Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:54, 16 Маусым 2021

Таңбалы тасқа төнген қауіп

None
None

Тарихы тасқа қашалған қазақ даласы адамзаттың алтын бесігі іспетті. Алтын адам табылған Жетісу жерінен де көптеген жәдігерлерді кезіктіруге болады.

Десек те, жәдігерлерімізге ие бола алдық па, сақтап қалу бағытында қандай жұмыстар жүргізілуде деген сұрақ туындайтыны сөзсіз. Осы орайда, Кербұлақ ауданы Арқарлы асуындағы петроглифтерге қатысты мәселе көтерілген-ді. Тіпті, әлеуметтік желіде бірнеше пост жарияланып, дүмпу туғызып үлгерді. Жазбаларда: «3000 жылдық тарихы бар таңбалы тастарды бизнесмендер үгітіп, щебенка, плита, брусчатка етіп жіберіпті» делінген жолдар бар.

Жоғарыда айтылған мәселенің анық-қанығына көз жеткізіп, рас-өтірігін анықтау мақсатымен Алматы облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы журналистер үшін арнайы экспедиция ұйымдастырды. Көзге көрінген көрініс – таңбалы тастарға зерттеу жүргізіліп жатқаны. Ешқандай да үгітіліп жатқан тарихи тас көзге түспейді. Керісінше, петроглифтер мемлекеттік қорғауға алынып, тіпті Әлкей Марғұлан атындағы Археология институты анықтау-барлау жұмыстарын жүргізіп жатыр екен.

Журналистермен сұхбаттасу барысында институтының ғылыми қызметкері Александр Горячев:

– Кербұлақ ауданы бойынша зерттеу мамыр айынан басталды. Қазіргі таңда аудан аумағынан петроглифтердің 20 орны табылды. Суреттердің көпшілігі қола, сақ дәуірінен бастау алады, сондай-ақ ежелгі түріктерге тиесілі таңбалар да бар. Қарлұқ қағанатына тиесілі қыш құмыраларын да кезіктірдік. Әр петроглифті тізімге алу жұмыстары қызу жүріп жатыр. Келешекте Жетісудің өзге өңірлерінде археологиялық зерттеу жүргізуге әзірміз, – деді. Анықтау-бағалау жұмысына облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына қарасты «Мәдени мұра» орталығы, Кербұлақ ауданының әкімдігі, сонымен бірге «Охотники за петроглифами» еріктілер тобының үйлестірушісі Ольга Гумирова да атсалысуда. Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Марлен Көлбаев:

– Петроглифтер 2017 жылдан бері мемлекет қорғауында, содан бері олардың біреуіне де зақым келмеді. Бүгінде анықтау-барлау жұмыстары аяқталуға жақын және анықталған барлық петроглифтерге паспортизация жұмыстары басталды. Содан кейін орналасқан орындары бойынша сызбасы жасалып, аудандық жер бөліміне тіркеліп, электронды базасына енгізіледі, – деп, петроглифтер орналасқан жер телімдері жекеменшік құқығында болса, ол жерлер мемлекет меншігіне қайтарылу бағытында жұмыстар жүргізіліп жатқанын тілге тиек етті.

Айта кетейік, 2006 жылы Серік Үмбетовтің үкімімен петроглифтер орналасқан аймақ жекеменшікке берілген еді. Ол жерде арнайы карьер жұмысын бастап, 2017 жылға дейін таңбалы тастар үгітіліп, қай қолда кеткені туралы өтірік емес-ті. «Архарлы Тас» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі және «Кереев и К» толық серіктес орталығының қарамағында болып, қиыршық тас шығаратын зауыт жұмыс жасаған. «Кереев и К» толық серіктес орталығында 2007 жылы меншікке берілген 136,88 гектар жердің мемлекеттік актісі бойынша зауыт салынып, ескерту жұмыстары жасалғанға дейін қызмет жасап келген. Қазіргі уақытта бұл аумақта жұмыс тоқтап тұр, ешқандай тас өңдеу жүргізіліп жатқан жоқ.

«Архарлы-Тас» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі орналасу аймағында таңбалы тастардың орны анықталған. Табылған әрбір тарихи тастардың құжаттары мен сызбасы жасалған жағдайда ғана мемлекет меншігіне қайтарылады екен. Бұл туралы Марлен Қапашұлы:

– Үстіміздегі жылдың сәуір айында археологтармен келісімшарт жасалып, мамыр айынан бастап барлау жұмыстары басталып кетті. Қазіргі таңда Арқарлы петроглифтерінің 70 пайызы анықталды. Анықталған тарихи тастардың құжаттары дайындалуда. Егер жекеменшік иелері табылған жағдайда түсіндірме жұмыстары жүргізіледі. Осы уақытқа дейін анықталған екі кәсіпкермен аудан әкімдері келіссөз жұмыстарын жүргізді, – дейді. 

Ал археолог Ольга Гумированың айтуынша, зерттеу барысында қиратылған тастар арасында жұмыс жасау қиынға соққан. «Тарихи тастың жартысы қопарылып, үгіндіге айналып кетті. Сондықтан толық зерттеу жұмыстарын жүргізу мүмкін болмай тұр. Бірақ шама-шарқымыз келгенше зерттеу барысы тоқтаусыз жүргізілуде», – дейді зерттеуші

Қазақ даласының өткенінен сыр шертетін петроглифтердің жылдар  қараусыз жатқаны қынжылтады. Сол бақылаусыз кездері қанша жәдігердің көзі жоғалғанын ешкім тап басып айта алмайды. Егер жағдай осылай жалғаса бергенде, болашақта олар мүлдем жоғалып кетер еді. Дабыл қағылмаса бұған ешкім назар аудармасы анық болатын. «Ештен кеш жақсы» дегендей, біраз кешіксек те қорғау және зерттеу шаралары қолға алынғаны қуантады.

Тегтер: