Талғар мейірімге шөлдеп тұр
Кейінгі екі апта Талғар бүкіл Қазақстанның аузында жүр...
Қазір ауданда түрлі деңгейде қызметтік тексерістер жүріп жатыр. Мысалы, төбелес болған сәтте оқиға орнына жедел жетпеген полицейлер мен дәрігерлердің және тергеу құпиясын сақтамай, видеожазба үзіндісін желіге жариялаған адамдардың әрекетіне құқықтық баға беріледі. Тексеріс аясында Талғар қаласының әкімі Бахыт Күрішбеков пен орынбасары Матан Сағындық өз міндеттерін тиісті деңгейде атқармағаны үшін қызметтен босатылды. Сондай-ақ Талғар ауданы әкімі аппаратының басшысы Аслан Қасымбаев креслосын босатып, аудан әкімі Таңат Айдарбеков пен орынбасары Айбек Бидаев сөгіс алды.
Бірақ мұндай «жаза» көп көңілінен шыққан жоқ. Жұрт қылмыс жасалған сәтте оқиға орнында болған 13 адамның бәрі ұсталуын және аудан әкімі мен орынбасары, полиция басшысы, аудан прокуроры қызметтен кетуін талап етіп отыр. Халық қала әкімін босату – көп көңілін аулап, шуды басудың амалы деп санайды. Өйткені Талғардағы негізгі құзырет Күрішбековтің емес, аудан басшысы Айдарбековтің қолында.
Заңгер әрі Талғар қаласының тұрғыны Асылбек Қараев әкімдіктегі шенділер қызметінен қуылмағанын, арыз жазып, өз еркімен кеткенін айтты. «Аудан әкімдігі міндетін тиісті деңгейде атқармағаны үшін жұмыстан босатылды деп жалған ақпарат таратып отыр. Олар өз еркімен кетті. Егер қызметтен қуылса, белгілі мерзімге дейін лауазымды жұмыс істей алмас еді, ал өз еркімен кеткендіктен, ертең басқа қызметке тағайындалады», – дейді.
Талғар – әкімдері жиі сотталатын қала
Талғар қаласы еліміздің ең ірі мегаполисі Алматыдан небәрі 25 шақырым қашықтықта орналасқан. Бірақ географиялық тұрғыда жақын болғанымен, екі қала арасындағы алшақтық жер мен көктей. Талғар – әлсіз экономикасы, сапасыз жолы, шабан интернеті, басы даудан арылмайтын білім саласы, бірде бар, бірде жоқ суы мен энергиясы және криминалды қала деген атымен танымал.
Тіпті Талғарда әкім ауысты немесе әкім сотталды деген ақпаратпен ешкімді таңғалдыра алмайсыз. Өйткені ауданға әкім тұрақтамайды. Кейінгі 15 жылда Талғар ауданы мен қаласын басқарған бірнеше әкім сыбайлас жемқорлық үшін сотты болды. 2009 жылы Талғар ауданының әкімі Кенжебек Омарбаев жерді заңсыз иеліктен шығарып, мемлекетке үлкен шығын келтіргені үшін сотталды. 2011 жылы Талғар қаласының әкімі Болат Омаров пара алғаны үшін 4 жылға түрмеге қамалды. 2012 жылы оның орнына келген Адайбек Қожахметов пара беруге бопсалағаны үшін сотталды. 2013 жылы қала әкімі Жұматай Қасымбаев пара алғаны үшін сотқа тартылды. Ал 2020 жылғы тамызда Талғар ауданының әкімі болған Серікжан Ерекешов жарты жылға жетпей ұсталды. Оған да пара алды деген айып тағылды.
Бұл жерде біз сотты болған әкімдерді ғана айтып отырмыз. Егер әкім орынбасары, ауылдық округ әкімдері және аудан әкімдігіне қарасты бөлімше басшыларын қоссақ, тізім әлдеқайда ұзарар еді. Кей дерек бойынша, кейінгі 15-20 жылда ауданда жемқорлық айыбымен сотталған шенділер саны 40-тан асыпты.
Талғарда ауылдық округ әкімі, әкім орынбасары және бөлім басшылары ұсталғаны жайлы жиі естиміз. Соның ішінде ең шулы іс 2020 жылы болды. 2019 жылы 27 желтоқсанда Алматыдан Астанаға ұшып шыққан 93 жолаушы және 5 экипаж мүшесі бар Bek Air ұшағы апатқа ұшырады. Ұшақ Алматы маңында жеке үйге құлап, 12 адам қайтыс болған. Кейін ұшақ құлаған жерге үйлер заңсыз салынғаны, ол жерді жеке тұлғаларға Талғар ауданының шенділері заңсыз бергені анықталды. Сөйтіп, аудандық жер қатынастары бөлімі мен сәулет және қала құрылысы бөлімінің бастығы, Панфилов ауылдық округінің әкімі және әкім орынбасарын қамтыған 12 шенді сотталды.
«Талғар ауданында әкімдер жиі ауысады. Кейінгі 5 жылда 4-5 әкім орнын босатты. Мұның екі себебі бар. Біріншіден, аудан жемқорлыққа жақын өңір. Ауданның бірнеше басшысы жемқорлықпен ұсталғаны соның дәлелі. Ал Қайдар Әбдіханов сияқты әкімдердің қызметтен кетуіне жергілікті жұрттың сыны әсер етті деп есептеймін. Оның жақындары жақсы қызметте болды, күйеу баласы әкім болды. Мұны қазіргі тілмен «клан» деп атауға негіз бар. Екіншіден, басқа аудандарға қарағанда Талғарда азаматтық белсенділік жоғары. Басшылардың жұмысы ұнамаса, бірден наразы болып, қоғамдық резонанс туғыза алатын белсенділері көп. Сондықтан кей әкім өз еркімен қызметтен кетеді, кейбірі жұмыстан қуылады», – дейді заңгер Асылбек Қараев.
Криминалды аудан
Шерзаттың өлімінен кейін Талғардың криминалды аудан екені жиі айтылып жатыр. Желідегі жұрт қалада бұған дейін де қастандықпен кісі өлтіру, ұрып-соғу фактілері тіркелгенін айтады. Бірақ соның көбі ашылмай, жабулы күйінде қалған көрінеді. Бұған аудандағы құқық қорғау органдарының сылбыр әрекеті себеп болғаны анық.
Мысалы, БАҚ-та Шерзатты өлтірген күдіктілер Нұрқияс Ильясов, Равиль Сакиев және Абзал Шынасылға қатысты 8 іс анықталды деген ақпарат тарады. Бұл істердің барлығы ұрып-соғу, бұзақылыққа қатысты. Кейбірінде, тіпті, кісі өлімі болған. Бірақ соның көбі жәбірленушімен татуласу себебінен жабылыпты. Күдіктілер ең ауыр болғанда шартты жазамен құтылған. Міне, осындай шексіз жазасыздықтың соңы аса қатыгез қылмысқа ұласып, 16 жастағы жасөспірімнің өліміне себеп болып отыр.
Талғарда қарапайым тұрғындар ғана емес, әкімдердің өзі криминалмен айналысады. Мысалы, 2019 жылы 26 тамызда Талғар ауданы Панфилов ауылдық округіне қарасты Қарабұлақ ауылының тұрғыны, белсенді Галина Арзамасованы белгісіз біреу пневматикалық қарумен атып, жаралап кетті. Кейін күдікті ұсталып, қылмысқа ауыл әкімі Нұрғали Аппазовтың «тапсырыс бергені» анықталды. Осы даудан кейін сол кездегі Талғар ауданы әкімі Рыскелді Сәтбаев «өз өтініші бойынша» қызметтен кетті.
«Қазақстанда криминалды қалалар бар екені рас. Бұл қатарға Талғар ауданы да кіреді. Қазір аты аталып жатқан «Хутор» сияқты қауіпті елді мекендер бар, оны жоққа шығаруға келмейді. Мұның себебі – құзырлы органдардың дұрыс жұмыс істемеуінде жатыр. Мысалы, жай ұрының өзі ұрлық жасау алдында дайындалады. Ол қараушысы жоқ, иесі үйде болмайтын, камера орнатылмаған немесе есігі дұрыс жабылмайтын үйлерді таңдайды. Сол сияқты заңды жауапкершілікке тартылмайтынын білетін, жазадан құтылудың жолын таба алған, жауапты мекемелерде танысы бар топтар өзін еркін сезініп, өз мақсатын орындауға дайын болады.
Шерзаттың өліміне осы жағдай алып келді, олар еркінсіп кеткен. Шерзатты өлтіру – Талғардағы заңсыздықтың салдары деп есептеймін. Баланы өлтіргендерді ұйымдасқан қылмыстық топ деуге дәлеліміз жоқ, бірақ оларды ҰҚТ болмаса да, еркінсіп жүрген топтардың бірі деп ойлаймын», – дейді А.Қараев.
Оның айтуынша, әкім тұрақтамайтын, бұзақылар еркінсіп кеткен криминалды қаланың экономикасы да мәз емес. Жергілікті халықтың экономикалық ахуалы мен тұрмыс өресі өте төмен.
«Ауданымыз Алматыға жақын орналасқан. Соған қарап, көпшілік талғарлықтардың табысы жақсы деп ойлауы мүмкін. Бірақ тиімді географиялық орнына, туризмді дамытуға болатын әсем табиғатына қарамастан, Талғар облыстағы экономикалық көрсеткіші ең төмен аудандардың бірі болып отыр. Аудан әкімі облыс басшысына берген есебінде өңір халқының орташа табысы 308 мың теңге екенін айтты. Бірақ бұл есепке біз сенбейміз. Жұрттың табысы әлдеқайда төмен. Әсем таудың төбесінде жалаңбұт отырмыз деуге болады. Тіпті осы тау-табиғаттың өзі жекенің қолына өтіп кеткен, жеке адамдар сатып алған. Ол аздай, кейінгі кезде әкімшілікке Қытайдан, Ресейден келген біреулер инвестор деген атпен толып кетті. Енді солардың экспансиясынан қауіптеніп отырмыз».
Талғар неге криминалды қала атанды?
Кеше ішкі істер вице-министрі Бауыржан Әленов жұртты бір күлдірді. Журналист Талғардағы Хутор тобы туралы сүрағанда «ұйымдасқан қылмыстық топтар тізімінде ондай ҰҚТ жоқ» деп жауап берді. «Ал сіздерде ҰҚТ тзімінде қандай топтар бар?» деген сұраққа: «Бізде ондай тізім жоқ» деп шықты. «Барып едім жоқ екен, айтып едім, «иә» деді» дегеннің кері. Қысқасы, ІІМ-де ештеңе жоқ.
Вице-министрдің жаңылтпашына қарамастан, қоғам Талғардағы қылмыстық топтың да тергелуін талап етіп жатыр. Сөзден іске көшті деуге де болады. 16 қазан күні Алматыда «Талғар ауданындағы заңсыздықтар» атты баспасөз мәслихаты өтті. Оған аудан әкімдігінен зәбір көріп, ұзақ жылдар бойы әділдікке қол жеткізе алмай жүрген Талғар тұрғындары қатысты. Олардың айтуынша, ауданда қылмыс, заңсыздық шаш-етектен. Тұрғындар ішкі істер вице-министрі Бауыржан Әленовтің ауданда ұйымдасқан қылмыстық топ жоқ деген сөзіне сенбейтінін айтты. Олардың ойынша, халықтың құқығын таптаған, таныс-тамырына сүйеніп, ауданда ойына келгенін істеп жүргендердің бәрін ұйымдасқан қылмыстық топ мүшесі деуге болады.
Біз белгілі саясаттанушы Қазбек Майгелдиновке хабарласып, криминалды қалалар қалай пайда болады, оны шешудің жолы қандай деп сұрадық.
«Өкінішке қарай, кейінгі кезде осындай жайттар көбейіп кетті. Талғардағы жағдайдан бөлек, Өскемендегі қыздардың әлімжеттігі, Павлодар, Маңғыстау сияқты өңірлерде болып жатқан жастардың, балалардың арасында қылмыстық істер көңіл жабырқатады.
Талғар сияқты қылмыстық белсенділігі жоғары өңірдің пайда болуы кешенді проблема. Яғни экономикалық, әлеуметтік, саяси, құқық қорғау аспектілерін қамтитын көптеген фактордың жиынтық нәтижесі деп ойлаймын. Мұның бірнеше себебі бар. Біріншіден, әлеуметтік-экономикалық тұрақсыздық. Көбіне жұмыссыздық деңгейі жоғары, халықтың табысы төмен аудандарда осындай әлеуметтік шиеленіс жүз береді. Бұл жай сөз емес, нақты зерттеулердің көрсеткіші. Яғни әлеуметтік-экономикалық деңгейі төмен ауданда қылмыс деңгейі жоғары болады.
Талғар жайлы айтсақ, аудандағы азаматтардың көбі Алматыға келіп жұмыс істейді. Өйткені мегополисте жұмыс орны, табыс көптеу. Сол үшін Талғардың ішкі құрылымы өзгеше, мұндай экономикалық тұрақсыздық өңірдегі қылмыстық топтар үшін қолайлы жағдай туғызып отыр. Олар сол жердегі жұмыссыз қалған жастарға ақша табудың балама тәсілдерін ұсына алады. Осының нәтижесінде мемлекет ішіндегі мемлекет қалыптасып отыр. Қала әкімі мен орынбасарын не үшін қызметінен алып жатыр, бұл олардың өз жұмысын тиісті деңгейде атқарып, біз атаған мәселелерді шеше алмағанын білдіреді. Қылмыс пен қылмыстық топ жайдан-жай пайда болды деп айта алмаймыз, оларға қажетті жағдай жасалынған.
Екіншіден, құқық қорғау орындарының әлсіз жұмысы себеп болады. Мұны Талғардағы жағдай нақты көрсетіп берді. Құқық қорғау органдары негізгі функциясын нашар орындаса, қылмысты бақылау деңгейі әлсіреп, ұйымдасқан қылмыстың көбеюіне алып келеді. Мысалы, Талғарда ұсталған 10 азаматтың бірнешеуі құқық қорғау органдарының назарында болуы тиіс адамдар, олар қылмысы үшін шартты жазасын өтеп жүрген. Бірақ олардың бәрі ешқандай бақылауда болмаған. Жергілікті құқық қорғау органдары қатаң тәртіп орнатпағандықтан, қылмыстық топтарда жазасыз әрекет ете аламыз деген ой пайда болған. Сондықтан Талғардағы оқиғаның басты себебінің бірі – полиция қызметкерлерінің қызметін өз деңгейінде атқармауы.
Үшіншіден, Талғар қаласында әкімдер жиі ауысады. Бұл сол жердегі саяси тұрақтылық әлсіз екенін көрсетеді. Жергілікті өзін-өзі басқару тұрақсыз болса, сыбайлас жемқорлыққа, бақылауды әлсіретуге өте қолайлы жағдай туындайды. Талғардағы басқаруда ұзақмерзімді стратегияның болмауы сол вакуумды толтыратын қылмыстық элементтердің пайда болуына себеп болып отыр. Яғни ешқандай сабақтастық жоқ, билік жиі ауысады, болып жатқан істерге ертең ешкім жауап бермейді.
Тағы бір мәселе, жастардың қылмысқа үйір болуына, қатарластарына буллинг немесе әлімжеттік жасауына білімнің және жұмыспен қамту деңгейінің төмендігі әсер етеді. Өйткені қылмыстық топтар көбіне сапалы біліммен жұмысқа қол жеткізе алмайтын жастарды қасына қосады. Ешқандай жерде жұмыс істемейтін, мақсаты жоқ, маргиналды және NEET санатындағы жастардың ортасында қылмыс өршиді. Жастардың дамуына мүмкіндік жасалмаса, қалада спорт секциясы, білім беру үйірмесі сияқты орындар болмаса, жастар қылмыстық топтардың ықпалына түседі.
Сондықтан мынадай мәселелерді шешу керек: Ең алдымен, жергілікті биліктің, жергілікті өзін-өзі басқару жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз ету қажет. Ол үшін жергілікті әкімшілікті ынталандырып, жергілікті бюджетті ұйымдастыру керек. Талғар қаласына ауданға басыбайлы тиесілі болмай, өзін-өзі дамытуға мүмкіндік беру керек. Сондай-ақ жергілікті әкімшілік экономикалық-әлеуметтік даму жоспарын жасағанда жастарға бағытталған бағдарламаларға ден қойылуға тиіс.
Сосын, құқық қорғау органдарын реформалап, мекеме ішіндегі сыбайлас жемқорлықты жою қажет. Өйткені бұл қылмыс деңгейін төмендетуге тікелей әсер етеді. Жергілікті полиция, прокуратура, соттың қылмысқа қарсы бірлескен күш-жігері керек. Осылай ғана қоғамдық тәртіпті нығайтуға болады. Егер сот, полиция, прокуратура жеткілікті деңгейде халықтың арасында сенімге ие болмаса, онда ұйымдасқан қылмыстық топтың өршуіне тікелей жол ашылады.
Содан кейін азаматтық қоғам құрып, проблеманы шешу кезінде халықтың белсенді қатысуына мүмкіндік жасау керек. Яғни азаматтық бастамалар, жергілікті бірлестіктер қылмыспен белсенді күресу үшін билік және құқық қорғау органдарымен тығыз қарым-қатынаста болуы маңызды. Жергілікті тұрғындардың да билік және полициямен өзара іс-қимылы жоғары деңгейде болғаны жөн. Сонда ғана тәртіп орнап, құқықбұзушылыққа қарсы тұруға болады», – дейді сарапшы.
Талғардың жоғары жағын бетке алып жүрсеңіз, сұлу табиғатына, алма бағына, тауына көзіңіз тойып, тамсанарсыз. Бірақ сол таудан етекке қарасаңыз, өз қазанында қайнап, бар былығы мен қылмысын ішіне жасырып, бұйығып жатқан қаланы көресіз. Атышулы Талғарыңыз осы болады. Мейірім көрмеген мұңды қала...
Қуаныш Қаппас