Таңдау жасар күн жақын: АЭС-ті кім салады?

Қазақстан тарихындағы тұңғыш атом электр станциясы (АЭС) жобасы энергия саласындағы ғана емес, геосаяси тұрғыдағы маңызды бастамаға айналып отыр.
Бұл жобаға төрт компания – Қытайдың CNNC, Ресейдің «Росатом», Оңтүстік Кореяның KHNP және Францияның EDF таңдап алынғанымен, негізгі тартыс Қытай мен Ресей арасында өрбіп жатыр. Сарапшылар бұл таңдау тек технология мен бағаға қатысты шешім емес, сонымен бірге Қазақстанның сыртқы саясат бағытының көрсеткіші болады деп пайымдайды. Жақында Назарбаевтың Ресейге барып, Путинмен кездесуі АЭС айналасындағы болжамдарға шоқ түсіргендей болды.
CNNC vs «Росатом»: қай ел басым түседі?
Қытайлық CNNC (China National Nuclear Corporation) Қазақстанға HPR-1000 үлгісіндегі екі реакторын салуды ұсынды. Әрқайсысы 1 200 МВт болатын бұл қос блоктың жиынтық қуаты 2,4 ГВт-ты құрайды. Ең бастысы – Қытай тарапы жобаны бар-жоғы 5,5 млрд долларға салып беруге дайын екенін мәлімдеді. Бұл сома Қазақстан энергетика министрлігі бұрын болжаған 10–15 миллиард долларлық шығынның шамамен жартысына тең. Ал «Росатом» өз тарапынан қуаты ұқсас ВВЭР-1200 реакторларын ұсынған. Алайда ресейлік жобаның құны айтарлықтай қымбат: Қазақстан үкіметі басқа баламалы реакторлар (соның ішінде «Росатомдыкі») кемінде 12–15 млрд қаржы талап ететінін хабарлаған. Яғни Қытай ұсынысы бағалық тұрғыда өте тиімді.
CNNC ұсынған HPR-1000 реакторлары Қытайда және басқа елдерге (Пәкістан, т.б.) сәтті экспортталып жатыр. Ал «Росатомның» ВВЭР-1200 реакторлары Ресейде және шет елдерде жұмыс істеп тұрған қуатты әрі сыналған технология саналады. Дегенмен Қытай жағы Қазақстанды өз жобасына тарту үшін айрықша қаржылық-технологиялық жеңілдіктер ұсынып отырғаны анық. Мәселен, CNNC Қазақстанға технологияларын беруге және отын өндірісі циклында толық Қазақстанның бақылау жасауына келісім беретінін ашық айтты. Бұл ұсыныс жергілікті мамандарды даярлау, ядролық отынды өзі өндіру арқылы энергетикалық тәуелсіздікті қамтамасыз ету тұрғысынан өте маңызды. Ресейдің «Росатомы» болса, әдетте ядролық отынмен ұзақ мерзімді жабдықтауды өз мойнында қалдыруды жөн санайды (мысалы, Түркиядағы Akkuyu АЭС-інде отынды «Росатом» өзі жеткізіп, станцияға иелік етеді). Сондықтан Қазақстан үшін Қытай ұсынысының тартымдылығы тек арзан бағада ғана емес, сондай-ақ технологиялық егемендікті қамтамасыз етуде болып тұр.
«Росатом» ықпалы бәсеңдеп жатыр ма?
«Росатом» корпорациясы ұзақ уақыт бойы Қазақстанда атом энергетикасы саласындағы ықпалды ойыншы болып келген. Бұған дейін екі ел арасында бірқатар стратегиялық жобалар қолға алынған. Мәселен, 2014 жылдың мамырында Қазақстанның «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясы мен «Росатом» Қазақстанда ресейлік ВВЭР реакторы негізінде АЭС салу туралы меморандумға қол қойып, сол жылы қыркүйекте үкіметаралық келісімнің жобасы да дайындалған. Ол кезде АЭС-ті Шығыс Қазақстандағы Курчатов қаласы маңында салу жоспарланған. Ресей жағы тіпті «кедендік одақтағы одақтасымыз үшін әлемдік бағадан төмен, ішкі Ресей бағасымен сала аламыз» деп те уәде берген. Алайда бұл жоспар жүзеге асқан жоқ. 2016 жылы Қазақстан үкіметі электр энергиясына шұғыл қажеттілік жоқтығын алға тартып, АЭС құрылысын кейінге қалдырды.
«Росатомның» Қазақстандағы ықпалының төмендеуін көрсететін бір айқын мысал – уран өнеркәсібіндегі өзгерістер. Қазақстан – әлемдегі ең ірі уран өндіруші ел, әрі бұл салада Ресеймен кеңінен әріптестік орнатқан. Бұрын «Росатом» Қазақстандағы 14 уран кен орнының алтауын игеруге қатысып, одан шыққан өнімнің бір бөлігін иемденіп келген. Алайда Ресейдің Украинаға қарсы басталған соғысынан кейін қалыптасқан санкциялық жағдайда бұл ынтымақтастық Қазақстан үшін қауіпті факторға айнала бастады. 2024 жылдың соңында Қазақстан билігі «Росатомды» уран жобаларындағы үлестерін сатуға ашық түрде итермеледі деген дерек бар. 2024 жылы желтоқсанның орта шенінде ресейлік Uranium One («Росатомның» еншілес компаниясы) Қазақстандағы үш бірдей бірлескен кәсіпорындағы үлестерін қытайлық компанияларға сатып жіберді. Бұл кен орындары бұған дейін «Росатомның» Қазақстанмен бірлескен маңызды активтері саналады.
Шетелдік сарапшылардың айтуынша, Қазақстан «Росатом» қатысқан жобалардан бас тартуға саналы түрде ұмтылыс жасап жатқандай. Мұның басты себебі – Мәскеудің Украинадағы әрекеттеріне байланысты Ресей компанияларымен жұмыс істеу «саяси у төңірегіндегі тәуекелге» айналуы. Кейбір сарапшылар Астана «Росатом» үлесінің кетуін қалаған, өйткені «ол компанияның жобада болуы активті «токсичный» етіп, мүмкіндіктерді шектейді». Батыстың санкцияларынан қауіптенген инвесторлар Ресеймен байланысы бар активтерден бас тартуы мүмкін. Шынында да, Reuters агенттігінің мәліметі бойынша «Росатомның» қазақстандық кен орындарындағы үлесі «Қазатомөнеркәсіптің» Батыс нарығына уран сатуына кедергі келтіре бастаған. Қазақстанның өзі де инвесторларына «Росатоммен» байланысқан активтер санкциялық тәуекелге ұшыратуы мүмкін екенін ескерткен. Қытай компаниялары қазірдің өзінде Қазақстан уранының ең ірі сатып алушысы саналады, ал уран кеніштеріндегі ресейлік үлестердің кетуі Бейжіңнің позициясын одан әрі күшейтті.
Қытайды таңдау Мәскеу-Астана байланысына қалай әсер етеді?
Егер Қазақстан АЭС құрылысын салу құқығын Қытайдың CNNC компаниясына сеніп тапсырса, бұл қадамның Қазақстан–Ресей қатынастарына белгілі дәрежеде ықпал ететіні анық. Ең алдымен, Мәскеудің Орталық Азиядағы ықпалына соққы болмақ. Бұған дейін Орталық Азияда энергетикалық жобаларды көбіне Ресей жүзеге асырып келсе, енді стратегиялық маңызы зор АЭС құрылысының Ресей емес, Қытай үлесіне тиюі Кремль үшін бедел жоғалту болады. Сарапшылардың айтуынша, бұл жағдай «Ресейдің Қазақстандағы үстем рөлінің әлсіреп, Мәскеудің күші тіпті ядролық ынтымақтастық саласында да бәсеңсігенінің белгісі» болады. Ресей мұны геосаяси ықпал аясын тарылту деп қабылдауы мүмкін.
Кремльдің мұндай шешімге реакциясы салқын болатынын болжауға болады. Robert Lansing Institute сараптама орталығының есебінде, егер Астана Қытайды таңдаса, Ресей тарапы ресми наразылық ноталарын жолдап, энергетика саласындағы басқа жобалар бойынша ынтымақтастықты қайта қарауы, тіпті Қазақстан экспортына қатысты кейбір шектеу тетіктерін (мәселен, мұнай тасымалы құбырлары немесе теміржол транзиті бойынша) пайдалануы ықтимал деп жазылған. Сондай-ақ Мәскеу БАҚ арқылы Қытай жобасына күмәнмен қарауға, қоғам пікірін өзгертуге тырысуы ғажап емес. Мысалы, ресейлік БАҚ пен сарапшылар «Қытай Орталық Азияны экономикалық отарына айналдыруда» деген сияқты нарратив көтеріп, Қазақстан қоғамында теріс пікір туғызуға күш салуы мүмкін. Мұндай «жұмсақ қысым» қадамдарын Ресей бұрын да өз ықпалын сақтап қалу үшін қолданып келген. Ал еуропалық бұқаралық ақпарат құралдарында да «Қазақстан Ресейден біртіндеп алшақтап барады» деген мәліметтер көп. Мысалы, германиялық RND басылымы Украинадағы соғыстан кейінгі жағдайды сараптай келе: «Қазіргі қазақ үкіметі Мәскеуден мүмкін болғанша іргесін аулақ салуға бет алды» деп жазды.

Бірақ саясаткер Азаматхан Әміртай болса, бұл жағдайдың астынан саясат емес, экономикалық есеп іздеуіміз керек деп санайды. Оның сөзінше, қазір Қазақстанға ең арзан бағаны қай ел ұсынса, сол бізге тиімді болмақ.
«Біздің сырттан келетін энергияға тәуелді екеніміз жасырын емес. Энергияны дамыту, қажеттілікті өтеу мақсатында АЭС салуды қолға алдық. Біз тек уран өндіріп қана қоймай, оны байытып, энергияға айналдырып, басқа елдерге сатып табыс та табуымыз керек. Бұл болашақ үшін де қажет. Мұны саясаттан бұрын, таза әлеуметтік жағдайды көтерудегі қажеттілік деп атар едім. Қазір барлық технологиясы озық елдер АЭС құрылысын бірдей етіп сала алады. Бізге керегі, қай ел арзан баға ұсынуында болып тұр. Қытай Ресейден екі есе арзан баға ұсынып отыр. Сыртқы қарыздарды ескере отырып, Қазақстан да сапалы арзан бағада АЭС салғысы келеді. Сондықтан Қазақстан арзанын таңдайды. Саясаттан бұрын біз де болашақты ойлауымыз қажет. Қытай жыл сайын АЭС салып жатыр. Тәжірибесі бар. Ұсынысы да тиімді».
Дегенмен кейінгі жылдары Ресейдің санкциялық тәуекелдері артқаны да анық байқалып жатыр. Қалай болжам жасасақ та, оның болжам болып қала беретіні анық. Бірақ 10 сәуірде Ресейдің сыртқы істер министрі Лавровтың Қазақстанда келуі, көп өтпей көрші елдің энергетика министрі Цивилевтің Тоқаевқа Путиннің «жеке сәлемін» жеткізуі бекер емес шығар. Бұдан бөлек, Кремльді мазалайтын тағы бір жайт – жақында «Қазатомөнеркәсіп» пен чехиялық ČEZ a. s. компаниясы арасында келісім жасалып, Қазақстан табиғи уран концентратын Чехияға жеткізетін болды. Бұған дейін бұл ел аталмыш шикізатты Ресейден алып келген. Қазақстанның уран қоры әлемде ең ірі екенін ескерсек, бұл тек Чехиямен шектелмей, өзге де Еуропа елдері үшін жаңа баламаға айналуы ықтимал. Мұндай жағдайда Ресей уран нарығындағы ықпалынан айырыла бастайды. Ал Мәскеу үшін бұл стратегиялық және экономикалық тұрғыда аса ауыр соққы. Қытайдың «ураныңды байытып, оған қажетті мамандар даярлап береміз» деуі Ақорданың құлағына майдай жағуы әбден мүмкін.

Әсет Наурызбаев, энергетик-экономист: Қазақстандағы АЭС-ті Ресей салатыны анық
– Қазақстандағы АЭС жобасы бастапқыда Ресейдің ең жоғары деңгейдегі лоббиінің арқасында пайда болды. Президент Тоқаев өзінің мемлекет басшысы ретіндегі алғашқы шетелдік сапарынан дәл осы идеямен оралған еді. Кейінгі саммиттерде де Путин Тоқаевпен кездесуге «Росатомның» басшысын арнайы ертіп жүрді. Сондықтан объективті артықшылықтарға қарамастан, Қазақстандағы АЭС-ті Ресей салатыны анық – кем дегенде «атом аралын», яғни реактор мен оған қатысты барлық ядролық инфрақұрылымды салып береді. Бұл жоба Тоқаевтың жеке бастамасы, Назарбаевтың оған қатысы жоқ. Ал Қазақстан «энергетикалық аралдың» құрылысы үшін Қытай компанияларын шақыруы мүмкін. Себебі Ресейде АЭС-ке қажетті турбогенераторларды өндіруде белгілі қиындықтар бар. Егер бүкіл жоба толығымен Қытайға тапсырылса, бұл Ресеймен арадағы қарым-қатынастың айтарлықтай салқындауына әкеледі және бәлкім, Каспий құбыр консорциумының терминалдарында тағы да кедергілер тууы мүмкін. Қазірге дейін «Росатомға» қатысты ешқандай санкциялар жоқ. Дегенмен Батыс елдері өздерінде уранды байыту өндірісін кеңейте бастаған сәтте-ақ, «Росатом» бірден санкцияларға ұшырап, «токсикалық» болып шыға келуі мүмкін. Қазақстанның Қытаймен жұмыс істеуді қарастыру себебі де – осы тәуекел. Жалпы мұндай ақпараттық сипаттағы мәлімдемелер мен ақпарат тарату – бұл Ресейге көрсетіліп жатқан сауатты қысым, түпкі мақсат – келісімшарттарын жақсарту. Бірақ, өкінішке қарай, шарттар жақсарғанымен, оның нәтижесін тұтынушылар (қарапайым халық) сезіне қоюы екіталай.
Не десек те, жеңімпазды анықтайтын күн жақындап қалды. Қазақстан түпкілікті таңдауын екі апта ішінде жариялауы тиіс. Батыстық басылымдардың болжамына сүйенсек, Астанаға Ресейге салынған санкциялық тәуекелдерді ескермей болмайды. Бірақ бұл шешімнің қандай да бір нақты бағыттағы геосаяси бетбұрысты білдіре ме, әлде Ақорда айта беретін көпвекторлы саясаттың бір көрінісі ме – ол жағын алдағы күндері жарияланатын ресми мәлімдеме анықтайды.
Тұрсынбек БАШАР