Танымал марафоншы Марат Жыланбаев 7 жылға сотталды

Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты Марат Жыланбаевқа қатысты үкім шығарды. Оны тыйым салған экстремистік ұйымды қаржыландырғаны (ҚР ҚК 258-бабы 2-бөлігі), сондай-ақ оның қызметіне қатысты деп айыптаған.
"Алға, Қазақстан" тіркелмеген партиясының жетекшісі, белсенді Марат Жыланбаевты 7 жылға бас бостандығынан айырды.
Белсенділер қарсылығына қарамастан соты жабық өткен Жыланбаевқа үкім оқылатын уақыт алдын ала хабарланбады. Сәрсенбі күні белсендінің туыстары тергеу изоляторына хабарласып қана үкімнің жақын арада оқылатынын білген. Ізінше онлайн оқылатыны белгілі болды.
Бір күн бұрын танымал марафоншы сотта соңғы сөзін айтты. Оған жақтастары, журналистер қатыстырылған жоқ. Адвокатының айтуынша, Жыланбаев сотта ешқандай кінәсі жоғын, 2016 жылы митингіге шыққан сәттен бастап саяси қудалауға түскеніне дәлелдерін келтірген. Ол соңғы сөзін үш сағатқа жуық айтқан.
Осыған дейін соттағы жарыссөзде сөйлеген прокурор соттан халықаралық деңгейде аты әйгілі марафоншы, тіркелмеген "Алға, Қазақстан!" оппозициялық партиясының лидері Марат Жыланбаевты 10 жылға түрмеге қамауды сұраған.
Жарты жылға жуық уақыттан бері Астананың тергеу абақтысында отырған, биыл жазда қамауда отырып 60 жасқа толған Марат Жыланбаевтың ісі бойынша сот қазан айының аяғында басталған. Судьяның ұйғарымы бойынша жабық өткізіген процесс үкім шығаратын сәтке тез таяды.