Талғардың экс-әкімі Нұрғали Аппазов ұсталды. Оның үстінен қылмыстық іс қозғалды
Ішкі істер министрлігінің Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті Алматы облысы Талғар ауданы Панфилов ауылдық округінің бұрын сотталған экс-әкімі Нұрғали Аппазовтың ұсталғанын хабарлады.
Департамент сот шешімін орындау аясында 15 қарашада Аппазовтың ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалғанын мәлімдеді.
"Қазіргі уақытта ол жазасын одан әрі өтеу үшін қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі орташа мекемесіне жіберіледі", - деп хабарлады ҚАЖ баспасөз қызметі.
Естеріңізге сала кетейік, Алматы облысы Талғар ауданы Панфилов ауылдық округінің экс-әкімі Нұрғали Аппазов белсендіге қарулы шабуыл жасағаны үшін алғаш рет 2020 жылы 7 жылға сотталған болатын. Ол 2022 жылы әкім қызметін атқарып жүргенде жер теліміне қатысты алаяқтық жасағаны үшін екінші рет сотталған.
Сот шешімі бойынша ол жалпы 8 жыл түрмеде жазасын өтеп, 2030 жылы босатылуы керек еді. Алайда Алматы облыстық соты былтыр оның жазасын жеңілдетілген айыппұл түріндегі жазаға ауыстырған. Бірақ 2024 жылдың 8 ақпанында екінші сатыдағы сот жазаны жеңілдету туралы шешімнің күшін жойған.
"Аппазов осыдан кейін түрмеге қайтып оралмаған және Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде тіркелмеген", деп хабарлайды ҚАЖ.
Сотталған экс-әкім Аппазовтың ісі: Прокуратура қылмыстық іс қозғады
Прокуратура бұл әрекетсіздікке кінәлі Алматы облысындағы полиция қызметкерлері мен қылмыстық-атқару жүйесі қызметкерлері жазалануы мүмкін екенін айтты.
Прокуратураның мәліметінше, бұрынғы әкім Нұрғали Аппазов Қонаев қалалық сотының 2023 жылғы 14 қыркүйектегі қаулысымен айыппұл түріндегі неғұрлым жеңіл жазаны ауыстыру туралы өтінішхатты қанағаттандырған.
"2023 жылғы 6 қарашада Қонаев қаласының соты Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 419-бабына сәйкес, бірінші сатыдағы сот актісін жою туралы арнайы прокуратураның жеке өтінішхат берудің өткізіп алған мерзімін қалпына келтірді. Алматы облыстық сотының 08.02.2024 жылғы апелляциялық сот алқасының қаулысымен Н.А.Аппазовқа қатысты айыппұл түріндегі жазаның неғұрлым жеңіл түрімен ауыстыру туралы бірінші сатыдағы сот актісінің күші жойылып, бас бостандығынан айыру түріндегі жазамен ауыстырылды, бұл сот шешімі орындау үшін Алматы облысының полиция департаментіне жіберілді", - деді прокуратура.
Талдау жүргізгеннен кейін арнайы прокуратура Алматы облысының мекемелерінде жазасын өтеп жатқан сотталғандарға, оның ішінде сотталған Аппазовқа қатысты алты ай бойы сот актілерін орындамау фактілерін анықтады.
"Осыған байланысты 11 қазан мен 4 қарашада арнайы прокуратура Алматы облысының полиция департаменті мен Алматы облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қызметкерлерді жауапкершілікке тарту және сотталғандарға іздеу жариялау туралы ұсыныс енгізді", - делінген хабарламада.
Сонымен қатар, сот актілерін орындамау фактісі бойынша мамандандырылған прокуратурамен Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 1-бөлігінің 430-бабымен (сот актісін орындамау фактісі бойынша) қылмыстық іс қозғалды. Материалдар Алматы облысының полиция департаментінің ішкі істер басқармасына жіберілген.
Айта кетейік, Талғар ауданындағы Қарабұлақ ауылының тұрғыны Галина Арзамасоваға 2019 жылдың 26 тамызында Талғар аудандық әкімдігінің алдында травматикалық тапаншадан оқ атылып, жамбас сүйегіне тиген еді. Арзамасова сол күні ауылдастарымен бірге Талғар ауданының бұрынғы әкімі Рыскелді Сәтбаевтың қабылдауына келген. Кейін «Арзамасоваға оқ ату күдігімен Панфилов ауылдық округінің сол кездегі әкімі Нұрғали Аппазов пен оның жүргізушісі Ғани Сманов ұсталған. Аппазов «тапсырыс беруші», Сманов «оқ атқан» деген күдікке ілінген.
2020 жылы 6 наурызда Алматы облысы Талғар аудандық сотында «белсенді Галина Арзамасоваға оқ ату» ісі бойынша сот отырысы өтті.
Отырыста прокурор айыпталушы Панфилов ауылдық округінің экс-әкімі Нұрғали Аппазовты «қызметіне асыра пайдаланғанын» айтып, 7 жылға; оның жүргізушісі Ғани Смановты «кәмелетке толмаған баласы мен қарт шешесі барын ескеріп», үш жарым жылға соттауды сұрады.
Аппасов прокурордың айтқандарымен ішінара келісетінін айтты. Ал Сманов «ешкімге оқ атпадым, Көлікте болғаным рас, мені алдап мойындатты» деді.
Нәтижесінде экс-әкім 7 жылға сотталған болатын.