Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 13:47

Талғар полициясы тағы кешікті

Талғар
Фото: Ашық дереккөз

Аты шулы Талғарда тағы да қанды оқиға, тағы да кісі өлімі. Бұл жолы күдікті айдың күннің аманында арыстай азаматты көшеде атып кетті.

Оқиға 6 қыркүйек күні Талғар қаласында болды. Әуелі әлеуметтік желілерде тұрғындар Талғар маңында полиция көліктерінің көбейгенін айтып, түрлі фотолар жүктеді. Жұрт «Талғарда тағы не болды» деп елең ете қалды. Ізінше «Бір ай бойы жас қызды қорқытып, бопсалаған» күдікті Аружан есімді жәбірленушінің ағасын атып өлтіргені мәлім болды. Одан соң полиция қызметкерлерінің тау жақты бетке алып ағылып жатқаны жөнінде ақпарат тарады, көп ұзамай «жәбірленушінің екі жасар қызын күдікті барымтаға алыпты» деген суық хабар желдей есті. Ақыры кешке қарай күдіктінің ұсталғаны, екі жасар қыздың аман-есен құтқарылып, ауруханаға жеткізілгені айтылды (қызға Іле ауданының ауруханасында жырылған тіліне ота жасалды). Сөйтсек, соңы қанды өлімге алып келген бұл оқиғаның басы бір ай бұрын 3 тамыз күні басталыпты.

Жәбірленушінің туысқаны, адвокат Гауһар Сариеваның ақпарат құралдарына берген сұхбатына сүйенсек, Аружан есімді жәбірленуші осы уақытқа дейін жақынырақ араласып жүрген жігіттің әрекетінен күдіктене бастаған. Себебі ол көлік сату бойынша алаяқтықпен айналысқан көрінеді. Машина иелерін алдап, көлікті «арзанға аламын» деп, кейін оны қайтадан сатып жіберетін болған. Тіпті бір көлікті Аружанның Kaspi аккаунтын пайдаланып, оның басына рәсімдеп, кейін көлікті сатып жіберген. Алаяқтығы әшкереленіп қалмас үшін күдікті Аружанды ұрып-соғып, бопсалап, қорқытып ұстаған. Ақыры үнемі зорлыққа ұшыраған соң Аружан полицияға арыз жазған. Бірақ іс дұрыс тексерілмеген. Осы оқиғадан соң күдікті Аружанды пышақпен қорқытып, кішкентай қызын айтып, бопсалап, қайтадан «татуласуға» мәжбүрлеген. Мұның бәрін Аружанның өзі Г.Сариеваға айтқан.

Осыдан кейінгі бір айды Аружан үреймен, қорқынышпен өткізген. Күдікті оны үнемі бақылауда, қадағалауда ұстап отырған. Телефон арқылы хабарласып, Аружанды бақылап, барлық іс-әрекетін біліп отырған. Мұндай қорқынышпен, азаптауға төзбеген Аружан ақыры Гауһар Сариеваға хабарласып, басындағы ауыр жағдайды айтып, көмек сұраған. Осыдан соң адвокат полицияға арнайы арыз түсірген. Бірақ бұл жолы да полиция ешқандай әрекет етпеген. Тіпті адвокат «зорлық-зомбылыққа қатысты толық дәлелдеріміз бар» десе де полиция қыбыр етпепті, күдіктіні ұстауға құлық танытпаған.

Қанды оқиға болатын күні күдікті Аружанды алып кетпекші болып, оны іздеп үйіне келеді. Осы кезде дүкенге шыққан Аружанның ағасын күдікті ұрлап алған тапаншасымен атып өлтіріп, оқиға орнында болған екі баланы пышақпен қорқытқан. Содан соң күдікті үйге келіп, Аружанның анасын қорқытып, оның екі жасар қызын алып кеткен. Аружан бұл кезде үйде болмаған. Ол негізі медбике болып жұмыс істейді, сол сәтте қан қысымы көтерілген көршісіне «система» салуға кеткен екен. Қайтыс болған марқұмның соңында үш баласы, жүкті жары қалды.

Осы уақытқа дейін саусағын қыбырлатпаған полиция қызметкерлері кісі өліп, екі жасар қыз ұрланған соң ғана «жедел әрекетке» көшті. Алдымен «арнайы операция жүргізіп», қызды құтқарды. Сосын қашып жүрген күдіктіні ұстауға қам жасады. Бұл істі «Ішкі істер министрі жеке бақылауына алды». Тіпті бұған қатысты жедел түрде «екі қылмыстық іс» қозғалды. Ендігіде, полицияның қимылы ширақ, әрекеті жылдам, «бәрі бақылауда». Кейіннен күдіктінің ұсталғаны да мәлім болды.

Бұл оқиғада көпшіліктің назарын аударған жайт – күдіктінің үстінен екі рет арыз жазылса да полиция қызметкерлерінің бұған соншалықты немкетті қарағаны, іспен ертерек жіті танысып, күдіктіні ұстамағаны. Егер күдікті дер кезінде ұсталса, мұндай қанды оқиға да болмайтын еді.

Жұрттың жаппай наразылығынан кейін бе, әлде «ақсақ қой түстен кейін маңырайды» дегеннің кебі ме, кісі өлімінен кейін Талғар аудандық полиция басқармасының ісіне жан біте бастады. Анығырақ айтқанда, Талғар аудандық полиция басқармасы қызметкерлеріне қатысты Қылмыстық кодекстің 370-бабының 4-бөлігі («Лауазымды тұлғалардың әрекетсіздігі») бойынша қылмыстық іс қозғады. Яғни оларға «кәмелетке толмаған қызды ұрлап әкетіп, ер адамды өлтірген күдіктіні уақытылы ұстау үшін шаралар қабылдамаған» деген айып тағылды. Сондай-ақ прокуратура «жалған ақпарат таратқандар қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын» ескертті. Әдеттегідей, «ҚПК-нің 201-бабына сәйкес жария етілмейді» деді.

Сонымен тағы бір қанды оқиғаның соңы кісі өлімімен аяқталды. Қалай десек те, оқиғаның осынша ушығып, оның соңы адам өліміне апарып соғуына «лауазымды тұлғалардың әрекетсіздігінің» де салқыны тигені анық. Мұны қызметкерлерінің үстінен іс қозғап, полиция басқармасының өзі де растап отыр. Әу баста Аружанның арызын, тіпті одан кейін адвокат Гауһар Сариеваның шағымын дер кезінде ескергенде, күдіктіні құрықтағанда қанды оқиға болмас па еді?! Иә, іс жан-жақтылы тексерілер, қылмыскер жазасын алар, тіпті бұл іске қатысты полиция қызметкері де жазаланар, бірақ азаматынан айырылып, қара жамылған шаңыраққа кім демеу болады, жетім бала мен жесір ананың көз жасын кім сүртеді? Жұмысына немқұрайлы қарайтын полицияның ісі қашан тезге салынып, түзеледі? Шерзат оқиғасынан кейін де міз бақпайтын бұл не қылған құрылым?!.

Әлихан ЖАНҰЗАҚ

Тегтер: