Талғат ТЕМЕНОВ, режиссер: «Балшықта жатқан бақалар үшін алтын басымды қор қылғым келмейді»
Қазақ киносы мен театрының дамуына бір кісідей атсалысқан режиссер Талғат Теменовтің қашан да айтары бар. Пікірін кейде астарлап, кейде бүкпесіз жеткізеді. Жағымпаздыққа жаны қас, жанашырлыққа біртабан жақын талант иесімен тарих қойнауына енген жылдағы мәдениет пен руханияттағы жетістіктер мен келеңсіздіктер жайында әңгіме өрбіттік.
– Талғат Досымғалиұлы, былтыр қазақ әдебиеті, руханияты үшін ауыр жыл болып, тау тұлғаларынан айырылды. Осындайда қабырға қайысып, көңіл құлазиды. Себебі кеткендер – жай ғана қалам иелері емес, ұлттың ойы мен сөзін арқалаған алыптар еді. Олардың орны бос қалып, әдеби кеңістікте үнсіздік орнағандай әсер қалдырмай ма?
– Өмір болған соң қуаныш пен қайғы қатар жүреді. Иә, расында бұл жалғаннан қазақтың мәдениетіне, руханиятына, тарихы мен әдебиетінде із қалдырған талай тұлға өтті. Интеллектісі терең, нағыз зиялы ретінде артында сөзі қалды. Олардың жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын деймін. Бұл – өмірдің заңы.
Дейтұрғанмен, өткен жылға өкпе жоқ. Мысалы, 2025 жыл ұлы Абайдың 180 жылдық тойымен есте қалды. Әңгіме бұл тойға менің бармағанымда емес, жалпы қазақ елінің басын қосқан рухани ауызбіршілік деп білемін. Қазақтың көрнекті күйші-композиторы, дирижер Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығы ЮНЕСКО көлемінде атап өтілді. Бейжіңде, Анкарада, Бішкекте мерекелік концерт болды. Нұрғиса Тілендиев – қазақ руханиятының алтын қазығы. Оның мәңгілік әуендері – халқымыздың жүрегінде сақталған ұлттық кодтың бір бөлігі.
Одан басқа ТҮРКСОЙ-дың Ақтау қаласын түркі мәдениетінің астанасы деп тануы да бір мәртебе. Өз басым жыл басында көптен жол түспеген Шымкент қаласындағы Ж.Шанин театрында Ш.Айтматовтың «Қызыл орамалды шынарым» спектаклін, ал мамыр айында Жезқазғанда «Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбетін» қойдым. Жалпы, менің творчествомда Айтматовтың шығармалары ерекше орын алады. Өйткені ол – тым биік адам. «Адамзаттың Айтматовы» деп айту да бекер емес. Айтматовтың биігі – талайдың талпынып, өрмелеп шыққысы келетін асқар шыңы.
Мұнан өзге деректі фильмдерге тыңнан түрен салдым. Соның ішінде жылдың соңында «Жәңгір ханның жаңғыруы» атты деректі фильм түсірілді. Әрине, мемлекеттің қаржысына емес, жеке тұлғалардың, әдебиет пен тарихқа жанашыр азаматтардың қолдауымен дүниеге келді. Жәңгір хан десе, кейбіреулер алдын ала тон пішіп, кереғар пікір айтуы мүмкін. Алайда Жәңгір ханның қазақ халқының тарихындағы, әдебиетіндегі жасаған прогрессивтік қадамдары мәңгілік тасқа қашалып қалды. Біздің мақсат – кезінде коммунистік режимнің кесірінен осындай ұлы тұлғаны көрсетпеуге тырысқан идеология жүзеге асса да, бүгін сол шындықты ашып айтатын күн туғанын дәлелдеу. Менің жұмысым – соған жасалған алғашқы қадамның бірі.
Тағы бір қуанышты жайт – жылдың соңында Астана қаласында Талғат Теменовтің кино мектебін аштым. Бір өкініштісі, үлкен экранға шығуы тиіс «Қара қыз» фильмі прокатқа ақша төленбегендіктен кинотеатрлардан көрсетілмеді. Әлгі прокат мамандары: «Прокатқа шығу үшін алдын ала 10 млн-нан 30 млн-ға дейін жарнама беру керек», – дейді. Ал бюджетке салынбаған ақшаны, яғни, жарнама шығынын кім төлейді? Қарапайым режиссерде мұндай ақша қайдан болсын? Демек, жарнама болмаса, экранға шықпайды деген сөз бе? Мұны вице-премьер Аида Балаеваға да айттым. Бұл кино мемлекеттің ақшасына түсірілген соң мемлекеттің өзіне қайтарып бердім. «Хабар» телеарнасынан 2 рет көрсетті.
– Демек, сіз үшін бұл жыл жемісті өткен сияқты. Ал қазақ кино өнері үшін қандай жыл болды деп бағалайсыз?
– Әдебиетті, руханиятты, өнерді зерттеп, зерделеп жүрген ғалым емеспін. Бірақ жалпы, біздің руханиятымыз үшін жақсы жыл болды деп білемін. Жыл сайын Әуезовтің «Абайы», Ғабиттің «Ақан сері – Ақтоқтысы» келе беруі мүмкін емес. Бұлар қардың астынан жарып шығатын бәйшешек іспеттес. Асанәлі мен Әнуар, Жантөрин мен Айманов, Қалибек пен Серке, Хадиша мен Сәбира, Фарида мен Раисалар есімі қазақ өнерінде алтын әріппен жазылатыны анық.
Білуімше, былтыр көптеген жеке театр ашылды. Мысалы, «Арша» жекеменшік театры «Махаббат бекеті» қойылымын сахналады. Бұл – жас ұжым үшін үлкен жетістік. Сол сияқты бірқатар фильм тұсауын кесті. Ақберен Елгезектің «Болмаған балалық шағынан» бастап жыл соңында экранға жол тартқан «Ауру», «Дәстүр», «Қайтадан» фильмі туралы жақсы пікір естідім. Соған қарағанда, кино әлемі үшін де жемісті жыл болған сияқты. Ал олардың қайсысы мемлекеттен қолдау тапқанын, қайсысы жекеменшіктің ақшасына түсірілгені туралы мағлұматым аз. Бір қуаныштысы, қазақ киносында өз атын қалдырып жатқан кәсіби режиссерлер өсіп келеді. Әр заманның өз батыры, ақыны, жазушысы, әр кезеңнің өз режиссері болады.
– «Алдыңғы толқын – ағалар, артқы толқын – інілер» демекші, қазір өкшеңізді басып келе жатқан режиссерлерден кімдерді атап өтесіз?
– Соңғы кезде түсірілген фильмдердің алдын ала көрсетіліміне барып жүрген жоқпын. Тіпті миллиард касса жинаған Бадықованың киносын көрмедім. Одан Бадықова да, бармаған мен де ештеңе жоғалтқан жоқпыз. «Адасқандар» фильмі арқылы танылған режиссер, шәкіртім Дархан Төлеген енді «Мұнай» криминалды сериалын түсіріпті. Ал әлгінде жақсы пікірге ие болған фильмдерді таспалаған жастардың көбімен таныс емеспін. Себебі қазір кинофестивальдерде төбе көрсете бермеймін, «тусовкаларға» бармаймын. Неге десеңіз, қазір уақыттың қадірін, құнын білемін. Оны пайдалы дүниеге жұмсағым келеді. Сондықтан жас режиссерлерге тек қана сырттай тілекшімін. Мен үшін басты пайдалы нәрсе – мемлекет менің сценарийімді қолдай ма, жоқ па, оны өндіріске жібере ме, әлде өткізбей қоя ма дегенде емес. Құдайға шүкір, ешбір жарнамаға мұқтаж емеспін. Шамам келгенше, өзімнің өмірімді де, өнерімді де көп жағдайда паш ете бермейтін, яғни, құпия ұстайтын адаммын. Өйткені біреу үшін емес, өзім үшін еңбек еттім.
– Деректі фильм түсіруде тыңнан түрен салған режиссер ретінде айтыңызшы, бұған тап қазір жеңіл-желпі дүниеге «сусындап» жүрген көрермен тарапынан сұраныс бар ма? Әлде, «Ел – бүгіншіл, менікі – ертең үшін» деп Ахмет Байтұрсынұлы айтпақшы, сіздікі де келешектің қамы ма?
– Негізінде деректі фильм біздің заманымыздың дәл қазіргі көшінде «ерсі» көрінетін дүние шығар. Неге? Бұл өзіне жарнама іздейтін дүние емес. Деректі фильм – өткен күнге, тарихқа бүгінгі күннің деңгейімен, философиясымен қарау. Иә, қазір мұны көрермен көрмейді, іздемейді, тіпті керек етпейді де. Кейде «Кім үшін түсіріп жүрмін?» деген сұрақ қылаң береді. Бірақ менің істегендерім ерте ме, кеш пе, бәрібір руханиятқа, халыққа, өнерге керек.
«Жәңгір ханның жаңғыруынан» басқа, «Соңғы көш», «Әке аманаты» деректі фильмін түсірдім. Бұл 25 жыл бұрын Өзбекстанның Сырдария ауданынан 20 мың адамды Қазақстанға көшіріп әкелген ағайынды Қалыбековтер жайында. Олардың бас игізетін көзсіз ерлігі туралы халықтың 99 пайызы білмейді.
Меніңше, біркүндік, ырқыл-жырқыл дүниенің дәуірі өтеді. Халық та прогрессивті түрде өседі, дамиды. Талғам да биіктейді. Осы күйімізбен кете бермейтін шығармыз. Мәселен, шетелде жағрафиядан бастап, түрлі тақырыпта деректі фильм көрсететін телеарна көп. Бізде де ашылуы керек. Себебі біздің «инемен құдық қазғандай» тыраштанып жатқанымыз – ертеңгі ұрпақтың қамы. Оған мемлекет бір тиын беріп жатқан жоқ. Бұлар фестивальдерде жалт-жұлт ететін дүние емес. «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» демекші, мұның маңыздылығын шәкірттеріме де сіңірсем деймін. Өйткені қашанғы мемлекетке сенім артып, қол жайып, қашанғы Ұлттық киноны қолдау орталығымен алысамын? Уақыт болса өтіп барады. Біреуі құптайды, біреуі жібермеуге тырысады. Мәселе, олардың білген не білмегенінде емес. Әңгіме – қолымнан келіп тұрғанда жасап қалу. Әлі алдымда АЛЖИР туралы дүниені таспалау, Семей полигоны, Халел Досмұхамедов, Қабанбай батыр, Сырым батыр туралы деректі фильмдер түсіру жоспарымда бар.
– Ұлттық киноны қолдау орталығы демекші, бұған дейін бірқатар сценарийлеріңіздің питчингтен өтпей қалғанын айтып едіңіз. Тіпті «Не «Қазақфильмді», не болмаса Ұлттық киноны қолдау орталығын жабу керек. Бұл – Ұлттық киноны қолдау емес, қорлау орталығы» деп реніш білдіргеніңіз есте...
– Ренішім әлі де бар. Өз басым бір нәрсеге көзім жетті. Қазір тек интуицияма, сезімталдығыма сенемін. Өнерді таланттан бұрын, интуиция алға сүйрейді. Менің жазғандарымды көбісі іштей мақұлдайтынын да білемін. Бірақ өнер бар жерде қызғаныш деген «қызыл ит» жүреді. Сондықтан Ш.Айтматов айтпақшы, «Мен аспанда ұшып жүрген бүркітпін ғой. Балшықта жатқан бақалар үшін алтын басымды қор қылғым келмейді». Мен – қолынан іс келетін кәсіби режиссермін.
– Дегенмен,жазушы, драматург Роза Мұқанова сіздің байқауға қатысты әлеуметтік желідегі сыныңызға берген жауабында: «Автор М.Әуезовтің «Октябрь үшін» деген пьесасын «Қарагөзге» кірістіріп қосып, үйлестірмек болады. Осылайша, екі пьесадан құралған жарымжан қолжазба конкурсқа келіп түсті» деп жазған еді.
– Өмір мен өнердің заңы солай. Оқырман менің жазған сценарийімді оқыған жоқ. Ерте ме, кеш пе, бір әдеби сайтқа жариялаймын. Қалай болса да, оқырманға жетеді. Ал менің философияма жету үшін комиссиядағыларға әлі біраз оқу керек. Өйткені философиям көбінен биік деп санаймын. Бірақ олар туралы ештеңе ойлағым да, айтқым да келмейді. Өздері не бітіріпті? Өзімнің осы саланың майталманы екенімді күнде дәлелдеп жүрмін.
М.Әуезовтің «Қарагөз» пьесасы бойынша «Айқаракөз» фильмінің сценарийін жаздым. Сонау қиын кезеңде қазақ еліне алғаш келіп жатқан қарашекпенділерден бастап ұлы тұлғаларға дейінгі өмірді суреттейтін тың дүние болатын. Солай бола тұра, мұны да сызып тастады.
Сосын бізде балаларға арналған фильм жоқтың қасы. Отырдым да, балалар үшін «Илигай» мюзикл фильмінің сценарийін жаздым. Бұған дейін қазақ киносында мұндай болған жоқ. Жас ұрпақ Ресейдің, қала берді АҚШ, Еуропаның дүниесімен тәрбиеленіп жатыр. Бір тамшыдай болса да ұрпаққа керек дүние түсіргім келген. Бірақ комиссия қабылдамады, бекітпеді. Одан кім ұтты, кім ұтылды? Бұдан тек қана көрермен ғана ұтылды. Менің арым – таза. Ал олар ерте ме, кеш пе, өздері жауап береді.
– Жыл соңында ҚР Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қаринмен кездестіңіз. Кездесуде осындай келеңсіздіктердің бар екенін айттыңыз ба?
– Бұл кездесу апақ-сапақта болды. Біріншіден, жылдың соңы. Екіншіден, жоспар солай құрылды. Үшіншіден, кездесу барысында өз басыма ештеңе сұраған жоқпын. Өнер туралы, руханият, әдебиет, тарих жайында ғана сөз болды. Биыл Жәңгір ханның 225 жылдығы екен. Осы айтулы датаға мемлекеттік тұрғыдан қолдау болса екен деген ойымды жеткіздім. Сосын Ұлттық құрылтайды анда-мұнда өткізіп жатыр ғой, соның бір отырысын Алаш орданың алғаш ту тіккен жері Бөкей ордасында неге өткізбеске деген ұсыныс білдірдім.
Жалпы, өзім ойымды кез келген жерде ашық айтатын адаммын. «Егер Ұлттық киноны қолдау орталығы сценарий жобаларымды өткізбеді» деп «жыласам», онда өз басымның күйін күйттеген болар едім.
– Биыл өзгеріс көп болмақ. 1 қаңтардан бастап құн салығы 16%-ға дейін көтерілді. Осы қоғамның мүшесі ретінде сізді халықтың экономикалық-әлеуметтік жағдайы мазаламай ма? «Жаңа Қазақстан» деп айдар таққан биліктен қандай да бір өзгеріс байқала ма?
– Осы тіркесті кім ойлап тапқанын білмеймін. Мен үшін бір ғана Қазақстан бар. Оны «ескі» не «жаңа» деп бөлуге болмайды. Ананы да «жас ана», «кәрі ана» демейміз ғой. Ананың аты – ана. Сол сияқты бір ғана Отан бар. Қоғам өзгеруі мүмкін. Ал Отанға деген сүйіспеншілік пен патриоттық сезім өзгеруі мүмкін емес.
Шығармашылық адамымын ғой, Салық кодексі туралы естігеніммен, оның қитұрқылығынан хабарым жоқ. Қаржыгер, экономист болмаған соң зерделеп те көрмеппін. Мұның өндіріске тигізер салқынын сол кино түсіретін продюсерлер білетін шығар. Мен ешқашан қаржы жағын ойламайды екенмін. Бар ойым – шығармашылық қана. Естуімше, «жаңа ережелер шағын және орта бизнесі бар кәсіпкерлерге тұсау болады» дейді. Бірақ нақты білмеген соң, кесіп айта алмаймын. Бір уақыт тауып, «салық заңдарының пайдасы қайсы, зияны неде, мемлекет неге мұндай қадамға барды немесе мұның болашағынан нені көздеп отыр?» деген сұрақтарға жауап іздеп көремін. Дәл қазір мені алаңдатып отырған – халықаралық жағдай. Кешегі Ирандағы, Украинадағы, алыс-жақын елдердегі ахуал. Себебі көршілердің тыныш болғаны бәрімізге жақсы.
– Жылқы жылынан не күтесіз? Биыл жаңа мүмкіндіктер мен тың серпіліс әкелетін жыл болады деп сенейік пе?
– Жылқы – менің жылым. Қазақта «жылқытектес» деген сөз бар. Өнер мен әдебиетте «қанатты пырақ» дейді. Осы тұрғыдан келгенде, жаңа жылдан үмітім көп. Біріншіден, елімізде саяси-экономикалық салада жай ғана жорғалау емес, шабыс бола ма деп ойлаймын. Өйткені қазір қоғамда ақылды жастар жетерлік. Елге, ұлтқа жанашыр азаматтар солардың арасынан суырылып шығады. Ендеше, қазақтың шығатын биігі, алар асуы көп болатын жыл енсін деп тілеймін!
Сұхбаттасқан
Динара МЫҢЖАСАР