«Тақиялы періште» 85 жасқа толды

Қазақ кино әлемінде айрықша із қалдырған тұлға, елімізге «Тақиялы періште» атымен танылған Әбілғазы Райымбеков 85 жасқа толды.
Осы орайда, Алматы облысының әкімі Амангелді Баталов актерді қабылдап, туған күнімен құттықтады. Облыс әкімі Әбілғазы Райымбековтің өнегелі өмірі мен шығармашылығын тілге тиек ете отырып, жылы лебіздерін білдірді.
– Өзіңіздей азаматтың біздің Жетісу өлкесінің тұрғыны болғаны – біз үшін мақтаныш. Қашанда ақ жүрегіңізбен, қарапайым үлгіңізбен үлкендік қасиетіңізді көрсетіп, елге шынайы тілекші болып, батаңызды беріп жүресіз. Осындай еңселі қалпыңызда жүзге жетіңіз. Ұрпақтарыңыздың қызығын көріп, аман-есен жүріңіз, – деп облыс әкімі актердің иығына шапан жапты.
Сонымен қатар Әлімғазы ата мен жары Гүлжауар апаның шаңырақ көтергеніне 65 жыл толуына орай, Гүлжауар апаға да сый-сияпат тапсырды.
Айта кетейік, аты аңызға айналған «Тақиялы періште» комедиясы 1969 жылы Алматы қаласында түсірілген болатын. Әбілғазы Райымбеков басты кейіпкер Тайлақтың рөлін сомдайды. Актер осы уақытқа дейін ұзын саны 14 киноға түскен. Шоқтығы биік «Тақиялы періштеден» бастап, кеңестік дәуірді айнытпай көз алдыңа әкелетін «Долана», «От оранған Орал», «Қан мен тер», «Дала гүлі», тағы басқа да туындыларда өз рөлдерін сәтті алып шыққан.