Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:01, 12 Тамыз 2021

Таңдау еркіндігі: зайырлы мемлекет болудың бес артықшылығы

None
None

       Еліміз тәуелсіздік алғаннан бері 18 түрлі конфессия өкілдері Қазақстанда бейбітшілік пен келісімде өмір сүруде.

Демек, зайырлы жүйенің ең бірінші және даусыз артықшылығы – дін бостандығы. Адам кез келген ресми тіркелген ассоциацияға кіру арқылы өз дінін таңдай алады және қажетті рәсімдерді сақтай отырып, оны байсалды түрде қолдана алады. Заңгер Тимур Джапаров:

     – Егер заңнамаға қайшы келмесе, мемлекет діни қызметке араласпайды. Оның үстіне заң адамдарға белгілі бір дінді таңуға емес, таңдау мүмкіндігін беруге бағытталған. Әрине, бұл Қазақстанда тыйым салынған радикалды қозғалыстарға қатысты емес. Басқа жағдайдың бәрі бейбіт түрде өтеді, егер діни бірлестіктің ресми тіркеуі болса, ол арнайы белгіленген жерлерде жиналыстар өткізе алады, дұғаларын оқып, дінінің тарихын зерттей алады және мерекелерді ұйымдастыра алады. Егер мемлекет тек исламдық болса, онда бұл мүмкін емес болатын еді, өйткені мұндай жүйе өз азаматтарынан имандылықты талап етеді, – дейді.

       Тағы бір артықшылық – міндетті орта білім және белгілі бір конфессияға жататынына қарамастан, жоғары білім алу мүмкіндігі. Сонымен қатар Қазақстан азаматы діни білімді, яғни христиандық немесе мұсылмандық оқу орнында оқи алады, оған ешқандай кедергі жоқ. Әрине, зайырлы мемлекетте әйелдерді кемсітудің болмауы да маңызды. Олар ер адамдармен тең дәрежеде оқиды, жоғары мемлекеттік лауазымдарды иелене алады және таңдау жасауында еш шектелмейді. Алматы қаласы дін істері басқармасы жанындағы консультация, бейімдеу және оңалту орталығының теологы Бауыржан Ахметов былай дейді:

     – Біздің орталықта деструктивті діни ағымдардан зардап шеккен адамдармен жұмыс істеу үшін арнайы білім алған әйелдер бар. Олардың күйеуі оқуға, теледидар көруге, достарымен сөйлесуге тыйым салған радикалды ағымдардың құрбаны болған әйелдерден айырмашылығын байқауға болады. Зайырлы мемлекет тыйым салынбаған кез келген дінді ұстануға ғана емес, сонымен қатар оны ғылым тұрғысынан зерттеуге, маман болуға мүмкіндік береді. Біздің өз университеттеріміз бар, олардың білімі араб елдеріндегі қазақ жастарының алған білімінен түбегейлі ерекшеленеді. Ол жақтағы білім де жаман емес, тек онда дінді бірінші орынға қоятын мемлекет құруға бағытталған. Ал мұнда біз діни процестерді тарих, философия және басқа ғылымдар тұрғысынан тереңірек зерттейміз.

       Үшіншіден, діни бірлестіктердің мемлекеттік істерге араласпауы. Қазақстанда діни сенімдерге негізделген саяси партиялар ұйымдастыруға тыйым салынады, яғни барлық мемлекеттік қызмет діннен толық бөлінген. Себебі зайырлы мемлекеттің принциптерінің бірі – ресми діннің жоқтығы болғандықтан, бұл ешбір діни бірлестік құқықтың қайнар көзі ретінде әрекет ете алмайды және заң актілерінің негізін белгілей алмайды дегенді білдіреді. Бұл азаматтың мұсылман, буддист немесе атеист екеніне қарамастан, заң алдындағы теңдігінің негізі. Олар құқық бұзушылықтар мен қылмыстар үшін бірдей деңгейде жауапты болады.

       Төртіншіден – әртүрлі халықтардың дәстүрлерін сақтау. Тарихқа көз жүгіртсек, Қазақстан аумағында бірде-бір дін ортодоксалды болған емес. Тіпті ел азаматтарының көпшілігі мойындайтын ислам діні де қазақтардың көшпелі өмір салтына сәйкес дамыды. Біз ханафи мәзхабын мойындаймыз: бұл оның алдындағы барлық дәстүрлер мен әдет-ғұрыптар ұмытылуын дәріптемейді. Қазақстанда әлі күнге дейін ата-бабаларының рухын құрметтейді, мерекелік іс-шараларда түрлі рәсімдерді қолданады. Және бұл тек исламға ғана емес, басқа діндерге де қатысты. Елде көптеген христиандық мерекелер тойланады, бірақ бұл осы діндер басым дегенді білдірмейді, бұл – біздің мемлекеттегі сенушілердің көпшілігіне құрмет белгісі. Үлкен консультативтік-кеңесші орган – Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды, оның миссияларының бірі – елімізде тұратын барлық этностардың дәстүрлерін, мәдениетін, тілі мен тарихын сақтау.

         Толеранттылық – зайырлы мемлекеттің бесінші артықшылығы, мұнда біз тек діни толеранттылық туралы ғана емес, барлық гуманистік құндылықтар, ар-ождан бостандығы, қоғамның рухани өміріндегі әртүрлілікті мойындау туралы айтып отырмыз.

         Қазақстанның тұңғыш президенті Н.Назарбаев: «Зайырлы мемлекет пен қоғам – біздің тарихи таңдауымыз. Зайырлылық атеизмді білдірмейді. Зайырлылық – прогрессивті, толерантты да ашық қоғамды білдіреді. Дәстүрлі діндерге қолдау көрсете отырып, біз экстремизмнің барлық түрлерін үзілді-кесілді қабылдамаймыз», – деген болатын. Толеранттылық –

дамыған демократиялық қоғамның принциптерінің бірі, ол бойынша мемлекет пен діннің қарым-қатынасы демократиялық, достық сипатта болады, діни негіздегі қақтығыстарға жол берілмейді.

Тегтер: