«Егемен Қазақстан жоқ»: Дугин Орталық Азия мемлекеттерінің тәуелсіздігін жоққа шығарды
Ресейлік философ әрі Z-пропаганданың идеологы Александр Дугин «әлемнің жаңа моделінде» посткеңестікте егемен мемлекеттердің өмір сүруі мүмкін емес деп мәлімдеді.
Оның сөзінше, Ресейдің бақылауында болмайтын елдер АҚШ пен Еуропа одағының немесе Қытайдың «форпосттарына» айналады.
Кремльге жақын саналатын, «орыс әлемі» идеологиясының негізгі теоретигі саналатын Дугин жақында берген сұхбатында «үш полюсті әлем» қалыптасып жатқанын мәлімдеді. Ол бұл модельде Ресей негізгі күш орталығына айналып, айналасындағы аймақтарды өз ықпалына алуы тиіс екенін ашық айтты.
«Барлығы өте жылдам өзгеріп жатыр. Бірақ біздің мақсатымыз – осы үш полюсті әлемде ең ірі күш орталығына айналу: суверен, еркін, тәуелсіз, алып держава болу. Ал біздің бақылауымызға кірмеген аумақтар бейтарап болып қалмайды, олар тыныш әрі жайлы Швейцарияға айналмайды», – деді Дугин.
Оның айтуынша, Ресей ықпалынан тыс қалған аумақтар АҚШ, Еуропа одағы немесе Қытайдың ықпалына өтеді.
«Олар не біздің біртұтас одағымыздың құрамына кіреді, не Батыстың тірек аймағы болады», – деді ол.
Осыдан кейін Дугин ұлттық мемлекеттер дәуірі аяқталды деп мәлімдеп, посткеңестік республикалардың, соның ішінде Орталық Азия елдерінің егемендігін іс жүзінде жоққа шығарды.
«Сондықтан егемен Армения, егемен Грузия, егемен Әзербайжан, егемен Қазақстан, егемен Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан дегенге келісуге болмайды. Бұл жаңа модельде ешқандай суверенитет болуы мүмкін емес. Болды, суверенитет аяқталды, ұлттық мемлекеттер – өткеннің еншісінде», – деді ол.

Дугин кім?
Александр Дугин – ресейлік философ, публицист, неоевразияшылдықтың басты идеологтарының бірі. Ол 2014 жылы Foreign Policy журналы жасаған әлемдегі ең ықпалды 100 ойшылдың тізіміне енген. Сондай-ақ ол Ильин атындағы Жоғары саяси мектеп пен Халықаралық Еуразия қозғалысын басқарады.
Дугин ультраұлтшыл, радикалды көзқарастары үшін бірнеше рет сынға ұшыраған. Көптеген зерттеушілер мен құқық қорғаушылар оның идеяларын фашистік немесе фашизмге жақын деп бағалайды. Ол Батысқа, Украинаға қарсы риторикасымен, сондай-ақ «дұшпан» елдерге күш қолдануға шақыратын мәлімдемелерімен танымал. DW деректеріне сәйкес, ол бірнеше жылдан бері Қазақстанда персона нон-грата саналады.
Бұған дейінгі мәлімдемелер
Бұған дейін ресейлік тағы бір пропагандист, тележүргізуші Владимир Соловьёв Ресей Украинадағыдай Армения мен Орталық Азия елдерінде де «арнайы әскери операция» бастауы керек деп мәлімдеп, мұны «ұлттық қауіпсіздік мәселесі» деп атаған еді.
Ал Ресей Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мария Захарова Соловьёвтің мәлімдемесіне қатысты пікір білдіріп, бұл тележүргізушінің жеке пікірі екенін, оның Ресей үкіметінің ресми ұстанымын білдірмейтінін мәлімдеді. Кейіннен Соловьёв эфирден көрінбей кетті.