Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:49, 15 Қазан 2024

Тағы да өрт, тағы да бес сәби...

1
Фото: ТЖМ

Күні кеше Қостанай облысының Жітіқара қаласында бір үйден өрт шығып, 5 бала қаза тапты.

Апат кезінде үйде ересектердің қарауынсыз 2011, 2016, 2018, 2019, 2022, 2023 жылғы балалар болған. Тек үйдің үлкені ғана аман қалып, қалған балалар өрт құшағында ажал құшты.

ҚР оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің басшысы Насымжан Оспанова: «Өкінішке қарай, ата-аналардың кішкентай балаларды қараусыз қалдыруы, үйлерінен салғырттықпен кетуінің салдарынан балаларымыздың басында осындай апат орын алуда. Бес баласы қайтыс болған осы бір отбасы туралы айтатын болсақ, жауапкершілік тек ата-анаға жүктеледі» деп, бұл жағдайға тек ата-анасын кінәлай сөйледі. Кейін өзіміз білдей комитет басшысының ата-ананы кінәлаған пікірін тарқатып айтса деп, қайта сұрадық.

«Иә, әрине, балалардың қауіпсіздігі үшін негізгі жауапкершілік ата-аналардың мойнына жүктеледі. Ересектер тарапынан тиісті назар аударылмай қалған жағдайда кішкентай балаларымыз қауіп-қатерге бейім болатыны анық.

Бірақ жауапкершілік тек ата-аналарға ғана жүктелмейтінін есте ұстаған жөн. Қоғам балалар үшін қауіпсіз ортаны құруда да негізгі рөл атқарады. Айналада болып жатқан оқиғаларға мұқият назар аударып, дер кезінде көмекке келу арқылы көптеген жазатайым оқиғалардың алдын алуға болар еді. Бұл ата-аналардың, мемлекет пен тұтастай алғанда қоғамның бірлескен жауапкершілігімен ғана мүмкін болады деп ойлаймын» деп, әуелгі сөзін өзгертіп жауап берді.

Соңғы кездері жыл құрғатпай қайталанатын осындай оқиғалар мәселе тек ата-аналардың жауапкершілігінде тұрмағанын айғақтайтындай. Бұл жерде біздің қоғамның қат-қабат, әбден шатысқан әлеуметтік, психологиялық, экономикалық мәселелері жатқан жоқ па?! Тұтас ұлттың өзгерген болмысы, уланған санасы, жұтаған рухани дүниесі өрт алып, шаңырағы ортасына түскен үйге ұқсамай ма?

Бүгін үкімет сағатында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова: «Оқиға орнына өртсөндірушілер келгенде үйдің шатыры құлаған. Сол түні әйел қалаға кеткен. Не үшін кеткені тергеу аясында айтылмай отыр. Оның неге кеткенін мен де білмеймін. Сол күні кешкі сағат 7-де үйге 1995 жылы туған жігіт келіп, от жаққан. Содан кейін кетіп қалған. Балалар тоңып қалмауы үшін анасы оны жіберген болуы керек», – деді.

Рас, анасының не үшін кеткенін біз де білмейміз. Бұл отбасы мемлекеттен атаулы әлеуметтік көмек алған екен. Аналары екі рет некеде болған. Үш баласы бірінші некеден, кейінгі үшеуі екінші некеден болған. Бірінші күйеуімен ажырасқан, бір ақпараттарда күйеуі жазасын өтеп жатқаны айтылды. Ол, сірә, екінші күйеуі болса керек.

Қалай болғанда, бір емес, бес бірдей сәби өрт ішінде көз жұмды. Қандай күйде болды оны айтудың өзі – қорқынышты. Айтудың да керегі жоқ. Бірақ адам өлді ғой. Және бірінше рет болып тұрған жағдай емес.

2019 жылы Астанадағы бес сәбидің өлімі әлі жұрт есінде. Ата-анасы түнде жұмысқа кетіп, үйден өрт шыққан. 2021 жылы көпқабатты үйде пәтер өртеніп, бір үйдегі бес бүлдіршін көз жұмған. Оларды да ата-анасы сыртынан жауып кетіпті. Дәл сол Жамбылда 2022 жылы тағы екі сәби өртенген үймен бірге көкке ұшып кетті. Ал биыл 2023 Павлодарда екі бала мен олардың әкесі өрт құшағында қаза тапты. Былтыр Аягөз ауданындағы төрт баланың өлімі де осыған ұқсас жағдайда көрініс тапты. Шымкентте де былтыр бір үйдің бес адамына ыс тиіп, қайтыс болды. Оның үшеуі бала еді. Биыл қыста осындай қайғылы оқиға Қарқаралы ауданы Талды ауылында болды. Екі пәтерлі бір қабатты тұрғын үйдегі өрттен төрт бала қаза тапты.

Светлана Жақыпова да Аягөздегі қайғылы оқиға кезінде ата-аналарды кінәлай сөйлеген. «Негізі балаларды жалғыз қалдыруға болмайды. Бұған дейін Астанада, Жамбылда болған оқиғаға бәріміз куә болдық, енді Аягөзде болып отыр. Сондықтан комиссия өз шешімін шығарады. Біздің тарапымыздан қандай көмек? Тек қана жәрдемдесу, жәрдемдесу болғанда психологиялық түрде», – деген еді министр.

Сол психологиялық көмектен ештеңе өнбеген сияқты. Жітіқарадағы өрттен аман қалған балаға да психологиялық көмек көрсетеміз депті. Бұл жеткілікті көмек пе? Тіпті атаулы әлеуметтік көмек те ештеңені шешпейтініне әбден көзіміз жетті.

Мемлекет ақшалай көмек көрсете берер. Бірақ ол бұндай мәселенің шешімі, тығырықтан шығарар жолы емес екені белгілі ғой. Бір ана жалғыз асыраушы болуы мүмкін. Толық отбасы болса да, әкесі мен анасы қатар жұмыс істемесе, қазір күн көрудің өзі қиын. Әркім өз өміріне қожа болғанымен, біздің қоғамда сондай әлеуметтік осал топ бар екенін бәрі біледі. Мүмкін, бала қараушы ұстай алмайтын отбасыларға бала қарауға көмектесетін адам тауып, сол жағынан қол ұшын созу керек пе екен?

Кім біледі, бірақ бұл кешенді талдауды, кешенді жұмыс істеуді талап ететін түйткіл. Өйткені бұл да соңғы оқиға емес қой деген күдік торлайды.

Жүзін жалын шарпыған сәби бейнесі көз алдымызда тұратын болды. Шатырлаған оттан біз олардың үнін де естімейміз. Қолымыздан келер қайран жоқ. Біз шарасызбыз...

Қасым Арықбай

Тегтер: