Тәлібтер Орталық Азия аймағына қауіп төндіре ме?
Орталық Азия қақтығыс ошағына айналуы мүмкін бе? Өйткені Ауғанстандағы жағдай күн өткен сайын күрделеніп барады.
Бұл ең алдымен Ауған елімен шекаралас жатқан Түрікменстан, Тәжікстан және Өзбекстанға оңай болмайын деп тұр.
Расында, қауіп жоқ емес, бар. Тәліб содырлары соңғы апталарда өзбек шекарасындағы «Хайратон», тәжік шекарасындағы «Шахритус», «Шерхан-Бандар» және тағы да басқа бірқатар бекеттерді басып алған. «Ауғанстан қарулы күштерінің бірнеше әскери бөлімшелері содырларға өз еркімен берілді» деген дерек бар. Тіпті кейбіреулері шегініп, тәжік және өзбек шекарасынан өтті. Қазірдің өзінде тәжік билігі 20 мыңға жуық әскерін мобилизациялады. Өзбек тарапы да әскерін қауіп-қатердің алдын алу үшін дайындық сапына келтірді. Осы уақытқа дейін бейтарап саясат ұстанып келген түрікмендер де Ауғанстанға қатты алаңдап отырған жайы бар. Қалай айтқанда да, осы уақытқа дейін тыныш болып келген Орталық Азия аймағы «енді әскери соғыс пен мүдделер қақтығысының ошағына айналып кете ме» деген қауіп те жоқ емес.
Жалпы, Ауғанстан аймағында неге соңғы айларда қақтығыс күшейді? Оның бірден-бір себебі – батыс елдері мен АҚШ әскери күштері биылғы 11 қыркүйекке дейін Ауғанстаннан шығарылмақ. Қазірдің өзінде аталған әскерилердің жартысына жуығы елден кетті. Сондықтан да Ауған еліне тәлібтердің ықпалы күшейді. Әрбір сүйем жер үшін қақтығыстар болып жатыр. 5 шілдеде содырлардан кері шегінген ауғанның 1037 әскериі тәжік жеріне еніп кетті. Тәжікстан ұлттық қауіпсіздік комитеті бұл деректі жоққа шығарған жоқ. Атап айтқанда, тәжіктің Хорог қаласының маңындағы заставадан – 312, ал Рузвай қышлағынан 213 ауған сарбазы өткен көрінеді.
«Қалыптасқан қиын жағдайды түсіне отырып, тәжік билігі көршілік достық қарым-қатынасты ескере келе, ауған үкіметінің кері шегінген бірқатар әскерилерін тәжік жерінде қабылдауға мәжбүр болды», – делінген Тәжікстан ұлттық қауіпсіздік комитеті таратқан мәлімдемеде.
Шындығында, деректерге жүгінсек, соңғы екі аптада болған қақтығыстардың салдарынан 1,5 мың ауған әскері Тәжікстанға келіп жасырынған көрінеді. Бірнеше апта бұрын атақты ауған генералы Ахмат Шах Масудтың резиденциясын тәлібтер басып алды. Ал этникалық тәжік болып табылатын ауған генералына 2001 жылы қастандық жасалынып, қаза тапқаны белгілі. 1 шілде күні тәлібтер Ахмат Шах Масудтың үйінің алдында тұрған суреттерін жариялады. Тәжік билігі шегініп, өз шекарасынан өткен 1035 ауған әскерін қабылдаса, өзбек тарапының шешімі басқа болды. Олар 24 маусым күні – 53, ал төрт күннен кейін тағы да 47 ауған әскериін өз Отанына кері қайтарды. «Ел шекарасын заңсыз кесіп өткен ауған әскерилерге ешқандай жағдайға қарамастан, қатаң шара қолданылады», – деп жауап берді Өзбекстанның сыртқы істер министрлігі. Қазір ресми Ташкент әскери дайындығын пысықтауға барынша көңіл бөліп жатыр.
Расында, қазіргі уақытта жағдай күрделі. 30 маусымда Германия мен Италия өз әскерилерін Ауғанстаннан шығарса, 2 шілде күні АҚШ өз континентін біртіндеп әкете бастады. АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен соңғы он жылда АҚШ тарапы өз әскерін ұстау үшін қазынадан 1 триллион доллар жұмсағанын айтты. Аз ақша емес. Демек, ауған мәселесі – кез келген ел үшін бас ауыртар мәселе. Ауғанстандағы 370 ауданның қазірдің өзінде 110-ны тәлібтердің қолына көшкен. Ал кері шегінген Ауғанстанның үкіметтік әскері қайда барады? Ресми Вашингтон Орталық Азия елдеріне 9000 ауған әскериін қабылдау жөнінде өтініш тастады. АҚШ-тың бұл талабы орындала ма, жоқ па – ол жағы әлі белгісіз. Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше болып табылатын Тәжікстан, әсіресе, Ресейге арқа сүйеп отыр. 5 шілде күні Владимир Путин тәжік басшысымен ауғандағы жағдайды талқылағаны белгілі. Ресми Мәскеу Тәжікстанға барлық салада көмек беретінін мәлімдеді.
Ал Орталық Азия аймағындағы басқа республикалар қандай шешім қабылдамақ? Олар өз территориясына ауған сарбаздарын орналастыра ала ма? Алдағы жағдай қалай болмақ?
— Қазір Орталық Азия мемлекеттерінің басшылары қауіптің алдын алу үшін келіссөздер жүргізуде. Бірақ талқылаулар қандай да бір форум, саммит деңгейіне жеткен жоқ. Ел басшылары арасындағы телефон байланысы арқылы шешіліп жатыр. Мысалы, Қасым-Жомарт Тоқаев тәжік, өзбек президенттерімен сөйлесті. Қауіпсіздік мәселелерін талқылады.
Менің ойымша, Орталық Азияға емес, тәлібтердің назары ауған жеріне ауады. Олардың мақсаты – Ауғанстанды өздеріне тұтас қарату. Мысалы, 1996-2001 жылдары ол елде тәлібтердің билігі орнады. Сол кезде олар Кабулға дейін басып алды. Қазір де соны қайталағысы келеді. Сол үшін олар Орталық Азияға қарай емес, Ауғанстанның өз ішінде ұрыс қимылдарын жүргізетін болады. Менің ойымша, қазіргі уақытта тәлібтер Орталық Азиямен шекаралас аудандарды басып алғанымен, олардың мақсаты – Кабулды алу. 2021 жылғы қыркүйек айында батыс күштері ауған жерінен толық шығып кеткеннен кейін, 1996 жылғыдай драмалық, трагедиялық оқиғаларға куә болуымыз мүмкін.
Орталық Азияны Ресей уысынан шығарғысы келмейді. Керісінше, осы аймақта экономикалық, әскери ықпалын арттыруды жоспарлайды. Бұл жоспардың іске асуына тәліб содырларының Ауғанстандағы осы іс-әрекеттерінің өзі итермелеп отыр. Қазір ресейлік сарапшылар Орталық Азия халқын үркіту, қорқыту формасында жұмыс істеп жатыр. Олар «Орталық Азия лаңкестік аймаққа айналады, оларды құтқаратын тек қана – Мәскеу, қазір Кремльдің саяси шешімінің нәтижесінде ғана Тәжікстанда тұрақтылық орнап тұр» дегінді айтуда. Ресей қара бұлтты төндіреді, түймедейді түйедей етеді. Соның нәтижесінде Орталық Азия аймағына тұтастай өз ықпалын бекітіп алуға тырысады.
«Бейтарап саясат ұстанып отырған Түрікменстанға да тәлібтер тарапынан қауіп төнеді» деген сөзді орыс сарапшылары көп айтуда. Осы арқылы аркадагты Мәскеуге тиімді шарттармен келісімге итермелеуі мүмкін. Ал Өзбекстан Ресеймен қандай да бір одақта жоқ. Бірақ Мәскеу Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы одағында Өзбекстанды көргісі келеді. Сондықтан Ресей ықпалын күшейту үшін Орталық Азия аймағына төнетін қауіпті еселеп көрсететін болады, – дейді саясаттанушы Асхат Қасенғали.
Расында да, саясаттанушы пікірінің жаны бар. Ал Қазақстан ауған әскерилерін өз территориясына орналастырады деп айту тіпті сенімсіз. Өйткені Ресеймен стратегиялық байланыс бар. Бірақ Орталық Азия аймағында мүдделер қақтығысы орын алайын деп тұр. Бұл жерде АҚШ емес, негізгі геосаяси шешімді Ресей шығаруы мүмкін. Мәскеу Орталық Азия аймағында қандай да бір өзге елдің, әсіресе АҚШ-тың әскери базасын орналастыруға көне қоймайды. Ресей ұлттық стратегиялық халықаралық жобалар институтының директоры Юрий Солозобов та «Тәлібтердің басты мақсаты – өз қарсыластарын ауған жерінен ығыстырып шығару. Содырлар басқа елдердің территориясына көз алартпайды. Егер солтүстікке, яғни тәжік, өзбек, түрікмен жағына қарай жылжитын болса, қатты соққы алатынын түсінеді. Оған Ресейдің және Орталық Азия республикаларының әскери қуаты жеткілікті» деген пікірде.
Ал ресейлік тағы бір сарапшы Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институының профессоры Андрей Казанцев: «Ауған мәселесінде кез келген нұсқа орын алуы мүмкін. Қысқа уақыт аралығында тәлібтер ауғанның тұтас территориясын жаулап алуы ықтимал. Екіншіден, ауғанның үкіметтік әскері белгілі бір жерге шоғырланады да, ұзаққа созылған азаматтық соғыс басталады. Үшіншіден, Ауғанстан діни-этникалық принциппен жік-жікке бөлінуі мүмкін. Төртіншіден, қақтығысқа көрші елдер араласуы ықтимал. Мәселен, Иран хазар тұрғындарын қолдайды. Пәкістан тәлібтердің жағында. Қандай жағдайға қарамастан, Ауғанстан мен оған көршілес елдер үшін жайлы нұсқа орын алмайды. Егер тәлібтер ауған шекарасынан Орталық Азияға қарай өтетін болса, Ресей мен Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше елдер әскери жағынан көмекке келеді. Алайда тәлібтер Орталық Азия аймағына енуге тырысып отырмағанын өздері де мәлімдеді», – деп отыр.
Демек, қалай болғанда да, қауіптің алдын алған жөн. Алдағы уақытта жағдайдың қандай нұсқада болмағы да айқындала түседі. Біз үшін басты мақсат Орталық Азия аймағында тұрақтылықты сақтау екені ақиқат.