Тағы бір қаза: Сарбаздың өліміне себеп – жүйенің салғырттығы ма?

Аягөз гарнизонында қаза тапқан 18 жастағы Саламат Сабитовтың анасы ұлының ауруына қарамастан, оны әскерге қалай алып кеткенін айтып берді.
Ол наурыз айында Солтүстік Қазақстан облысынан шақырылған. Әскерде үш апта ғана болып, тіпті ант қабылдап та үлгермеген.
Марқұмның туыстарының айтуынша, жігіт әскерге жарамсыз, омыртқасы ауырып, көру қабілетінде мәселелер болған. Қолында анықтамасы болса да оны танк бөліміне қызмет етуге жіберген. Бір апта ауруханада жатып, қаза тапқан.
Бірақ анасының ескертуіне қарамастан, әскери комиссариат қызметкерлері оны медициналық комиссияға апаруға көндіріп, келесі күні-ақ әскерге жөнелткен. Тіпті, отбасыға қысым көрсетіп, қорқытқан.
«22 сәуір күні түнгі ондар шамасында үйге екі әскери адам келді. Ұлымды әскерден қашып жүр деп, қылмыстық жауапкершілікке тартамыз деді. Істі әскери прокуратураға жібереміз деп қорқытты. Сонымен қатар егер ол әскерге бармаса, біз 4 миллион теңге айыппұл төлейміз деді. Менің ондай ақшам жоқ. Пәтер жалдап тұрамыз. Таңертең-ақ, сол жерден бірден алып кетті», - дейді анасы.
Сол кезде әйел жұмысында болған. Ұлын тек пойызға отырғызғанда ғана көріп үлгерген. Кейін олар үнемі хабарласып тұрған, бірақ Саламат ешқандай шағым айтпаған. Алайда көп ұзамай сарбаз жансақтау бөліміне түседі. Командирі отбасыға «бәрі жақсы, уайымдамаңыздар» деген. Бірақ туыстары бұған сенбей, бір адамын тексеруге жібереді. Сол кезде Саламаттың комаға түскені белгілі болған.
«Таңертең мен өзім жеттім. Сол күні ұлымның жүрегі тоқтады», - деді анасы.
Қорғаныс министрлігі Саламат Сабитовтың қазасын растады. Ведомствоның мәліметінше, сарбаз 19 мамыр күні Аягөз аудандық ауруханасында қайтыс болған.
Өлім себебі – менингитке байланысты мидағы іріңнің қабынуы.
Саламат Сабитовтың өлімінен кейін қылмыстық іс қозғалды. Бұл – Қазақстан армиясында орын алған көптеген қайғылы оқиғаның бірі ғана. Бұған дейін де осыған ұқсас жағдайлар бірнеше рет тіркелген.