Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 13:15

Тағы да тіл теңсіздігі: Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов қулыққа басты

Құмар Ақсақалов
Фото: Sputnik / Владислав Воднев

Қостанай облысының әкімдігі биылғы жылға мемлекеттік ақпараттық саясатқа қатысты тапсырысын жариялады. Конкурс құжатын көрдік те, көңіл күйіміз нілдей бұзылды. Әкімдіктің қоғамдық даму басқармасындағылар қай елде тұрып жатқанын білмейтін сияқты. Әлде әдейі істей ме?

Қазақстан Республикасы аумағында тарайтын интернет ресурстарға деп әкімдік он үш тақырып ұсынған. Оның жетеуі – орыс тілінде, алтауы қазақ тілінде тарайтын интернет ресурстарға арналған. Бір қарағанда, тақырыптар тең бөлінген сияқты. «Облыс әкімі Құмар Ақсақалов өзіне ыңғайлы тілге бір тақырып артық беріпті» деп өкпелеп отырған жайымыз жоқ. Тақырыптарға анықтап қараған адам Қостанай облысының әкімдігі тілге қатысты тең саясат жүргізбей отырғанын оңай байқайды.

Жоғарыда жеті тақырыпты орыстілді ресурстарға, алты тақырыпты қазақтілді сайттарға бөлгенін айттық қой, енді оның салмағын салыстырып көрейік. Орыстілділерге бөлінген тақырыптың ең азы 13 500 символ, ең көбі 92 000 символ екен. Ал қазақтілді сайттарға бөлінген тақырыптардың ең көбі 30 000 символға әзер жетсе, азы 7 000 символдан әрең асады. Калькулятор тіліне салып кеп жібергенде, саусағымыз дірілдеп кетті: орыстілді интернет-ресурстарға 303 000 символ берілсе, қазақтілді сайттарға бұйырғаны 100 мың символға да жетпей қапты – бар-жоғы 99 800. Бұл не деген сөз? Қостанай облысында мемлекеттік ақпараттық саясат үшін бөлетін қаржының көп бөлігін «ресми тілде» шығатын ресурстар иеленеді деген сөз! «Құмар Ақсақалов бүйрегі бұратын тілге» көбірек ақша бергісі келеді деген сөз! Солтүстік облыстарда мемлекеттік тіл әкімдіктердің босағасынан сығалап қалған деген сөз! Мұны басқаша қалай түсіндіруге болады?!

Солтүстік облыстарда мұндай жағдай өткен жылдарда да қайталанған. «Тек орыс тіліндегі БАҚ-қа тапсырыс береміз, оны ешкім байқамай қалады» деген Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігі оңбай қателескен. Қателікті едел-жедел түзеген болды, бірақ онысы ақ матаны қара жіппен көктегендей оғаш көрініп қалды. Ғауез Нұрмұхамбетов басқаратын Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігіне өткен қателігі сабақ болса, қанеки?

Жалпы, жалтақ әкімдер басқаратын өңірлердегі жағдай осындай. Олар не солтүстіктегі көршіге көп жалтақтайды, не өздері мемлекеттік тілді жарытып білмейді. Екінің бірі.

Ұлттық құрылтайдың соңғы отырысында президенттің мемлекеттік тіл туралы сөз етпегені – әлгіндей жалтақ не қазақ тілін қатырмайтын әкімдер үшін жақсы сылтау болған сияқты. «Президент мемлекеттік тілде сөйлеңдер деп айтқан жоқ» деу үшін. Бірақ бұл «мемлекеттік тілді босағадан сығалатып қойыңдар» деген сөз емес. Тіл туралы Тоқаев бұған дейін «Қазақтың тілі – қазақтың жаны!» деген. «Ата заң бойынша Қазақстанда бір ғана мемлекеттік тіл бар. Бұл – қазақ тілі» деген тағы бір сөзінде. Уәжімізге дау айтқысы келетін жалтақ әкімдерге мемлекет басшысының сөзінен бұдан басқа да мысалдар келтіре аламыз. Сондықтан дау айтып, әуре болмай-ақ қойғаны дұрыс. Бәрібір президентпен салғыласа алмайды.

Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақаловтың әлі де уақыты бар. Мемлекеттік тапсырыс құжаттарына бір көз жүгіртіп қоюына болады. Өйткені ол иегінің астындағы қоғамдық даму басқармасының іс-әрекетінен хабарсыз болуы мүмкін ғой...

Е. Биеке