Тансықтың тынысы ашылды
Портрет жанрындағы бірегей отандық суретші-Таңсық Мәжитованың көрмесі Қарағандыда ашылды.
Өнер туындысын тамашалауға келушілер оның 60 астам жұмысына қанық болды. Көрме залында тәуелсіздіктің тау тұлғалары: қоғам және мемлекет қайраткерлерінен бастап, өнер мен мәдениеттің, әдебиеттің, ғарышкер және ғаламдардың бір топ шоғырларының кескін- келбеті бейнеленген портреттер ілінген. Қылқалам шебері барлық кейіпкерлерімен бетпе-бет кездесіп, олардың әр алуан көңіл-күйімен арпалысып отырып кескіндеген.
-Фариза Оңғарсыноваға алғаш рет барғанымда, қабылдаудан бас тартты. Ол кезде ақынның күйі болмады. Жабдықтарымды арқалап, Қарағандыға кері қайттым. Біраз уақыт өткен соң, Астанада жүргенімде арнайы шақырды. Бұл жолы мінезі орнықты болды. Әбдіжамал Нүрпейісов, Әбіш Кекілбаев секілді танымал жазушыларды салу оңайға соқпады. Олардың шаңырағынан үнемі меймандар арылмайтын. Соған қарамастан, олардың жан дүниесіндегі арпалысты, көзіндегі ұшқынды аңғару мен үшін маңызды болды-дейді суретші.
-«Тұлғалардың бейнесін жақыннан қарасаң, майлы бояуды кенепке төгіп шимайлап тастаған секілді. Әудем жерден көз тастасаң, әр тұлғаның мінезі мінсіз айшықталған. Бұдан суретшінің кейіпкердің жан-дүниесін тап басып аңғаратын көрегендігін, өз кәсібінің шынайы шебері екенін байқау қиын емес»,-дейді облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Еркебұлан Жұмакенов.
Қазақстан суретшілер одағы Қарағанды облыстық филиалының төрағасы Айдархан Қалмахановтың айтуынша, одақ мүшесі Таңсық Мәжитова қазір еліміздегі портрет жанрындағы бірегей өнер иесі.
— «Пейзажға аса құмар емеспін. Тапсырыс түссе, саламын. Бірақ, портрет -кәсіби шеберлігімді, шабытымды ашатын жанр. Бүгін ашылған «Тәуелсіздік жобасы» сериясын 2009 жылы бастадым. Тұңғыш рет Тоқтар Әубәкіров, Айман Мұсақожаева, Ақселеу Сейдімбековтің келбетін салдым. Одан әрі кейіпкерлер толыға берді,-деді көрме авторы.
Таңсық Сәбитбекқызы шетелдік, республикалық, облыстық көркемөнер көрмелеріне қатысып келеді. Портрет жанрынан бөлек оның экзотикалық жануарлар мен құстар, батик бағытындағы туындылары бір бөлек әлем.
-Суретшінің еңбектерінен табиғаттың тылсым сырын ашатын түстер жұмсақ бейнеленген. Бұл суретшінің тіршіліктегі сан түрлі бояулардың реңін аша білетін әрі сиқырына қаныққанын көрсетеді,-дейді Қарағандылық көрермен- Айгүл Сапарова.
Танымал суретшінің көрмесі еліміздің мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен қараша айында Елордада өткен болатын. Мамыр айында Алматыда ашу жоспарланып отыр.