Танагөз ТОЛҚЫНҚЫЗЫ, ақын: Маған «фейк өмір» ұнамайды
Ақын Танагөз Толқынқызы әлеуметтік желідегі жазбасында қоғамдағы жемқорлық, әділетсіздік және ұлттық менталитеттегі кемшіліктерді қатаң сынға алды. Оның айтуынша, шындықты айту – рухани жауапкершіліктің бір бөлігі, ал үмітсіздікпен күрес – қоғамның болашағын қалыптастырудың маңызды қадамы. Біз қоғамда резонанс туғызып, әлеуметті екіге бөлген жазбаның авторын әңгімеге тарттық.

Олардың қасында өзімді ұсқынсыз үйректей сезінемін
– Танагөз, соңғы жылдары әдеби ортадан алыстап кеткендей көрінесің. Әлде, бізге солай сезіле ме?
– Әдеби ортадан алыстағаным рас. Бір кездері сол әдеби ортамды ерекше жақсы көрдім. Сол ортада өзімді бақытты сезінетінмін. Әдеби ортаға қолымнан не келеді, соның бәрін жасап, қызмет еттім. Және сол қызметімнен шексіз ләззат алдым. Елуге жуық ақын туралы поэзиялық бағдарлама жасадым. Махаббатпен жасадым. Жас және орта жастағы көзі тірі ақын жазушылар туралы толыққанды әдеби портреттік жоба бұрын-сонды телеарналарда жоқ болатын. Болса да, өте мардымсыз, ашылғанынан жабылғаны тез хабарлар ғана болды. «Қазақстан» ұлттық арнасынан «Поэзия әлемі», «Абай» телеарнасынан «Поэзия қағанаты» деген хабар жасадым. Қазақ антологияларын испан, түрік, әзербайжан, саха тіліне аударған бірнеше жобаларды жүзеге асырдық. Тұсаукесерін елде ғана емес, Испанияның Мадрид, Барселона, Францияның Париж, Түркияның Ыстамбұл, Анкара, Әзербайжанның Баку және Сумгаит қалаларында өткіздік. Тіпті Әзербайжанға 20 ақынды ұйымдастырып алып бардым. Француз тіліне де қазақ ақындарының жолма-жол аудармасын осыдан 3 жыл бұрын жасап, Франциядағы әдеби аудармасын жасайтын адаммен де келісіп қойғанмын. Алайда қаржыландыру мәселесін шеше алмаған соң, ол да орта жолда тоқтап тұр. Қазір бірақ сол ортаға баруға кегежем кері тартып тұрады. Себебі екіжүзділікті, екі фронтта ойнайтын айлакерлікті, мансапқұмарлық, атаққұмарлық пен күні үшін жанын сататын жағымсыз нәрселерге гипер аллергиям бар екенімді ұқтым. Көтере алмаймын. Көпе-көрінеу жағымпаздықтан тіпті құсқым келеді. Осы айтқандарым менің ортама өте тән жайттар. Бұрын елемей жүре беретінмін. Қазір жүргім келмейді. Менің түсінгенім, бұл орта бір-бірін жақсы көрмейді. Жетістігіне қуана алмайды. Шын тілеулес емес. Әдеби ортамнан жанашырлық ниет мүлде жойылғанын аңғардым.
Жас кезіңде бәрі күшті көрінеді. Уақыт өте келе көп нәрсенің иллюзия екенін түсінесің. Мен оларды жек көрмеймін. Пенде ретінде әлсіздіктерін түсінемін. Бірақ олардың қасында өзімді ұсқынсыз үйректей ыңғайсыз, қолапайсыз сезінемін. Өйткені ол ортада бір-бірін шын құрметтеу, шын жақсы көру жоқ. Олар бір-бірінің тағдырына шын алаңдамайды. Бір-бірінің шындап, биікке көтерілуіне ықпал жасамайды. Бұл – менің жеке пікірім. Кейде бәрі маған оқылған кітап сияқты көрінеді. Жаның ләззат алатын терең әңгіме айтатын адам іздеп, сағынасың. Өз пікірімді ешқашан бұғып қалмайтындықтан және көп нәрсені ашық айтатын болғандықтан билікке ыңғайлы адам емеспін. Әдеби ортадағы мен мойындайтын біраз ақын билікке қызметке кетті. Немесе билік бақылауындағы БАҚ-ты басқарып отыр. Сондықтан олар менімен араласуға, дәмдес болуға қорқатын болар. Қожайындарына ұнамай қалам ба деп жүрексінетін сияқты. Өмір ғой. Қазір ешқайсымен араласпаймын.
@jasalash.kz Неге жастар Қазақстаннан кеткісі келеді? Ақын Танакөз Толқынқызының Jas Alash порталына берген сұхбатынан үзінді. #танакөзтолқынқызы #жасалаш #қазақстан #жемқорлық #fyp #рек ♬ оригинальный звук - Jasalash.kz
– Бүгінгі әдеби ортаны, ақын-жазушылардың пікірі мен әрекетін сырттай бақылағанда ең алдымен көкейге не келеді? Көңіліңді не жайландырады немесе түңілдіреді?
– Әдеби ортаның не істеп жүргенін білмеймін. Әркім өз күнін көріп жүр. Бұрынғыдай бастары жиі қосылады деп айта алмаймын.
– Олардың арасында елдің мұңын жеткізетін, датын айтатындар қалды ма? Әлде, көбі «ләппай, тақсыр!» ма? Бар болса, кімдерді атап өтер едің?
– Сіз бұл сұрақтың жауабын біліп отырсыз ғой. Егер елдің мұңын айтатын жазушы болса, оны қоғам естір еді. Олардың барлығы «аш бәледен қаш бәле» позициясына көшкен. Ал бұрын айтып, жазып жүретіндер де қазір үндемейді. Себебі айтқаннан ештеңе өзгермейді. Ал соңғы екі жылда аузын ашқанның бәрін түрмеге тоғытып, басып-жаншып ұстап отыр.
Қоғам шындықтың бетіне тура қарап үйренуі керек
– Кешегі жанайқай жазбаны жариялауға не себеп болды? Іштегі шерді шығаруға бір күнде келмеген шығарсың? Мұны билікке қарата айттың ба, әлде қарапайым халыққа ма?
– Бұл менің жалпы қазаққа қаратып айтылған жеке көзқарасым. Мен қара құмырсқадай қаптап кеткен көршілердің визасыз елге кіргенін аса құптамаймын. Қауіп көремін. Себебі олар сан жетпес. Біз әлі 20 млн халықпыз. Соларға есік ашық тұр. Бұрын олар аз болатын. Қазір біртіндеп барлық жерлерді алып жатыр. Бұрын ағылшын тілін оқуға баратын мекемеден бірен-саран ғана көрсем, қазір тұтас қабатты солар жалға алған. Дәлізде айқайлап сөйлеп, алшаң басып, өздерін тым еркін ұстайды. Келмей жатып қожайын сезінеді. Бассейнге барсам, олар бізді ығыстыра бастаған. Ешкімге жол бермейді, ығыспайды, ілтипат көрсетпейді. Ең соңғы моральдық соққыны үйімнің қасындағы массаж кабинетіне барғанда алдым. Олар сол жерден фитнес клуб ашқан. Мен баратын массаж кабинеті сол фитнес клубтың ішінде орналасқан бір бөлмеде екен. Сонда әлгі шүршіт мені есіктен кіргізбей екі рет кері қайтарды. Тілі келмей тұрса да орысша сөйлеп, шаңқ-шаңқ етеді. Өте дөрекі сөйлеседі. Сырттан келген қандас шығар деп: «Мен қазақша білемін. Қазақша сөйлей беріңіз!», – десем, «мен қазақ емеспін» деп шоршып түсті. Массаж жасайтын адамды телефонмен шақырып алып, оның кабинетіне кіргізбей, есігінен аттатпай қойғанын айттым. Сол кезде екеуі біраз жерге барысып, дауласты. Бұл бір көңілде үрей тудыратын көрініс еді. Өз жеріңде қоғамдық орын саналатын мекемеге кеудеңнен итеріп кіргізбеу өте жағымсыз әсер қалдырды.
Қазақ – өте бейқам, жайбарақат халық. Олар несиеге белшесінен батқан. Несиесі бар адам құлға айналады. Бар тапқан табысын банкке құяды. Басқа қоғамдық, елдік мәселелерді ойлай алмайды. Мүдделі топтарға қазақтың ел мәселесін ойлай алмайтын, тұрмыстың батпағына батып кеткен бейшара халі өте оңтайлы. Олар өз пиғыл мақсаттарын астыртын орындай береді. Егер біз тәуелсіздікті көздің қарашығындай сақтау жауапкершілігін мойнымызға қазір алмасақ, ертең кеш болады. Материалдық мүддені құдай етіп алған адамдарда отан болмайды. Олардың құдайы – ақша. Тәуелсіздікті күзету керек, сақтау керек. «Нарынқолдың да көп жерін сол қара құмырсқадай құжынағандар иемденіп алды» деген ауылдастардың шағымын көп естимін. Олар алтын игеруде және сол жерді жыртып, өнім алумен айналысады. Жемқорлық жайлаған елде заң жұмыс істейтініне аса сенбеймін. Заң ақшалы топтың мүддесіне жұмыс істеді. Қазақта ақша бар ма? Қазақта тек кредит бар. Олар осы мәселені көріп тұр. Бірақ шешуге қауқары жоқ. Өйткені біздің елде шындықты айтуға да, іздеуге де болмайды. Ол көп түйткіл тудырады, қуғынға ұшыратады, түрмеге тоғытады, ажал құштырады. Кез келген күрес жүрек күшін талап етеді. Бұл қазір бізде жоқ. Кредитке байланған адам жұмысынан айырылғысы келмейді. Жұмысына тәуелді адам ешқашан шындық айта алмайды, әділет үшін күресе алмайды. Бұл өте қауіпті үрдіс. Менің жанайқай жазба жазуыма көптен бері мазалап жүрген осы ой себепкер болды.
– Біздің қоғам шынымен де дәл сен суреттегендей надан, жағымпаз, сатқын ба? Осыны айтқаныңда көпшілік сені «артық кетті» деді...
– Жоқ, артық кеткен жоқпын. Мен тек бақылап көргенімді, түйсінгенімді, сезінгенімді қағазға түсірдім. Қоғам шындықтың бетіне тура қарап үйренуі керек. Әр нәрсені өз атымен атау керек. Ақты ақ, қараны қара деу керек. Егер менің жазғаным тұнып тұрған өтірік, жаптым жала, жақтым күйе болса, бетті осып түсетін шындық болмаса, қоғамда резонанс тудырмайтын еді. Мен не үшін өз халқыма жала жабуым керек? Мен біреуге жала жауып, одан ләззат алатын садомазохист емеспін. Жазбаның мақсаты – біреуді қорлау, ар намысын таптау емес. Ұлттың намысын жанып, ояту. Түнгі он екі жарымда салынған жазбамды он сағатқа толмай 316 000 адам оқыған. 631 адам бөлісіп, 6 400 адам реакция білдіріп, 3 200 адам пікір жазған. Біз неге осыншама мадақ сүйгіш ұлтпыз? Рухани дағдарыстағы халықты неге өтірік пафоспен мақтап отыруым керек? Онсыз да түгел қазақтың тойлары пафосқа толы мақтаулардан тұрмай ма? «Біздің бабаларымыз бәлен батырдың ұрпағы, түген ханның тұқымы, шетінен ақсүйек» деген псевдо мақтанға балапан кезіңде сенесің. Есейгенде адамның нақты келбеті мен іс-әрекетін көресің.
Шынымды айтайын, «Біздің қазақ 150 ұлтты құшағына сыйдырған» деген сөздер құлағымды қотыр қылды. Сондай жауыр болған өтірік мақтауларды естігім келмейді. Текті, рухани мықты, принципке берік болсаң, неге бір отбасы сені 30 жыл бойы тонаған? Оны ауыздықтауға неге сол текті ұлттың ақылы мен әлеуеті жетпеген? Ол кінәні неге біреуден іздеп, жауапкершілікті алпауыт көршісіне, тарихи геолокациясына, тағы басқа қаптаған таусылмайтын сылтауларға итере салады? Білімі қайда, күрескерлігі қайда, отансүйгіштігі қайда, ұлтқа қызметі қайда? Олар әділетсіздікке көніп қана қоймай, сол көп жемқордың біріне айналды. Қазақстанда пара берілмейтін мекеме қалмады. Мектептің еден жуушысынан бастап, балабақшаның тәрбиешісі, тіпті әдеби ортаның алатын сыйлықтарына дейін пара беру мен жемқорлық. Мысалы, менің әкемнің 100 жылқысы ұрланды. Оны ұйымдасқан қылмыс дейді. Қарапайым жылқышы, сот қызметкерлері, милиция, ауыл адамдары, яғни қарапайым халық ғасыр ұрлығын жасады. Балабақшаға кіруге, оқуға түсуге, жұмысқа орналасуға, қызметте өсуге, тегін пәтер алуға, жақсы дәрігерге ота жасатуға пара беру керек. Бірен-сараны өз күшімен кіргені болмаса, үлкен бөлшегі осы жүйемен жұмыс істейді. Жол салуға, мектеп салуға, тұрғын үй салуға бөлінген қаражат желініп, ең соңында қалған мардымсыз ақшаға кәсіби емес құрылысшылар сапасыз материалдан салған дүниеге ие боласыз. «Ұсталмаған ұры емес» демекші, бәрін көзімізбен көріп отырып, үндемейміз. Тұтас ұрпақ мәселені ақшамен шешуге болады деген түсінікпен өсіп жатыр. Сотталса, ақшамен шығарып алады. Кісі өлтіргендер, адам зорлағандар ақша беріп, бостандықта жүреді. Заң жұмыс істемейтін қоғам қауіпсіз емес. Сатып алынған дипломдар енді «жемісін» беріп жатыр.
Медицина саласында сауатсыздықтан жасалған қателіктер кесірінен адам өлімі мен мүгедек болып қалу факторы өте көп. Адам тағдырына жауапкершілікпен қарамайды. Бұл мәселе бірінші рет айтылып жатқан жоқ. Үнемі айтылып келеді. Ең қорқыныштысы, осы жемқор жүйе қоғам санасында нормаға айналды. Халық жемқорлықты ауызбен айыптайды, бірақ өздері қолмен жасай береді. Жемқорларды жамандайды, не істегенін біліп отырады, бірақ үйіне сол адамдарды құдайындай күтіп қонаққа шақырады, төрге отырғызады, бірінші сөз береді, кетер-кеткенше жағымпазданумен болады. Бұның аты – екіжүзділік.
@jasalash.kz Ақын Танакөз Толқынқызының Jas Alash порталына берген сұхбатынан үзінді #танакөзтолқынқызы #халық #билік #fyp #rec ♬ оригинальный звук - Jasalash.kz
Менде барлық скриндер сақталған...
– Қоғамда резонанс туғызған жазбаңа әртүрлі пікір айтылып жатыр. Біреулер «Атың шықпаса, жер өртенің кері. Мұндайларға мүлде мән бермеу керек» десе, енді бірі екі қолын көтеріп қолдауда. Қай жақ басым?
– Шынымды айтайын, бұл осыншама резонанс тудырады деп ойлаған жоқпын. Қарапайым әдеттегі жазба болатын. Ішімде қыз-қыз қайнап, мазамды қашырып, жаныма батып жүрген түйткілді ойды, ішкі уайымды жазып сыртқа шығардым. Ол бомба сияқты жарылды. Себебі ол ой, ол уайым бәрінің ішінде жүрген. Көбі батылы жетіп жазбаған. Менің жаратылысым сондай, аузымнан шыққан сөздер нысанаға қазық қаққандай дәлдікпен тиеді. Мәймөңкелеп, алыстан сермеп, жұмсартып жеткізуге де болатын шығар. Бірақ әр адамның мінезі, темпераменті әртүрлі болады. Менің ішімде жүрген ойлар тасқыны осылай төгіліп түсті.
Мен – саясаткер емеспін, мен – ақынмын. Ақын үндемей отыру үшін жаратылмаған. Ол айту үшін жаратылған. Халықтың ойындағысы – ақынның тілінде. Ақын – қашан да қоғамның барометрі. Ол қоғамдағы көңіл күйдің ауанын, температурасын өлшеп тұрады. Ақындық интуициям мына бейқам жайбарақаттық, немқұрайлылық, «сен тимесең, мен тиме, бадырақ көз» ұстанымы тәуелсіздіктен айырылып қалудың төте жолы екенін сездіреді. Ішімдегі дабыл сыртқа шықты. Сөйтсем, ол дабыл көп адамның ішінде жүр екен. Расында да, жазылған мәтінге әдебиеттің гиперболалық әдісі таңдалған. Қауіпті тез естірту үшін, жүрекке тікелей жету үшін күшейтпелі эффектімен жазылады. Мен – қазақпын. Мен өз ұлтымды сүйемін. Ол – аксиома ғой. Бірақ қазақтың бойындағы қазіргі таңдағы мерез мінез-құлқын аяусыз сынауға хақым бар. Жаман мінезді сынау – ол жек көру емес. Жек көру – ол өтірік мақтау. Оны сынау үшін әлдекім болу, не ұлы Абай болу шарт емес. Мен ешкім болмасам да, осы ойларымды айтамын. Ойымды еркін айту – менің Ата заңда бекітілген базалық құқым. Мінез-құлықтағы үлкен кемшіліктерді есту, оны мойындау, онымен жұмыс істеу – сау һәм бақытты қоғам құрудың алғышарты. Біздің ең үлкен дертіміз – жемқорлық. Жемқорлықтың түп-тамырында ардан аттау жатады. Ал ар жоқ жерде ештеңе жоқ.

– «Қарындасымды талап жатыр екен. Ақын ғой, әйел ғой. Үмітсіздігі болмаса, шындығы басым» деген пікірді көзім шалды. Сондай-ақ тұтас халықты айыптағаны үшін сотқа берем дегендер де шықты. Бұған не айтар едің?
– Халықтың кемшілігін айтуға болмай ма? «Ауруын жасырған өледі» дегенді айтқан да халық емес пе? Онда неге ауруымызды жасыруымыз керек? Өлу үшін бе? Ал, жарайды, мен ештеңе айтпадым. Ешкім ештеңе айтпасын. Ұлы үнсіздікте өмір сүрейік. Мына шіріген қоғам сонда қалай өзгереді? Балаларыңа қандай қоғамдық құндылықтарды мұраға қалдырасың? Әлі жүз жыл өтсе де, осы жабайы қалпымызда бәрін ақша беріп, шешіп жүреміз бе? Осылай өмір сүру сізге ұнай ма? Әділетсіздікке енді қанша ғасыр төзуге дайынсыз? Қазақ барлық инвестициясын балаларын оқытуға жұмсайды. Бірақ Қазақстанға білімді адамдар қажет емес. Оларды қайраңға шыққан балықтай лақтырып тастайды. Қызметте өсу үшін ең бірінші қойылатын талап – жағымпаздық өнері. Білім емес, талант емес, тәжірибе емес. Өсу шарты – бастыққа ыңғайлы, адал болу және мадақ одаларын айтуға машықтанған ұлы жағымпаздық. Осы қалыптасқан үрдіспен өмір сүру ұнай ма? Жоқ, әлде менталитетімізге судай сіңіп кеткен осы ғадетті қасірет деп мойындау қиын ба? Ең бір жаман, мерез, тоғышар нәрселер неге біздің елде қалыпты, үйреншікті тұрмыс салтына айналған? Егер халықта сыни ойлау қабілеті болса, неге олар тарих алдындағы өз жауапкершілігін мойнына алмайды? Сосын қоғамның аузын аштыртпай, жауып ұстау кімге тиімді? Қарапайым халыққа ма, жоқ билікке ме? Кеңес дәуірінен келе жатқан күшпен басып-жаншып ұстау, түрмемен қорқыту не әдет? Мені сотқа бергісі келетін адамдар сонда өз әрекетін қалай елестетеді? Олар неге өздерінің мерез мінез-құлықтарына емес, оны айтқан адамға жау болады? Олар менімен емес, өзімен күрессін, өзінің бойындағы кемшіліктермен күрессін. Псевдо намыс – надандықтың көрінісі. Егер олар мені сотқа берсе, жеке басыма өтіп, ауыр сөздер айтып, жала жапқаны үшін мен де қарсы арыз беремін. Менде барлық скриндер сақталған.
– «Қазақ ұлты тәуелсіздігін сақтап қала алмайды. Себебі сапасыз ұлтқа айналған. Принципі жоқ надан ұлт қалыптасты» деген пікіріңді қандай мысалдармен тәпсірлер едің? «Үмітсіз шайтан» дейді ғой, болашаққа деген сенімді қайта оятуға болатын шығар...
– Егер мына жемқор менталитеттен емделмесек, біз тәуелсіздікті сақтап қала алмаймыз. Ал мен көрген қоғамда жемқорлық үдемесе, азайған жоқ. Оны шын жүрегімен жоюға күш салып жатқан адам көрген жоқпын. Бәрі тек сөз жүзіндегі бос ұрандар. Күнде көретінім – өтірік есеп беру, өтірік ұрандар, өтірік қырғын шаруа бітіріп жүрген түр жасау. Қағаз жүзінде бәрі – тастай. Іс жүзінде қирап жатады. Маған ондай фейк өмір ұнамайды. Ондай әсіре имитациядан қажыдым. Сонда біз кімді алдаймыз? Өзімізді ғой. Өтірік өмір сүруден шаршадым. «Тұтас бір ұлтты айыптады, қорлады» деп мәтіннің негізгі ниетін айдалаға бұрмалап, қиқуға айғай қосып, менен халық жауы жасамай-ақ қойсын. Бұл – халықтың оянбауына мүдделі топтардың жасап отырған манипуляциясы. Әрине, Абай мен Міржақып оята алмаған қазақты мен оята алмаймын. Бірақ мен өзгеру үшін әрекетті таңдаймын. Ол әрекеттің бірінші қадамы – кемшілікті мойындау. Оның көзіне тура қарау. Әр кемшілікті қаншалық ауыр болса да өз атымен атау. Екінші қадам – оны айту. Үшінші қадам – сол кемшілікті енді қайтып болдырмауға шешім қабылдау. Адам тас-түйін бекінгенде, пісіп-жетілгенде ғана өзгеріс басталады. Үміт дегеніңіздің тамырында әрекет жату керек. Әрекет қыл, сосын үміттен! Мен қазақ халқының өзгергенін қалаймын. Жемқорлықпен бітіспес шын майдан басталғанын армандаймын. Себебі бұлай жалғаса беруі мүмкін емес.
Сұхбаттасқан
Динара
Мыңжасарқызы