Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
07:38, 16 Қазан 2019

Тағы да Әуезов туралы

Мұхтар Әуезов мұражайында кезекті дәріс өтті. Дәріскер — мемлекет және қоғам қайраткері, мәдениеттанушы Мұрат Мұхтарұлы Әуез.

Кешті М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының директоры Кенжехан Матыжанов жүргізді.

Кенжехан Ісіләмжанұлы:Құрметті әріптестер! Бүгінгі қонағымыз, белгілі қоғам қайраткері, мәдениеттанушы-ғалым, ұлының ұрпағы Мұрат Мұхтарұлы Әуез!

Тақырыпты Мұрат ағаның өзі ұсынып отыр. Сөз «Тағы да, тағы да Әуезов туралы» болмақ. Рас, бұл таусылмайтын, мәңгілік тақырып. Ал, енді ол әңгімені ұлынан есту, біз үшін, сөзсіз, ғанибет! Әңгіме әдебиет, мәдениет және халқымыздың рухани дүниесі жөнінде болмақ.

Мұрат ағаның өзі жайындағы әңгімеге де бір емес,бірнеше кеш арнауға болады. Менің ойымша, Мұрат аға мен оның достарыныңбірігіп, Мәскеуде «Жас тұлпар» ұйымын құруы –  үлкен тарихи ерлік. Темір құрсау бекіп,қабырғасы қатайып, тарихи әділетсіздік белең алып тұрған сол тұста, әсіресеотар елдердің, соның ішінде ұлт жастарының оған қарсы шығып, мәселе қойғаны ерлікболатын. Оның соңы қалай болғанын бәріңіз де білесіздер. Екінші, Мұрат ағаныңакадемияда жұмыс істеген жылдары көбіміздің қолымызға тимеген күйі жойылыпкеткен «Эстетика кочевья» деген атақты еңбегін жазды. Бұл сол кезеңдегікөшпенділердің бүкіл эстетикалық көзқарасы жазылған алғашқы еңбек еді. Біздероны бір-бірімізден көшіріп алып, таласып-тармасып оқыдық. Үшінші, сол кездері  әсіресе, техникалық саладағы қалалық жастардыңкөпшілігі, тіпті, ұлт интеллигенциясының ұрпақтары да қазақ тілінен ажырапқалды. Тәуелсіздік жылдары қазақ тіліне оралу туралы әңгіме басталды. Оғаналғашқы болып үн қосқан да Мұрат аға болды. Жасыратын несі бар, Мұрат ағаныөзіміз де орыстілді қазақ деп есептейтінбіз. Айналып келгенде, қазір Мұратағамыз бізден де жақсы сөйлейтін болды. Бұл да, біле білген адамға үлкен ерлікдеп ойлаймын. Сөз өзіңізде!

МұратМұхтарұлы:Сөзімнің басында, өздеріңізден кездесу уақытын өзгерткенім үшін кешірімсұраймын. Бүгін, Мағжан ұлымның 102 жастағы әжесін жерледік. Сондықтан,белгіленген уақытты бір сағатқа шегеруді өтінген едім, түсінгендеріңізге мың дабір рахмет!

Мен бүгін үлкен мамандардың ортасына келіпотырмын. Сондықтан, бүгінгі кездесу мен үшін тағы бір сыннан өтумен бірдей.  Әкеміз туралы әңгіме – терең тақырып.Сондықтан ол тереңдікке бойламас бұрын, Кенжехан бастаған «жастұлпарлықтар»тақырыбына тоқтала кетсем деп отырмын.

 «Жастұлпар» ұйымы өткен ғасырдың 60-жылдарының басында Мәскеуде құрылып, Одақтыңбіраз ірі қалаларындағы қазақ студенттерінің басын біріктіріп,  қыруар жұмыстар атқардық. Қазақстанныңкөптеген облыстарын аралап, халықпен кездесіп, концерттер ұйымдастырып,  лекциялар оқыдық. Осы жерде бір мәселені айтакетуіміз керек. Көпшілік арасында «Жас тұлпар» сол жылдары құрылып, бірержылдардан кейін тарап кеткен ұйым деген пікір қалыптасқан. Бұл – түбегейлі қатепікір. «Жас тұлпар» — бұл, уақыты мен кеңістігі шектеулі ұйым немесе қозғалысемес, бұл – ұлттық рух, «басқаша ойлау» рухы, көтеріліс рухы. Сондықтан, ол әліде жалғасып келеді. Себебі, рух өлмейді, ешбір жүйе оны жеңе алмайды.

