Таразда босанған әйел күмәнді жағдайда көз жұмды
Тараз қаласындағы перзентханада босанған әйел қайтыс болды. Марқұмның туыстары дәрігерлердің салғырттығын алға тартып отыр.
КТК телеарнасының мәліметінше, 30 жастағы Салтанат Нышанбайдың отбасы перзентханадан жаңа туған ұлын анасыз алып кеткен. Әйел босанғаннан кейін көз жұмған. Сәби шала туған, кесарь тілігі арқылы дүниеге келген. Нәресте неонатологтардың бақылауында болған кезде, Салтанат үш аптаға жуық ем қабылдаған.
Марқұмның әпкелері әйелде сепсис дамығанын, алайда оның кеш анықталғанын айтады. Олардың сөзінше, дәрігерлер туыстарына ескертпестен жатырын алып тастаған, содан кейін жағдайы күрт нашарлаған.
«Оған сепсис түскен. Қандай да бір инфекция жұқтырған. Оны дер кезінде анықтамаған. Тек дүйсенбі күні емдеуші дәрігер келгенде ғана белгілі болды. Біздің рұқсатымызсыз жатырын алып тастаған, содан кейін ол орнынан тұрмады. Үш апта бойы өмір үшін күресті, ақыры жан тәсілім етті», – дейді марқұмның әпкесі Айнұр Тоғызова.
Туыстары медициналық көмектің тиісінше көрсетілмегенін алға тартады. Олардың айтуынша, әйел міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) бойынша берешегі болғандықтан, бастапқыда емхана есебіне алынбаған. Сондай-ақ жүкті кезінде преэклампсия белгілері байқалғанымен, дер кезінде көмек көрсетілмегенін айтады.
«Бәрі емханадан басталды. Оны МӘМС төленбегені үшін есепке қоймады. 40 мың теңге қарызы болған. Кейін төлейтінін айтып, қолхат та жазды. Бірақ ешқандай көмек алмады. Преэклампсия белгілері болды, үйінде есінен танып құлаған кездері болған. Медбикеге хабарласып, көмек сұраған. Бірақ бас тартқан. Кейін жедел жәрдеммен осы жерге жеткізілді», – дейді тағы бір әпкесі Гүлнұр Тоғызова.
Жақындарының айтуынша, Салтанатты денесінде көптеген кесілген іздер және аяқтарында некроз белгілерімен жерлеген. Олар дәрігерлер әйелдің жағдайын түсіндірмегенін, керісінше қысым көрсеткенін алға тартады.
Ал облыстық перинаталдық орталық өкілдері ана өлімінің болғанын растады. Қазір қызметтік тексеріс жүргізіліп жатыр. Өңірлік денсаулық сақтау басқармасы да оқиғаның мән-жайы анықталып жатқанын мәлімдеді.
Салтанаттан екі бала қалды – жаңа туған ұлы мен бес жасар перзенті. Туыстары болған жайттың толық әрі әділ тергелуін талап ететіндерін айтты.