Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:50, 14 Мамыр 2025

Таразда депутатты соққыға жықты

Тараз
Фото: zhasalash.kz

Алматы облысы, Іле ауданы мәслихатының депутаты әрі танымал заңгер Нұрлан Байғазиев 13 мамыр күні кешкісін Тараз қаласындағы «Ғибрат» кафесінде шабуылға ұшырады.

Куәгерлердің айтуынша, белгісіз біреу оған жақындап келіп, кастетпен бірнеше рет ұрған. Соққы нәтижесінде Байғазиевтің миы шайқалып, денесінің бірнеше жерінен жарақат алған. Қазір ол ауруханаға жатқызылып, дәрігерлер ота жасауға дайындық үстінде.

Бұл шабуыл қоғам назарын ерекше аударып отыр. Өйткені дәл осыдан екі апта бұрын Нұрлан Байғазиев әлеуметтік желіде кәмелетке толмағандар ісімен айналысатын полиция қызметкерлерінің әрекетін әшкерелейтін бейнежазба жариялаған болатын. Онда полицейлердің жасөспірімдерге қысым көрсеткені туралы айтылған. Бейнежазба резонанс тудырып, қоғамда қызу пікірталасқа себеп болды. Артынша ішкі істер органдары қызметтік тексеру жүргізіп, бірқатар полицей жұмыстан босатылған.

Полиция шабуыл фактісі бойынша қылмыстық іс қозғап, тергеу жүргізіп жатыр. Оқиғаның нақты себептері мен шабуылдың бұрынғы оқиғамен байланысы бар-жоғы тергеу нәтижесінде анықталмақ.

Әлеуметтік желі қолданушылары мен адам құқықтарын қорғаушы ұйымдар бұл оқиғаны азаматтық белсенділікке қарсы бағытталған әрекет деп бағалап, кінәлілерді тез арада анықтап, қатаң жаза қолдануды талап етіп жатыр.

Тегтер: