Талғардағы жанжалда қаза тапқан Шерзат Болаттың туыстары істі ашық тергеуді талап етті
Алматы облысы Талғар ауданында бір топ адаммен жанжал кезінде мерт болған жасөспірімнің туыстары тергеуді ашық әрі әділ жүргізуді талап етті. Олар жасөспірімнің өліміне кінәлілер жазадан сытылып кете ме деп қауіптенеді.
Азаттық радиосы мәліметінше, марқұмның туыстары 7 қазанда Талғар ауданының әкімдігі алдына жиналып, ашық сот өткізуді талап еткен.
Ал, Instagram-дағы kris_p_talgar парақшасы жариялаған видеода жұрт жиналған жерге полиция, жедел жәрдем қызметкерлері келгені көрінеді. Видеоға қарағанда, бір адам өзін нашар сезінген. Марқұмның туыстары әкімдік алдындағы жол ортасында полициядан күдіктілердің бәрін қамауға алуды талап еткен.
Марқұм болған 16 жастағы Шерзат Болаттың әкесі бас прокурор Берік Асыловқа үндеуінде жергілікті билік әрекетсіз отыр деп шағынды.
– Талғар әкімдігі, прокуроры мен ішкі істер басқармасының басшысы ешқандай іс-әрекет істемей отыр. Қылмысты бұрмалап отыр. Менің марқұм болған баламның аты-жөнін де білмейді. Хал-жағдайымызды сұрауға да шамалары жетпей тұр. Түн ортасында бізді тергеуге шақырып, өзімізді қорқытып, арыз жаздыртып отыр. Ашық сот болуын талап етемін. Өлетін балам өлді, алатын болса, мені де алсын, мені де қамасын, бірақ әділ шешім, ашық сот болсын, – деді жасөспірімнің әкесі видеода.
Аталған жағдайға қатысты Алматы облысының полиция департаменті кісі өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеген.
Талғар қаласында 4 қазанға қараған түні жас жігіттер сөзге келіп қалып, артынша жанжалға ұласқан. Салдарынан екі жігіт аудандық ауруханаға жеткізіліп, олардың бірі алған жарақатынан жан сақтау бөлімінде қайтыс болды. Кісі өлтіру фактісі бойынша полиция қылмыстық іс қозғады. Оқиғаның барлық қатысушылары ұсталды және уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта істің барлық мән-жайларының толықтығын, жан-жақтылығын және объективтілігін қамтамасыз ету үшін қажетті тергеу іс-шаралары жүргізілуде. Қылмыстық істі тергеу облыстық полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында. Тергеу мүддесі үшін өзге де ақпарат жариялауға жатпайды, деді полиция департаменті.
Жергілікті ақпарат құралдарының жазуынша, бұл оқиға 4 қазан түнде марқұмның отбасы жалға алып отырған дүкен маңында болған. Дүкенге келген тұтынушылардың бірі бір құты сыраның ақшасын төлегісі келмей, жанжал шығарған. 16 жастағы Шерзат пен оның ағасы жақынын қорғап, әлгі жігіттің дүкеннен кетуін талап еткен. Бірақ ол таныстарына хабарласып, кейін дүкенге бірнеше көлік келген. Ақпаратқа қарағанда, әлдекімдер жасөспірім мен ағасын алдымен ұрып-соққан, кейін Шерзатқа пышақ сұққан. Туыстары оларды ауруханаға апарған, бірақ жанды жерінен жараланған жасөспірім ұл ауруханада көз жұмған.