Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:59, 28 Сәуір 2021

Тараковтың таңдауы мен талғамы

None
None

Қазақстанда бұл әулет өте танымал. Тараков деген фамилия естілгенде, республиканың журналистика саласындағы белгілі тұлға –  Юрий Тараков көз алдыма келеді.

Ол Қазақстанның құрметті журналисі. Кезінде «Советы Казахстана» газетінің бас редакторы болған.

Оның  үш ұлы бар. Біріншісі – Александр Тараков. Саша Тараков қоғам қайраткері, журналист, ақын-аудармашы. «Казахстанская правда» газеті АҚ президенті дәрежесіне дейін өскен. Екіншісі – Лев Тараков. Танымал журналист. Дипломат. Бұл күнде республикалық «Время» газетінің бас редакторы. Үшіншісі – Андрей Тараков. Ол «Хабар 24» телекомпаниясы жаңалықтар редакциясының басшысы.

         Ол 1961 жылы  30 сәуірде Черкасск облысының Чигрин қаласында дүниеге келген. Бірақ бүкіл балалық шағы Қазақстанда өтті. Осында мектеп бітірді. «Қазақстан азаматы» деген патриоттық рух оның өмір жолын айқындады. Әкесі Юрий Тараков зоотехник маман ретінде тың көтеру жылдары Қазақстанға келіпті. Қаламға деген құмарлық оны журналистикаға әкелді. Сол қасиет ұлдарына да жұғысты болды.

Александр Тараков та әке жолын қуды. Ол  1983 жылы Алматыдағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне оқуға түсті. «Ленинская смена» газетінде журналистік қызметін бастады. Саша Тараковпен таныстығым осы кезде басталды. Өзім басқаратын «Лениншіл жас» газеті де баспасөз үйінің жетінші қабатында еді. Әріптес екі газет журналистері бірін-бірі жақсы білетін. Ақпарат алмасып тұратынбыз.

Екі газетте екі Тараков бар. «Лениншіл жаста» – Әнуар Тарақов, «Ленинская сменада» – Александр Тараков. Қаламақы алатын күні журналистер күлкіге кенелетін. Бухгалтерия тізімінде адам аты жазылмайды, тек атының бас әрпі мен фамилиясы жазылады. Кім бірінші барса, сол Тараков қаламақыны алып кетеді. Сонан соң бірімен-бірі түсінісіп жататын.

Екеуін кездестіре қалсам, «бүгін қай Тараков озды?» деп қалжыңдаушы едім.

А.Тараков қатардағы тілшіден бірте-бірте республикалық «Арай – Заря», «Сұхбат», «Позиция», «Аз и Я» сияқты басылымдарда лауазымды қызметтер атқарып, 1994 жылы «Казахстанская правда» газетінің табалдырығын аттады. Журналистік шеберлік, сындарлы талант оның есімін танымал етті. Газеттің бас редакторы, кейін АҚ вице-президенті және президенті болып жұмыс істеді.

Ол 1993 жылы Алматыдағы КИМЭП-ті саясаттану мамандығы бойынша бітірді. Ағылшын тілін игерді. Журналистика мен жазушылық, ақындық қатар жүрді. А.Тараков Қазақстан жазушылар одағының мүшелігіне өтті. «Век журавля», «Затмение», «Под солнцем», «Терра-террариум», «Притяжение земли», «До и после миллениума», «О земле, земном и земляках», «Зарубки ирокеза», «Казахстанский характер», «Судьбу выверяя Печатной строкой» атты кітаптардың авторы.

Жазушы-журналистің шығармаларына ой жүгіртсең, ең алдымен ол өз кейіпкерлерінің бойындағы азаматтық қасиетті, рухтық болмысты ашуға тырысатынын көресің. Адам мінезі, өмір мен сынақ тайталасында айқын көрінеді. 2002 жылы Александр Тараков БАҚ бойынша Президенттік сыйлықтың лауреаты атанды. Оның кандидатурасы талқыланғанда сол комиссияның мүшесі ретінде қолдап, дауыс бергенім есімде.

Бүгінгі күннің биігінен қарасаң, А.Тараковтың үш қыры анық көрінеді. Ол – жазушы-журналист, ақын-аудармашы және қоғам қайраткері. Осындай  тұман мен толғамы көп дүниеде  ол Күнге қарап жүрді. Ойы ашық, білімі қанық адам ретінде Қазақстан патриотына айналды.

Қаламгер әлемін тану үшін белгілі ғалым сөзіне жүгінелік.

Сағымбай Қозыбаев,

тарих ғылымының докторы, профессор,

Қазақстан журналистер академиясының президенті:

— Журналистика жанрларының ішіндегі ең қиыны – халықаралық шолу. Өйткені автор халықаралық мәселелерді әркез назарда, қалт жібермей ұстауы керек. Әрі салиқалы, салмақты ой айтып, артық ақылман болмай, оқырманды мезі етпейтіндей стильді игеруі керек. Көркем тіл, әдеби жанрларды ұтымды пайдаланып, саяси баға беруде факті қуып кетпей, ой түйе білгені жөн. Міне, осы қасиеттер А.Тараковты дараландырады.

       Иә, С.Қозыбаев айтқандай, А.Тараков кейде бір деректі алып, оны биік көзқарас деңгейіне көтереді. Бір мақала есіме түседі. Ол «НАТО-ның шығысқа қарай кеңеюі: қажеттілік пе, әлде қателік пе?» деп аталатын еді. Жазушы НАТО деген сөзді сонда былай деп бейнелеп жазған болатын. «Бұл сөз графикалық тұрғыда онға жайылған, ал жағрафиялық жағынан шығысқа сұқталған снаряд секілді көрінеді». Әрине, мұны кез келген адам түйсіне алмауы мүмкін.

Расында, сол кезде АҚШ президенті Б.Клинтон НАТО-ны «Бейбіт өмірді қамтамасыз етуші ұйым» ретінде танытуға күш салып жатқан болатын. Бұл саяси платформаның мақсаты мен мүддесін танытатын. «НАТО мен Еуроодақтың бірігуі оның  бітімгершілік саясатының өміршеңдігі» деген мақсатқа жұмылдырылды. Сол кезде Венгрия, Польша, Румыния, Хорватия сынды елдер осы саясатты ұстанды.

Халықаралық шолушы ретінде Александр Юрьевич өз көзқарасын айқын және нақты  көрсетеді. Оның пікірінше, М.Горбачевтың президенттік қызметі тұсында Ресей  сыртқы істер министрі Е.Примаков қателік жібереді. НАТО-мен келісімшарт жасасқан кезде батыстың жетекші саяси лидерлерінің ауызша уәдесін малданып, Ресей мен НАТО өзара міндеттер жөнінде келісімшартқа қол қоймаған екен. Иә, осының салдарынан НАТО бірте-бірте Еуразия кеңістігіне жақындап келеді. Автор Ресейге түскен қауіп Қазақстанды да айналып өтпейтінін меңзейді. Саяси сарапшының шеберлігі осыдан-ақ көрінбей ме?!

Тағы бір қайраткердің сөзін келтірелік:

Владимир Гундарев, ақын, кезінде  «Нива» журналының бас редакторы болған. Ол А.Тараковтың «Век журавля» атты жолжазба кітабына төмендегідей пікір білдіріпті: «Александр Тараковтың жолжазбалары жаныма жылы тиеді. Орыстың нағыз әдеби тілінің көркемдігін көрдім. Бейнелі, нақты, эмоционалды, әзіл-қалжыңы қатар жүретін танымдық көркем дүние.… Журналистикада жақсы тіл жоғалып барады. Ал А.Тараковтың өзіндік көркем стилі, өз қолтаңбасы, өз тілі бар».

Марқұм В.Гундаревті жақсы білетін едім. Ақын әрі қайраткер жан болатын. Сақалын Лев Толстойша қойып, тарап отыратын. Шылымды да муштукпен шегетін.

Қытай ойшылы Кунфуций «Өзіңе қатал, айналаңа жұмсақ бол. Сонда ғана адамдардың өзіңе деген жағымсыз көзқарасынан құтыласың» деген екен. А.Тараков сондай талапшыл, өзіне сын көзімен қарай алатын, қарапайым мінезді, сөзге өте жауапкершілікпен қарайтын азамат-тұлға. Ол қоршаған ортаға, мына ғапыл дүниеге ақын көзімен, ғашық сезіммен қарайды. Оның «Балықшы мұңы» деген деректі әңгімесі бар. Бұл – Арал мұңы. Адам мұңы. Балықшы мұңы.

Соған бір көз жүгіртелікші.

«Арал теңізі стансасы. Құлаққа жағымды, әуезді үн.

Вокзал. Бір қабырғасында тұзбен күрескен балықшылардың қайыққа кең бөкселі осетр балығын салып жатқан суреті бар.

… Асфальт балқып тұр. Шыжыған күн жүзіңді күйдіреді. Әлдебір салқын самал соғып қалар деп үміттенесің. Бірақ бұл бос қиял. Оны сәлден кейін ұғынасың.

Амал не? Теңіз толқындары жағаға жетпейді. Арал ондаған шақырымға қашып кеткен. Арал бар күш-қуатын жиып, сонау  тереңнен қайта атылар күнді көрер ме екен?! Арал-ау, шуылдаған шағалаларың қайда? Жағаға соққан толқындарың қайда? Бұлттар бедері түсетін айдының қайда?

… Тұз «жемтігін» іздейді. Оның жемсауы тоймайды. Арал – жансыз.

Көл болса да – теңіз атанған Арал тұншығып тұр.

...Ғалымдар 2010  жылға қарай теңіз жоғалады деседі...»

Міне, Арал туралы толғану өн бойыңды тітіркендіреді. Жүрегің сыздайды. Сыздайды емес-ау, жылайды.

«Ал адам ше? Ей, адам, Аралдың қожасы, сен экологиялық драманы сезінесің бе?»

Авторлық толғаныс бар қиындыққа шыдап, теңізден өз нәпақасын тауып жүрген адамға ауады.

    «...Қамбаш ауылында тал таяғына сүйеніп, жасы жеткен ақсақал келеді. Үстінде бір киер костюмі, басында шляпа, қолында күнмен шағылысқан дипломаты бар. Бұл ұзаққа созылмайтын сапар сияқты.

Біздің кейіпкеріміз пойызда ұйықтап, жүк машинасының кабинасында қалғып та алған болар. Енді ол ара-тұра өтетін машина іздеп тұр. Ақ шашты ақсақалға барып сәлем бермекші. Оның абыз ақсақал дегені – Иса балықшы екен. Сол досынан бірер кесе шай ішіп, жол-жөнекей өтетін көлікке мінбекші.

Әрине, ежелгі досы оны ұзақ ұстамайды. Бәрін біледі, бәрін түсінеді. Бұл – Бөгенге бара жатқан Абдрахман Байтаханов деген ардагер балықшы екен.

Балықшылар күнін ескі достарымен бірге қарсы алғысы келеді.

Екеуі де – көнекөз балықшылар. Жай балықшылар емес, үлкен тарих куәгерлері. Олар кезінде Лениннің өтінішін орындаған адамдар.

1921 жылы Поволжье бойын жайлаған ашаршылық кезінде Арал балықшылары аштықта қалған өлкеге қаншама балық жөнелтті».

Автор  балықшылар өмірін зерделейді. Ондаған балықшының аты-жөнін атайды. 1975 жылғы экологиялық алапаттың жантүршігерлік көрінісін суреттейді. Қайықтар қайраңда қалды. Теңіз қашып барады, қашып барады. «Теңіз адамдардан, адамдар теңізден кетіп барады. Адамдар жағадағы өмірге бейімделе бастады. Арал ше? Ойпырмай, бұл сөнген соңғы шырақ па?»

Өмір жалғасып жатыр. Міне, осы сияқты қаншама очерктер жазды. Ол шындықты жазуға тырысты. Өмірі де шындық шырағынан тұрады.

– Отбасылық тәрбиеде қазақтардың ата-ананы сыйлау қасиетін ұстанамын. Әкемді – тірек, ананы – тілек, ұлды – білек, қызды – жүрек, бауырды – өзек, жұбайды жұмақ деп білемін, – деген еді осыдан он жыл бұрын 50 жылдық мерейтойымен құттықтап, иығына шапан жапқанымда.

Александр Тараков жұбайы Лариса Ивановна екеуі бір ұл, бір қыз сүйді. Ұлы Игорь Алматыда тұрады. Қызы Елена Таракова талантты жан еді. Суретші. «Еді» деп айтудың өзі қиын. Бұл Сашаның ешқашан жазылмайтын жан-жарасы. Лейкемия ауруынан дүниеден жас өтті. Артында Фабиан атты ұлы қалды.

Дос-іні С.Тараков қызына мәңгілік ескерткіш қойды. Ол – «Түстер ғаламшарының жарығы мен мұңы» деп аталатын кітап. Кітап қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде көркем кестеленіп шықты. Кітап-альбомға Лена салған суреттердің  көшірмелері берілген. Әкелік махаббатпен кітапқа эссе жазды. Соған көз жүгіртіп көрелік: «Ленажанның тілі тым ерте шықты. Бірінші сыныпта минутына шамамен 180 сөзді зырылдатып оқып, өз қатарластарының арасында ең жоғары жылдамдықты көрсетті».

№9 лицейде оқып жүргенде ол ағылшын тілі бойынша қалалық олимпиадаларда 11-сынып үшін жарысқа қатысып, міндетті түрде 1-орын алатын. Бірақ жасы жетпегендіктен, республикалық деңгейдегі жарыстарға жіберілмейтін. Француз, ағылшын тілін еркін меңгерген Лена енді испан тілін үйренді. Әке жазады: «Мектепті бітірген соң, студенттерді алмастыру жөніндегі FLEX бағдарламасының финалына шыққандықтан, Лена америкалық мектептің 12-сыныбында оқу үшін Огайо штатындағы  Акрон қаласына аттанды.

Біз, әрине, 16 жасар қызды (бір мектептен екіншісіне ауысып жүріп, ол бір жылды «аттап» өткен-тін) бөтен елге жіберуге қорықтық. Бірақ Ленаның америкалық «ата-аналары» Амелинг Патриссия және Стифпен бізді тағдырдың өзі ұштастырды».

Иә, осы жерде Саша Тараковтың сөзін үзіп, Амелинг Патриссия мен Стиф жөнінде екі-үш ауыз сөз айтқанды жөн көрдім.

Дүниеде жақсы адамдар көп. Олар ұлт талғамайды. Жақсылықты Жаратқан бірге жарататын шығар. Патриссия үлкен аналық жүректің иесі. Ол өз жағдайына орай, дүниеде қорғансыз қалған балаларға қол ұшын беруді қалайды. Сол ниет оны Қазақстанға алып келеді. Бірде Талдықорған қаласындағы жетімдер үйінен бір жарым жасар Динара есімді қызды көреді. Оның жүйке жүйесі мен қозғалу функциялары дұрыс жұмыс істемейді екен.

Амелинг Патриссия үміт пен күдік алдында тұрды. Бейкүнә сәбиді тағдыр таласына салу керек пе? Әлде қол ұшын беріп, асырап алу қажет пе? Бірақ күдікті аналық мейірім жеңді. Ол өз қызы Карлиге Динараны асырап  алып, сіңлісі жасады. Сол Динара бақытты генетикалық отбасынан емес, мұхиттың ар жағындағы өзге ата-атаның махаббатынан тапты. Ержетті, атқа мініп, шабандоз атанды. Ат спортында Динара есімі асқақтап тұрды. Осындай ата-анаға қалай сенбеуге болады? Саша мен Лариса алыстағы елге Ленаны еш уайымсыз шығарып салды.

Елена Акрон университетін «жұртшылықпен байланыс және бизнесті ұйымдастыру коммуникациялар жөніндегі» мамандығы бойынша бітіріп шықты. Оңтүстік Кореяда Пучон қаласында ағылшын тілінен сабақ берді. 2011 жылы Қазақстанда өткізілген Азия ойындарының ұйымдастыру комитетінде жұмыс істеді. Қазақ, корей, неміс тілдерін игеруі сөйлеу деңгейіне жетті. Оның алдында жарық жол тұр еді… Бірақ айықпас кеселге жолықты. Әке сөзі: «...Өмір үшін күрес екі жылдан астам уақытқа созылды.

Таңғаларлық нәрсе сол – осы ауыр кезеңде оның әлемге шығармашылықпен қарау, көру қабілеті күрт артқаны сонша – кенепке сурет салуға деген құмарлығына шектеу болмады.

… Ол бақытқа, өмірге ғашық еді. Соның бәрі бояуға түсті. Әрине, одан оның көңіл күйі көрініп тұратын. Жарық дүниенің түнекке ауысатын сәттері де бар еді.

Астанадағы Ресей ғылым және мәдениет орталығында Лена Таракованың «Түстер ғаламшары» атты жеке көрмесі қырық күн бойы жұмыс істеді».

Бұл ауыр сәт еді. Саша Тараковтың ойынан Лена айтқан бір ауыз сөз ешқашан шықпайды. «Папа, менің мәңгілік мекенім жат жерде қалмасын. Өз Отаным – Қазақстаннан топырақ бұйырсын» деген сөзі жүрегін жылатады әрі жылытады.

А.Тараков жазыпты: «Оңтүстік Кореяда өмірге келген балалары Фабиан-Александрды алып, Лена күйеуі мен ұлын ертіп Қазақстанға оралды, мәңгілікке оралды». Қызы Елена Александровнаға арналған фото-альбом кітапты көрген соң, жазушы, ақын, публицист, қаламдас Саша Тараковтың тұлғасы бұрынғыдан да биіктеді.

Александр Тараков очерк жанрын ерекше игерген қаламгер. Оның очерктері деректі әңгіме сияқты оқылады. Ал кейіпкерлері болса өмір сынынан өткен, Қазақстан Республикасының тарихында алтын әріппен жазылған, рухи биік адамдар. Оның Социалистік Еңбек Ері Леонид Картаузов жөнінде жазылған «Қазақстан Маресьеві» атты очеркі тың көтерушілердің рухы секілді көрінеді.

Тағы бір Еңбек Ері, тың игеруші Сартай Жұмағалиев жөнінде жазылған «Нан ақиқатына жету» атты очеркін кім ұмытады? Сондай-ақ кешенді агроөнеркәсіп құрған Иван Сауэр туралы очеркі ешқашан ескірмейді.

Ғалым Құдайбергенов – ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, егін өндіруші, Оралбай Нұрғожин – өнертапқыш, ірі элеваторлар жобасын жасаушы әрі салушы, Сағындық Жанболатов – сәулетші, «Мәңгілік ел» Триумфальная аркасы жасаушыларының бірі. Үш тұлға – үш құда. Олар туралы да А.Тараков терең ойға толы, толғамы берік мақалалар жазды. Әрине, А.Тараков жазған ондаған очеркті талдауға болар еді. Бірақ көзіқарақты оқырман оларды өздері тауып оқып, ой елегінен өткізе жатар.

А.Тараков түпнұсқадан Д.Байронның,  Э.По, Д.Джойс, Л.Хьюз, тағы да басқа ақындардың өлеңдерін аударып жариялады.

Алпыс жасқа толып отырған А.Тараков жақсы эпиграммалардың да авторы. Оның Борис Ельцин, Аман Төлеев, Григорий Явлинский, Михаил Горбачев, Владимир Путин, Станислав Говорухин, Талғат Мұсабаев, Мейірбек Молдабеков, Мұрат Құсайынов, Бақытжан Жұмаділов, Досым Сүлеев, Шәріп Омаров және тағы да басқа саяси-мәдени қайраткерлерге арналған эпиграммаларынан оларға тән ерекшеліктерді езу тарта оқисың.

Белгілі қайраткер Қазақстан Республикасы президент әкімшілігінде қызмет атқарды.

Мұндай патриот, жаны да, ары да таза кәсіби журналист, қоғам қайраткерін билік назардан шығармағаны дұрыс-ау. Оның әлі де бергенінен берері көп қаламгер екені шүбәсіз.

Алпысың – тал түсің. Әріптес-ағаң ретінде ұзақ ғұмыр, шығармашылық табыс, отбасыңа амандық тілеймін!

Тегтер: