Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:45, 25 Ақпан 2022

Тағы құрғақшылық бола ма?

None
None

Құрғақшылық биыл да қайталануы әбден мүмкін. Тіпті биылғы жағдай былтырғыдан да қиынырақ болады деген болжамдар да жоқ емес.

Биыл Оңтүстікте қыс өте жылы өтіп жатыр. Оның бір жақсысы, былтырғы құрғашылықтың кезінде жем-шөпті шақтап жинаған шаруалар төрт түлікті қыстан қиындықсыз алып шығатын түрі бар. Ал енді бір жаманы, қаңтар, ақпан айларында таулы аймақтарда жауын-шашын мол болғанымен, басқа өңірлерге аз түсті. Ақпанның жиырмасы болмай, күннің көзі күрт жылып кетті. Егер тағы бір ай жерге тамшы тамбай тұрып алса, былтырғы құрғақшылықтың қайталануы әбден мүмкін. Шенеуніктер қазірдің өзінде дайындық жұмыстарын бастап кетті.

Жуырда Түркістан облысына экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Серік Қожаниязов келіп, мақта егетін Мақтаарал, Жетісай аудандарында ағын суға қатысты жиын өткізді. Вице-министрдің айтуынша, биыл да еліміздің оңтүстік өңірлерінде ағын су мәселесі күрделі болады. Өйткені, қар мен жаңбырдың және көрші елден келетін судың аздығына байланысты қажетті су қоры жиналмаған.

– Былтыр еліміздің бірқатар өңірінде ағын су тапшылығы өте қатты сезілді. Мамандардың айтуынша, биыл жағдай былтырғыдан қиындау болатын сияқты. Түркістан облысындағы Шардара және Көксарай су қоймаларына су мөлшердегідей жиналмай жатыр. Әсіресе, Көксарайдағы жағдай қиындау. Екі су қоймасында, шамамен 1 миллиард текше метрдей су тапшылығы байқалады. Ақпан және наурыз айлары  жаңбырлы болса, жағдай реттелуі мүмкін. Дегенмен, біз биыл суды, мейлінше, аз қажет ететін көкөністер мен дақылдарды егіп, суды пайдалану тәртібін реттеуіміз қажет. Іс-сапарымызда облыс, аудан, қала әкімдіктерімен осы мәселе бойынша кеңесіп, тығырықтан шығатын жолдарды қарастырдық. Тиісті нұсқаулар берілді. Сырдария өзенінің суы бойынша үкіметаралық деңгейде қаралатын да мәселелер бар, –  деді вице-министр.

Ағын судың тапшылығына байланысты біраз дақылдарды егу қысқартылмақ. Суды көп қажет ететін күріш егуді тоқтату ұсынылып отыр.  Олай болмаған жағдайда халықтың негізгі күнкөрісі саналатын мақтаға су жетпейді. Көксарай су қоймасының маңындағы суармалы жерлерге де биыл ештеңе егілмеуі мүмкін.

Ағын суды үнемдеудің тағы бір жолы – жаңа технологияларды қолдану. Соңғы жылдары облыста жаңбырлатып суару қолға алынып жатыр. Жақында аудандарға барған сапарында облыс басшысы Өмірзақ Шөкеев:

–  Біз Түркістан өңірінде суды тиімді пайдаланып, одан мол өнім алудың үлгісін көрсетуіміз керек. Оған мүмкіншілік бар. Ол үшін бірігу керек. Ысырапшылдыққа жол берілмейді. Ағын суды үнемдеп, жаңа технологияның көмегімен пайдалануды үйрену керек. Түркістан төңірегін көгертіп, оазис жасаймыз, – деді.

Мамандардың айтуынша, жаңбырлатып суару ағын судың шығынын бірнеше есеге азайтады, өнімділікті төрт есеге көбейтеді. Қазір Түркістан қаласының маңында диқандар АҚШ-тан әкелінген жаңбырлатып суаратын техникаларды пайдаланып жатыр.

Алайда тың технологияларды қолдануға барлық шаруаның шамасы жетпейді. Шаруаға «биыл ағын су аз, ештеңе екпе» деп, айту да оңай емес. Оның арғы жағында отбасының күнкөрісі, «қара қазан, сары баланың» қамы жатқаны айтпаса да түсінікті ғой. Сонда тығырықтан шығатын жол қайсы?

Тегтер: