«Талибан» АҚШ-қа Баграм базасын бермейді

Ауғанстан аумағындағы Баграм әскери базасы АҚШ-тың бақылауына қайтарылмайды. Бұл туралы «Талибан» қозғалысының ресми өкілі Забихулла Мужахид әлеуметтік желіде мәлімдеді.
Оның айтуынша, 2020 жылы Дохада қол қойылған келісім бойынша АҚШ Ауғанстанның аумақтық тұтастығы мен саяси тәуелсіздігіне қол сұқпауға, сондай-ақ елдің ішкі ісіне араласпауға міндеттелген.
Кабул билігі кез келген мемлекетпен ортақ мүдде негізінде байланыс орнатуға дайын екенін жеткізді. Сонымен қатар тәліптер Вашингтонды шынайы саясат ұстануға шақырды.
Ауғанстан армиясының Бас штабының бастығы Кари Фасихуддин де ел аумағының ешқандай бөлігі шетелге берілмейтінін нақты айтты.
Айта кетейік, бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Вашингтонның бұрын АҚШ әскері орналасқан Баграм базасын қайтарып алуға ниетті екенін жариялаған еді. Ол өз шешімін базаның Қытай ядролық қару өндірісімен айналысып жатқан аймаққа жақын орналасуымен түсіндірген.