Тағы бір сарбаз, тағы бір өлім – тағы сол сылтау
14 қаңтарда Сарыөзек гарнизонында былтыр әскер қатарына шақырылған Дастан Құрманбек кеуде тұсынан «Калашников» автоматынан атылған оқтан жарақат алып, қаза тапты.
Құрлық әскерлері қолбасшылығы мұны жазатайым оқиға деп, сарбаз абайсызда өзіне оқ атты деген ресми мәлімдеме жасады. Бірақ марқұмның ата-анасы ұлының өзіне оқ атты дегеніне сенбейді және әскерде оған қысым болды деп есептейді.
18 жастағы Дастан Құрманбекті туыстары 16 қаңтар күні Түркістан облысындағы туған жері Сәтбаев ауылында жер қойнына тапсырды. Марқұмның ата-анасы ұлдарының өзіне оқ атты дегеніне сенбейді. Олар ұлдарының өлімін әділ тергеуді талап етіп отыр. Сарбаздың әкесі Марат Дәрімбаев бір күн бұрын Жетісу облысындағы гарнизонға барып, ұлымен кездескен. Сол кезде ұлының жүзінен әлдебір беймазалықты байқаған. Бірақ өзі айтпағасын әкесі де сұрамаған.
«Калашников» қаруының екі түрі бар. Бірі жиналады, екіншісі жиналмайды. Жиналатын автоматпен өзіңді атсаң қолың жетеді, дүмі ағаш автоматқа адамның қолы жетпейді, себебі қару ұзын болады. Ұлымда дүмі ағаш автомат болған. Баламыз кетті ғой, енді әділ тергеу жүргізсін», – дейді «Азаттық Радиосына» айтқан сөзінде марқұмның әкесі.
Дастан Құрманбектің ағасы Өмірғали да інісінің өзін атуға сырттан қысым себеп болған деп есептейді. Оның сөзінше, бұрын армияға баруды қалаған Дастан әскери анттан кейін әскери қызметкер боламын деген ойынан айнып, армияға келгеніне өкінетінін айтып жүрген.
«Өз еркімен кеткен еді ғой. Бірақ әскери анттан кейін «бекер келіппін, қысым» бар деп айта бастады. Бірақ кімнің, не үшін қысым жасағанын айтқан жоқ. Мен «шыда, ондай жүйе барлық жерде бар» деп жігерлендіруге тырыстым», – дейді Өмірғали Маратұлы.
Аталған оқиғаға байланысты Қорғаныс министрлігіне сауал жолдадық. Ресми мәліметке сәйкес, Сарыөзек гарнизонында жауынгерлік даярлық бойынша далалық оқу-жаттығулар кезінде қатардағы сарбаз атыс қаруын қолдану ережесін бұзу салдарынан оқ жарақатын алған. Қазір аталған факт бойынша қылмыстық іс қозғалған. Себептері мен мән-жайы анықталып, тергеу шаралары жүріп жатыр. Оқиға орнына Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы бастаған арнайы комиссия келген.
«2024 жылдың 14 қаңтарында Сарыөзек гарнизонында жауынгерлік дайындық бойынша далалық оқу-жаттығу кезінде қарумен жұмыс істеу ережесін бұзу салдарынан мерзімді қызметтегі қатардағы жауынгер Қ. оқ жарақатынан қаза тапты. Қызмет барысында сарбаз өзін оң жағынан көрсетті. Әскери бөлім қолбасшылығына қандай да бір арыз, шағым айтқан емес. Қызметтік міндеттерін толық көлемде орындады. Құрлық әскерлерінің қолбасшылығы әскери қызметшінің отбасы мен жақындарына қайғысына ортақтасып көңіл айтады. Оларға барлық қажетті көмек көрсетілетін болады», – деп мәлімдеді Құрлық әскерлері өкілдері.
