Талғарға газ тартыла бастады
Алматы облысы, Талғар ауданы, Талғар қаласының тұрғындары арнайы жиын ұйымдастырып, оған БАҚ өкілдерін шақырып, әкімдікпен біраз мәселені талқылаған. Соның негізгісі – тұрғын үйлерді газдандыру.Қазір әр тұрғын өздері тұрып жатқан пәтерлерін автономды түрде, өздері ебін тауып жылытып отыр – біреу электр қуаты арқылы, біреу керосинмен, енді бірі көмір жағып. Дегенмен, қаланы газдандыру, жылыту жүйесі мәселесімен облыстық әкімдік енді ғана шындап айналыса бастаған сыңайлы. Өйткені, өткен сенбіде облыс әкімінің бір емес, екі бірдей орынбасары Талғар қаласына келіп, тұрғындармен арнайы кездесу өткізіп, істің мән-жайын, шаруаның бет алысын түсіндіріп қайтты.Осыған дейінгі жиындарда тек ұлардай шулап, сенбейтіндерін айтысып, тек наразылығын айта беретін ел бұл сапар «е, өстісеңдерші», дегендей кейіп танытады. Биылғы жылы үйлеріне жылу кіріп, газ тартылатынына сенім артып, ризашылықтарын да айтысып қалды.Бірақ… Бұл – бүкіл қалаға модульді газ пештері орнатылып, тұрғындар түгелдей жылумен, газбен қамтамасыз етіледі деген сөз емес. Бұл шаруаларды облыстық әкімдік екі жылға жоспарлап отыр екен. Негізгі жұмыс – келер жылға шегеріліп отыр. Ал, биыл бары 23 тұрғын үй пәтерлерін өздігінен жылыту деген азаптан құтылады. Қаладағы өзге тұрғындар биылша шыдай тұрады.Осы жаңалықтарды арқалап жеткен облыс әкімінің екі орынбасары Ләззат Тұрлашев пен Айдарбек Байжанов биыл газ тартылатын екі шағын ауданның тұрғындарымен кездесу өткізіп, үйдің ауласында тұрып елдің уәжіне құлақ түрді. Елдің сұрағы көп. Көпшілігі жағдайды жете бағамдай алмайтын сияқты. Оның да себебін өздері айтты – «ел әкімдікке сенбейді!» Әкімнің бірінші орынбасары осыған орай бір сөзінде: «Сенімді қайтару керек. Біз сол үшін келіп отырмыз», деп қалды. Елдің сетінеген сенімін қалпына келтіру үшін келген қос өкілдің және Талғар ауданы мен қаласының игі жақсысы түгел жиналған басқосудан алған негізгі ақпаратымыз – биыл екі ықшам аудан – «Мелиоратор» және «Бозторғайға» 6 блок-модульді қазандық салынады. Көзімізбен көрдік, қазандықтардың орны белгіленіп, іргетасы құйылып қойыпты. Ары қарайғы жұмыс көп уақытты қажет етпейді дейді. «Мелиоратор» ауданында 17 көпқабатты үй бар, бұл – 360 пәтер; ал «Бозторғайда» 6 үй – 178 пәтер бар. Жұмысты тездету үшін облыстық тұрғын үй шаруашылық басқармасы инвесторлар тарту туралы шешім қабылдапты, қазір мердігерлер анықталып қойған.Осының бәрін айта келгенде, тұрғындардың негізгі сұрағы – газды үйге кіргізіп алудың құны қанша болады дегенге тірелді. Әркім әртүрлі айтады. Тіпті, тұрғындардың бірі 50-60 мың теңге көлемінде болады дегенді де айтып қалды. Мәнісін кейін ұқтық, мұндай бағамен тартып беретін компанияның бар екенін үйлеріне өздері газ кіргізіп алған өзге тұрғындар айтыпты. Ал, әкімдік ұсынған баға бойынша ең төменгі меже – 115 мың теңге. Бірақ, әкімдік тұрғындардың өздеріне ерік беріп отыр. Яғни, әкімдіктің бағасынан төмен баға тапса және ол қауіпсіздік талаптарына сай болса, онда, ешқандай қарсылық жоқ. Тек, әкімдіктің осыған жауапты адамдары істі тікелей бақылауда ұстайды.Тұрғындардың сұрағы көп – әр айға жылу үшін қанша төлейміз дейді; оны кім қалай есептейді дейді; жаққан газымызды қандай тариф бойынша төлейміз дейді… Бұл сұрақтарға Ләззат Тұрлашев:– Сіздер түсініңіздер, жалпыға ортақ белгіленген тариф бар, солай ғой? Мен сіздерді алдамай-ақ қояйын, дәл қазір сіздерге ешкім нақты қанша төлейтіндеріңізді айта алмайды. Шамамен былай болады, тариф бойынша газдың әр кубына 36 теңге. Енді қараңыздар, қазандыққа ортақ есептеуіш орнатылады. Ол айналады, жалпы үйлерден қанша газ кеткенін есептейді. Соны шаршы метрге бөледі. Сосын сіздер үйлеріңіздің көлеміне қарай төлейтін боласыздар. Қымбат па, арзан ба, оны ешкім өзгерте алмайды. Қанша болса да алғашқы айда көресіздер, сол кезде ғана анықтауға болады. Сіздер өздеріңіз газ қосуды сұрадыңыздар ғой? Міне, облыс әкімі элеваторға дейін газ жеткізіп беруді мемлекет қаржысы есебінен жасап беріп отыр. Ары қарай өздеріңіз істейсіздер. Баға мемлекеттің бекіткен тарифі бойынша жүреді.«Үйіміз суық болса да төлейміз бе?» деген де сұрақ қойылды. Осындай сұрақтар қойылған сайын сырттай тұрған біраз жұрттың ішінен «тағы бастадыңдар ма? Тартып береміз деді ғой, ары қарайғысын көре жатамыз ғой», деген де реніштер естіліп қалып жатты. Жергілікті әкімдік емес, облыстан адамдар келіп отырғанда осындай болымсыз сұрақ қойғандарың не дегенді де естідік. Жобалаушыларды ортаға алдырып, қыстағы ауа температурасына орай жылу берілетініне дейін түсіндіруге тырысқан басшылық ақырында қандай да бір мәселе, қандай да бір сұрақ туса жауапты орындарға бірден хабарласуларын ескертті.Осы сияқты ұсақ-түйектің өзіне дейін тәптіштелген жиын соңында тұрғындармен азды-кем сөйлестік. «Енді ризасыздар ма?» деген сұрағымызға: «Алдымен тартып берсін, сосын ғана риза боламыз», дейді. Ал, үйге тұрмыстық газ кіргізудің бағасы бұрынғы газ құбырларының сақталған, сақталмағанына байланысты әр түрлі болады. Одан кейінгі тағы бір қозғалған мәселе – ыстық су бола ма, жоқ па? Оған Тұрлашев «өтірік айтпаймын, ыстық су болмайды», деді. Сол сәтінде тағы бір жауаптылар суды тартып беруге болатынын айтып қалды. Сосын, «керек десеңіздер ыстық суды да элеваторға дейін жеткізіп береміз», деген уәде берілді. Тек, ақшасын есептеп, тиісті орындарға өтініш түсіру керек.Ал, бұдан басқа «каприздер» тұрғындардың өз есебінен жүргізіледі. Әкімдік өкілдері «біз модульді газ қазандықтарын элеваторға дейін жеткізіп береміз, ары қарайғысын өздеріңіз жасайсыздар», дегенді қадап айтып, қос ауданда өткен бір тақырыптағы екі кездесуді тұжырымдады.Талғар қаласы әкімі Рыскелді Сатпаевтың айтуынша, қазір қалада газ тартылмаған 163 тұрғын үй бар. Соның 23-іне биыл тартылады. 18 үй өздері ақша шығарып, бірігіп, тартып алған. Тағы да 10 үй өздігінен тартып жатыр. Ал мемлекет тарапынан қаржы бөлінген 6 қазандықтың үшеуі 15 қазанға дейін, қалған үшеуі 30 қазанға дейін іске қосыладыАйта кету керек, инженерлік желілерімен бірге бір блок-модульді қазандықтың жобалық құны 70 миллион теңге, ал қазандықтардың бәрін толықтай жабдықтау үшін жалпы құны – 420 миллион теңге бөлінген.Біз кетуге жиналғанда тұрғындар «жаңағы 60 мыңнан тартып беретін кісілерді табу керек. Сосын, олармен келіскен соң, әкімдіктің адамдары да бақылап отырады деді ғой, құрысын, есі дұрыс біреуді жіберсін, ертең «аллаху акбар» болып жүрмесін», деп өзара талқылау жүргізіп жатты...
Тегтер:
Сайт әкімшілігі
20.08.2020, 12:13
Су тазарту қондырғыларын жасап шығарады
Сайт әкімшілігі
13.08.2020, 13:15
"Доғарыңдар, ұрмаңдар!". Беларусьте сәрсенбі күні де наразылық акциялары жалғасты
Сайт әкімшілігі
13.08.2020, 10:40
Қазақстанда бір күнде 517 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды
Сайт әкімшілігі
12.08.2020, 20:00
Қазақстан ресейлік коронавирус вакцинасын толық сынақтан өтпейінше сатып алмайды
12.08.2020, 11:29
Қазақстан Ресейдің вакцинасын әзірге алмайды – ҚР ДСМ
Сайт әкімшілігі
12.08.2020, 10:48
Орталық клиникалық госпиталь соңғы науқасты шығарып салды