Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:45, 25 Наурыз 2021

Таланты - ерек, табиғаты – бөлек

None
None

         Қазақ қыздарының ішіндегі шоқтығы биік қаламгер Мағира Қожахметованы мен сырттай бала кезімнен біліп өстім.

Әсіресе, оның «Лениншіл Жас» пен «Қазақстан әйелдеріндегі» эссе-портреттерін,  «Ақжелкен» журналындағы танымдық зерттеу мақалаларын үзбей оқитынмын. Ұмытпасам, 1984 жылы күзде Оралхан Бөкейдің  қарындасы Мәншүк дүниеден өткенде Мағира апайдың Орағаңмен бірге менің ауылым — Катонқарағайға келгенінен де хабардармын. Ол жолы барып, арнайы сәлем берудің сәті түспеген қаламгермен мен одан кейін  арада  13 жыл өткенде кездестім. Онда да біздің танысуымыз ойламаған жерден болды.

1997 жылдың тамыз айы болатын. Алматыға кезекті іс-сапармен келіп, қайтуға бір-екі күн қалғанда шипагер Марат Есенбаевтан сұхбат алуға оның емдеу орталығына бас сұққанмын. Онымен бірер сағат әңгімелесіп, айтқандарын блокнотыма түртіп алып, кетуге ыңғайланған кезде, шипагердің көмекшісі біз отырған бөлмеге кірді де, оған: «Журналист Мағира Қожахметова келіп тұр. Өзіңізбен жолыққысы келеді» — деді. Онсыз да қайтуға ыңғайланып тұрған мен де онымен ілесе сыртқа шықтым. Аз-кем амандық-саулық сұрасқаннан кейін, Марат қажы оны маған таныстырып: «Арай, мынау менің өзім ерекше құрметтейтін  Мағира апам. Басқаны айтпағанда, оның тегінің Қожахметова болуының өзі бекер емес. Тылсым әлем жайлы Мағира апайдай жан-жүрегімен сезініп жазатындар аз. Сондықтан да, оны екінің бірі түсіне бермейді»,-деді. Апайды көрмей тұрғанда оның шығармаларындағы әр кейіпкерінің аяғы жерге тимейтін асқақтығына, өзгеше табиғатына  әсерленетінім сондай, автордың өзін де қиялымда тәкаппар, аса бір кербез жан секілді елестететінмін. Сөйтсем, қателесіппін. Ол маған аса қарапайым көрінді. Тіпті, сол тұрысының өзі оның кісілігі кішілігінен танылатын адами бет-пердесін айғақтап тұрғандай. Қасиет иесінің алдына келгендіктен бе, үстіне етек-жеңі ұзын көйлек киіп, басына аппақ орамал байлап алыпты. Оған қоса көзіме  оның мойнындағы әдемі күміс алқасы мен қолына аса бір талғампаздықпен таққан қазақы білезігі мен айшықты сақиналары да оттай басылды. Қалай десек те, психолог-қаламгер ғой, менің де өзіне деген ықыласымды байқаса керек, ол мені «асықпай жақын танысып, әңгімелесейік» деп, өзі қызмет ететін «Ақжелкен» журналының редакциясына шақырды.

     Келіскен уақытта бардым. Мен кірген бойда ол маған кейбіреулердей басымнан аяғыма дейін көз жүгіртіп, сынай қараған жоқ, керісінше, жүзіме асықпай, көз тоқтата бағдарлай қарады. Дәл сол сәтте мен оның бойында сол көзқарасымен-ақ, жақын тартқан адамын бірден өзіне баурап алатын, ал жаны қаламаса,  жанарының нұрын іркіп қарап-ақ, бірден өзінен алыстатып жіберетін бір қасиеттің бар екенін аңғарғанмын. Біз бірден тіл табыстық. Көп ойларымыз да бір жерден шығатынына өзіміз де таңғалдық. Өз арнасымен өз-өзінен өрбіп жүре беретін әңгімелеріміз бізді әр кездескен сайын одан ары жақындастыра түсті. Шынымды айтсам, бүгінде мен ойлары орамды, сөздері кестелі, балаларға арнап жарыққа шығарған небір креативті дүниелері кез-келген тәжірибелі тәлімгердің қолынан келе бермейтін, тұла бойы түрлі идеяға тұнып тұрған, осы Мағира апайымның 75-деген асуды бағындырып отырғанына сенер-сенбесімді білмеймін. Әсілі, көңілі жүйрік, санасы сергек, рухы мықты жанның өзінің биологиялық жасынан әлдеқайда  жас көрінетіні де осыдан болса керек. «Жантәсілім», «Жападан-жалғыз», «Күннің алтын сынығы», «Жылы шырай», «Адам-құпия» секілді туындыларымен үлкенді-кішілі оқырманның жүрек түкпірінен ойып орын алған Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мағира Қожахметованың шығармашылығы туралы баспасөз бетінде аз айтылып, кем жазылған жоқ. Десек те, бүгінгі күні «Жас Алаш» газетінің 100-жылдығымен мерейтойы тұспа-тұс келіп отырған қаламгер жайлы тілге тиек еткен кезде, ең алдымен оның аталмыш басылымда қызмет еткен жылдарын айналып өту әбестік болар еді.

        Жастар басылымында ол 1969-81 жж. еңбек етті. О. Бөкей жетекшілік еткен «Өнер және әдебиет» бөлімінде «Аққу» эстетикалық клубын жүргізді. Әр мақаласын көркем шығармадай етіп жазатын ол, тек өз бөлімінің жұмысымен шектелген жоқ. Басылым талабына сай сол кездегі партия, комсомол жиындары мен лениндік есеп-беру конференцияларынан арнайы мақалалар жазып, шалғайдағы еңбекші жастар өмірін де қаламына арқау етті. «ЛЖ»-ның арнайы экспедициясымен апталап-айлап іс-сапарларға шығып, еліміздің түкпір-түкпіріндегі соғыс ардагерлерімен, тыл еңбеккерлерімен, әйгілі ұшқыштармен танысып, суреттемелер жазып, кен орындарындағы карьерлерге түсіп, репортаждар әзірледі. Тіпті, сол жылдары жазасын өтеушілердің туысқандары жазған хаттардың ізімен Семей және БҚО түрмелеріне барып, жазықсыз сотталғандардың өміріне араша түскен кезін оның қаламынан туған сансыз новелла-очерктері айғақтайды. Бірақ, солай бола тұрса да, ол алғашқы кезден-ақ, өнер, әдебиет, мораль тақырыбын шығармашылығының алтын діңгегіне айналдыра білді. Әрине, бүгінде қаламгердің  аталмыш басылымда жарық көрген сансыз мақалаларын жіпке тізіп атап өту мүмкін емес. Десек те, оның 1978 жылы жарық көрген, «Балеттің бағындырмайтын құдіреті жоқ» атты әйгілі балерина Майя Плисецкаямен жүргізген жүрекжарды сұхбатының, «Отты жылдар жаңғырығы» очеркінің оқырмандар арасында үлкен резонанс тудырғанын көзі қарақты қауым жақсы біледі. Сондай-ақ, 90-жылдары «Ақын табиғаты» деген атаумен «Түркістан» газетінде жарияланған оның Фариза поэзиясының ішкі мәнін жарқырата жайып салған сараптамалық ой-толғауының жазылуы мен құрылым-формасының бүгінгі журналистикада өте сирек кездесетін  жаңашылдық екенін айтпай өту мүмкін емес.

           Ол әуелден әр мақаласын келешекте жарық көретін кітабының бір бөлшегі ретінде қарады. Жазушылық негізгі «дерті» болса да, өзіндік стихиясы бар журналистік кәсіпті одан қашанда жоғары қоятын Қожахметова сол кездің өзінде қазақ баспасөзінде тыңнан түрен тартып, нені жазса да, тек өзіне ғана тән мәнерімен өзгелерден оқ бойы озық болды. Оны Оралхан Бөкейдің мойындауы да осы газеттен басталған. Бірде ол ешкім тапсырма бермесе де, өз бетінше Ақан Серінің «Құлагері» туралы эссе жазып, секретариатқа тастап кетеді. Ертеңінде жұмысқа келсе, оның машинкада басылған нұсқасын Орағаң қолына ұстап тұр екен. Сәтті жазылған шығармаға жазушының риза болғаны сондай: — Мағаш, мынаны шынымен өзің жаздың ба?-деп сұрапты. Ол туралы бір әңгімесінде Мағира апайдың:  «Сол кезде оның жүзінен өзіме деген бір жылы ілтипатты байқадым. Осыдан кейін-ақ, ол маған үнемі жастар өміріне қатысты тың тақырыптар туралы жаз деп тапсырмалар беріп жүрді. Қолың тисе, бірер сағат «Аққу» кафесіне барып отырып келші, одан да көп дүниелер табасың дейтін.  Кейде өзіме өзім таңғаламын, сөйткен Орекеңнің жазушылық табиғатын терең сезінген бір адам болса, өзім екенімді біле тұра, ол туралы әлі бір естелік жазбаппын» дегені бар.

