Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 14:58

Талдықорғанда көл түбін қолмен тазалап жатыр: әкімдік, техника қайда?

Талдықорған
Фото: видеодан скриншот

Талдықорған әкімдігі қала жағажайы орналасқан су айдынының түбін тазалау сәтін түсірген бейнежазба жариялады.

Кадрда белуардан саз бен лайға батқан жұмысшылардың бірі қолына тырнауыш, бірі күрек, енді бірі жәй ғана қолғап киіп, судың түбіндегі мүкті, бөтелке мен қоқысты қолмен жинап жатқаны көрінеді.

Ресми түсіндірме де бар:

«Тазарту жұмыстары кестеге сай жүріп жатыр. 30 жұмысшы тартылды. Жақында аяқталады», - делінген әкімдік хабарламасында.

Бірақ сұрақ туындайды: қазір қай заманда өмір сүріп жатырмыз? XXI ғасырда мұндай жұмыстарға арнайы техника тартылуы керек емес пе? Жағажайды тазалау – жай ғана сенбілік емес, бұл ең алдымен санитарлық талаптарға бағынатын жұмыс. Ал бұл талаптар су түбін қолмен қазып, лайды күрекпен аршу деген сөз емес.

Балалар шомылатын қоғамдық жағажайды осындай тәсілмен тазалауға қандай санитарлық нормалар рұқсат береді? Бұл әрекет – санитарлық қауіпсіздікті емес, есеп үшін жасалған арзан эффектіні көздейді. Адам еңбегі көрсетілген видеода әкімдік қара жұмыс пен қара терді жетістікке балап отыр.

Былтыр да дәл осы тәсілмен тазалау жұмыстары жүргізілген. Яғни, бұл енді дәстүрге айналған «ручной режим». Бірақ қоғамға қажетті шешім техникамен емес, күрекпен жасалатын болса, алға жылжу туралы айтудың өзі артық.