Талғар қаласының әкімі мен орынбасары қызметінен босатылды
Талғар қаласының әкімі мен оның орынбасары жұмысынан кетті. Бұл туралы құжат Талғар әкімдігінің ресми сайтында жарияланды.
Жарияланған құжатта лауазымды тұлғалардың өз міндеттерін тиісті деңгейде атқармауы жұмыстан босатуға себеп болғаны айтылған.
- Талғар қаласының әкімі Қуатбекұлы Бахыт Күрішбеков, Талғар қаласы әкімінің орынбасары Матан Сағындық өз міндеттерін тиісті деңгейде атқармағаны үшін лауазымдарынан босатылды. Басқа лауазымдағы қызметкерлердің жауапкершілік деңгейі пысықталып жатыр, - делінген құжатта.
Айта кетейік, 4 қазанда Талғар қаласындағы төбелестен жасөспірім қаза тапты. Одан кейін Шерзат Болаттың топырағы кеппей жатып әке-шешесінің үйі өртенді. Полицейлер «бөтеннің мүлкін қасақана бүлдіру» бабы бойынша іс қозғап, тергеу жүргізіп жатыр. Марқұмның туыстары мен қарапайым жұрт үйді Шерзатты айуандықпен өлтірген топтың жақтастары өртеді деп күдіктеніп отыр.