         Тілшілік — мазасыз мамандық болғанымен, оны өміріне серік еткен жанды ерекше әсерге бөлейтін сәттері де аз емес. Бет-әлпетін көпшілік көгілдір экраннан ғана көретін танымал тұлғалармен тілдесіп, екінің бірінің табаны тимеген жерлерге сапарлау бақыты да біздің кәсіп иелеріне бұйырған несібе. Сонау Кеңес заманында лениндік есептерді жазу кезінде қолы қалт еткенде Маңғыстау топырағындағы әулиелі орындарды аралаудан шаршамайтын Мағира апайды да әйгілі адамдармен табыстырып-таныстырған да осы «ЛЖ».  Ол қазақ тілшілерінің ішінде әйгілі Бауыржан Момышұлымен бір емес, екі мәрте жүздескен санаулы журналистердің бірі. Бірде оған Бас редактор халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында Б. Момышұлының пікірін жазып әкелуге тапсырма береді. Ол кезде небәрі 23-тегі кезі. Не болса да, қобалжи тұра өзіне дейін Ә. Нұршайықов, М. Қалдыбаевтарға сұхбат бергенімен, ешқашан әйел заты туралы тіс жармаған Баукеңе келеді. Бұйымтайын айта бастаған кезде батыр өзіне тән әдетіне басып, оған:  «Сиди и пиши для своего дневника» дейді. Оның мысы басқаны сондай, сол кезде Мағира апай сөмкесіндегі қағаз-қаламын таба алмай абдырап қалса керек. Онсызда қобалжып тұрған тілшіге Баукең:» Сен қолыңда блокнотың жоқ неғылған журналиссің?», -  деп дүрсе қоя беріпті. Бірақ, артынша райынан қайтып, оған өзінің блокнотын ұсынған. Арада бірнеше жыл өткенде Ұлы Жеңістің-40 жылдығына орай басылым атынан берілетін бір марапат-қағазға қол қойдыруға тағы да Баукеңе оның екінші рет жолы түседі. Бұл жолы да ол оған бірден ашыла қоймайды. «Батыр Бауыржан мен емеспін, анау тұрған Бауыржан Момышұлы», — деп, өзінің сөредегі аттың үстінде тұрған суретін нұсқапты. Алғашында осылай көңіл-күйі болыңқырамай отырған майдангер онымен әңгімелесе келе, қоштасар сәтте: «Мағираш, қазақтың ұлдарын дәл сен секілді қыздар дүниеге әкелуі тиіс», — деп, риза болып, батасын берген екен.

       Ол қандай тақырыпқа қалам тартпасын, өзіне ғана тән жазу стилінен әсте ауытқымайды. Нысанасына алған тақырыбын түп-тұқиянына дейін зерттеп,  ұтымды сөзімен, ұшқыр ойымен, айшықты теңеулерімен, оқшау ойға құрылған түйіндеулерімен әсерлі баяндай отырып, шығарманың мазмұнын одан ары байыта түседі. Мәселен, Кеңес заманындағы қыз-келіншектерге арналған жалғыз журнал — «Қазақстан әйелдерінің» бетінде оның қаламынан туған түрлі кәсіп иелері – әйел-аналардың сан қилы тағдыры әдемі өрілсе, «Денсаулық» журналындағы отандық медицинаның бүгінгі мен болашағы туралы зерттеу-мақалалары тек ойлы оқырманды ғана тәнті етіп қоймай, сала мамандарына да таптырмас азық болды. Ал оның «Ақжелкен» журналындағы танымдық ой-толғаулары, жасөспірімдердің өмірде өзін-өзі адаспай табуына жол сілтейтін бағдаршам тәрізді. Сайып келгенде, қазіргі «Өзін-өзі тану» бағдарламасының түп негізі де осы М. Қожахметова еңбектерінде жатыр.

       Қай заманда да хас суреткердің өз ортасында өзін «жалғыз» сезінуі қалыпты жағдай. Бұл тұрғыдан алғанда сөз зергерінің де әр шығармасынан көңіл түкпіріндегі өзгеше еркіндікке бағытталған «жалғыздығы» айқын аңғарылады. Таңғаларлығы сонда, ол сол «іштей оқшаулануы» арқылы тұтастай кейіпкерімен тонның ішкі бауындай өзі де астасып кететіндей. Оның айтуынша, өмірде саналы түрде жалғыздыққа ұмтылу қателік болғанымен, шығармашылықты мұрат тұтқан жанға жалғыздық — ішкі мүмкіндіктерді жарыққа шығару тәсілі, әлемді өзгеше түйсікпен тануға бастайтын құрал. Осы жалғыздық дегеннен шығады, тіпті, оның «Күй-кісен» туындысында тумысынан керең әрі мылқау Ая есімді қыздың ішкі жан дүниесінің сезім-тербелістері әсерлі баяндалады. Ол тұңғыш рет күйші жігіт Бегімнің тартқан күйлеріне еліту арқылы дүниедегі дыбыс атаулының құдіретін сезіне бастайды. Жазушы осы  керең бола тұра «еститін», мылқау бола тұра «сөйлейтін», жаны жұмбақ кейіпкер – Аяның ішкі әлеміндегі қарама-қайшылыққа толы психологиялық құбылысты суреттеу арқылы оқырманға ой тастайды. Ал оның «Ұзақ атқан таң» әңгімесі ер баланы әу бастан «мұрагерім»  деп танитын төл халқымыздың таным-көзқарасымен ұштасып жатқандай. Әңгіме желісі туған ұлының әйелінің уысынан шыға алмаған жасықтығына күйініп, өзін кемтар азаматқа тұрмысқа шығуға мәжбүрлеген әйел-ананың қасіретіне құрылған. Автор бала мен ананың арасындағы қарым-қатынасқа түскен сызаттың ақыры бір әулеттің тас-талқанын шығарғанын тілге тиек етеді. Яғни, бір безбүйрек перзенттің бет-бейнесінен төл тамырынан ажыраған болашақ ұрпақ келбетін танып-білу еш қиындық тудырмайды.

       Қазақ баспасөзінде адам-ғалам-ғарыш тақырыбын түп-тамырымен қотара отырып, ғылыми тұрғыда зерттегендер саусақпен санарлық. Сол санаулылар санатындағы саңлақ — М. Қожахметованың жазу өнерінде жан иесінің ішкі әлеміне өзгеше тұрғыдан саяхат жасайтыны қызықтырады. Осыған орай менің есіме, оның әйгілі Джуна Давиташвилимен тылсым дүние, аруақтар әлемі тақырыбында өрбіген «Адамның құдіретіне сенемін» атты сұхбаты оралады. Оның әсерлілігі сондай — оқып отырған жан қойылған сұраққа берілген бүкпесіз жауаптан өзіне керек деректі қиналмай-ақ ала алады. Одан да кереметі — сол сұхбат барысында Джуна оның бойындағы қатардағы емшілерден кем түспейтін бір қасиетін сезсе керек, оған телефонын беріп, хабарласуын өтініп, оны әр елдің адамдарынан құралған  фанаттарының тобына шақырыпты. Өзінің айтуынша, ол Джунаның табынушыларының қатарында болуды қаламаған. Онымен тек  «Адасқан аруақ» деген атпен ол туралы кітап жазу мақсатында ғана хабарласқысы келген. Тіпті, сол оймен 1-2 рет оған телефон да шалған, бірақ, емшімен тілдесудің сәті түспеген.  Әлі күнге дейін таңғалатыны,  арада 35-жыл өткенде Ресей телеарнасынан жалғыз ұлының қазасынан кейін ауыр дертке шалдыққан Джунаны көргенде өзі: «Неге көкейіме басқа емес «Адасқан аруақ» деген атау келді екен?» деген ойға қалыпты. Ал мұны қалай кездейсоқтық деуге болады?

         Бала жасынан көрген түсін блокнотына жазып жүруге дағдыланған   қаламгердің адам мен жаратылыс түйткілдеріне қатысты шығармалары бір мұнымен шектелмейді. «Айтқанымызға көнесің бе?», «Жасын отын ұстағаның бар ма?», «Қырғызхан», «Сары Әулие» атты мақала-эсселерінде ол белгілі бір шипагердің дарын-қабілетін тілге тиек ету арқылы оқырманға тұтастай емшілік өнердің ішкі иірімдерін төл ұлтымыздың салт-дәстүрімен,  этномәдениетімен, діни көзқарасымен қабыстыра отырып, мағлұмат беруге тырысады. Оның «Түс-саяхаттар» «Құмалақ ашу сырлары» секілді деректі зерттеулері бүгінгі жантанушы-мамандарға таптырмайтын құрал болса, 18-мың ғалам кеңістігіндегі тылсым тербелістерді таразылаған «Адам-Құпия» ой-толғауы мен пенденің талбесіктен жербесікке дейінгі ғұмырының өзегі іспеттес «Айһай-Дүние-ай!» танымдық барлауы ойлы жанды «өмірдің үкімі – өлім емес» екеніне иландыра түседі. Осы «өлім-өмір» демекші, бір жолы мен одан: «Өлімнен кейінгі өмірге сенесіз бе?»,- деп сұрадым. Апай аса көп ойланбай-ақ: «Меніңше, нағыз кереметтер өлімнен кейін болатын секілді», — деді. Жаратылысты бір кісідей шиырлаған Мағира Дәулетбекқызының мұндай пайымға өзін ғана емес, өзгені де зерттеу арқылы келгенін саналадым. Ол: « Жазушылық өнерде өзімді әрі аңшы, әрі аң секілді сезінемін», — дейді. Яғни, бұл оның нысанасына алған тақырыпта өзін әрі зерттеуші әрі обьекті ретінде танитындығының белгісі. Ол әркез: «Айналаның бәрі тербелістен тұрады. Мен өзімді үнемі сол тербелістің қойнауынан көремін. Нені, кімді жазсам да, ең алдымен көкейіме әуен келеді», -дейді. Иә, оның екінші тынысын ашып, қаламына қанат бітіретін де осы әуен, әуен болғанда да халық әндері мен күйлері.

        Жетпістің бесіне жөтелмей жеткен жазушы 2002 жылдан бастап, балаларға арналған «Балбұлақ» журналын, 2005 жылдан медициналық-танымдық «Дертке-дауа» газетін шығарып келеді. Мақсаты -  жасөспірімдердің ішкі қабілет-мүмкіндіктерін оятып, қазіргі технология ғасырындағы ғылыми жетістіктерді меңгеруге баулу, ұлт саулығына бастайтын танымдық идеяларды жүзеге асыру. Кейде осындай бастамалардың ұйтқысы – Мағира апайдың өзі де маған осынау өмір-өзеннің асау толқындарына қарсы жүзіп келе жатқан, әділетсіздік атаулының тамырына балта шабуға әзір тұратын бір қаһарман-кейіпкер секілді болып елестейді. Олай дейтінім, оның өмірінде өзгеге де, өзіне де түсініксіз парадокстар аз емес. Ол атақ-даңқы бір басына жетіп-артылатын талантты жазушы бола тұра, әлі күнге дейін бірде-бір кітабының тұсаукесерін өткізбеген. Тарихи «Көшім хан-Сүзге» және Жазушылар Одағының жабық бәйгесін жеңіп алған «Мәншүк-ғұмыр» секілді айтулы пьсалары бола тұра, олар ешқашан сахналанбаған. Және бұл орайда өзі де әлдекімдердей ешкімнің есігін қақпаған. Дегенмен, таланты ерек, табиғаты бөлек қаламгер қара сөздің қадірін білетіндерді осы бір ешкімге ұқсамайтын дара қасиетімен өзіне тәнті етіп келеді...

Тегтер: