Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
14:00, 12 Қараша 2021

Тағы не қалды қымбаттамаған?

None
None

       Қазақстанда азық-түлік өнімдері бұрын жыл санап қымбаттаса, биыл айлап, тіпті апталап қымбаттауға көшті.

Қымбаттау үрдісі бұрындары тек маусымдық кезеңдерге қатысты қымбаттап отыратын. Бұған халық әзер дегенде көндігуші еді. Ал апта сайынғы қымбаттау үрдісі тапқан-таянғанын азық-түлікке жұмсайтын халықтың есін  шығарды   десек те болады.

      Сондай-ақ қазір азық-түлік өнімімен қоса, жанар-жағармайдың қымбаттауы да көпшілікті алаңдатып отыр. Әсіресе көлік иелері дизель отынын қолжетімді бағада таппай, біраз әуре-сарсаңға түсті. Яғни қысқы дизель отыны Royal Petrol мен Petrol Asia-да 370 теңгеге дейін саудаланған. Ал АИ-92 бензинінің бағасы өткен аптада 178 теңгеге көтерілген болатын. Енді сол баға бір аптаның ішінде 10 теңгеге қымбаттаған. Мысалы, көптеген ірі май құю бекеттерінің барлығында да бензиннің орташа бағасы 178 бен 182 теңге аралығын құрайды. Одан бөлек, АИ-95 бензинінің бағасы 205 теңгеден 230 теңгеге қымбаттаған. Осыған орай, саудагерлер мен алыпсатарлар азық-түліктің қымбаттауына бензиннің де әсері бар екенін айтады. Демек, жанар-жағармай қымбаттаса, азық-түлікті таситын көліктерге де шығынның көп кететіні бесенеден белгілі.

      Бензиннен бөлек, ет бағасы да биылғы соңғы сегіз айда 7,4 пайызға өскен. Еттен бөлек, дәрі-дәрмек айына – 0,3, жылына 3,3 пайызға қымбаттаған. Бұны Energyprom.kz агенттігінің сарапшылары қымбатшылықты дәрі-дәрмек импортының өсуімен байланыстырады. Сондай-ақ биыл қымбаттаған өнімдердің қатарына нан, ұн, макарон, қант, жұмыртқа кіреді. Тағамдардан бөлек, құрылыс заттарының бағасы да аспандап тұр. Айналып келгенде, халықтың шамасы жеткендері үй сала алмай, шамасы жетпегендері азыққа жарымай отыр.

       Экономист Ілияс Исаев «қымбатшылықтың себебі жоғарыда отырған ауыл шаруашылығы министрлігінің қателіктерінен болып отыр» дейді.

     – Қызанақты Әзірбайжаннан, картопты Ираннан, жеміс-жидектердің көбісін Қытайдан, Өзбекстаннан алып отырмыз. Шынында, қарасаңыз, халық тұтынатын тағамдарымыз бен киер киіміміздің 60-70 пайызы импорттан келеді. Бұл жөнінде жақында ғана президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Біз халық тұтынатын тағам не тауар болсын, соның 70 пайызын сырттан импорт жасаймыз. Қалайша тағамдар мен тауарларды тек шетелдің нарығына беріп қойдық? Ауыл шаруашылығына жылда триллиондап субсидия бөлінеді. Сол ақша қайда кетті?» – деген болатын. Сондай-ақ біздің ел ауыл шаруашылығына субсидия ретінде көмек беруден әлем бойынша бірінші орында екенбіз. Сөйте тұра, тауарды сырттан әкелеміз. Ол тауар қымбаттап, кенеттен инфляцияға айналады деген сұрақ көп. Сөйтсек, бұның барлығы жемқорлықтың салдарынан екен. Жемқорлық әбден жайлаған. Сиыры жоққа сиыры бар деп өтірік субсидия бере салады. Әрі ауылшаруашылық өнімін өндіруге, көбейтуге жұмсалған ақшаны той-томалаққа жұмсап, көлік алады. Бұл жағдай төменгі және орта деңгейдегі шенеуніктерде әбден жайлаған. Жаңалықтардан да орта, төменгі деңгейдегі шенеуніктердің көп ұсталып жатқанын естіп жүрміз. Әсіресе Қызылорда, Нұрсұлтан, Ақтөбе, Шымкент өңірлерінен бірқатар азаматты ақшаны мақсатты жұмсамағаны үшін тұтқындап ұстаған. Мінекей, ақшаны мақсатты жұмсамағанның кесірі. Қазақстанда жер көп. Халыққа ақшасын беріп, еңбек ет десең, жұмыссыздық азаяр еді. Екіншіден, жұмыспен қамтамасыз еткен адам еккенін сатып, пайда табар еді. Бірақ бұл мүмкін емес. Өйткені бізде жемқорлық жайлап, орта жолдан малы жоқтар малы бар деп 50 пайыз субсидия алып, қалған 50 пайызын субсидия беруші жеп отыр. Осылайша ақша өндіріске бармай жатыр. Халық қандай өнімді көп тұтынса, сол қымбаттайды. Сол үшін жоғарыда отырған органдар тарапынан бақылауды қатайтып, ай сайын жұмыстың нәтижесін сұрап отыру керек, – дейді экономист Ілияс Исаев.

       Қымбатшылыққа қатысты үкімет тарапынан арнайы шаралар болғанымен, әлі күнге нәтижесін көре алмай келе жатырмыз. Бұл жөнінде президенттің өзі де арнайы кеңес өткізіп, министрлерден қымбатшылыққа қатысты қатаң ескерту де жасаған болатын. Алайда шенеуніктердің атқарған ісі әлі де мардымсыз. Сонымен, қымбатшылықтың себебін іздеп көрейік. Экономист Жангелді Шымшықовтың пайымдауынша, қымбатшылықты әрқашан экономикада қайталанатын құбылыс деп түсіндіреді. «Экономикалық құбылысты қолдан жасауға болады. Бұл құбылысты, біріншіден, алыпсатарлар жасайды. Екіншіден, олигархтар; үшіншіден, монополистер. Төртіншіден, көтерме саудада үстемдік ететін олигархтар қолдан жасауы мүмкін. Қымбатшылықтың негізгі түп-тамырына келсек, сұраныс пен ұсыныстың арақатынасынан да болады. Егер де сұраныс көлемі ұлғая берсе, тауар күннен-күнге қымбаттап отырады. Қымбатшылықпен қалай күресуге болады десек, ең негізгі мәселе –  ұсыныс көлемін арттыру қажет. Бұл өндірістің, өндірілетін өнімнің мөлшерін ұлғайту. Егер де тауарлар көп болып, оған сұраныс төмен болса, ешқашан баға көтерілмейді, түседі. Ендеше бар себеп неде десеңіз, ол – өндірістің дұрыс мөлшерде дамып, көтерілмей отырғанынан. Сондай-ақ экономикалық өсудің баяу болғанынан. Тұтынушының қажет еткен сұранысы өскен сайын, соған сәйкес өндірісті дамытып отыру керек. Бұны мемлекеттік дәрежеде жоспарлап, тепе-теңдігін қамтамасыз етуге ұмтылыс жасалынуы тиіс. Ал қазіргі таңдағы қымбатшылық уақытша нәрсе. Өйткені былтыр әлеуметтік қамсыздандыру мәселесі бойынша бюджеттен көптеген төлемдер төленді. Әсіресе көпбалалы аналарға, мүгедектігі бар жандарға ақшаны үйіп-төгіп тастады. Екіншіден, айналыста ақша көп болса, соғұрлым баға көтеріле береді. Сондықтан да үкімет әлеуметтік мәселелерді шешпес бұрын, ақшаның инфляциядағы арасалмағын есептеп алғаны дұрыс», – дейді Жангелді Шымшықов.

Тегтер: