Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 13:00

Тағы да Талғар: ата-анасы іздеп жүргенде  Кәрімовты бейітке іздеушісі жоқ ретінде жерлеген

Кәрімов
Фото: "Орда"

Алматы облысы Талғар қаласында жас жігіттің өліміне қатысты дау қоғамда қызу талқыланып жатыр. 

"Орда" басылымының жазуынша, Ғалымдан Кәрімовтің ата-анасы оқиғаның мән-жайын ашық тергеп, істі қайта қарауды талап етуде.

Таныстықтан басталған оқиға

Кәрімовтың анасының айтуынша, оқиға өткен жылдың 24 желтоқсанында басталған. Ғалымжан интернет арқылы бір қызбен танысып, Талғарға кездесуге барған. Алайда кейін белгілі болғандай, қыздың аккаунтымен 14 жастағы жасөспірім қыз сөйлкескені белгілі болған. Бұдан соң байланыс бірден тоқтаған.

Келесі күні Ғалымжан Талғарға қайта барған. Айтуынша, олар кездесу кезінде телефондары шатасып кеткен. Сол кезде оны талғарлық полиция қызметкерлері ұстаған.

«Бөлімшеде азаптады» деген жазба

Отбасының мәліметінше, Ғалымжан кейін үйіне оралып, болған жайтты егжей-тегжейлі жазып кеткен. Жазбада ол полиция бөлімшесінде қысым көргенін, басына пакет кигізіп, ұрғанын, ал бейнекамералар өшірілгенін айтқан.

Таңғы сағат алты шамасында Ғалымжан Алматы қаласының Алатау ауданындағы жалдамалы пәтерінен шығып кеткен. Соңғы хатын телефон арқылы теріп қалдырған, ал гаджетті үйде қалдырған.

Іздеу және  жерлеу

Екі күннен кейін ұлының оралмағанына алаңдаған әкесі іздеу жұмыстарын бастаған. Телефонын тексергенде, ұлының қоштасу хатын тапқан. Ата-анасы бірден полицияға жүгініп, іздеу жариялаған.

Алайда олардың айтуынша, дәл сол уақытта Жетісу ауданының полициясы қала сыртынан табылған ер адамның мёйітін «туыстары жоқ» ретінде жерлеп қойған. Бұл туралы ата-анасы тек 40 күн өткен соң білген.

Ғ. Кәрімов — Түркістан облысы Келес ауданының тумасы. Алматыда жұмыс істеп, бос уақытында такси қызметімен айналысқан. Жақындары оның тұйық немесе өзіне қол салуға бейім адам болмағанын айтады.

Ата-ананың талабы

Қазір ата-анасы істі қайта қарап, ҚР ҚК-нің 105-бабы («Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу») бойынша қайта саралауды талап етіп отыр.

«Әдейі уақыт созды деп ойлаймыз. Денеде соққы іздерін анықтау мүмкін болмауы үшін. Бізге бәрі күмәнді көрінеді», — дейді Кәрімовтың туыстары.

Ресми түсініктеме қажет

Қазіргі таңда оқиғаға байланысты ресми органдар тарапынан толыққанды түсініктеме жарияланған жоқ. Қоғам белсенділері мен құқық қорғаушылар ашық және тәуелсіз тергеу жүргізуді сұрап отыр.