жатпаймыз. Оның себебі: бірінші – халықты жаппай дипломдандыру саясатын аса зор «жауапкершілікпен» жүзеге асырып жатқан әлемдегі алдыңғы қатардағы елміз; екінші – қолына қос-қостан қатырма көк қағаз диплом ұстатқанмен, адамгершілік дипломы жоқ рухани мүгедектердің қатарын көбейттік. «Тірі» мысал: президент әкімшілігі батасын беріп, қабілет-қарымын ескермей, Серік Мамытовты Жетісайға әкім етіп жібергенде жыңғыл ағаштармен жағаласып жүрсін деп жолдама берген сияқты. Қақпақ кеткен жерде ұят қайдан болсын, ол шіркініңіз, мойнына алған міндетті мүлтіксіз іске асырып жатыр. 178 мың тұрғыны бар ауданның ауыр жүгін арқалап, арбасын алға сүйреп, әлеуметтік-экономикалық жағдайын түзеуге, турасын айтқанда қауқарсыз. Экология министрі болатын «баланың» адасып ауданға келгені Тұрсынбек Қабатовтың әзілдеріне бергісіз, әңгімеге арқау болып жатыр.

 Біздің айтайын дегеніміз, қаржы дағдарысынан, қымбатшылықтан, қуаңшылықтан, т.б. қиыншылықтардан емес, қадірсіз кадрлардан қорқуымыз керек. Ел тағдыры таразыға түсіп тұрғанда кадрлық саясатқа көз жұмып қарағанымыз, болашақтың тамырына балта шапқанмен бірдей. Ертеден келе жатқан есті сөз бар: «бәрін кадр шешеді» деген. Маман таңдаудағы тамыр-таныстық пен бұрмалаушылықтар – жан дүниесі лас, пайдакүнем, сыйынғаны мен сүйенгеніне сенетін шаласауатты шенеуніктерге жол ашады. Қадірсіз кадрлар қауіпті: елді өсірмейді, өшіреді. «Отырған қыз орнын табады» деген мақалдың кадрлық саясатқа еш қатысы жоқ. Сығып-сығып сілікпесін шығармаса сіресіп отыра беретін шенеуніктерге ауа райы қолайлы болып тұр. Билік басында отырғандарға білім өткен бе, қайдам, Әлихан Бөкейхан айтқандай қайсар мінез байқалмайды.

 «Жақсыны айтып, жаманды таяп қоятын» қазақпыз ғой, төрт жыл толған Тоқаев билігіне түңіліп отырған жоқпыз. Уинстон Черчилль айтқандай: «Табыс – бәріне жеттім, сәтсіздік – бәрі де бітті деген сөз емес. Ең маңыздысы күресті ары қарай жалғастыра білу» керек дегіміз келеді.

 Баяғы заманда бала Қожанасырдан біреу: «Бауырыңмен екеуіңнің қайсысың үлкенсің?» – деп сұрапты. Сонда бала Қожа: «Шешем былтыр бауырың сенен бір жас үлкен деп еді, енді екеуміз жасты болған шығармыз», – деген екен. Сол айтпақшы, тағдырлы төрт жыл ішінде төбеге шығарған табыстарымыз бен төменге сүйреген сәтсіздіктеріміз таразы басын тең басып тұрғанына көңілі толмайтын қалың елдің қашанға дейін «Қобыланды келеді сайменен» деп, ескі әуенмен әндетіп жүре беретінін ешкім тап басып айта алмайды.

Тегтер: