Танзанияда сайлаудан кейін қақтығыстар күшейіп, жүздеген адам қаза тапты
Танзанияда өткен сәрсенбі күнгі жалпы сайлаудан кейін үш күнге созылған наразылықтар елді дүр сілкіндірді. Елдің басты оппозициялық партиясы Chadema өкілінің хабарлауынша, қауіпсіздік күштерімен қақтығыстар салдарынан шамамен 700 адам қаза тапқан.
BBC-ге сұхбат берген дипломатиялық дереккөз кемінде 500 адамның көз жұмғаны туралы сенімді мәлімет бар екенін айтқан.
Алайда нақты деректер әртүрлі. Бүкіл ел бойынша интернеттің өшірілуі ақпаратты тексеруді қиындатып отыр.
Коменданттық сағат және биліктің ұстанымы
Билік зорлық-зомбылық ауқымын азайтып көрсетуге тырысуда. Үкімет тәртіпсіздіктерді басу мақсатында коменданттық сағатты ұзартқан. Наразылықтардың басым бөлігі әділ емес сайлауға қарсы шыққан жастар арасында өрбіген.
Наразылар билікті оппозиция лидерлерін қудалау арқылы демократияны жоюда деп айыптап отыр. Оппозиция жетекшілерінің бірі қамауда, екіншісі сайлаудан техникалық себеппен шеттетілген. Бұл жағдай қазіргі президент Самия Сулуху Хасанның жеңіс мүмкіндігін арттырған.
Сенбі күні елдің сайлау комиссиясы Самияның 98 пайыз дауыс жинап, жеңіске жеткенін хабарлады. Ресми мәлімет бойынша, сайлауға 32 миллион азамат қатысқан.
Дәрігерлер үнсіз, ауруханалар лық толы
BBC тілшілерімен сөйлескен куәгерлердің айтуынша, ел астанасы Дар-эс-Салам мен өзге қалалардағы ауруханалар зардап шеккендерге толып кеткен. Көптеген мемлекеттік емханалар мен мәйітханалар адамға лық толы.
Журналистер мен адам құқықтары ұйымдары құрбандар туралы мәліметтерді тексеруде қиналуда, себебі ауруханалар дерек беруден бас тартқан.
Chadema партиясының сыртқы істер жөніндегі директоры Джон Китока BBC-ге берген сұхбатында:
«Қырғын түнде, ешкім көре алмайтын уақытта болып жатыр. Қауіпсіздік күштері біздің жетекшілерімізді іздеп жүр, кейбірі елден кетуге мәжбүр болды», – деді.
Халықаралық реакция
БҰҰ Танзания билігін шамадан тыс күш қолданбауға шақырды. Ал Ұлыбритания, Канада және Норвегия сыртқы істер министрлері бірлескен мәлімдеме жасап, ресми Додоманы сөз бостандығын құрметтеуге және сабыр сақтауға үндеді.
Айта кетейік, Самия Сулуху 2021 жылы марқұм президент Джон Магуфулидің қазасынан кейін билікке келген және Танзания тарихындағы тұңғыш әйел президент саналады.
Бастапқыда ол саяси босаңсу кезеңін бастап, реформатор ретінде танылған еді. Алайда кейінірек оппозицияны қудалау, белсенділер мен журналистерді тұтқындау қайта күшейді.
Биылғы сайлауда басты қарсыласы Тунду Лиссу «мемлекетке опасыздық жасады» деген айыппен қамауға алынған, ал тағы бір кандидат Луха Мпинани сайлауға қатысуға жіберілмеген.