«Талдықорған-Үшарал» газ құбыры іске қосылды
Жетісу облысында өңір халқы ұзақ күткен ірі әлеуметтік жобаның бірі – «Талдықорған-Үшарал» магистралды газ құбырының құрылысы жоспарланған уақыттан ертерек аяқталды. Республика күні қарсаңында Үшарал қаласындағы автоматты газ тарату станциясында салтанатты шара өтіп, жобаның негізгі кезеңі ресми түрде іске қосылды.
Шара барысында бір мезгілде алты аудандық автоматты газ тарату станциясында көгілдір отын алауы жағылды. Ауқымды инвестициялық жоба мемлекет басшысының арнайы тапсырмасына сәйкес «QazaqGaz» ұлттық компаниясы арқылы жүзеге асырылды.
302 шақырымдық құбыр 130 мыңнан астам тұрғынды көгілдір отынмен қамтамасыз етеді. Газ құбырының құрылысы 2023 жылдың тамыз айында басталып, биыл толық бітті. Жоба аясында ұзындығы 302,4 шақырым магистралды құбыр тартылды. Сондай-ақ «Қапал», «Жансүгіров», «Сарқан», «Қойлық», «Қабанбай» және «Үшарал» елді мекендерінде алты автоматты газ тарату станциясы салынды.
Жобаның нәтижесінде Ақсу, Сарқан және Алакөл аудандарындағы 80-нен астам ауылда тұратын 130 мыңнан аса тұрғын алғаш рет табиғи газға қосылу мүмкіндігіне ие болады. Қазір жергілікті елді мекендерге газ тарту бойынша жобалық-сметалық құжаттар дайындалып жатыр, құрылыс жұмыстарын келесі жылдан бастау жоспарланып отыр.
Газ халықтың тұрмысы мен экономиканың тірегі саналады. Салтанатты шарада сөз алған Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев бұл оқиғаның өңір үшін тарихи маңызын атап өтті:
«Талдықорған-Үшарал» магистралды газ құбыры құрылысының мерзімінен бұрын аяқталуына ықпал еткен «QazaqGaz» компаниясына Жетісу облысының тұрғындары атынан алғысымды білдіремін. Біз алдағы уақытта да өңірді газдандыруды әрі қарай жалғастырамыз. Өйткені табиғи газ беру – халықтың өмір сүру деңгейін арттырумен қатар, экономикаға үлкен әсер ететін стратегиялық басымдықтың бірі. Ең алдымен газға аурухана, емхана, мектеп, балабақша, мәдениет үйлері, спорт нысандары секілді әлеуметтік нысандарды қосамыз. Тұрғындардың да көгілдір отынға қосылуына мүмкіндік жасалады. Оған қоса өнеркәсіптің, шағын және орта бизнестің дамуына ықпал етіп, жаңа жұмыс орындарының құрылуына жол ашады», – деді облыс әкімі.
Сондай-ақ бұл жобаны өңірдегі әлеуметтік жағдайды жақсартудың нақты қадамы деп бағалауға негіз бар.«Самұрық-Қазына» қорының өкілі Елжас Отыншиев те жобаның әлеуметтік әсеріне назар аударды. «Газ – бұл жылы үй, жеңіл тұрмыс, қауіпсіздік және экология. Газ келген аймақтарға инвестиция тартылады, халықтың әл-ауқаты көтеріледі», – деп атап өтті ол.
Ал «QazaqGaz» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының стратегия және инвестициялар жөніндегі орынбасары Акбар Төлегенов бұл жоба ерекше бақылауда болғанын айтты. Соның арқасында магистралды бөліктер мен станциялар құрылысын компания тиісті мерзімнен ерте аяқтап отыр.
«Соның нәтижесінде жаңа газ құбыры және барлық 6 АГТС жоспарланған мерзімнен бір жыл төрт ай ерте дайын болды. Осылайша, «QazaqGaz» осы өңірді газдандырудың іргетасын қалап, жұмыстың негізгі көп еңбекті қажет ететін бөлігін орындады. Қазіргі уақытта газ құбырының тарату желілерін салу бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстарына арналған құжаттар бойынша мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын күтіп отырмыз», – деді А.Төлегенов.
Газдың келуін ұзақ күткен жергілікті тұрғындар да қуаныштарын жасырмады. Үшарал қаласында 40 жылдан бері тұрып келе жатқан Әбен Сақыпов көгілдір отынды көп жыл бойы күткенін жеткізді.
«1980 жылдан бері Үшаралда тұрамын. Біз осы күнді ұзақ күттік. Алакөл өңірінің қысы қатты, кейде 7-8 айға дейін от жағатын кезіміз болады. Немерелеріміз тоңып қалмасын деп таң бозынан от жағамыз. Бір қыста сегіз тоннаға дейін көмір жағамыз, оған қоса ағаш отын дайындаймыз. Көмір жағып, күлін шығару егде жастағы адамдарға оңай емес. Өзіміз үлкен көшелердің бірінде тұратындықтан, газға алғашқылардың бірі болып қосылуға мүмкіндігіміз болады деп ойлаймын. Шалғай ауданға газ келгеніне ризамыз», – деді тұрғын.
Кейінгі жылдары елде газдандыру қарқыны артып келеді. Атап айтқанда, Жетісу облысы құрылған сәтте өңірде бар болғаны 5 елді мекен газбен қамтылған еді (27 пайыз). Қазір бұл көрсеткіш 84 елді мекенге жетіп, 404 мың тұрғын көгілдір отын пайдаланып отыр (58,2 пайыз). Жыл аяғына дейін Панфилов-Кербұлақ-Талдықорған бағыты бойынша тағы 42 елді мекен газға қосылады. Бұл көрсеткішті 72 пайызға (126 елді мекен) дейін жеткізу жоспарланып отыр.
Ал 2027 жылдың аяғына қарай газдандыру деңгейі 91 пайызға жетіп, өңірдегі 200-ден аса елді мекеннің 630 мың тұрғыны газ пайдалану мүмкіндігіне ие болмақ.
«Талдықорған-Үшарал» магистралды газ құбыры – үлкен инженерлік жоба емес, ол өңір халқының күнделікті өміріне тікелей әсер ететін, олардың тұрмысын жеңілдетіп, өңір экономикасын дамытатын стратегиялық бастама.
Мұны Жетісу облысының дамуында жаңа кезеңнің басталғанының айқын көрінісі деп бағалауға болады.
Қуан Өмірхан
Жетісу облысы