Тағы бір сарбаз... көз жұмды

«Жас Алаш» газетінің өткен санында (№74) ғана «Тағы бір сарбаз, тағы бір «қара қағаз» деп аталатын мақала жарияланған.
Онда әскери борышын өтеп жүрген Дінмұхамед Шынарбектің жұмбақ жағдайда (ресми ақпарға сай «өзіне-өзі қол жұмсаған», бірақ оған марқұмның туыстары сенбейді) көз жұмғаны туралы айтылған. Сол қайғылы оқиғаның себебі анықталып болмай жатып, тағы бір сарбаз мерт болғаны туралы ақпарат тарады. Одан бөлек, Маңғыстау облысында №99116 әскери бөлімінің 18 жастағы сарбазы «суицид жасауға талпынды» делініп, психиатриялық орталыққа жеткізілген.
Дінмұхамед Шынарбектің анасы президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа видеоүндеу жасап, көз жасын көлдетіп отырып: «Аналар, балаларыңызды әскерге жібермеңіздер» деген. Айдың-күннің аманында арыстай ұлынан айырылып, қара жамылған ананың бұл зары қазіргі тұтас қоғамның жанайқайы іспетті. Себебі халықтың әскерге деген сенімі азайған, баласын әскерге жіберген отбасы оның жолына алаңмен қарап отыратын болған.
Соңғы оқиғаға келейік. Сарбаз мерт болған қайғылы оқиға 23 қыркүйек күні Жетісу облысындағы «Алажиде» әскери полигонында болған. Бұл туралы ҚР Десанттық-шабуылдау әскерлерінің баспасөз қызметі мәлімдеді. Алайда ресми мәлімдемеде қайтыс болған сарбаздың аты-жөні, жасы, басқа да жеке басын нақтылайтын ақпарат айтылмаған. Хабарламада 23 қыркүйек күні дайындық сабағын өткізу кезінде мерзімді қызметтегі әскери қызметшінің қару қолдану кезінде жарақат алып, қайтыс болғаны айтылған. Негізгі себеп –«қауіпсіздік ережелерінің сақталмауы» делінген. Сондай-ақ әдеттегідей, «аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатқаны», «бұл оқиға Қорғаныс министрінің ерекше бақылауына алынғаны» айтылған. Алайда «оқиғаны ерекше бақылауына алған» Қорғаныс министрлігінің ресми сайтында немесе әлеуметтік желідегі парақшаларында бұл оқиға туралы ешқандай ақпарат жоқ. Министрлік сайтын бүгін (24 қыркүйек) бірнеше жаңалықпен толықтырған. Жаңалықтарға назар аударсақ, ешқандай сарбаз оққа ұшпағандай, бәрі де қаз-қалпында, жайма-шуақ. Қарулы күштердің үздік сержанты анықталыпты, Қорғаныс министрлігіне қатысы бар жаңа портал ашылыпты. Дінмұхамед Шынарбектің қайтыс болғаны туралы да бір аптадан бері ешқандай ақпарат таратпаған Қорғаныс министрлігінің сайты бұл оқиға жөнінде тіс жармағанына тым таңғала қоймадық. Министрліктің мұндай салғырттығына үйреніп те қалғандаймыз.
Жалпы әскерде «қару қолдану кезінде жарақат алып» қайтыс болған қайғылы оқиға бірінші рет болып отырған жоқ. 2024 жылы 7 қыркүйекте Маңғыстау облысы «Оймаша» полигонында өткен оқу-жаттығу жиыны қайғылы оқиғамен аяқталды. Лейтенанттың қолындағы тапаншадан атылған оқ сарбаз Марат Барқұловтың бетін жарақаттап, соның салдарынан қайтыс болады. Алайда қайғылы жағдайдан соң марқұмның әкесі оқтың кездейсоқ атылғанына сенбейтінін айтып, видеоүндеу жариялаған. Кейіннен бұл істі Астананың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық әскери соты қарап, Дамир Досов есімді командирін Марат Барқұловтың өліміне кінәлі деп танып, «адам өлтіру» бабы бойынша 13 жылға сотталды.