Жаңағы өздеріңіз айтқан «Эстетика кочевья» да, «Мәденимұра» бағдарламасы барысындағы жұмыстарымыз да -  бәрі осы Рухтың нәтижесі.

Мәскеуден Әлем әдебиеті институтыныңаспирантурасын бітіріп, мамандығым бойынша жұмыс істеуге асығып елге оралғанда,алдымнан  биліктің «Сізге жастармен жұмысістеуге болмайды» деген бұйрығы шыға келгенде де, тауымыздың шағылмауы да —  осы Рухтың арқасы.

1975 жылы «Эстетика кочевья» жинағымызды түгелжойып жібергеннен кейін, академиялық ортадан кетуді шештім. Ол жылдары меніңжастұлпарлық досым, тарихшы Марат Сембі Қазақстан бойынша тарихи-археологиялықэкспедицияларды басқарып жүретін. Содан, тағы да сол Рух жастұлпарлықтардың басынқосып, кеттік, ел аралап, жер аралап.

Біз, қайда жүрсек те, өзімізбен пікірлес адамдардытаба білдік.  Мысалы, осы Алматымызғаоралғанда да өзімізге рухтас аға-іні буын өкілдерімен бірге жүрдік. Олардыңәрқайсысы – ұлттық мәдениетіміз бен тарихымызда өшпес із қалдырған АсқарСүлейменов, Мұқағали Мақатаев, Шәмші Қалдаяқов, Нұрғиса Тілендиев, АқселеуСейдімбеков, қаны осетин, жаны қазақАлан Медоев сияқты алып тұлғалар. Олармен бірге жүріп, елден жырақта, орыстілдіортада жүріп, шорқақтанып, ақсай бастаған ана тілімізге оралып, оның небірмаржандарымен барынша жақын таныса бастадық. Асқар Сүлейменовтің домбырасынаәбден үйреніп алғанымыз соншалық, ешбір кездесуіміз домбырасыз өтпейтін болды. Қазақ музыкасының симметрологиясыныңнегізін салған Болат Қарақұлов та, қазақтың ұлттық музыкалық аспаптарын, тіптіМоңғолияға дейін барып, жинақтаған Болат Сарыбаев та, біздің қатарымызда болды.

Социалистік реализмнің тар соқпағынан шығар жоліздеген  С.Айтбаев, М.Қисамединов сияқтысуретшілердің шығармашылық шарықтау кезеңі де осы рухтас болып жүрген кездерітуды. Жастұлпарлықтар Алматыда Махамбет кешін өткізбекші болғанбыз, дәл өтетін күнібилік рұқсат бермей қойды. Марқұмның Махамбет бейнесіне арналған атақтыграфикалық топтамасының идеясы дәл сол күні туған еді.  Көтеріліс рухы дегеніміз – осы!

Жастұлпарлықтардың тағы бір тақымын қысып,тарихи-мәдени процеске белсене араласқан тұсы – «Мәдени мұра» бағдарламасы.Алдымызда түрлі сұрақтар тұрды. Оның бірі де бірегейі – Мәдениетіміздің тарихынқай кезеңнен бастаймыз?

Әрине, оны он мыңдаған жылдарға дейін шегеругеболар еді. Бірақ, бізге тарихи-логикалық әдіс, яғни, осы күнгі тарихикөзқарастарымызбен байланысы бар тұсын іздеу керек болды.

Қазақ халқы үшін ХХ ғасырдағы үлкен трагедия –ашаршылық! Бұл –көшпелі өркениеттің күйреуі. Қасіретті финал. Егер ол ақырыболса, онда сол өркениеттің бастауы қайда жатыр екен?! Көшпенділердің тарихисахнаға шығып, үлкен кеңістіктерді игеріп, орасан зор күшке айналған тұсы –қола және темір дәуірі, яғни, аттың темірден жасалған ауыздығының пайда болғанкезең. Бұл осыдан екі жарым мың жыл бұрын үлкен тарихи өзгерістерге әкелгенғылыми-техникалық төңкеріс болды. Сөйтіп, көшпенділер зор күшке айналды. Бұлбірінші.