Өзін жаралаған сарбаз оқиғасы Сарыөзекте алғашқы емес
Дастан Құрманбектің оқиғасы Сарыөзек гарнизонында болған былтыр қыркүйектегі кіші сержант Темірбек Мыңжасаровтың автоматтан жаралануына ұқсап кетеді. Ол кезде кіші сержантты қасындағы саптасы байқамай атып жіберген. Абырой болғанда оқ Мыңжасаровтың білегін тесіп өткен. Сол кезде, яғни 2024 жылдың 2 қыркүйегінде Құрлық әскерлерінің баспасөз қызметі Сарыөзек гарнизоны 12740 әскери бөлімінде келісімшарт бойынша қызмет етіп жатқан сарбаз қару қолдану ережелерін өрескел бұзып, нәтижесінде оң қолынан жарақат алғанын хабарлады. Кейіннен бірнеше отандық БАҚ кіші сержант абайсызда өзін атып алды деп ақпарат таратты. Соны дәлелдеу үшін Темірбектің айтқан сөздерін монтаждап салған видео да таралды. Ол жерде әріптесім атты деген сөздер қиылып қалған. Кейіннен Темірбек Мыңжасаров «Мен өзімді атқым келсе де, сол қолымнан жараланған болар едім. Өйткені оңқаймын. Автоматтың ұзындығы жарты метрдей. Сол қолыммен автоматты ұстап тұрып, оң қолымды қалай атамын?!» деп мәлімдеген.
Дәл сол күні Сарыөзек гарнизоны жауынгерлері Отардағы оқу-жаттығуға бара жатқан. Техникаларды арту кезінде Темірбек Мыңжасаровтың саптасы қаруды тексеру кезінде абайсызда шүріппені басып қалған. Алғашында Мыңжасаров оқ тигенін сезбеген. Тек білегінен сауылдап қан аға бастағасын, қызметтестері алғашқы көмек көрсеткен. Кейіннен артық дабыра қылмау үшін оны емханаға емес, жалдамалы пәтерге апарып тастаған. Кетіп бара жатып басшылық «15 күннен кейін полигоннан келеміз, сол кезде емдетеміз, әзірге осында бола тұр» деп тастап кеткен.
Темірбектің әкесі Бақытбек Қасымбеков баласының жағдайынан кеш хабар алып, оны әскери полицияның көмегімен тапқан. Әскери полицей оған баласының еңбек демалысына шыққанын айтып, іздеп келген. Ал Бақытбек Қасымбеков бір күн бұрын ұлымен сөйлескенде ол Отардағы полигонда жаттығуда жүргенін айтқан. Бұл жерде бір шикіліктің барын сезген сарбаздың әкесі ұлының пәтерден ауруханаға барып емделуін қадағалаған.
Бұл оқиғада Құрлық әскерлері Темірбек Мыңжасаровтың жараланғанын жасыруға тырысқан. Тіпті қызметте жүрген сарбазды өзіне айтпай, 40 күндік демалысқа шығарып жіберген. Әкесінің айтуынша, егер ұлы сауығып кетсе ешкімге білдірмей қайта жұмысқа алмақшы болған, егер жарақаттан қаза тапса, «біз кінәлі емеспіз, ол кезде ұлыңыз еңбек демалысында болған» деп айту үшін жасырын еңбек демалысына шығарып жіберген көрінеді. Осыдан соң Мыңжасаровтың әкесі ҚР Қорғаныс министрлігінің қолбасшылығына арыз жолдаған. Бұл оқиғаны жасыруға тырысқандардың жауапқа тартылуын сұраған.
Сарыөзектегі әлімжеттік пен сарбаз өлімі
Сарыөзек гарнизонында былтыр мамыр айында әскери міндетін өтеп жүрген 19 жастағы Досымжан Сәлімжан Алматыдағы әскери госпитальда қаза тапты. Дәрігерлер оған бүйрек жеткіліксіздігі, анемия және асқазан жарасы деген диагноз қойды. Досымжан жансақтау бөлімінде қайтыс болар алдында туыстарына әскерде үнемі соққыға жығылғанын айтқан. Тіпті ол «бәрін кешіремін, бірақ лейтенант Шәкіровті кешіре алмаймын, ол мені бес минут бойы тоқтаусыз ұрып-соқты» деген. Кейіннен бұған байланысты қылмыстық іс қозғалып, Сарыөзектегі 29108 әскери бөлімнің лейтенанты Жанбота Шәкіров айыпты деп танылған. Куәгерлер де оның сарбаздарды ұрып-соғатынын айтып, куәлік берген. 2024 жылы 29 қазанда Алматы гарнизонының әскери соты Досымжан Сәлімжанның өліміне қатысты офицер Жанбота Шәкіров қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды деген айыппен жеті жылға соттады. Бірақ айыпталушы өзіне тағылған айыптарды мойындамады.
Сол кезде Досымжан Сәлімжанның өліміне қатысты тағы бір қылмыстық іс қозғалған. Туыстарының айтуынша, Досымжаннан алты ай бұрын әскерге барған әскери қызметшілердің бірі оның атынан 180 мың теңге несие алған. Кейіннен айыпталушы кінәсін мойындаған.
Армиядағы сарбаздардың қазасы неге жиілеп кетті?
Еліміздегі армиядағы сарбаздардың өлімінің бірі ретінде әлімжеттік пен қысым себеп болатыны айтылады. Бірақ ресми дерек бойынша олардың өліміне суицид, ауру мен оқыс жағдайлар себеп. 2024 жылы бірінші қарашада ҚР Қарулы Күштері Бас штабы Ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыстары департаменті бастығының орынбасары Руслан Омаров әскерде «дедовщина» жоқ деп мәлімдеді. Бірақ жоғарыда біз жазып кеткен Досымжан Сәлімжанның оқиғасынан бөлек сарбаздардың үйінен 2-3 мың теңгелеп ақша сұрайтыны жасырын емес. Бұған дейін сарбаздардың атынан миллиондап несие алған офицерлердің де сотталғаны белгілі. Демек Омаров мырзаның «әскерде әлімжеттік жоқ» дегенімен оның бар екенін фактілер айғақтайды.
Ардагерлер кеңесінің төрағасы, тәжік-ауған шекарасындағы соғысқа қатысушы Мұрат Мұхаммеджановтың айтуынша, әскердегі өлімнің жиілеп кетуінің бір себебі – несие.
«Несиеге батып қалған жігіт не істерін білмей әскерге барады. Ол жерде де қалай төлейтінін білмей басы қатады. Содан кейін өзіне қол жұмсайды. Батальон командирі ретінде айтайын, кейде әскердегі сарбаз өліміне болмашы осындай нәрселер себеп болады. Әртүрлі адамдар болады, қыз үшін атылатын сарбаздар да бар. Мен армиядағы өлімге тек несие себеп болады демеймін, бірақ несиенің әсері үлкен. Қазір жастар армияға барудан қашады. Бұл өте қорқынышты жағдай. Мұның бәрі идеологияның жоқтығынан. Жергілікті әкімдік жастар идеологиясымен айналысу қажет. Қайбір жылы мені мектепке кездесуге шақырды. Сол кезде жастардың әскер туралы пікірін білу үшін армия туралы айттым. Сол жерде жоғарғы сынып оқушысынан әскери техникалар туралы сұрағанымда «Бұл бізге не үшін керек. Мысалы, мен соғыс болып кетсе бармаймын. Кім және не үшін соғысамын?! Олигархтар жерді, байлықтың бәрін сатып алды. Солар үшін өлуім керек пе? Өздері соғыссын!» дегенде не айтарымды білмей қалдым. Мектеп баласы осылай айтады деп ойламадым. Айналамыз тыныш емес. Барлық жерде соғыс болып жатыр. Мұндай заманда қорғаныс шебін күшейтуіміз қажет. Бізге психологиялық тұрғыдан да, әскери дайындық тұрғысынан да мықты сарбаздар қажет. Армиядағы идеологияны мектептен бастау қажет. Ал біздегі мектептерде алғашқы әскери дайындықтан армияға бармаған мұғалімдер сабақ береді», – дейді соғыс ардагері.
Елімізде кейінгі үш жылда 270 әскери қызметкер қаза тапқан. Былтыр қыркүйек айында қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов қарамағындағыларға әскердегі әлімжеттікке жол бергені үшін сөгіс жариялады. Бірақ 16 қыркүйекте Түркістан облысы Арыс гарнизонында келісімшарт сарбазы, 19 қыркүйекте Абай облысы Аягөз ауданында офицер, 28 қыркүйекте Ақтаудағы әскери қызметкер, қарашада Жаркенттегі гарнизонда офицер және 24 қарашада Ақтөбедегі гарнизонда қаза тапқан сарбаздың өліміне себеп ресми түрде өзіне қол жұмсады деп айтылды.
Әскердегі сарбаз өлімі әлі де тоқтаған жоқ. Жақсылықовтың сөзімен айтқанда «өмір – «жизнь», армияда өмір – өмір болмай тұр.
Тұрсынбек БАШАР