“Талапқа сай емес”: Қырғызстанда балаларға арналған діни лагерьлер жаппай жабылып жатыр

Бішкек қаласы мен Қырғызстанның Шу, Ыстықкөл облыстарында заңсыз жұмыс істеген діни курстар мен балалар лагерьлері анықталды.
Бұл туралы Дін істері және этносаралық қатынастар жөніндегі ұлттық агенттік хабарлады. Агенттік мәліметінше, барлығы 12 заңсыз лагерьдің қызметі тоқтатылған.
Тиісті тіркеусіз діни бағытта жұмыс істеген азаматтар әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға айыппұл салынды.
Мемлекеттік орган ата-аналарға тек ресми тіркелген діни ұйымдар мен оқу орындары ұйымдастыратын лагерьлерге ғана балаларын жіберуді ұсынды.
Айта кетейік, бұған дейін Бішкек қаласында белгіленген тәртіпті бұза отырып ұйымдастырылған төрт діни балалар лагері анықталды. Аталған мекемелерде 6 жастан 17 жасқа дейінгі 120 бала (ұлдар мен қыздар) оқып жүрген. Бұл оқу орындары Қырғыз Республикасының Дін істері жөніндегі мемлекеттік комиссиясында тіркелмеген.
Заң бұзушылықтар:
- Санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың өрескел бұзылуы,
- Тамақтандыру жүйесінің ұйымдастырылмауы,
- Оқу-тәрбие бағдарламаларының болмауы,
- Балаларға сабақ берген тұлғалардың діни білімі болмаған.
Мемлекеттік орган бұл мекемелердің қызметі заңға қайшы екенін атап өтті.