Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 15:24

Талғарда қызды ұрлап, әйелді зорлап және ер адамды өлтірген азаматтың ісіне қатысты жаңа дерек шықты

қылмыс
Фото: ашық дереккөз

Талғарда екі жасар қызды ұрлап, әйелді зорлап және ер адамды өлтірген азаматтың ісіне қатысты екі тергеушіге айып тағылды. 

Екі тергеушіге қызмет бабын асыра пайдаланды және қызметтік міндетін орындамады деген айып тағылып отыр. Тергеу нұсқасына сәйкес, олардың уақытында әрекет етпеу салдарынан қайғылы оқиға орын алған.

2025 жылы 6 қыркүйекте Талғар маңындағы Қызыл-Қайрат ауылында ер адам екі кәмелетке толмаған сыбайласымен бірге жергілікті тұрғынды өлтіріп, оның екі жасар жиенін ұрлап кеткен. Кейін арнайы жасақ баланы құтқарып, анасына тапсырды. Ал күдіктіні ұстап, қамауға алды.

Мәліметке сәйкес, қылмысқа дейін бір ай бұрын ұрланған қыздың анасы полицияға зорланғаны туралы арызбен жүгінген. Алайда отбасының адвокаты Гауһар Сариеваның айтуынша, сол кезде полиция күдіктіге қатысты тиісті шара қолданбаған.

Жәбірленуші тараптың адвокаты Жандос Палманов Талғар аудандық полиция басқармасының екі тергеушісіне қатысты сотқа дейінгі тергеу аяқталғанын хабарлады. Олардың әрекеті Қылмыстық кодекстің бірден екі бабы бойынша сараланған:

Қылмыстық кодекстің 362-бабы 4-бөлігінің 3-тармағы (Ауыр зардаптарға әкеп соққан не пайда табу мақсатында билікті немесе лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану):

Қылмыстық кодекстің 370-бабы 4-бөлігінің 1-тармағы – (Ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметтегі әрекетсіздік).

"Процеске қатысушыларға қылмыстық іс материалдарының көшірмелері берілді, тараптар сот талқылауына дайындыққа кірісті. Жәбірленуші тарап істің сотта әділ, жан-жақты әрі заңды түрде қаралатынына үміттенеді", – деді жәбірленушінің адвокаты.

Бұл ақпаратты Алматы облысының прокуратурасы да растады.

Адвокат Палмановтың айтуынша, бұған қоса екі учаскелік полиция қызметкеріне қатысты салғырттық пен қызметтік жалғандық дерегі бойынша бөлек іс тергелген. Қазір ол іс Алматы облысының сотында қаралып жатыр.

Тегтер: