Таиландта жолаушылар пойызына кран құлады 22 адам қаза тапты
Таиландта ірі теміржол апаты болды. Жолаушылар пойызына құрылыс краны құлап, құрам рельстен шығып кеткен. Алдын ала мәлімет бойынша, кемінде 22 адам қаза тауып, 30-дан астамы жараланған.
Бұл туралы BBC жазды.
Халықаралық агенттіктердің мәліметінше, оқиға Накхонратчасима провинциясындағы Сихио округінде болған. Пойыз Убонратчатхани провинциясына бағыт алған.
Жергілікті полиция өкілінің AFP агенттігіне айтуынша, ауыр жарақат алғандар бар, сондықтан қаза тапқандар саны артуы мүмкін. Ал Reuters дерегіне сәйкес, жоғары жылдамдықтағы теміржол желісінің құрылысына тартылған кран тікелей пойыз үстіне құлаған, соның салдарынан өрт шыққан.
Өрт жедел түрде сөндірілді. Қазіргі уақытта оқиға орнында құтқару және жедел қызметтер жұмысын жалғастырып жатыр. Кранның құлау себептері мен апаттың мән-жайын анықтау үшін Таиланд билігі тергеу бастады.