Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
17:10, 24 Шілде 2025

Таиланд пен Камбоджа шекарасында қақтығыс салдарынан бірнеше адам қаза тапты

Таиланд и Камбоджа война
Фото: ашық дереккөз

2025 жылғы 24 шілдеде Таиланд пен Камбоджа шекарасында қарулы қақтығыс басталды. Қос тарап бір-бірін арандатушылыққа және агрессияға барды деп айыптап жатыр. Көп жылдық тарихи дау жаңа әскери шиеленіске ұласты.

 

Қақтығыс қайда басталды?

Reuters агенттігінің хабарлауынша, алғашқы оқтар Та Моан Тхом деп аталатын шекарадағы көне индуистік храм маңында атылған. Камбоджа тарапы Таиланд әскерін «шабуыл бастады» деп айыптаса, Таиланд тарапы Камбоджа барлау дронын ұшырып, артиллериялық соққы жасағанын айтады.

Таиландтың Сурин провинциясының мәліметінше, Камбоджа артиллериясы шекара маңындағы ауылдарға соққы жасап, екі бейбіт тұрғын мерт болған. Таиланд әскерінің екі сарбазы жараланғаны хабарланды.

Камбоджа қорғаныс министрлігі өз мәлімдемесінде Таиландты «заңсыз басқыншылық жасады» деп айыптап, өз тарапынан тек «қорғану мақсатында жауап қайтарғанын» мәлімдеді.

F-16 шабуылы және әуе соққылары

Қақтығыс үдеген соң Таиланд F-16 жойғыш ұшақтарын әуеге көтеріп, Камбоджа аумағындағы екі әскери нысанға әуеден соққы жасағанын растады. Камбоджа тарапынан да бұл мәліметтер расталып, ұшақтар жолға бомба тастағаны хабарланды. Камбоджа бұл шабуылды «суверенитетке жасалған сорақы шабуыл» деп бағалап, халықаралық қауымдастықтан реакция күтетінін мәлімдеді.

Шекара жабылды, эвакуация жүріп жатыр

Шекаралық жағдайдың ушығуына байланысты Таиланд билігі Камбоджамен арадағы шекараны толығымен жапты. Шекараға жақын өңірлерде барлық мектептер уақытша жабылып, тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіру басталды. Ал Камбоджа үкіметі Таиландқа электр энергиясы мен жанармай экспортын тоқтатып, интернет байланысына да шектеу қойған.

Камбоджаның өз аумағындағы шекаралық ауылдарда да бейбіт тұрғындар эвакуацияланып жатыр.

Дипломатиялық жанжал және саяси шешімдер

Қарулы қақтығыс дипломатиялық шиеленіске ұласты. Таиланд 23 шілдеде Камбоджадағы елшісін елге шақырып алып, Камбоджаның Бангкоктағы елшісін елден шығаруға шешім қабылдады. Камбоджа бұл шешімге ресми наразылық білдіріп, Таиланд әрекетін «арандатушылық» деп бағалады.

Халықаралық қауымдастық, әсіресе ASEAN ұйымы, екі тарапты сабырға шақырып, бейбіт келіссөздерге келуге үндеді. Қытай да жағдайға алаңдаушылық білдіріп, медиатор ретіндегі рөлін ұсынуға дайын екенін мәлімдеді.

Тарихи шиеленістің тамыры тереңде

Таиланд пен Камбоджа арасындағы шекаралық даулардың тарихы бір ғасырға созылады. 800 шақырымға созылатын шекара бойында бірнеше нақты межеленбеген аймақ бар. Екі ел де көне храмдар орналасқан бұл аймаққа меншік құқығын өзінікі деп есептейді.

2008–2011 жылдары бұл шекаралық аймақта бірнеше рет қарулы қақтығыс болған. Соңғы шиеленіс мамыр айында бір камбоджалық сарбаз қаза тапқан кезде туындаған. Ал шілде айында Таиланд миналар орнатылды деп Камбоджаны айыптап, үш сарбазы жараланған.