Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:44, 12 Қазан 2022

Тағы бір әкім отставкіге кетуі мүмкін

None
None

       Түркістан облысында Өмірзақ Шөкеевтен кейін тағы бір әкім отставкіге кетуі мүмкін.

Жуырда Келес ауданындағы Қошқарата ауылдық округінің әкімі Қосай Бекмұратов сот үкімімен сыбайлас жемқорлық айыбымен кінәлі де танылды. Рас, сот үкімі әлі күшіне енген жоқ. Қазір іс облыстық соттың апелляциялық алқасында қаралып жатқан көрінеді. Егер алқа үкімді өзгеріссіз қалдырса, онда тәртіп бойынша Келес ауданының әкімі Ақментай Есбаев отставкіге арыз беруге міндетті. Бұл Есбаевтың соңғы екі жылда отставкіге беретін үшінші арызы болмақ.

Жалпы, Келесте соңғы жылдары сыбайлас жемқорлық көп. Шенеуніктер тым шектен шықты десек артық айтқанымыз емес.  Сот үкіміне қарағанда, ауыл әкімі Бекмұратов бюджеттен ағымдағы жөндеу жұмыстарына деп бөлінген қаражатты бұзып жармастан бүтіндей дерлік «жеп қойған». Мәселенің мәнісі былай,  2020 жылы Қошқарата ауылдық округінің бюджеттік тапсырысына сәйкес елді мекендерді абаттандыру мен көгалдандыру, өлексе тастау (биотермиялық шұңқырлар) орнына ағымдағы жөндеу жұмыстарына деп 4 480 000 теңге, малдарды шомылдыру нысанының ағымдағы жөндеу жұмыстарына деп 3 472 000 теңге қарастырылған. Бас-аяғы 7 миллион 952 мың теңге ауылдық округтік бюджетіне келіп түскен.

Қ.Бекмұратов 15 шілдеде қаржыны игеру үшін Sirgeli Stroy Capital ЖШС-ның директоры Б.Ергешбаевпен келісім жасайды. 16 шілдеде алдын ала жасалған қылмыстық жоспар бойынша Б.Ергешбаев жұмыстар толық көлемде орындалмаса да, қабылдау актілерін ауыл әкімі Қ.Бекмұратовқа әкеліп өткізеді. Қ.Бекмұратов актілерге қол қойып, әкімдіктің мөрін басып берген. Осыдан кейін мердігердің банктегі шотына ақшаларды аударып жіберген. Б.Ергешбаев 17 шілдеде есеп шотына түскен 4 480 000 теңгені алдын ала сөз байланысқан К.Бекмұратовпен бірге талан-таражға салған, яғни жымқырған.

Екінші лот бойынша бөлінген 3 472 000 теңге де дәл осындай жоспар бойынша «игерілген». 20 шілдеде Ергешбаев Бекмұратовқа актілерді тапсырады. Сол күні ауыл әкімі оған қол қояды, мөр басады, ақшаны аударып жібереді. 21 шілдеде мердігер ақшаны банктен шешіп алып, ауыл әкімі екеуі талан-таражға салған. Сот үкімінде әкім мен мердігердің қазынаға келтірген шығыны 7 820 626 теңге деп көрсетілген.

Бұл істің көлеңкелі жақтары да жоқ емес. Қ.Бекмұратов сот барысында ешқандай жұмыс жүргізілмесе де құжаттарға қол қойып, ақшаны аударып жібергенін мойындаған. Бірақ ол мұндай әрекетке аудан әкімінің орынбасарлары А.Жаңбырбаев пен С.Қарақұловтың нұсқауымен жасағанын алға тартқан. Дәлірегі қос орынбасар «келісім шартты жаса да, ақшаларын аударып бер» деген көрінеді. Тергеу барысында Қ.Бекмұратов әкім орынбасарларымен беттестірілген. Екі шенеунік ешқандай да ақшаның аударылғанын білмейтіндігін, ауыл әкіміне ешқандай да ықпал етпегенін, қысым жасамағанын айтып, ақталғанға ұқсайды. Ақыр аяғында сот Қ.Бекмұратовтың уәжін негізсіз деп тапқан.  

Сот Қонай Бекмұратовқа 3 жылға бас бостандығынан айыру, ал Ергешбаевқа 3 жылға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады. Бізге жеткен ақпараттарға қарағанда, үкімге прокуратура апелляциялық шағым бергенге ұқсайды. Егер апелляциялық алқа үкімді өзгеріссіз қалдырса, онда Келес ауданының әкімі Ақментай Есбаев облыс әкімінің алдына өзін отставкіге жіберу мәселесін қояды. Есбаев отставкіге арызды бұған дейін екі рет жазғанын жоғарыда айттық.

2020 жылы Келес ауданы Жамбыл ауылдық округінің әкімі Бархия Құрманалиев жер беру үшін бір азаматтан 400 мың теңге пара алып, 12 миллион теңге айыппұл салу жазасына кесілді. Былтыр Келес аудандық тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Әділхан Кенегесов мердігерден 30 миллион теңге пара алуға оқталды деген айыппен 11,3 жылға бас бостандығынан айырылды.  30 миллион теңге пара… Келестегі бөлім басшысының ставкасы осындай болса, одан жоғарылардың тәбеті қанша? Осы екі үкім бойынша Есбаев сол кездегі облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевке отставкіге кету жөнінде арыз берген. Екеуінде де кешіріммен қызметінде қалдырылған еді.

 Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске салғырт қараған Шөкеевтің өзі биыл тамызда Кентау қаласының әкімі Дәурен Махажановтың парақорлық қылмысынан кейін президенттің атына отставкіге кету жөнінде арыз бергені, Қасым-Жомарт Тоқаевтың отставкіні қабыл алғаны белгілі.

Егер А.Есбаев отставкіге арызды үшінші мәрте берсе, облыстың жаңа әкімі Дархан Сатыбалдының қандай шешім қабылдайтынын уақыт көрсетеді.

Тегтер: