Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:54, 09 Наурыз 2021

Тағы да Шыңғыс хан туралы ой

None
None

            Қазақ халқының тарихынан ойып тұрып орын алатын тұлғаның бірі Шыңғыс хан деп білемін.

  Халқымыздың тарихында ақтаңдақтар әлі көп, бірталай сырлар ашылмай жатқаны анық. Соның бірі осы Темірші (Тимучин. Қыт.) –  Шыңғыс хан. Бұл тұлға туралы талай пікірлер айтылып жатқанына көп уақыт өтсе де, нүкте қойылатын түрі жоқ. Қытай мен орыс отаршылдарының қазақтың тарихын тұмшалап, қанша рет жауып, өшіруге  тырысқанымен, қапты тескен біз сияқты әр жерден біздің тарихымызға байланысты қисынды шын деректердің мысқалдап шығып жатқаны шындық. Бұл туралы осы заманда алғашқылардың бірі болып сөз қозғағандардың бірі жазушы Мұхтар Мағауин ақсақал болса, кейінгі кездерде ол кісінің ой-пікірін қисынды түрде қостаған бірталай азаматтар баршылық. Ол кісілер өз ойларын баспа беттерінде айтудай-ақ айтып жатса да, біздің кейбір қандастарымыз қарсы пікір айтып, Шыңғыс ханды моңголдарға телуін қояр емес. Елімнің тарихын атамнан, аға буыннан естіп, ес білгеннен бері көңіл аударып өскендіктен, кәсіпқой болмасам да, кәнігі тарихшы қатарындамын. Өзім «Жас Алаштың» тұрақты оқырманы болғандықтан, осы баспа бетінде жария болған Шыңғыс хан туралы алуан түрлі пікірлер мені де бейжай қалдырмағаны анық. Сол себепті мен де өз ойымды айтпақ болып қалам алуыма тура келіп отыр.  

           Алдымен өзім куә болған бір оқиғаны еске алайын. Былтыр наурыз айында Ташкентке барудың сәті түсті. Сарыағашта ем-дом алған он шақты адам турист ретінде Өзбек елінің астанасын аралап, бірталай тарихи орындармен таныстық. Соның бірі Өзбек елінің орталық мұражайы болатын. Гид болған өзбек жігіті мұражайдағы жәдігерлермен таныстыра келе, атақты Ақсақ Темірге арналған бөліміне тоқталып, ол кісінің өмір-тарихын «майын тамыза» сондай сүйіспеншілікпен орыс тілінде (тыңдаушылары біз – қазақ болған соң шығар) әңгімелеп берді. Темірланға арналған бөлім де тамаша етіп жасалған екен, өз басым таңданып қана қоймай (сол сәтте Шыңғыс хан есіме түсіп, өзбектерге деген ақ қызғанышымның (белая зависть) оянғанын жасыра алмаймын, жарайсыңдар дегеннен басқа ойым болған жоқ), әңгімесін аяқтаған соң, өзбек жігітіне рақметімді айта келе, екі-үш сұрақ қойдым. Алдымен «Темірланның тегі қазақ жұртынан екенін мойындайсыңдар ма?»  дедім. Ол жігіт «иә» деді. «Бір кезде Темірланды   қазақтар «Жігіттің падишасы – Әмір Темір» деп жырға қосып мадақтаса да, өз басымның ол кісіге деген өкпем «қара қазандай», – дедім. Себебі Темірланды «көреген» деп дәріптесе де, мен оның көрегендігін көре алмай тұрмын. Ол кісінің іс-әрекеті түркі тұқымдас бізге (өзбек пен қазаққа, түрікке, тағы басқаларға) тигізген екі кесапатының әсерінен (Осман империясы – түріктерге  және Алтын Ордаға  жорықтар жасап, әсіресе Алтын Орданың  күйреуіне әкеп соққан) Еуропа халықтары мен орыстардың даму жолына түсіп, бізден озып, бір кезде Алтын Ордаға бодан болған олар бізді өздерінің боданына айналдыруына себепші болып, Темірланды «Христос спасительден» кем көрмейтінін мойындайсыңдар ма?» – деген сұрағыма да «иә» деп жауап қатты. Сосын «Темірланның  қатыгездігі Шыңғыс ханнан асып түспесе, кем болған жоқ, адамның басынан мұнара тұрғызғаны да әлемге белгілі, неге оны осылайша дәріптеп қадір тұтасыңдар?» – дедім. Ол: «Темірлан өзбектің мемлекеттілігін қалыптастыруға әсер еткен азамат, ол біздің тарихымыз, біз  оның ұрпақтары ретінде мақтаныш тұтамыз, рухтанып күш аламыз», – деді. Мен: «Дұрыс айтасың, бұл сөзіңмен толық келісемін, жарайсыңдар!» – дедім. Сол сәтте қазақтың барын базарлай алмай отырғаны есіме түсіп, ішім қазандай қайнағанын жасыра алмаймын. Біз неге Шыңғыс хандай бабамыздың рухынан күш алып, жігерімізді жанымаймыз деген ойда болдым. Ресейдің осы заманғы саясаткерлерінің бірі Чубайстың: «Қазақтардың есіне Алтын Орданы салмаңдар, олардың империялық рухы оянуы мүмкін», – деген ескертпесі тегін емес.                

            Шыңғыс хан біздің тікелей бабамыз  десек, ешқандай сөкеттігі жоқ.  Әлемге әйгілі кісіден безіп, оны моңғол қылып қойғандардың жетегінде кетіп қалғанымызға неге намыстанбасқа?! Мұхтар Мағауин төрт томдық Шыңғыс хан туралы кітап жазған болатын. Ал Бексұлтан Нұржеке-ұлы ағамыз газет бетінде «Бір әріптен адасқан тарих» атты әңгімесінде Шыңғыс хан туралы деректі қолмен қойғандай көңілге қонарлықтай қисынды етіп жазғанына екі жыл өтті, жазғаның дұрыс немесе бұрыс деген бір адам болсайшы. Айтпақшы, 2019 жылы «Жас Алашта» жарық көрген Маратбек Ақанов деген ғалым тарихшының Шыңғыс ханды моңғол деп жазған тұжырымдары маған мүлдем қисынсыз көрінді. «Ғасырлар айрығындағы сырласу» деген кітапта Ш.Айтматов пен М.Шахановтың ойлары да есімде. Дегенмен  өзгесін айтпай-ақ, Шыңғыс деген аттың өзі қазақ сөзі емес пе?! Моңғолға үш қайнаса сорпасы қосылмайды ғой. Сондай-ақ журналист Бейсенғазы Ұлықбектің дәлелдер келтіріп жазғандары көңілге қонымды, Ақтау қаласының тұрғыны Қамысбай Бесенбергенұлының, тағы басқа азаматтардың  ойларына қосыламын.

          Сонау Рубрук, Карпини, Ибн-Батутта,  басқа да саяхатшылардың, Шыңғыс ханның замандасы, хорезмдік Ән-Нәсиви деректері мен кейінгі замандағы Шыңғыс ханды зерттеуші өзге елдің ғалымдары мен жазушылар академик А.Федотов, В.Кожинов,  А.Сызлов, Р.Храпачевский, саясаткер В.Медведев сияқты орыстардың, Д.Уэзерфорд, Хилда Хуккем сияқты ағылшын, американ ғалымдарының тұжырымдарына сүйене отырып, халықаралық ғылыми конференция ұйымдастыру керек деген Бейсенғазының, Қамысбайдың  ой-тілектеріне мен де қосыламын.

       Шыңғыс ханды қазақ тарихы мен топырағына қайтаруымыз қажет. Рухымыз жаншылып тұрған осы заманда ұрпағымыз еңсесін тіктейтін, мақтаныш ететін, Чубайс айтқандай, «амбициясын» көтеретін рухани үлкен себеп керек. Біздің халқымызға байланысты орыстар мен қытайлардың әдейі қолдан жасаған тарихын жадымыздан өшіріп, шын тарихымызды насихаттап, ұлы жиһангер Шыңғыс хан құрған жұрттың жұрнағы екенімізді дүниежүзіне паш етуіміз қажет.

      Тарихи дерек-құжаттарда қолданылып жүрген «татар-моңғол» деген сөз тіркесін мүлдем жою керек. Қыпшақ-татар дейміз бе, татар-моғол дейміз бе, не жай ғана қыпшақ дейміз бе, әйтеуір, «моңғол» атауы құруы керек, енді ол кәсіби тарихшыларымыздың еншісінде. Содан кейін барып ұлы бабамызды ұлықтайтын жобаларды іске асыру ешқайда қашпас. Тек бұған біздің жасқаншақ, жалтақ билігіміз үрікпей қолға алғаны жөн-ақ. Сонда ғана, Бейсенғазы айтқандай, Шыңғыс империясы – біздің тарих. Соны түсінетін уақыт баяғыда жеткен, оған биыл 30 жыл толады. Алтын Орданың 750 жылдығын ресми түрде атап өтіп, соның  аясында осы конференция ұйымдастырылса құба-құп болар еді.

Тегтер: