Тапталған тағдыр

Сол мектеп бітіретін жетпісінші жылдардың басында елді бір дүмпу жайлады. Ерекше бір насихат түрі қарқын алды.
Қазақ мектебін бітіргендер жаппай қой бағулары керек. Қой бағу – қазақтың маңдайына жазылған бағы, атадан қалған мұра екен. Аудандық, облыстық, республикалық газеттер дүрлігіп, дүрліктіріп, дауылдатып, отқа май құя жазып жатты. Бұрқыратып, борандатып аудандық партия комитетінен бастап түгел насихат жұмысымен айналысты. «Әкенің ақ таяғы» деген одырайған тіркес пайда болды. Әкесі қойшы болса, міндетті түрде баласы да соның жолын қууы керек. Мектепті кілең беске бітірейін деп тұрсың ба, керемет мамандық иесі боламын деп арғымақ арман жалынан ұстадың ба, партияға бәрібір. Асқақтаған арманыңды тұншықтырып, қой қораға қуып тықпақ. Ақ таяқты қолыңа ұстап қой соңына түссең, сенен ақылды, сенен ойлы жан жоқ.
Ол – ол ма, комсомол-жастар бригадасы дегенді ойлап тапты партия. Енді жекелеп емес, бір класс оқушыларын түгелдей топырлатып қой соңына салды. Арман шіркін жүндей түтіліп, өрімдей жастар салпақтап мал соңына түсті. Соларды үлгі қылып, езулері ақ көбік болғанша насихаттады. Сондай айқайға аттан қосып тұрған бір жылы Жарқын да мектепті үздік бітірген еді. Есіл-дерті – құзар шыңдары бұлтқа шаншылған Алатау бауырындағы ару Алматының маңдайға басқан атақты университетіне түсу.
Сол асқақ арман жөңкіле көшкен бұлттай бірте-бірте алыстап бара жатты. «Әй, сайтан алғыр Сапақ-ай!..» Құдайдың құтты күні келіп, ал кеп азғырады. Қоңқақ мұрнын шуылдатып қолтығыңа кіре сөйлегенде, буының босап бара жатқанын сезбей де қаласың.
– Әкеден қалған ақ таяққа ие болайын деп тұрсың, – деді кезекті бір келгенінде кенеше жабысқан Сапақ. – Әке аманатын орындау – ұрпағы үшін абырой. Алматыға кім бармай жатыр?! Ал, оқырсың, сол түтіні өкпені ыстаған қалада. Ал, бітірерсің, сельхоз институтты. Өліп-өшіп, арып-ашып, қабырғаңнан күн көрініп, төрт жылдан кейін тыриып елге қайтасың. Жарайды, зоотехник, әлде мал дәрігері боларсың. Бәрібір сол қолақпандай дипломмен отырып, қарапайым қойшыға күнің түседі. Институт бітірген қай маманның да күні осы. Үйінде ауыздарын ашып шырылдаған шиборбайлар. Оларға ет керек, амалсыз қойшыға келіп телміреді. Сап-сау тұрған семіз қойды «ауру» деп акті жасайды. Жүргені сол, көрінген қойшыға алақан жайып. Ал сен болсаң, алдыңдағы бір отар қойдың ең семізін қалаған кезіңде соя саласың. Кейін арық-тұрақпен, жаңа туған қозымен орны толады. Құт қазаның ошақтан түспей, бүлк-бүлк етіп қайнайды да жатады.
– Мен мектепте қойшы болу үшін үздік оқыған жоқпын, – деді Жарқын ренішін жасыра алмай. – Тарихшы боламын. Ғылым жолына түсем.
– Жарқын, сен естімеген екенсің, мына Кеней облысында тұтас класс жеке бір отар қой алды да, комсомол-жастар бригадасын құрып, дүрілдетіп жатыр. Керемет емес пе, бүкіл елге үлгі болып отыр. Саған өмір бойы қойшы бол деп тұрған адам жоқ, тек бір-ақ жыл. Бір жыл бағып берші, құлағыңды ұрайындарды шулатпай… Адам таппай тұрмын. Әкең «бөлімше орталығына көшем, малыңды санап ал, қажыдым» деп отыр. Аузынан ақ май ағып отырған адам да қажи ма екен?! Сен келіссең болды, ақсақалды өзіме қаратам.
– Жоқ, кетемін Алматыға, – деп Жарқын теріс айналды.
– Қап… – Сапақ санын бір ұрды да, Жоламан қарияға қарай жөнелді.
Жорғалай басып Жарқынның әкесіне барды да, шыр айналдыра бастады. Ат ерттеп жатқан Жоламан ақсақал жақтырмай көз тастады. Ондық шамды айналған көбелектей қалбалақтаған бөлімше меңгерушісінің не айтары белгілі. Шыбжың қағып, кер аттың о жағынан бір, бұ жағынан бір шығады. Жарқын ақырын солай беттеді. Дауыстары қораға сүйенген Жарқынға еркін естіліп тұр.
– Ақсақал, ақылға келейік, малды өткізіп, бөлімше орталығына көшемін дейсіз, – деді жалынғандай. – Ол жерде қайбір жұмақ күтіп тұр сізді. Аздаған ұсақ-түйек малыңыз өңештен қылқ ете түседі. Содан кейін қайтпексіз? Қайта айналып қойшыға телміресіз. Оның үстіне дәл қазір сіздің отарды қабылдап алар жан табылмай тұр. Қазіргінің жастары шетінен оқымысты, шетінен бастық болғысы келеді. Әй, қойды кім бағады, сонда?!
– Бір адамдай еңбегім сіңді осы малға, жетер, – деді Жоламан ақсақал селсоқ. – Денсаулық та сыр бере бастады. Жарқын оқимын деп отыр, бетінен қақпайын.
– Кімге бақтырам енді мына топалаң келгірлерді, – деп жалынуға көшті. – Ана Жарқынды көндіріңіз, бір-ақ жыл, бір жыл бағып берсінші. Бір жылдан кейін Алматы емес, Аспантау асып кетсе де, өзі біледі. Баланы көндіріңіз. Отарды қабылдап алсын. Әне-міне дегенше партияға өткіземіз. Дүрілдеген қойшы болып шыға келеді. «Әкенің ақ таяғын қолына алды» деген мақала аудандық газеттің бетінде жарқ ете қалады суретімен… Ал ілмиген, кітапқа шұқшиған қай студентті газетке шығарып жатыр?! Ақсақал, осыған келістік қой, ұлыңыз сіздің айтқаныңыздан шықпайды. Бір жыл, ең болмаса бір жыл бағып берсінші. Бір атаның баласы емеспіз бе? Бір-бірімізге осындайда сүйеу болайық та...
– Сүлікше жабысып қоймадың-ау, жарайды, сөйлесіп көрейін, – деп сылқ ете қалғаны. – Айтайын, көніп қалар, қап-ай, мектебін де үздік бітіріп еді. – Әкесінің жүні жығылып қалғандай. Сапақ жанды жерінен шап ете түсті. «Бір атаның баласымыз» деген сөзбен тыпыр еткізбеді. Армандаған Алматы болса сағымдай бұлдырап, алыстап бара жатты осы сәт...
***
Жаңбыр сіркіреп тұрып алды тоқтамай. Күн шайдай ашықта адам баспайтын қияндағы қыстауға жаңбырлы күні кім келсін?! Түнерген аспанмен бірге адамның да жаны құлазып, дел-сал күйге түседі екен. Сол еңсені езген үшінші күні жаңбыр да басылды. Түс ауа Жарқынның тұманды жанарын жарқ еткізген бір қуанышты хабар да жетті. Жаман шұбарын борбайлатып келген пошташы Жаңбырбай екі көзі ойнақшып, бұған төне түсіп тізгін тартты. Танауы делдиіп, умаждалып қалған көк жолақ конвертті төс қалтасынан суырып бұған ұстатты.
– Алматыдан дейді. Онда кімің бар еді, ойпырай, жазуын-ай, жазуын қарашы, мөлдіреп келіп тістей тізіле қалған. Қыздың жазуы, әй, қу бала, шыныңды айт. Ойпырай, сон-о-оу Алматыдағы қыздың ауылдағы қойшыға хат жазуы… – Ерге жамбастай отырып көзін сығырайтты. – Әй-әй, сен де тегін болмадың.
«Алматы» деген сөз шыққанда-ақ жүрегі бар болғыр дір еткен. «Самал шығар, Самал-ау… басқа кім болсын...» «Басқа кім іздейді мені, басқа кімге керекпін?» Жүрегі алып-ұшып конверт сыртына көзі түскенде жазуынан-ақ тап басты. Самал!
Бұл осы күнге дейін не ойламады десейші! Небір сайтан алғыр сапалақ ойлар сапырылысып миын жеді емес пе?! «Қияндағы қыстаудағы қойшыны қайтсін, әлдеқашан ұмытқан шығар. Әдемі киініп, ерсілі-қарсылы сырбаз басып жөңкілген алматылық қалың жігіттің көлеңкесінде қалған-ақ шығармын».
Жүгіре басып қора сыртына шықты. Дөңкиген тасқа отырып алып жанталаса хатты суырды. «Амансың ба, Жарқын! Елестей болып алыстап кеткен тәтті күндер ұйқымды ұрлап, хат жазып отырмын. Сабағым жақсы. Шулы да керемет әдемі қала. Сабақтан шыққан соң түстеніп аламын да, кітапханаға жетемін. Қайтарда сол жерден жеңілдеп дәм ішіп, саябаққа асығамын. Көктемде де, жазда да, қыста да, күзде де – осы.
Неге екенін қайдам, Жарқын, осы бір күз айлары жаныма жақын. Жүрегім алабұртып соқпайды да, бірақ әлдебір беймәлім сағыныш кеудемді тербетіп, ұза-а-ақ мазалайтыны бар. Жалғыздықтың ең ауыры көп ішіндегі жалғыздық па деймін. Ал мен бұл бақта жалғызсырамаймын. Сауылдай төгілген күзгі жапырақтар… Әп-сәтте төңірек сарыала бояуға малынып қоя береді. Сыбдыр-сыбдыр. Сәл лекіте жел соқса, бүкіл бақ ішін кеудесін сағыныш тербеткен қобыздың мұңды үніндей бір әуен кернеп кетеді.
Айтпақшы, кеше бір тиін бұтақтан-бұтаққа секіріп келіп, тура алдыма шоқиып отыра қалғаны. Мойнын қисайтып, екі көзі мөлт-мөлт етіп тесіле қарайтынын қайтерсің. Жауыннан кейінгі қарақаттай мөлдіреген қос жанарымен тесіледі-ай келіп. «Неге жалғыз отырсың? Неге жалғызсың?..» дейтіндей. Қалтамнан жаңғақ түйірлерін тастадым. Қас қағымда қақшып алып, екі қолымен ұстап жей бастады. Бар қылығы адам сияқты. О-о, құдірет!.. Секектеп барып ағашқа өрмеледі. Қимылына көз ілеспейді. Қас қағымда жерге түсіп, жаныма келді. Менің жабырқау отырғаным оның да жанына бататын сияқты. Енді жаңғақтың екі-үш түйірін жерге тастамай, алақаныма салып қолымды создым. Жаңғаққа бір, маған бір қарады. «Алдамайсың ба?» дегендей. Лып еткізіп жаңғақтың бір түйірін алды да, тұра қашты. Тоқтай қалып қайырыла бір қарады. «Жалғызсырама» дегендей.
Сарыала күзде Алматы аспаны апорт иісімен бұрқырап тұрады. Бірақ күз айының неліктен мұң шақыратыны, жаныңды жабырқататыны жұмбақ. Қай-қайдағылар есіңе түсіп, бір аңсар сезім жетегіне түсесің. Жаның жүдеп, жабырқау көңілмен сыбдыр-сыбдыр етіп, аяғыңның астына сауылдай құлап жатқан жапырақтарды басуға қимай, аяп, жападан-жалғыз келе жатасың. Сенделіп жүріп жапырақтарды емес, ғашық болып қосыла алмай үзіліп түскен армандарды таптап келе жатқандайсың. Қандай аянышты...
Неге хат жазбайсың?.. Міне, тағы бір күз түсті. Кеудемде уылжыған бір сағыныш тыным таптырмайды. Нені сағынам? Кімді сағынам? Кімге қарайлаймын?..»
Хатты аялай сипап, тыпыр ете алмай қалды. Ұзақ отырды. Әлден уақытта хатты құмарлана бір иіскеді де, бүктеп қалтасына салды.
«А-а-ай, ит-ай!.. Атаңа нәлет Сапақ-ай!..» Жылмаңдап жүріп қой соңына салпақтатып салды да қойды. Содан бері төрт жыл өтті, бақандай төрт жыл ғұмыры қой соңында тепеңдеумен келеді. «Атадан қалған ақ таяқ... Бабадан қалған бақ таяқ», – деп өлердегі сөзін айтты-ау жалынып. «А-а-ай, ит-ай, сол ақ таяқпен басыңды айырармын бір күні».
Бір өкініш өзегін тілгілеп, жүрек сыздатқан сағыныш жан дүниесін алай-түлей етті. «Қалай ғана сол сайтанның азғыруына түсе қалдым?!» Бұрын болмаған бір беймаза күй. Студент болсам, Алматының әсем көшелерінде Самал екеуміз жұбымыз жазылмай, бірімізге-біріміз аймалай, аялай қарап сыр шертсек деген аяулы арман жалп етіп сөнді.
«Неге хат жазбайсың?» депті мұңдана. Хат жазуға он оқталған шығар. Бірақ қолы жүрмей қойды емес пе?! Қисық үстелдің жанына қисая келіп отырады да, сәлден кейін тұрып кетеді. Не жазады? Қой соңында салпылдап жүрмін дей ме? Құрбылары естіп жырқ-жырқ күлер. «Қойшыңнан хат келді ме?» «Ақ таяғын ұстап жүр ме екен, қой соңында?» деп күлкі қылар. «Қой, оны да, өзімді де жат жұрт мазағына қалдырмай, үнсіз қалайын» деген ой тығырыққа тіреді.
Сайтандай сап етіп Сапақ көз алдында тұра қалды. Қушық баста селдір шаш. Жасына жетпей таңдайланған маңдай. Жалпақ бетке жалп еткізіп қоя салған бұзау мұрын. Ыржиып күлгенде екі езуі екі құлағына жететін жайын ауыз. «О-о-ой, сықпытың бар болсын, Сапақ». Мырс етіп күліп жіберді Жарқын.
Сол хаттан кейін тағы тым-тырыс. Соңғы курстың алдында Самал жазғы демалысқа елге келген. Дидарын бір көрсем-ау деген іңкәрлікпен кер атты ақ көбік қылып совхоз орталығына жеткен. Барғаны бар болсын, тәрбиелі қыз қанша жылыұшырай сәлемдескенімен, баяғыдай жалын атқан, үздіккен сезім жоқ. Тек аялы көздерінің тұнығымен сыр аңдағандай қарайды.
– Алматыға бірге барып, қатар жүріп оқуға уәделескендей едік, – деді өкпе арта. – Сен болсаң біржолата жоғалдың. Тырс еткен хабар жоқ. «Әке-шешемнің ризашылығын алып соңыңнан жетемін» деген сөзіңді талшық етіп келемін. Қазір соңғы курсқа өттім. Ал өзің ше? Өзің… Үздік қойшы деп естідім. Газетке де мақтап жазыпты. Өзің жайлы түк айтпадың ғой. Мектепте біліміңмен таңғалдырып топтың алдында жүруші едің. Білмейтінің жоқ еді-ау...
– Не дейін… Бәрін де өзің білесің, әкемнің ақ таяғын алып қой соңына түстім...
Кеудеге сыймай бұлқынған, айтармын деген талай ойлары тапталып, тұншығып, булығып қалды. «Не деймін… Ол болса Алматыдағы жалғыз университеттің үздік студенті. Болашақ мықты маман. Мен болсам қой соңында құмалақ санаған бір… Жоқ, бәрі де біткен...» Алқымына өксік тығылды.
Самал бұған аянышпен қарайтын сияқты. Ынтызар жүрекпен шуақ шаша, өзімсіне баурай қарайтын қос жанарында бір бұйығы мұң бар. Тіпті мұны мүсіркегендей ме, қалай? Мүсіркемей қайтсін?! Жарқын мектепті кілең «бес» деген бағамен бітірді. Жо-жоқ, қалың бестің арасында состиған бір «төрт». Химиядан. Содан бері төрт жыл өтті. Қаланың жылмың қаққан жылпостары Жарқынның көз алдында шұбыра жөнелді. Әрі сұлу, әрі ақылды Самалдай қызды көрмеу үшін көзің соқыр болудың өзі аз. Көкірегің, жаның соқыр болуы керек.
Не десін… Ештеңе дей алмады… Не деп жұбатарын, қалайша ақталарын білмеді, іштен тынды. Бауырына басып ұз-а-ақ тұрды. Пана іздеп бұта түбіне тығылған қояндай үрпие, жаутаңдай қарады Самал. Тағдырын күрт өзгертер сөз күткендей. Екеуінде де бір қимас сезім арпалысы… «Мен қайтайын», – деді әлден уақытта жанары жасаурап. Бір қимасын мәңгілік жоғалтатынын қос жүрек те сезгендей еді. Көзбен ғана ұғысып, қысқа ғана қоштасып жүре берген еді сол жолы. «Қош!..» деген Самалдың жалғыз сөзі қас қағымда алыстатып кетті екеуін. «Қош!» деген сол сөз қойнына суық жылан салып жібергендей Жарқынның. Қимастығын да, мұңын да, өкінішін де, жоғалтуын да Самал осы бір салқын сөзбен ұқтырды. Сызды сөз Жарқын кеудесін аш мысықтай ұзақ тырмалап тұрып алды. Кеудесі босап, желді күнгі күзгі қурайдай ызыңдаған бір үн сүйегін кеміре бастады. Өзекті өртеген сол өкініш жанын жай таптырмай аласұрды. Беймаза көңіл, үрпиген жүрек...
***
Сол қоштасудан кейін жаны құрғыр жай таба алмай шырқырап, өткен күндер елесін кезе бастады… Мектептегі соңғы екі жыл ішінде бір-бірін ерекше қадірлеп, аяулы сезім орнаған еді ортада. Балғын да пәк жүректер лүпілін ұстаздар да сезетін. Бірақ өрескел қылықтары жоқ, өте тәрбиелі екеуіне ешкім тәйт деген емес. Екеуінің бір-біріне ынтызар жүрек лүпілдері ғажап еді. Үнсіз ұғысатын, бір-бірін жүректерімен аймалайтын. Жауыр болған «сүйдім-күйдім» дейтін сөзге де бармады. Ол сөздерден де қадірлі, қымбат та құпия бір ғажайып, тұңғиық әлемге енгендей еді екеуі. Мектептегі ересек балалар бұларға естері кете құмарта қарайтын.
– Менің ойымша, ғашықтық деген де бір дерт сияқты, – деген еді Жарқын мектеп бітірген жылы табиғат аясында. – Мөлт еткен көз жасындай – кермек. Дерттің де серті бар. Сол дерттен айықпаған, сертінен айнымаған адам ғана аяулы сезімін үп еткен желден де қорғаштап мақсатына жететін сияқты. Сен қалай ойлайсың?..
***
Жарқын дырылдаған дыбыс жаққа самарқау көз тастады. Баурайдан секең етіп көрінген МТЗ тракторы қиралаңдай заулап, қыстауға барар қара жолға түсті. Сәлден кейін беткейдегі отарын еңіске қарай қаптатып келе жатқан мұны көрді де, қара түтінді бұрқ еткізіп жалт бұрылды. Көделі жермен бұрқыратып, борандатып келеді, жау қуғандай. Жүрісінен тап басты, тракторын есіртіп айдамаса ішкені ас болмайтын Құрымбек. Қақаған қыста да күпәйкесін дұрыс түймелемейтін, аяқкиімін шоңқайта өкшесінен басып жүретін сабаз. Киімі алқам-салқам болса, тракторы да сондай. Көк аспанға қара түтінді аяусыз атқылата, салдырлай, секектей заулаған тракторға қарап тұрып, шашылып түседі-ау дейсің бір сәт. Оған қарап жатқан Құрымбек жоқ. Жын қуғандай төпеп келеді. Қой шеті үркіп, үрпиісіп қалды. Екпіндеп, едіреңдете келіп тұмсық тіреді. Күрең қасқа та осқырынып, ытырылып кетті. «Мына әумесер кім?» дегендей, қос құлағын қайшылап, пысқырып тұр.
Ентіге дір-дір етіп, ашумен зірк-зірк етіп тұрған алқам-салқам тракторынан қарны жарқырап Құрымбек түсті.
– Ел аман, жұрт тынышта бұл не жүріс, танаулатып? – деді Жарқын кейіп. – Басып кете жаздадың ғой.
– Амансың ба? Мені бастық жіберді. Таңертең сағат сегізден қалмай бөлімшеге баруың керек. «Атын сонда қалдырады да, Дүкеннің машинасымен совхоз орталығына жетеді» деді. Ал, мен кеттім.
– Әй, тоқта, совхозда не бар, маған?
– Шешімдерді қолдаймыз дей ме… өзім де білмеймін.
– Әй, тоқта, шешімің не, дұрыстап айтсайшы.
– Партия сен білмесең, оқымаған мен қайдан білейін?! Мәскуде үлкен жиналыс өтті ме, не еді аты?
– Мәску емес, Мәскеу.
– Какой рәзниса? – деп, жақтырмай алара қарады Құрымбек.
– Әй, сен сиезді айтып тұрсың ғой?
– Иә, сол жердегі дәулердің айтқанының бәрі дұрыс, бәрі керемет, мақұлдаймыз дейсіңдер. Жәке, миымды ашытпашы, шешімді шешетіндер сендер, мен емес. Келмесең, қиын болады. Қой, мен саған айттым, бітті. Ал, мен кеттім.
– Солай деді ме? Ал мына малға кім ие болады?
– Тап солай деді. Келмесең, келесі жолы мәселеңді қарайды. Ал малыңда менің шаруам жоқ. Райкөм секретарының өзі арнайы келеді деді.
– Осы сенің орысшада нең бар? – деді Жарқын кейіп. – Басқаны түгендеп, орысшаң ғана қалып еді...
– Иди шорту, – деп қолын сілкіп тастап, арбаңдай басып тракторына мінді. – Білгішсініп… Сенен басқа орысша білмей ме екен?!
«Әй, осы, адам сияқты асықпай, аптықпай түсіндіруге болмай ма? – деді қиралаңдап бара жатқан көк тракторды көзімен ұзатып тұрып. – Бірақ мұның бар білгені осы. Тұлдыр жетім, төрт класты өлдім-талдым деп әупіріммен бітірген».
***
Жарқынның көңілі құлазып сала берді. «Нем бар еді осы партияда?» Бірақ тақымдап қыр соңынан қалды ма, ана көк езу парторг. «Таңдаулы адам ғана партия мүшесі болады, – деп лепірді сол жолы. – Партия саған үлкен үміт артып отыр. Партия – біздің қамқоршымыз, партия – біздің туымыз. Партия – біздің әкеміз». Құшақ-құшақ бұрқыраған тәтті сөздер буынына түсіп-ақ кетті. Сылқ ете қалғаны.
Көктемнің лайсаң, аса бір мазасыз кезі. Мал төлдеп, екі қолды төртеу қыла алмай жүрген қарбалас шақ. Жарқын жабыға бастады. Әкесі атқа мінуден қалған, қос тізесі бастырмайды. Мал төлдетуге келгендердің шаруалары бастан асады, мұрындарына су жетпей олар жүр.
Ой мүжи бастады. «Сәуле байғұс етегі шұбатылып тағы атқа отырады. Тақымы ойылады-ау сорлының. Әй, осы партияңда ми жоқ-ау. Миы болса осындай жауапты кезде 28 шақырым жерден жиналысқа шақыра ма?!»
***
Совхоздың шағын клубының іші лық толған: озат малшылар, механизаторлар, басшылар мен қосшылар. Партия мүшелері. Төрде совхоз директоры, парторг, тағы бір-екі адам, түстеп танымады. Директор мен парторгтың ортасында беті шиедей дәу сары. Екеуі де қалбалақтап, әлгі дәу сарыға жарамсақтанып сөйлеп-ақ жатыр. Сәлден кейін парторг Тұрар аласа мінберге көтеріліп, көсіле жөнелді. Съезде талқылаған мәселелер, алға қойған мақсаттары, партия мүшелерінің міндеттері туралы жалынды сөздерге көшті. Оған ықылас қойып құлақ түрген Жарқын жоқ. Бір ұққаны – партияның айтқанын бұлжытпай орындаса, жарқын болашақ күтіп тұр екен мұны.
Клубта Иван Иванычтан басқа жалғыз ғана орыс отыр, Саша деген. Сол Сашаңыз қазақшаны қазақтан кем білмейді. Ал жиналыс орысша. Жалғыз орыстың қабағына қарап жалбақтаған қалың қазақ. Қалың қазақты ықтырып отырған Иван Иваныч аудандық партия комитетінің хатшысы екен. Съезд шешімдерін совхоз партия жиналысында қалай талқылайды екен деп арнайы келіпті. Әлден уақытта «Алдымызда – коммунизм!» – деп, екі езуі көбіктеніп барып әрең тоқтады-ау парторг. Жоқ, тоқтай алмады, одан да керемет, одан да әсерлі сөз айтпаққа оқталып, сұқ саусағын шошайтты: «Партия – біздің күніміз, партия – біздің айымыз. Айсыз, күнсіз өмір сүру мүмкін бе, мүмкін емес!» «Әй, бір тауып-ақ айтқан шығармын» дегендей, дәу сарыға көз қиығын салды. Дәу сары сәл ғана басын изегендей. Сұқ саусақ әуеде шаншылып қалды. Шашырап шаршаулы қол соғылды.
Біреулер сөйлеп жатты, енді оларды тыңдауға зауқы соқпады Жарқынның. Онсыз да шаршап жеткен ол оң жамбасына салмақ салып, ойға шомды. «Ана жаман сәурік жабағыларды сауырлап, қуалап маза бермей жүр-ау… Саулықтардың төлдеуі жақсы, тек қозыларын аман сақтап қалу керек...»
– Жарқын, ана дәу бастық сенен көзін алмай отыр, шаршаңқырап жеткенсің-ау, – деп бүйірінен түртті Қартабай деген қойшы.
Жарқын жалт қарады. Екі көзі тұздай екен, қанжардай қадалып қалыпты. Тұрар парторг болса енді үстел басында жосылтып тұр. Орысшасы тәп-тәуір. «Кемеңгер коммунистік партияның сарабдал саясатының арқасында коммунизмнің даңғыл жолына түстік...»
– Сол бар болғыр коммунизмін көреміз бе, әлде көре алмай өлеміз бе!? – деп күңк етті күйінген Жарқын. – Жетеміз бе, әлде жете алмай желкеміз үзіле ме!?
– Ойбай, ақырын, не деп отырсың! – деп шоршып түсті Қартабай. – Естісе құртады, құйрығыңнан теуіп партиядан шығарады.
– Шаршатты мені осы партияң, шаршадым осы партияңнан… Күн көсем… жасампаз партия… коммунизмнің даңғыл жолы… жер бетіндегі ең әділ партия… Қартабай, айтшы, сылдыраған осы сөздерді тыңдаудан шаршамайсың ба? Құлағым сарсыды, миым мипалау болды.
Клуб іші ысып кетті ме, нәрсіз, дәмсіз сөздер қажытты ма, манаурай бастады. Еш нәрсені тыңдауға құлқы жоқ. Бір аңдағаны, парторг бүгін ерекше көсіліп тұр. Іркілдеген дәу секретарьға жақсам деп жалбаңдап жатқаны байқалады. «Осы ойларым қалай?» дегендей анда-санда көз қиығымен секретарьға қарап қояды.
– Иван Иваныч, съезд шешімдерін бұлжытпай орындауға уәде береміз, – деп, клуб ішіндегілерді бір шолып өтті. – Бәрі партияның арқасы. Сендер үшін партия ойлайды. Жасасын лениндік коммунистік партия! – Шатырлата қол соғылып жатты. «Жасасын күн көсем!» деп қалды алдыңғы жақтан біреу. Мінбер сыртында тұрған гипстен жасалған күн көсем мүсініне көз тікті Жарқын. Қалпағын қисайта киіп, әлі күлімсіреп тұр күн көсем. «Бұл өзі қай, нешінші сиез еді?» деп, төрдегі қызыл матаға назар салды Жарқын.
Жиналысқа арнайы келген секретарьға да жалбақпен, қолпашпен сөз берілді. Осы совхоз коммунистеріне үлкен сенім артатынын, сондықтан арнайы ат басын тірегенін қадап айтты ол. Одан кейін бұл да жаттанды сара жолға түсті. Лениндік партияның дана басшылығының арқасында адам естімеген, жан баласы көрмеген жұмаққа жетеміз деген сарында сайрай жөнелді...
Сәлден кейін есіне Самал түсті. «Дариға-ай, қандай ғана күйге түстім?! Ешкімнің сөзіне құлақ аспай, Алматыға неге тартып кетпедім, а?!» Осы мұңға батқан шуақты ойын директордың сөзі бөлді.
– Ал съезд шешімдеріне кім қандай үн қатады, үлес қосады? – Бұл совхоз директоры Құрамыс. – Неге үндемейсіңдер? Қане, коммунистер алдыңғы шепте болуы керек. Иван Иваныч та риза болып кетсін. Озат шопандар ішінен кім сөйлейді? Жарқын Мықтыбаев, сен сөйлеші, былтырғы көрсеткішің өте жақсы, жүз саулыққа 115 қозы ерттің. Биыл 120 қозы ертем деші, жо-жоқ, 125. Мына Иван Иванычты риза қылайық. Коммунистік партияны қалай қолдайтынымызды, оның тапсырмасын қалай орындайтынымызды іспен дәлелдейік. Жүз саулықтан 125 қозы алу деген сөз бе саған!
Жарқын ішінен булығып отырған. Бар ашуы кептеліп алқымға тірелді. Директор осы сәтте секретарь құлағына әлдебір ақпарат жеткізіп жатқан. Секретарь жалт етіп бұған қарады. Аузы ашылып, жымысқы жымиды.
– Говори, говори… Оказывается твой отец тоже был чабаном. Тепер ты. Хорошая традиция. Куда деваться, твой сын тоже обязан пасти баранов. Семейная традиция. Похвально, очень похвально. – Ауыр денесі селкілдей, ырқ-ырқ етіп қорсылға ұқсас күлкіге басты.
Өзіне-өзі риза, қоқиланып жан-жағына қарады. Директор да, парторг та дәу сарының ығына жығылған, тым-тырыс. Жақтары қарысып қалған.
Жарқын жарылайын деді. Жиіркене бастады. Қорлап отыр мына Иван. «Мына оңбағанның қорлығын-ай!.. Қазақтардың қолынан келетіні қой бағу ғана» деген арамза ойды жеткізді мына сөз, ана жымысқы қорсылға ұқсас күлкі».
– Мен не дейін, – деп қитығып, қиястанып қалды. – Шешілетін нәрсе менсіз де шешіледі ғой.
– Не деп тұр мынау? – деп директор парторгке қарады. – Съезд шешімдерін орындаймын, мұнша қозы алуға міндеттенемін деп дұрыстап айтсайшы. Ескерту, мына жерде сен жалғыз емессің, Иван Иваныч қатысып отыр, ұлы елдің тілінде сөйле.
Бағанадан бері қалың қазақты қабағымен басып отырған жалғыз Иванның менмен кеудесіне де, мүсәпір күйге түсіп жарамсақтанған өз бауырларының бейшара түріне де күйіп отырған. Намыстан жарылуға шақ қалған. Бір адамға ойын еркін жеткізетін орысшасы да бар. Бірақ намыс жібермеді.
– Директор жолдас, біріншіден, мен орыс емеспін, әке-шешем де қазақ, қазақ мектебін бітірдім. Көз алдымда қойдан басқа ешкім жоқ. Күндіз көз алдымда, түнде түсімде маңыраған бір отар қой. Азғантай орысшам ұмыт болғалы қашан. Қайта ана Иванычыңыз қазақша сөйлесін.
– Не дейд? – Директордың екі көзі ақия қалды. – Денің сау ма, ей? Иван Иваныч қазақ емес қой, орыс.
– Ал мен орыс емеспін, қазақпын, – деп қырсыға қалды озат шопан.
– Мынандай қияңқы жасты қалай партияға алғансыздар? – деп парторг Тұрарға қарады Құрамыс. Бас терісі тұтаса маңдайға жиырылды қалың қыртыс.
– Мұның ба, мұның тәртібін келесі партия жиналысында қараймыз, – деді Тұрар өзін ұятқа қалдырған Жарқынға оқты көзін атып.
Жарқын «қазақ», «қазақ» деген сайын, тұздай көздері шатынап, не айтып жатқанын толық түсінбесе де, жиырылып Иван Иваныч іш мылтықпен ата бастаған.
– Жетер, жарайды, сонымен 125 қозы аласың ғой, – деді Құрамыс бұдан әрі дауды ушықтырмайын деп.
– Жүз саулықтан 125 қозы алу оңай емес, – деді барынша сабыр сақтаған Жарқын. – Іш тастағандары болады, арамзалар кездеседі. Қой да тірі жан иесі. Қой – завод емес, жоспармен трактор, машина шығаратын.
– Қап, мынау әбден ұятқа қалдырды-ау, – деді директор ашумен. – Ал, егіздер қайда, егіздер? Егіздер санын көбейту керек. Саулықтарды егізден қоздату керек. Бұл – партия тапсырмасы. Ал партия тапсырмасын бұлжытпай орындау – міндетіміз.
Құрамыс аққұба адам еді, екі беті ду етті. Сөзін кілт аяқтап, сылқ етіп отыра кетті. Ұятын сездірмейін дегендей су толы графинге қол созды. Екпіндеп келіп «Саулықтарды егізден қоздату – партия тапсырмасы» деген өз сөзі омақаса құлатқан.
– Сен партия жиналысында отырсың, Мықтыбаев, сен үлгі бол жұртқа, бұлталақтама, 125 қозы аласың ба? – деді парторг түтіге. Ол да директордың оқыс айтып қалған сөзінен қысылып, «бар пәлені бастаған сен» дегенді аңғартқан Жарқынға. Парторгтің зілдене сөйлеген сөзіне Жарқын шарт ете түсті.
– Оны қошқардан сұрау керек, – деп қойып қалды, өлсем айтып өлейін деген ойға бекініп. «Бәрібір мәселемді қарайды, партиядан да шығарар».
– Не-е-ее?! Қошқар?.. Не шатып тұр ей, мынау? – Директор сабырдан айырылып, қылғынып қалды. – Партия алдындағы уәдең қайда деп тұрмын!
– Уәде беретін мен қошқар емеспін. – Жарқын шиқаны жарылды.
Директор алдындағы қағаздарын умаштап, дірілдеп, сөз айта алмай булығып қалды. Бір тұрды, бір отырды.
– Не дейді-ей, мынау. – Парторгтің көзі бағжаң етті. – Мынаның қошқары не? Қошқардың қандай қатысы бар?
– Қатысы болғанда қандай! – деп ерегісе кетті. – Тікелей қатысы бар. Саулықтар күлге аунап қоздай ма?!
Клубтағылар қырылып қалды. Қиқ-қиқ, шиқ-шиқ… Біреулер шыдай алмай тарқылдап жатыр. Төрде дөңбектей болып отырған секретарь біресе парторгке, біресе директорға қарап, анық түсіне алмай, еш нәрсенің байыбына бара алмай әуре. Құлағының тесігі болғанмен, әңгіме ауанын тап басар емес. Әлден уақытта барып директор секретарь құлағына «кошкар» деп бірдеңені түсіндіргендей болып жатты. Қошқар мен саулық өзара ақылдасып, қозы мәселесін шешеді деген болар. «Кошкар» деп қалды да, ар жағын айта алмай, шыдай алмай, өзі де күлкіге басты директор.
– Курамыс Сарсенович, причем тут кошкар? – деп қойып қалды екі алақанын жайған секретарь көздері шатынап.
Бағанағы күлкі күлкі ме?! Естен тана тарқылдаған, қышқырған, әдеп сақтап кеңкілдеген, күлкінің неше алуан түрі клуб ішін жарып жіберді. Сәлден кейін күлкі саябыр тапқан бір сәтте Тортай деген шопыр атып тұрды. Жұрт осқырына жалт қарады. «Мынау бір пәлені бастайды-ау». Барлығы да осы оймен елең етісті. Тортай алдыңғы қатарлы шопыр, жұмысында мін жоқ. Бірақ тілінің тотияйыны бар. Сөзі төбеден түскендей, қойып қалады.
– Иван Иваныч, вы баран знаете? – деді салмақты түрмен. Жүзінде сайқымазақтық жоқ. Келелі бір мәселе қозғайын деп тұрғандай.
– Что за глупый вопрос, как не знать? – Әукесі салбыраған дәу секретарь жүзі өрттей лап етті. Мына жаман қазақ нені күлкі еткісі келіп тұр дегендей. – Конечно знаю, что вы хотите этим сказать? – деп таңдана қарады секретарь.
– Если знаете, кошкар – муж барана, – деді түк болмағандай. – Все зависит от кошкара.
Клуб қабырғасы қақ айырылғандай. Қарқылдаған, тарқылдаған күлкі ие бермей кетті. Алақ-жұлақ еткен парторг атып тұрып, бар зәрін Жарқынға төкті.
– Мықтыбаев, бәрін бүлдірген сен, сен партия жиналысын күлкіге айналдырдың ба!? – Көк тұқыл парторг қалшылдай бастады, кеңірдегі адырайып өз-өзіне ие бола алмай қалды. – Тұра тұр бәлем, көрсетем мен саған қошқарды! Мен сені… мен сені… Күлесің, күлдіремін, партбилетпен жылап қоштасасың...
***
Берекесіз жиналыстан шыға сала Жарқын қияндағы қыстауына асықты. Қараңғы түсе шыққандықтан, жол өндіріп алмақ болып Дүкен төпеп келеді. Жорғалаған жыландай ирелеңдеген қара жол жеткізер емес, машина жарығынан қашқандай бұлталақ қағып зытып барады. Түнерген аспан. Аспанда түйдек-түйдегімен айдалаға жөңкіле көшкен қою қара сұр бұлттар. Сол басы ауған бұлттардай Жарқын көңілі де бағытсыз, бағдарсыз.
Ескі «Газ-51» өңеш жырта ышқынып-ақ келеді. Еліріп, екпіндеп қайқаңға шыға келгенде, машина жарығы түнерген көк аспанды алмас қылыштай тіліп түсті. Содан еңіске қарай қиралаңдай заулай жөнелгені. Секектеп келіп жазыққа түсті. Жатаған төбешіктер дір-дір етіп, бұған мұңдана қарап қалып жатыр.
Бірде аласұрып, енді бірде құлазыған көңіл жай табар емес. Жар басында қалғандай. Қара суықта қалған жетім қурайдай ызыңдаған бір мұңды әуен баурап алды… Ал Дүкен болса даланың ойлы-қырлы жерімен Газигін мөңкіген асаудай тоңқалаңдатып тартып келеді.
Бөлімшеге жете бере кезең. Сол кезеңге төніп тұрған Қарашоқы тауы. Кезең Қарашоқының астауланған жерімен өтеді. Қарашоқының қабағы сұстылау, жақпар тастары жақ ашпай телміреді бұған. Жарқынның жабырқау көңілі жабыға түсті...
Талмаураған, талықсыған дүние. Меңіреу тыныштық. Сол тыныштықты бұзып келе жатқан күшене ызғытқан машина үні мен аласұрған мұның жүрек дүңкілі. Өзегін өртеген, өңкілдеген өкініш. Ит өлген жердегі совхоз орталығына шаршап барып, шалдығып қайтқанына күйінеді.
«Нем бар еді осы партияда?!» Түндігі желпілдеген жастық қой мұны партияға күмп еткізген. «Бұған қол жеткізген – асқар тауға шыққанмен бірдей, – деп өзеуреді емес пе сайтан алғыр Сапақ. – Мықтының мықтысы ғана партия мүшесі болады. Партия мүшесі болған адамның қызметі тез өседі». «Көксоққан Сапақ-ай, мен қайда өсем, а! Алдымдағы бір отар қой, биыл көретінім де, ертең көретінім де сол мал».
«Ата-бабам коммунизмсіз-ақ салт-дәстүрін сақтап, ұрпақ өрбіткен. Мына партия алаулаған қанша жастың асқақ арманын таптап, қой қораға қуып тықты. Саясат та сайқал қатын екен ғой. Кім білген?! Жетер… Жетер, айтаққа ергенім, жетер айдауға көнгенім, бұл түріммен мәңгірген малға айналармын бір күні. Абай данышпан: «Малға достың мұңы жоқ малдан басқа», – деп қалай ғана тауып айтқан».
Таңертең жолға шығарда Жарқын өзгеше мінез көрсетіп, қатты күйінген.
– Осы партияңда ми жоқ-ау деймін, миы болса адамды осынша әуреге сала ма?!
– Ойбай, өлейін деп жүрсің бе, партияңа тіл тигізіп, – деп қатты шошынған Сәуле. – Естіп қалса құртады.
– Кім естиді, екеумізден басқа жан жоқ бөлмеде.
– Кім естиді дерің бар ма, желдің де құлағы бар, – деп тына қалған.
Енді қазір Сәуле уайымдай бастады. «Ренішпен парторгке бірдеңе деп қалмаса екен». «Желдің де құлағы бар» деген өз сөзін де есіне алып, бір күліп алды.
Түн ортасы ауа ит үрді. Жарқын екен. Мәз, екі езуі екі құлағында.
– Мені партиядан шығарады енді, – деп қуанып тұр. – Құтылатын болдым аяқтағы кісеннен, мойындағы қамыттан.
– Ойбай, не дейд, – деген Сәуле екі көзі алақтап, есі ауысқандай күйге түсті. – Сені құрметтеп, елеп-ескеріп совхоз орталығындағы жиналысқа шақырған сол партияң емес пе? Кімді қадірлей қойыпты сенен басқа? Партиядан шығарады деп қуанғаның қай сасқаның?! Партиясыз қалай күн көреміз, енді?.. – Бір қимасынан айырылғандай көзі жасаурап, сылқ етіп отыра кетті Сәуле.
«Мынаның да миы «партиямен» уланып қалған екен». Жарқын мырс етті. «Партия саясаты адам жанын арбайтын неткен пәле, от басындағы әйел де жылауға көшті. Құтылғаным қандай жақсы болды, ойым еркін».
– Ата-бабамыз партияңды білмей-ақ, жарылқағыш коммунизмін естімей-ақ жақсы өмір сүрген, – деді Жарқын нығарлай, сенімді үнмен. – Біз де сол ата-баба жолымен, қазақы дәстүрмен, қазақ болып ғұмыр кешеміз.
***
Сол жиналыстағы жалғыз сөз желді күнгі өрттей ду етіп елге жайылды. «Ассалаумағалейкүм» деп амандасатын жұрт бір-бірін көргенде «Причем тут кошкар?» деп сылқ-сылқ күлетін болды. Күлкілі оқиға секретарьмен ілесе кетті ауданға. Бір-екі күн өтпей-ақ бұл әңгіме әзіл райком бөлімдерінде, дәліздерде желдей есті. Ол – ол ма, секретарьды сыртынан мазақ қылып, «причем тут кошкар?» деуге көшті. Бұл сөз, әрине, Иванычтың да құлағына жетті. Қызарды, ұялды, бірақ қанша бастық болса да, желдей ескен сөзге тосқауыл қоя алмады. Иван Иваныч желке тұсынан мырс-мырс еткен күлкілерді естіп-ақ жүр. Бірақ қайсысының аузына қақпақ боларсың?!
Бір жетіден кейін Иван Иваныч обком жиналысына барды. Ондағы әріптестері де мұның сәлемін ерекше бір жымиыспен алады, өзгеше бір жымиыспен қолын қысады. «Мыналардың жымиыстары да өзгеше, сәл болмаса қарқылдап күліп жіберетіндей екен» деп қуыстана бастады Иваныч. Жымиып тұрған жоқ, мазақтайтын сияқты. Құпия, бұрын өзі көрмеген, бұрын байқамаған, өзгеше жымысқы жымиыс. Астарлы жымиыс. Иван Иванычтың іші қылп ете қалды. Маңдайдан бұрқ-бұрқ етіп бұршақтай тер шықты. «Жеткен екен мұнда да».
Сонымен не керек, Иван Иванычтан маза кетті. Қызметте де береке жоқ. Масқарасы сол – бір күні Иван Иваныч түс көріпті. Түсінде бір топ адам мұны қоршап алып, біреуі қылғындыра бастапты. Әлгі дүлей қолын батыра: «Причем, тут кошкар?» деп ақырып қалғанда, селк етіп шошына ояныпты.
Мұны атқару комитетінде істейтін досына Иван Иванычтың өзі күйініп отырып айтқан екен оңаша, «шайтан судың» буымен. Мұңая мұңын шағыпты, көзіне жас алыпты. «Үйімде отырсам да, қызметте де сол сөзі бар болғыр ызыңдап құлағымнан кетпейді. Тіпті үйдің дуалы да, көшенің иттері де «Причем тут, кошкар?!» деп, мені мазақтап тұратындай. Қарамды батырмасам жынданатын шығармын» – деп, тау тұлғалы Иваныч сылқ ете түсіпті.
Иван Иваныч қарасын батырып, көрші облысқа ауысып кеткен ақыры. Кетейін деп кетті ме?! Сол бір жайсыз түс жанын жай таптырмады. Бірақ ол облыста да береке таппады. «Причем тут, кошкар?» ізінен қуып жетіпті, ақыры онда да тұрақтай алмады. Жүрегі сыр бере бастапты. Шыдай алмай шекара асып, көрші үлкен елге кеткен деседі. Қазір енді ұйқысы тыныш болар. Бірақ желдей ескен сөз шіркінге дауа бар ма, шекара асып жетіп барар бір күні...
***
Күрең қасқа тізгінін бос жіберіп, дел-сал күйде, мең-зең болып қой соңынан ілби басқан Жарқын. Ай жапанда адасқан арман… Тапталған тағдыр...