Ал Жетісу облысындағы «Алажиде» әскери полигонында қайтыс болған сарбаздың әзірше нақты неден, қалай мерт болғаны туралы ақпарат жоқ. Бірақ сарбаздың өліміне «қауіпсіздік ережелерінің сақталмауы» себеп болғаны айтылды, демек бұл да Марат Барқұловтың ісі секілді қайғылы оқиға болуы мүмкін. Осы іске қатысты өкінішті жағдай – сарбаздар бірінің артынан бірі мерт болып жатқанда Қорғаныс министрлігінің нақты ақпарат таратпауы. Бар болғаны, ҚР Десанттық-шабуылдау әскерлерінің баспасөз қызметі таратқан шолақ ақпарат. Осындай кезде «тергеу жұмыстарына байланысты ешқандай ақпарат айтылмайды» делінетін жақсы сылтау бар, бәрін соған ысыра салады. Алайда нақты ақпарат болмаған соң қоғам оқиғаны сан-саққа жүгіртеді, әртүрлі ақпар тарайды, іске қатысты жұрттың күдігі артады. Бірақ мұнымен санасатын Қорғаныс министрлігі жоқ, портал ашып сүйіншілеп, «үздік сержанттарды» марапаттап жатыр.
Біз Қорғаныс министрлігіне сарбаз өліміне қатысты неліктен нақты ақпараттың жедел таратылмайтынын және өзге де мәселелерге қатысты ресми сауал жолдадық.
Енді Маңғыстаудағы оқиғаға келейік. 18 жастағы сарбаз суицид жасауға талпынып, кейіннен психиатриялық орталыққа жеткізілген. Алайда сарбаздың анасы Лаура Шынтемірова ұлының әскери бөлімде соққыға жығылғанын айтады. Оның сөзінше, баласы басқа да әскерилермен бірге біреудің жеке үйінің құрылыс жұмысына жегілген әрі бөлімшеде таяқ жеген.
Әскери бөлім басшысы әуелде сарбаздың жүрек пен бүйрек тұсының ауырсынғанын айтып, тексерілуге жіберілгенін жеткізген. Кейін облыстық психикалық денсаулық орталығы госпитализацияланғанын растады. Бұдан тыс сол күні тағы екі әскери қызметші де клиникаға жеткізіліпті. Олардан да суицидтік мінез-құлық байқалыпты-мыс. Оқиға бойынша арнайы комиссия құрылып, тексеріс басталған.
Әдетте әскерде қайтыс болған сарбаздардың өліміне қатысты ең жиі айтылатын себептердің бірі – суицид. Алайда қоғам жап-жас сарбаздардың өз-өзіне қол жұмсағанына сенбейді. Олар әскерде қысым көрді, таяқ жеді, өлтірілді деп есептейді. Әскери сарапшылар мен ресми билік те әскерде зорлық-зомбылықтың бар екенін жоққа шығармайды. Бірақ оған бола ешкім жазаланбайды. Осыны тоқтатайық деп кешенді зерттеу жүргізіп, шара қабылдап жатқан үкімет тағы жоқ. Сондай-ақ мұндағы тағы бір түйткілді түйін – сарбаз өз-өзіне қол жұмсады десек те, сол қадамға жеткізген жағдай да айтылып көрген жоқ. Суицид жасады деген күннің өзінде әскерде жүрген сарбаз өз-өзінен асылып, атылып қалмасы анық. Адам әбден тығырыққа тірелгенде, шыдамы таусылғанда барып өз-өзіне қол жұмсауға оқталады. Бұл ең ақырғы, шарасыз әрекет. Онда не себепті суицид жасаған (жасады десек) сарбаздарды осындай күйге душар еткен, оған қысым жасаған жағдайлар жан-жақты тексерілмейді? Қаруды дұрыс қолданбапты дегенге де сенейік. Бірақ ол неге дұрыс қолданбайды? Неге қателеседі? Қаруды дұрыс ұстай алмайтын сарбазға неге қару береді? Осының бәрін зерттеп, қаттап, түзетіп жатқаны туралы естіген емеспіз. Керісінше, жұрттың үйін салып, қара жұмысқа жегіп жатқаны айтылып жатыр.
Осындай қайғылы оқиғалардан соң марқұм Дінмұхамед Шынарбектің анасының жанайқайын түсінгендей боласың. Он екі мүшесі сау баласын әскерге жіберіп, табытын күтіп алған ата-аналардың қатары азаймаса, халықтың әскерге деген сенімінің артпайтыны анық. Әр сарбаздың «жұмбақ өлімі» марқұмның отбасы үшін орны толмас өкініш, ал мемлекет үшін қауіпсіздік пен қорғанысқа түскен сызат.
Жақсылық ҚАЗЫМҰРАТҰЛЫ