Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
14:56, 13 Желтоқсан 2022

«Таңшолпан» – Шерағаңның аманаты еді...

None
None

«Таңшолпан» бағдарламасына – 30 жыл. Шерхан Мұртазаның талабынан туған таңғы бағдарлама «Таңшолпан» тәуелсіздік тарихының айшықты беттерін таңбалады.

Ел мен жердің таңғы тілегін күллі Қазақстанға жеткізіп, таңсәріден жұртпен бірге оянып, жұмысына асыққан қазақтың тамашалайтын, көретін, күннің алғашқы жаңалығын «Таңшолпаннан» еститін еді.

«Таңшолпанның» тақырып аясы кең, хабарының мазмұны терең болатын. Еркіндікті көрермен таңғы хабардың дауысынан танитын. Қазақтың әні шырқалды, әсерлі әңгімесі айтылды. Халықтың өнері, туа бітті болмысы дүйім жұртқа тарады. Дүниеге қазақтың табысын, талантын паш етті. Ақтаңдақтар да айтылды.

Отыз жыл эфирден түспеген «Таңшолпанның» бір басына жетерлік тарихы мен тағдыры бар бағдарлама. 1992 жылы Шерхан Мұртаза телерадиокорпорациясына төраға болып келді. Шерағаның келуімен телеарна жаңа серпін алып, қазақ тілді хабарлардың тамырына қан жүгіреді. Газет басқарып келген қарымды, мінезді қаламгер таңғы жетіден тоғызға дейін тек орысша сөйлейтін хабарды көріп, лездемеде «Бұл қалай? Тоқтатыңдар! Қазақты оятатын таңғы хабар ашыңдар!» деп, тастай тапсырма берді.  

          «Таңшолпанның» алғашқы ұжымын құрған белгілі тележурналист Иманбай Жұбай ол уақытта радиода жастар редакциясының бас редакторы әрі тәуелсіз «Байралионың» көркін қыздырып жүрген кезі еді. Қазақ телевизиясының ұзақ жылдар бас директоры болған марқұм Рафаэль Жұмабаев төрағаның тапсырмасы таңғы бағдарламаны қолға алуды Иманбай Жұбайға ұсынады. Иманбай Жұбай отыз жыл бұрынғы ескірмейтін естелікті есіне алып: «Шерағаң мені шақырып алды да: «Таңшолпан» таңғы бағдарлама болады. Екі апта уақыт беремін, екі аптада эфирге шығасыңдар», – деді. 

      Бағдарламаның алғашқы ұжымында еңбек еткен әріптестерге сол уақытта сынай да, міней де қарағандар аз болмады. Ал «Таңшолпан» өз бағытынан таймады, қарыштай берді. «Таңшолпанның» алдыңғы толқындары, алғашқы эфирі ерлікпен пара-пар дүние! Техника тапшы уақыт. Бағдарламаның жетекшісі Иманбай Жұбай, Бақберген Табылдиев, Әміролла Сарым, Базархан Аймағанбетов, Серік Есенов, Кенжебай Жармұқметов, Ғалия Әженова, Мариям Әлиасқарова, Балжан Баялиева,

Мұхтар Түменбай, Қуат Бораш, Азамат Қалымбетов, Ләззат Оңғар, Дархан Наушабаев. Алғашқы режиссерлері Арман Жұмаш, Нұрлан Жұмағалиев, Асыл Қаптағай, Уәлихан Исабеков. Дыбыс режиссерлері Қанапия Мусин, Болат Мәженов. Ассистенттер Райгүл Жуарбаева, Бибігүл Жуарбаева. Алғашқы тележүргізушілер Ләззат Танысбай, Лаура Юсупжанова, Хадиша Жамек, Архат Сыдықов, Ругиян Ладжу. Алғашқы шығарылымында-ақ бағдарламаның оншақты айдары болды. «Заң айдарын» Мақсұт Нәрікбаев жүргізді, «Зейнеп апамызды тыңдаңыздарды» Зейнеп Ахмет өзі жүргізетін. «Түркі даналығы» айдарын Жұмаш Кенебай жүргізді. Иманбай ағамыздың балалары Ләйла Иманбайқызы мен Есет Иманбайұлы 5 минуттық мультфильмнің алдында сол балаларға базарлық айдарын жүргізген. Ең қызығы, 1992 жылы 14 желтоқсан күні «Таңшолпанның» тұңғыш эфирі көрерменге жол тартып, эфир тізгінін жоба жетекшісі Иманбай Жұбай мен Лаура Юсупжанова жүргізеді. 

      Қазақтың мақтанышы, Qаzaqstan телерадиокорпорациясының Басқарма төрайымы Ләззат Танысбай «Таңшолпаннан» түлеп ұшқан журналист болатын. Бүгінде Басқарма төрайымы тікелей мұрындық болуымен қазақтың қуанышына айналған таңғы бағдарлама күн сайын көрермендеріне жол тартуда. Ғаламтор салтанат құрып тұрған заманда ақпараттық кеңістікте өз орнын тауып, бұрынғы бедерін жоғалтпаған хабар. 14 желтоқсан «Таңшолпан» жобасы отандық телевизия тарихындағы ең ұзақ жасап келе жатқан бағдарлама ретінде КИнЖС-тің рекордтар кітабына енбек. Осы күні таңғы 07:00-ден бастап мерекелік эфир болмақ.

«Таңшолпан» атауы бірнеше рет өзгергенін көпшілік жақсы біледі. Өз басым, 1994-1995 жылдары «Қайырлы таң» таңғы бағдарламасында бұрынғы ұжыммен бірге редактор әрі эфирге тізгіндеуші болдым. Тележурналистердің мектебіне айналған бұл бағдарламада 8 жылға жуық алғашқы ұжымды және кейінгі бірнеше шығармашылық топпен біте-қайнасқан уақыттар мен үшін үлкен мақтаныш! «Шапағат», «Арай» болып та аты өзгергенде әріптестермен бірге болдық. Жалпы «Таңшолпанның» әр кезеңдерінде қызмет жасаған шығармашылық топтар әр жылдарда жүзге тарта журналистер еңбек етті десем артық айтпаған болар едім. Олар тегіс сайыпқырандар. «Таңшолпан» күнделікті эфирге шығатындықтан, ол жерде жайбарақат, жүрдім-бардым жұмыс мүлде жоқ. Үнемі шептегі сарбаздай жүруің керек. Күнделікті 3 сағаттық эфирді толтыру барлық ұжымның мақсаты. Ал 1995-1996 жылдары көрермен «Таңшолпан» атымен қайта қауышты. Көп ұзамай бағдарламаның атауы тағы өзгерді. Бұл жолы «Шапағат» болды. 2000 жылдары «Қайырлы таң» болып қайта түледі.

Парадокс! 2009 жылы Ұлттық арнамызға төрағаның орынбасары қызметіне келген Ләззат Мұратқызы Таныспай бағдарламалардың ретін қарап, «Таңшолпан» қайда?» деп сұрайды. Осылайша, «Таңшолпанның» бағы қайта жанды. Қазіргі «Таңшолпан» ұжымы бұрынғы дәстүр бойынша жастардың ортасы. Жетекшісі Аргентина Жәнібек бастаған жастар. Олжас Қасым – шеф редактор, Абылай Хамидулла – продюсер. Редакторлары – Серік Жұмабек, Ботакөз Советқызы, Бауыржан Бөгенбай, Нұргүл Мәлтік. Режиссерлері – Абзал Сапарбек, Баймырза Қауғанбаев, Жанар Жұмекен. Ал ассистенттері – Индира Бесжанова. Администраторы – Мөлдір Асылбекова. Жүргізушілері – Ғалымжан Кеңшілік, Ардақ Қасымхан, Арай Кенжина, Қонысбек Терекұлы, Дастан Мүрсәлім, Ләйлә Қазиақпар, Бексұлтан Әкімжан сияқты талантты ұл-қыздар.

«Таңшолпан» бүгінде тек қана телевизиялық хабар емес, жалпы телеарналардың көш бастаушы символына айналған бағдарлама. Шерағаңның да әуелдегі мақсаты осы болатын. Он сегіз мың ғаламдағы 19 миллион халықтың досына айналған «Таңшолпанның» ғұмыры ұзақ болғай! 

Тегтер: