Таразда балаларын терезеден лақтырған ана депрессиямен ауырған – Динара Зәкиева
Қазақстандағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева Тараз қаласында болған қайғылы оқиғаға қатысты пікір білдірді.
Оның айтуынша, балаларын терезеден лақтырған әйел ауыр депрессиялық жағдайда болған, алайда емдеу курсынан толық өтпеген.
Уәкілдің сөзінше, ауыр психикалық дертке шалдыққан ата-аналар туралы медициналық ақпарат балалардың құқықтарын қорғаумен айналысатын органдарға қолжетімді болуы тиіс. Бұл тәуекелдерді ерте анықтап, осындай трагедиялардың алдын алуға мүмкіндік берер еді.
Тараздағы оқиғадан кейін өңірлік бала құқықтары жөніндегі уәкіл зардап шеккен балаларға барған. Дәрігерлердің бағалауынша, ұл баланың жағдайы қанағаттанарлық, ал қыз баланың хәлі әлі де ауыр.
Динара Зәкиеваның Instagram парақшасында жазуынша, балалардың анасына бұған дейін ауыр депрессиялық диагноз қойылған, бірақ ол емделуді соңына дейін аяқтамаған.
Сонымен қатар уәкіл профилактика жүйесіндегі негізгі мәселелердің бірі — медициналық құпия екенін атап өтті. Денсаулық сақтау органдары психикалық дертке шалдыққан ата-аналармен бірге тұратын кәмелетке толмаған балалар туралы ақпаратты бала құқықтарын қорғау органдарына бермейді. Бұл қауіп-қатерді ерте анықтауға және уақтылы шешім қабылдауға елеулі кедергі келтіреді.
Динара Зәкиеваның айтуынша, балаларға қатысты зорлық-зомбылық пен адам өлтіру оқиғаларының едәуір бөлігі дәл осындай жағдайлармен байланысты. Тиімді алдын алу үшін бала құқықтарын қорғау органдары отбасыларға барып, қауіп төнген сәтте араласуға мүмкіндік беретін ақпаратқа ие болуы қажет.
Ол сондай-ақ балаларға қарсы қылмыстардың басым бөлігі отбасында жасалатынын атап өтті. Қолда бар деректерге сәйкес, мұндай қылмыстардың 60–70 пайызы ата-аналар немесе жақын туыстар тарапынан жасалады.
Айта кетейік, бұған дейін Тараз қаласында ананың екі баласын көпқабатты үйдің терезесінен лақтырғаны хабарланған болатын.