Ал екіншіден, біз Гегельдің «Осевая эпохасының» кезеңінеде сүйендік, бұл Иса пайғамбардың туған кезіне дөп келеді. Қытайда Конфуций менЛаоцзы, Индияда Буддизм, шығыста Заратуштра да сол кезде дамиды. Гректерде, бүкілеурокеңістікте де үлкен өзгерістер болды. Демек, бұл қозғалыс! Тарихшылар бұлкезеңді «пайғамбарлар дәуірі» деп атайды.

«Ұлы Жібек жолы» қатынастары да осы кезеңдерішарықтады, Қытай мен Индия арасындағы байланыстар, сауда-саттық, миграциякүшейді. Мәдениеттер байланысы, рухани қарым-қатынастар өсті, ал бұл, өзкезегінде жалпы мәдениеттің дамуына үлес қосты. Рухани мұра гүлденді, әлемдікдіндер тарих сахнасына шықты.

Міне, біз сол баяғы бастауды іздегенде,жалпыадамзаттық дамудағы осындай тарихи-логикалық байланыстар тұрғысынанқарауымыз керек. Ал, отаршыл мемлекеттер ғылыми процестегі мұндай көзқарастарғатүбегейлі қарсы. Кез келген отаршыл мемлекет, тоталитарлық режим өзініңүстемдігін бекіте түсу үшін тарихи-мәдени-әдеби процестерді зерттеп-зерделеуде«фрагментарлық ойлауды» құптайды, соған кең жол ашады. Кеңестік режим тұсындабізде де дәл осылай болды. Жастұлпарлық М.Тәтімовтың ашаршылыққа байланыстыеңбегіне «қойды санауға болады, адамды санауға болмайды» деген Мәскеуден келгенжауап та – осы сұмырай саясаттың бірден бір көрінісі.

Сондықтан «Мәдени мұра» бағдарламасынакіріскендегі ең басты мақсатымыз – еліміздің тарихи-мәдени процесін тұтасқозғалыстар тарихы ретінде қарастыру болды. Көшпенділердің тарих сахнасынашыққаннан бастап, оның ақыры болған ХХ ғасырдың басындағы зұлмат – ашаршылыққадейінгі дәуір, яғни екі жарым мыңжылдық тарихи тұтас дәуір.

Мұның бәрін мен қазір сіздердің алдарыңызда бекерайтып отырған жоқпын. Абай, Мұхтар тақырыбына ауысар алдындағы жай ғана тарихиэкскурс емес. Олар да – сол жоғарыда айтылған тұтас тарихи-мәдени-әдебипроцестің заңды жалғасы.

Біз Мұхтарды білу үшін, Абайды танып білуімізкерек, ал Абайды түсіну үшін оның алдындағы Асан қайғыдан бастап, Доспамбет,Мұрат сияқты бүкіл зар-заман ақын-жырауларының зары мен қайғысын зерделеуімізкерек. Әңгіменің негізгі төркіні осында!

Көшпенділер өркениетінің, яғни, ел мен жербостандығының, кең кеңістік пен азат ұғым, түсінік, әдет-ғұрып, салт-дәстүрдіңжойылып бара жатқанын сезінген ақындар зар жырларын шығарды, халқымен ортақтасты,бірақ одан шығар, тойтарыс берер жол таппады. Асан қайғы «жерұйығын» іздеп, жершарлады, Доспамбет «қоғалы көлдер, қом суларын» жырға қосты.  

Жақында ғана М.Әуезовтің елу томдығының төртіншітомындағы зар-заман ақындарына талдауын сүйсініп оқып шықтым. Қандай ғажапдүние! Ол Асан қайғы, Бұқар жырау екеуі туралы сондай жақсы талдау береді. Әуезовсол мақаласының соңында «… зар-заман ақындары Абайға келіп тіреледі. Солсебепті енді Абайға көшеміз»-дейді.

 Демек, МұхтарАбайды осындай байланыста қарайды.  Себеп– салдар.  Абай – олардың мұрагері. Абай– ғасырлар бойғы бүкіл мұраны танып-біліп, бойына жинақтап қана қоймай, сол зарзаманнан шығудың жолын таба білді. Оның  данышпандығыда, ұлылығы да осында жатыр.  Оның бүкілшығармашылығы, философиясы, өлеңдері мен қарасөздері –  барлығы – кездейсоқ емес, күресу жолы! Абай –біздің ұлт ретінде сақталып қалуымыз үшін Құдайдың өзі жібергенқұтқарушымыз. 

Абай Алаш азаматтарының рухани көсемі болды. Біз Абайдызерттеп-зерделегенде, оны алдыңғы буын ағалары – зар заман ақындарынан да,кейінгі буын іні-шәкірттері – Алаш азаматтарынан да бөліп қарамауымыз керек.

Ал, енді бүгінгі тақырыбымыз Мұхтар Әуезовке келерболсақ, оның да  бірде бір шығармасы,бірде де бір әрекеті кездейсоқ емес. Осы уақытқа дейін ешбір әдебиеттанушы,әуезовтанушы «Әуезов және Жапония» деген тақырыпқа мүлдем бармаған. Кезіндеалаштықтар  батыс басқыншылығына қарсытұру жолдарын іздегенде, бүкіл Еуразия кеңістігінде мұндай отаршылдыққа төтепберіп, қарсы тұра алған бір ғана мемлекет бар екенін біледі. Ол –Жапония.Сөйтіп,  Алаш азаматтарының арнайытапсырмасымен жиырмаға енді ғана толған Мұхтар «Жапония» атты көлемді мақалажазады. Кейін 1957 жылы бір айдан аса уақыт Жапонияда болып, көптеген қалаларынаралап,  жүрген жерінің бәрінде Абайдыңтуған жері Семейде болып жатқан ядролық жарылыстарға қарсы сөз сөйлейді. Мұныңбәрі күнделіктерінде жазылған, тыңшылардан жасырмақ болып, басым көпшілігінараб графикасымен жазған. Тұнып тұрған күрес емей не?!

Ал енді «Қилы заман» повесін алып қарайықшы. Оны түріктектес халықтардың жеңісі, алаш азаматтарының ұраны, Абайдың жемісі деугеболады.  Қазақ, қырғыз, өзбек, ұйғырхалықтарының отаршылдыққа қарсы бірлескен көтерілісі. Ұлы шығарма! Тағы сол түрікшілдікрух!  

Абай және оның заманы – көшпенділік өркениетініңсоңғы салтанаты. Міне, сол қайта келмес көшпенділер тұрмысының бүкіл болмысынкелер ұрпаққа барынша сақтап қалу керек болды. Сондықтан Мұхтар Әуезов саналытүрде қазақ әдебиеті тарихында бұрын-соңды болмаған роман-эпопея жанрына келді.Бұл тек ұлы суреткердің ғана қолынан келетін еді.  

 «Абайжолындағы» Боран бөлімін жеке алып талдауға болады. Боран – ол ашаршылықтыңбейнесі! Міне, тағы да сол тарихи-логикалық байланыс, себеп пен салдар. МұхтарӘуезов – күрескер, ол шығармашылығында да, қайраткерлік-азаматтық болмысында даешқашан өзінің саналы күресін тоқтатқан емес! Ол – Абайдың ізбасары, шәкірті, Алашазаматтарының жалғасы! М.Әуезов – мұхит, бойлаған сайын тереңдей бересің!

Кенжехан Ісіләмжанұлы:Әуезов деген фамилиясізге не берді, ауырлығы, жеңілдігі болды ма? 

МұратМұхтарұлы: Ауырлығы — жауапкершілігінде,Ұлының ұлы бола білу жауапкершілігінде. Оны бала кезімнен сезініп өстім, оғанФатима шешем де, әкемнің өзі де себепкер болды. Бүгінгі әңгіме  барысында да әкемнің алдындағы бір парызымдыатқарғандай болып отырмын. Осы тұрғыдан алғанда, мен тағдырыма ризамын!  

Кенжехан Ісіләмжанұлы:Міне, бір жарым сағат еркін сұхбат құрдық. Бір жақсы рухани отырыс болды деп ойлаймын. Сіз, Әуезов деген ұлы фамилияға лайық адамсыз! Сізді сол үшін жақсы көреміз, құрметтейміз! Сонымен қатар, қазақ өнері мен мәдениетіне ерекше үлес қосқан ірі тұлғасыз! Биікті аласартпай келесіз! Біз үшін сіз осы қара шаңырақтың ұлысыз, кейде жанымыз қиналған кезде сізді арқаланып, «Мұрат ағаға айтайық!» деп тірек тұтамыз. Бізге жиі-жиі келіп тұрыңыз! Аман-сау болыңыз! 

Тегтер: