Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 12:00

Тапсырмаңа туризмің сай болса, турист өліп несі бар?

Базарбек
Фото: zhasalash.kz (видео кадры)

8 мамыр күні Қапшағай су қоймасында бойжеткен суға батып, қаза тапты. Оқиға куәгерлерінің сөзінше, жағажайда кәсіби көмек көрсететін мамандар болмаған.

Батып бара жатқан қызды судан туыстары мен сондағы туристер өз бетінше алып шыққан. Осыдан кейін жағажайлардағы қауіпсіздік мәселесі ойландырады. 

Сол жағажайда демалыста жүрген депутат Бақытжан Базарбек те арнайы жазды:

 «Көз алдымызда бір қыз қаза тапты. Оны құтқарып қалуға болар еді. Жағажайда бейнебақылау камералары, құтқару шеңберлері, құтқару мұнаралары орнатылуы тиіс, құтқарушыларда дүрбілер, алғашқы медициналық көмек көрсете алатын медицина қызметкері, дауыс зорайтқыш, ақпараттық тақталар болуы керек. Өкінішке қарай, бұлардың ешқайсысы жоқ. Халықтан тек ақша алынады, ал демалуға қолайлы, өркениетті жағдай жасалмаған.

 Жағалауда қауіпсіздікке жауапты ешкім болмады. Су қоймасының жағасы жеке кәсіпкерлерге берілген».

 Оқиғадан соң Қонаев қаласының полиция басқармасы қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады: «Оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Полицейлер құтқару техникасының және кезекші құтқарушылардың бар-жоғын, демалыс аймағының белгіленген қауіпсіздік талаптарына сәйкестігін анықтайды».

 Бұл туралы толығырақ білу үшін Қонаев қаласы әкімдігіне хабарластық. Әкімдіктің баспасөз хатшысы Ақерке Жұмағазы:

 «Қылмыстық кодекстің 306-бабы 3-бөлігі, яғни «Қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін тауарларды шығару немесе сату, жұмыстарды орындау не қызметтер көрсету» бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.

 Қайғылы оқиға орын алған демалыс аймағының жұмысы уақытша тоқтатылды. Әкімдік тарапынан демалыс орындарына, жағажайларға қатысты мониторинг жалғасуда. Мониторинг барысында анықталған кемшіліктер құзырлы органдарға шара қабылдау үшін жолданып жатыр. Бұған дейін прокуратура, ТЖБ, әкімдік мамандары жағажайларда қызмет ететін кәсіпкерлермен бірнеше рет жүздесіп, барлық заң талаптарын түсіндірген болатын», – деп жауап берді.

 Мәселен, қаладағы №5, №6 жағажайлардағы кәсіпкерлік нысандар сенімгерлік басқарушы компаниялармен келісімшарт жасасқан. Соның негізінде, қауіпсіздік қамтамасыз етілуі тиіс. Құтқарушылар мен медицина қызметкерлерінің кезекшілігі, бейнебақылау мен өзге де қажетті шаралар ұйымдастырылған. Ал жекеменшік жағажайлардағы жағдай өзгеше секілді. Себебі қаза болған қызды судан туыстары мен сонда қайықты жалға беретін қарапайым тұрғындар шығарған. Сонда кәсіпкерлер қауіпсіздікке қатысты шығынды қысқартып тастаған ба? Әншейінде туризмді дамытып жатырмыз, жыл сайын келушілеріміз артуда деп есеп беретін Алматы облысының әкімдігі мұндай мәселелерді қалайша назардан тыс қалдырды?

 Алматы облысы былтыр Қазақстан бойынша рекордты жаңарттық деп сүйіншілеген еді. Есептерінше, 2024 жылы облысқа 1,9 миллион турист келіпті. Десек те, фестиваль өткізіп, қонақ шақырудан алдына жан салмайтын облыс қауіпсіздік шараларына келгенде әлі көп шаруаны реттеуі керек. Нақтысын сот анықтай жатар. Бірақ бұл кейс елдегі ішкі туризм мәселелерінің бір көрінісі ғана екенін де ұмытпаған жөн.

Тапсырмалар беріледі, трагедия қайталанады

 Президент Қасым-Жомарт Тоқаев туризм туралы көп айтады. Туризмнің дамуын сынап, шенеуніктерді бір сыбап алғаны естеріңізде болар. Әдеттегідей «бірқатар нақты тапсырмалар» да берілген. Содан бері динамика артты деген есептер көбейді. Спорт және туризм министрі Ербол Мырзабосынов 2024 жылы ішкі туристер саны 10,5 млн адамды, шетелдік келушілер 15,3 млн адамды құрағанын айтты.

 «Өңірлерде туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін шет тілдерін меңгерген туристік полиция қызметкерлері жұмыс істейді. Туристік орындарда бейнебақылау жүйесі орнатылған, жеке тасымалдаумен айналысатын адамдармен профилактикалық жұмыс жүргізіледі, транзиттік көлік жүргізушілеріне көмек көрсетіледі», – деген ол маусымда өткен Үкімет отырысында.

 Ал жиынды қорытындылаған премьер-министр Олжас Бектенов:

 «Мемлекет басшысы туризм индустриясы экономикалық өсімнің маңызды драйвері екенін бірнеше рет атап өтті. Бұл бағытта ауқымды жұмыс атқарылуда. Халықаралық әуе қатынастарының, теміржол және автокөлік бағыттарының географиясы кеңейтілуде, көші-қон рәсімдерін жеңілдету қолға алынды. Келген қонақтардың емін-еркін әрі қауіпсіз демалысына ерекше көңіл бөлініп отыр», – деп, бірнеше ведомствоға тапсырма да берді. Ішкі істер, төтенше жағдайлар, денсаулық сақтау министрліктеріне туристердің қауіпсіздік шараларын күшейту, туризм министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп, шетелдік туристердің Қазақстанда жайлы әрі қауіпсіз демалуын қамтамасыз ету бойынша шаралар кешенін әзірлеуді тапсырды. Сөйтіп жүргенде...

 Алматы облысындағы жағдайдан бөлек, Алматы қаласындағы Сайран көлінде жақында ғана екі адам суға батып кетті. Түркістан облысындағы Сайрамсу өзенінде 27 жастағы әйел де осылайша қаза тапқан еді. «Марқұм туыстарымен бірге «Сайрам-Өгем» ұлттық паркіне демалуға барған. Ол белгісіз жағдайда өзенге құлап кеткен», – деген ресми хабарлама да тарап еді. 4 мамырда Алматы маңында тауға шыққан студент те серуен кезінде қайтыс болды. Мұндай мысалдарды жүздеп айта беруге болады.

Дәретханадан қонақүйге дейін

 Қазақстандағы ішкі туризмнің тағы бір дерті – инфрақұрылым. Ол жайлы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жанындағы туризм комитетінің төрағасы Юлия Якупбаева айтып жүр. Сөзінше, туристердің саны расында артып жатыр. Алайда кәсіпкерлер мен инфрақұрылым оған дайын емес. «Он жыл бұрын халық туристік бағыттардан бейхабар деген мәселе актуалды болса, бүгінде, керісінше, барлық нысандарға баратын адам көп. Қонақүйге сыймай жатады. Тамақтанатын орындар тапшылығы да байқалады. Демек, овертуризм әсерінен инфрақұрылымға түсетін жүктеме артты», – дейді ол. Бұл жайлы PR маманы Ербол Азанбектен сұрадық:

 «Ішкі туризм қарқынды дамып жатқаны рас. Көрікті жерлердің қайсына барсаңыз да туристерге толы. Мысалы, жаз басталғалы Көлсай көлдері, Алматы маңындағы Іле Алатауы ұлттық паркінің аумағы, Алакөл, Шонжыдағы ыстық суда болып қайттық. Ешбірінде келушіден мәселе жоқ. Бірақ барлығына ортақ біраз проблема бар.

 Мысалы, ең бірінші – қонақүйді тауып, брондау, ақпарат алу. Көлсай көлдері, Саты ауылында ондаған қонақүй бар. Олар туралы ақпарат алып, брондау үлкен мәселе. Кейбірінің сайты жұмыс істеп тұр, көбін инстаграмнан, хабарландыру сайттарынан іздейсіз. Мессенджерден жауап алу қиын. Брондау процесі цифрланбаған. Демалыс орындары туралы ақпарат мүлде аз. Демалушылар «ұзынқұлақтан» естіп, кездейсоқ ақпарат арқылы барады. Мұны кәсіпкерлердің өзінен сұрасақ, қонақүй салу, айналасын абаттандыру, туристерге ыңғайлы сервис жасау үшін қаражат керек екенін айтады. Туристік қызметпен айналысып, қонақүй салғысы келетіндерге көп жағдайда қаржы көзі жетіспейді дейді.

Тағы бір жиі кездесетін мәселе – тамақтану жағы. Көп жерде сервис нашар, ал бағасы қымбат. Дәретхана мәселесі барлық жерде бар. Ұялы байланыс, интернет жағы да күрделі.

 Шетелдік азаматтар ағылшын тілінде ақпарат аз, туристік нысандарда ұлттық ерекшеліктер, құндылықтарды көрсету жағы дамымаған деген пікірді жиі айтады. Экологиялық мәдениет әлі де ақсап тұр», – дейді ол.

 Ал Қазақстан ішінде және жақын шетелдерге тур ұйымдастыратын жеке компанияның менеджері Биболат Бегалы ішкі туризмді дамытуға баға жағы да едәуір әсер етіп отыр деген пікірде. Үш жылдан бері Қазақстанның түкпір-түкпіріне тур ұйымдастырып келген ол соңғы бір жылдан бері Өзбекстан мен Қырғызстанның бірнеше локациясын да қосыпты. Турагенттің айтуынша, көршілес елдердегі қонақүй, жол ақысы, тамақтану жағы турист үшін қолжетімді әрі сапалы. Мұндай жағдайда таңдау әдетте шетелдік нысандардың пайдасына жасалады дейді ол. Расында да, Қазақстан ішінде саяхаттау кейде шетелге шығудан да қымбатқа түсетінін жиі естиміз. Көп өңірлерде қонақүйлер мен демалыс орындары аз, ал сұраныс маусым кезінде өте жоғары. Бұл бағаның шарықтауына алып келеді. Мысалы, Балқаш, Алакөл немесе Бурабайда жазда бағалар күрт өсіп кетеді. Өйткені бәсеке аз, ал турист көп.

 Бүгінде әлемдік жалпы өнімдегі туризмнің үлесі 9 пайыздан асты. Яғни пандемияға дейінгі деңгейге қайта келді деуге болады. Дүниежүзіндегі жұмыс орындарының шамамен 10 пайызы туризмге тиесілі. Әрбір төртінші жұмыс орны осы салада ашылып жатыр. Көрсетілетін қызметтер бойынша әлемдік экспорттың 30 пайызы, инвестицияның 7 пайызы және салық түсімдерінің 5 пайызы туризм арқылы түседі. Қазақстанның бұл саладағы потенциалы да жоғары бағаланады. Алайда сол мүмкіндіктерді пайдалану, бастысы, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету тұрғысында сұрақ әлі де көп.

Баян Мұратбекқызы

 

 

Тегтер: