Тақтан түсу – аттан түсу емес
Қаңтар қырғынынан кейінгі саяси реформалар қазақстандықтардың көңіліне үміт отын ұялатқандай еді.
Бірақ соның бәрі көрген түстей болып барады. Мәселен, «Қазақстан республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы» туралы конституциялық Заң әлі күшін жоймапты. Әуелде, бұл норма Ата заңнан біржола сызылып тасталатын болған. Жұрт соған сенді. Тіпті, отыз жыл Назарбаев режиміне тұншыққан халық қаңтар қасіретін де ұмытып кетті.
Бірақ содан бері жарты жыл, тіпті, сегіз ай өтті. Конституциядағы бір адамға және оның отбасы мүшелерін қорғау туралы заңның бар-жоғын жұрт ұмытып, оны әлдеқашан саналарынан сызып тастаған-ды. Өткен аптада Астанадағы әйдік мешіттің ашылу рәсімінде аяқ астынан пайда бола қалған экс-елбасын және оның айналасындағы бірқатар экс-шенеуніктерді көрген жұрт екіұдай күй кешсін.
Сонда ғана саясаттанушылар мен заңгерлер Тұңғыш Президент туралы заңның бар-жоғын іздестіре бастады. Өйткені мемлекеттік басылымдар Назарбаевты Елбасы деп жазып жатты. Аrasha.kz ақпараттық порталына берген сұхбатында Абзал Құспан аталған заңның күшін жою туралы нормативтік-құқықтық актінің әлі қабылданбағанын айтыпты. Ондай нормативтік-құқықтық актіні парламент қабылдамаған көрінеді. Мектеп оқушыларынан кейін іле-шала жаздық демалысқа асығатын депутаттар әлгі заңды ұмытып кетпегені анық. Мұны Ақордада әлі де келісімдер жүріп жатыр деп түсінген дұрыс па, әлде Назарбаев қайтадан атқа мінді деген жөн бе?!
Өз сұрағымызға өзіміз жауап беріп көрсек. Қазіргі жағдайларға қарағанда, Назарбаевтар тақтан түскенімен аттан түспеген сияқты. Аталмыш заң күшінде, ендеше, Н.Назарбаев пен оның жақындарын ешкім жауапкершілікке тарта алмайды деген сөз. Үкімет Әлия Назарбаевадан «Оператор-РОП» компаниясын алып қойды деген әңгіме де бос сөз болып қалуы мүмкін. Осыдан кейін Дариға мен Динара, Тимур туралы әңгіме қозғаудың өзі — басы артық шаруа.
Қайрат пен Гүлмира Сатыбалдыларды тұтқында ұстау мерзімінің қайта-қайта ұзартылғаны тегін болмай тұр. Болат Назарбаев жарты айдың алдында ғана тіл-ауыздан айырылып қалған мүсәпір кейіпте еді. Соңғы ақпараттарда денсаулығы жақсарып келеді деп жазылып жатыр. Бірер аптадан кейін Бөкең Алтын Орданы қайтадан өз атына меншіктеп жатса, оған таңданбаймыз. Жаңа Қазақстан құрылып, Тоқаевтың билігі күшіне міне бастаған кезде Нұрбол Назарбаевтың да адам өліміне қатысы бары туралы ақпарат таралған-ды. Содан кейін ол әңгіме қайтып еш жерде жарияланбады. Самат Әбішев қайсы күнгі мешіттің ашылу рәсімінде болыпты. Ол туралы «Чиновник» телеграм каналы жазды. Қылшығы қисайған Әбішевты көрген жоқпыз. Кәрім Мәсімовты қамауға алған кезде, Саматқа да тықыр таяп тұр деген әңгіме тараған-ды. Бірақ қамауға алынбады. Қайрат Сатыбалдының «рухани көсемі» Бекболат Тілеухановқа соңғы апталарда «тіл» шыға бастады. Бірнеше айдан бері Анадолы елін паналап, үн-түнсіз жатқан Тілеуханов аяқ астынан шала бүлініп, әлдебір сайтты сотқа беремін деп күшеніп отыр. Бақсақ, бақа екен дегендей, бір кездегі атақты әншінің шамына тигені «Бекболат Тілеуханов Түркияның азаматтығын алатын болды», деген ақпарат екен. Ол соған бүлініпті… Сырттай қараған кісіге мұның бәрі кездейсоқ жағдайға ұқсамайтыны анық.
Әңгіменің басында «Қазақстан республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы» туралы конституциялық Заң әлі күшін жоймапты, заңды депутаттар қарамай, асығып, каникулге шығып кетіпті» деп жаздық. 1 қыркүйек күні депутат ағайлар мен апайлар мектеп оқушыларымен жарысып парталарына отырады. Саясаттанушылар: «Тоқаев билігі парламенттің алғашқы отырысында-ақ «Жаңа Қазақстан» құруға ескі парламент жарамайды» деп, мәжіліс пен сенатты толық таратып, қайтадан сайлау өткізуі мүмкін», деген болжам айтуда. Көңілге қонады. Тоқаев өзі құрған сол жаңа парламентпен Тұңғыш Президент туралы заңды күшінен айырмаса, әзірге, ескі парламентт ондай батылдық таныта қоймас.