Тамыз конференциясы: «Мұғалім мәртебесі» бекітіліп, ұстаздар ұлықталды
16 тамыз күні Шымкент қаласындағы Tulip Hall мәдени орталығында «Digital Kazakhstan: жаңа замандағы білім беру» тақырыбында педагогтардың қалалық дәстүрлі тамыз конференциясы өтті. Биылғы саммит басты тақырыбынан бөлек, «Біртұтас тәрбие» бағдарламасына арналған.
Өңірлерде өтіп жатқан ұстаздардың тамыз конференциясын 21 тамызға жоспарланған педагогтардың республикалық тамыз саммитіне дайындық деуге болады. Биыл республикалық пленарлық отырысқа 500 мыңнан астам педагог қатысуға мүмкіндік алады.
Білім күні қарсаңында Шымкентте өткен маңызды жиынға мегаполис әкімі Ғ.Сыздықбеков қатысып, барша ұстазды алдағы жаңа оқу жылымен құттықтап, сала үздіктерін марапаттады.
«Бүгінде цифрлық технологияларды, жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалану – негізгі талаптардың бірі. Бұл әрбір білім алушының, педагогтың және білім беру ұйымының оқу процесін жетілдіру үшін сөзсіз қажет. Бүгінгі таңда елімізде цифрландыру жүйесі қарқынды дамып келеді. Шымкент қаласы бойынша мемлекеттік қызметтерді цифрландыру, яғни балабақшаға кезекке қою, оқушыларды 1-сыныпқа қабылдау, педагогтардың аттестациясы, сонымен қатар цифрлық білім беру платформалары, ақпараттық электрондық журнал және «Қауіпсіз мектеп» автоматтандырылған жүйесі жүзеге асырылып жатыр» – деді қала әкімі.
Қазақстанда педагогтардың республикалық тамыз конференциясы бірнеше жылдан бері өтіп жүр. Ол елдегі атаулы күндердің біріне айналып үлгерді. Тамыз конференциясының мақсаты – педагогикалық қауымдастықпен диалог орнатып, білім беру саласындағы проблемаларды, мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беру сапасын жақсарту бағытындағы жұмыстарды талқылау.
Мұндай жиналыста жаңа оқу жылының басты мақсаттары мен негізгі міндеттері айқындалады. Шараға жаңашыл педагогтар, білім беру ұйымдарының үздік жетекшілері, сарапшылар мен ата-аналар қауымының өкілдері қатысады. Жиынға қатысқан спикерлер дөңгелек үстелдер, шеберлік сабақтары мен презентациялар өткізеді.
Кейінгі жылдары білім саласында үлкен өзгерістер болып жатыр. Арнайы «Мұғалім мәртебесі» бекітіліп, ұстаздар ұлықталды. Сондай-ақ саладағы тағы бір жаңалық – мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Баршаға қолжетімді сапалы білім» ұлттық бағдарламасының әзірленуі.
Оның басты мақсаты – білім сапасын жақсарту. Аталған ұлттық баяндаманы Шымкент қаласында жүзеге асырудың жол картасы дайындалған. Негізгі көрсеткіштері мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беруді дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасына енгізілді.
Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, жаңа оқу жылынан бастап «Нысаналы мектептер» жобасы бастау алады. Ол бойынша білім сапасында олқылығы бар қырық нысаналы мектепке әдістемелік сүйемелдеу жасалып, педагогтарының кәсіби дамуына жағдай жасалады.
Шымкент қаласында өткен конференция барысында білім берудегі цифрлық инновациялар, жасанды интеллект технологиялары, білім беру жүйесін дамытудың бірыңғай ұстанымдарын қалыптастыру мәселелері талқыланды. Жиын соңында қатысушыларға арнап инновациялық жобалар мен цифрлық платформалардың арнайы көрмесі ұйымдастырылды.
16 тамыздан бастап еліміздің 20 өңірінде білім беру қызметкерлерінің тамыз кеңесінің өңірлік секциялық отырыстары өтіп жатыр. Алғаш рет республикалық шара халықаралық саммит форматында өтіп, оған білім саласындағы халықаралық сарапшылар қатысады.
ҚР оқу-ағарту министрлігі орта білім беру комитетінің төрағасы Қаныбек Жұмашевтың айтуынша, өңірлік конференцияларда дәстүрлі пленарлық отырыстар, интерактивті параллельді сессиялардан бөлек «Цифрлы білім берудің болашағы» тақырыбында көрмелер ұйымдастырылады және цифрландыру саласындағы жетекші сарапшылардың қатысуымен шеберлік сабақтары өтеді.
Айта кетейік, 21 тамызда Астана қаласында өтетін республикалық саммитке Шымкент қаласынан 38 делегация мүшесі қатысады. Бұл сан ҚР оқу-ағарту министрлігінің өңірлер бойынша бөлінісіне сай белгіленген.
Қуан Өмірхан
Шымкент қаласы